Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҮШІНШІ ТАРАУ

Құдайдың адамзатқа қатысты қалауы қандай?

Құдайдың адамзатқа қатысты қалауы қандай?

1. Құдай адамдардың қалай өмір сүргендерін қалайды?

ҚҰДАЙ әуел бастан-ақ адамдардың ауырмай, қартаймай, бақытты да баянды өмір сүргендерін қалаған. Ол алғашқы ер мен әйел — Адам мен Хауаны жаратқанда, оларды әсем баққа қоныстандырған. Құдай олардың балалы-шағалы болғандарын, бүкіл жерді жұмақ қылып көркейткендерін, жан-жануарларға қамқорлық көрсеткендерін қалаған (Мұсаның 1-жазбасы 1:28; 2:8, 9, 15; 6-түсіндірмені қараңыз).

2. а) Құдай өз ниетін орындайтынын қайдан білеміз? ә) Құдай жерде қандай адамдардың тұрғанын және олардың қаншалықты ұзақ өмір сүргенін қалайды?

2 Құдайдың қалауы орындалып, жер бетінде жұмақ орнайтын кез келе ме? Ехоба: “Айтқанымды міндетті түрде орындаймын. Ниетімді міндетті түрде жүзеге асырамын”,— деген (Ишая 46:9—11; 55:11). Иә, ол ниет еткенін міндетті түрде орындайды, оған еш нәрсе кедергі бола алмайды. Ехоба жерді жаратқанда белгілі бір мақсатты көздеген, яғни оны “бос тұру үшін” жаратпаған (Ишая 45:18, сілтеме). Ол жер бетінің адамдарға толғанын қалайды. Қандай адамдарға дейсіз ғой? Киелі кітапта: “Әділдер [тілалғыш адамдар] жерді мұра етеді, онда мәңгі бақи өмір сүреді”,— делінген (Зәбүр 37:29; Аян 21:3, 4). Иә, Құдай жердің әділ адамдарға толғанын және олардың мәңгі өмір сүргенін қалайды.

3. Ауру мен өлімді көргенде, бізде қандай сұрақтар туындауы мүмкін?

3 Бірақ бұл дүниеде ауырмайтын және өлмейтін адам жоқ. Көп елде адамдар бір-бірін өлтіріп, соғысып жатыр. Құдай өміріміздің осындай болғанын қаламайды. Онда өмір неге қиыншылыққа толы? Құдайдың о бастағы қалауы неге орындалмай жатыр? Бұл сұраққа Киелі кітап қана жауап бере алады.

ҚҰДАЙДЫҢ ҚАС ЖАУЫ

4, 5. а) Едем бағында Хауаға жылан арқылы кім сөйледі? ә) Адал адам қалайша ұрыға айналып кетуі мүмкін?

4 Киелі кітаптан Құдайдың Шайтан Ібіліс деген жауы бар екенін білеміз. Шайтан Едем бағында Хауаға жылан арқылы сөйлеген (Аян 12:9; Мұсаның 1-жазбасы 3:1). Ол Хауаға жыланның өзі сөйлеп тұрғандай етіп көрсетті (7-түсіндірмені қараңыз).

5 Шайтан қалай пайда болды? Құдай оны зұлым қылып жаратқан ба? Жоқ! Құдай жерді жаратқанда, ол көкте періште болатын (Әйүп 38:4, 7). Бірақ кейіннен өзгере бастап, ақырында Ібіліске айналды. Періштенің осылай өзгеріп кетуі мүмкін бе? Мұны бір кездері адал болған адамның ұрыға айналып кетуімен салыстыруға болады. Әрине, ол ұры болып туылған жоқ. Бірақ ол өзіне тиесілі емес нәрсені қалай бастаса, сосын сол туралы ойлай берсе, арам қалауы бойын билеп алуы мүмкін. Ал сәті түскенде, ол ұрлық жасайды. Осылайша ұрыға айналады (Жақып 1:13—15 оқыңыз; 8-түсіндірмені қараңыз).

6. Бір періште қалай Құдайдың жауына айналды?

6 Әлгі періштемен де солай болды. Ехоба Адам мен Хауаны жаратқанда, оларға: “Өсіп-өніп көбейіңдер, жер бетін толтырыңдар”,— деген болатын (Мұсаның 1-жазбасы 1:27, 28). Сонда әлгі періште: “Сол адамдардың бәрі Ехобаға емес, маған табынса да болады ғой”,— деп ойласа керек. Осылай ойлаған сайын, ол Жаратушы Ехобаға тиісті нәрсені қалады. Ол адамдардың өзіне құлшылық еткенін көкседі. Сөйтіп, Хауаға өтірік айтып, оны адастырды (Мұсаның 1-жазбасы 3:1—5 оқыңыз). Бұл әрекетке баруымен ол Шайтан Ібіліске, Құдайдың жауына айналды.

7. а) Адам мен Хауа не үшін өлді? ә) Адамдар неге қартайып өледі?

7 Адам мен Хауа Құдайдың тілін алмай, жеме деген жемістен алып жеді (Мұсаның 1-жазбасы 2:17; 3:6). Олар Ехобаға қарсы күнә жасады. Ехоба ескерткендей, ақырында екеуі де өлді (Мұсаның 1-жазбасы 3:17—19). Адам мен Хауадан тараған ұрпақтар да күнәкар болды. Сондықтан олар да өлетін болды (Римдіктерге 5:12 оқыңыз). Адам мен Хауаның ұрпақтары да неліктен күнәкар болып табылатынын түсіну үшін, бір мысал келтірейік. Нан пісіретін қалыптың майысқан жері бар делік. Осы қалыпта піскен нанның бәрінде шұқыр болады. Адам Құдайға мойынсұнбағанда, күнә жасады. Бәріміз одан тарағандықтан, күнә бізге де берілді. Күнәкар болғандықтан, бәріміз қартаямыз және өлеміз (Римдіктерге 3:23; 9-түсіндірмені қараңыз).

8, 9. а) Шайтан Адам мен Хауаны не нәрсеге сендіргісі келді? ә) Ехоба бүлікшілерді неге бірден жойып тастамады?

8 Шайтан Адам мен Хауаны Құдайдың тілін алмауға итермелеп, Ехобаға қарсы бүлік шығарды. Ол Адам мен Хауаны Ехоба өтірікші дегенге, олардан жақсылықты аяп отырған жаман Билеуші дегенге сендіргісі келді. Адамдарға Құдайдың ақыл-кеңесі қажет емес, ненің жақсы, ненің жаман екенін Адам мен Хауа өздері-ақ шеше алады дегісі келді. Ехоба бұл жағдайда қалай әрекет етті? Ол бүлікшілерді жойып жіберіп, бүлікті тоқтатса болар еді. Бірақ бұлай еткенде, Шайтанның өтірік айтқаны дәлелденбес еді.

9 Ехоба бүлікшілерді бірден жойып жібермей, адамдардың өздері би, өздері қожа болып көрулеріне уақыт берді. Осылай Шайтанның өтірікші екені және адамзат үшін ненің жақсы екенін Ехоба ғана білетіні дәлелденбек еді. Ал сіз Адам мен Хауаның шешімі туралы не ойлайсыз? Олардың Шайтанға сеніп, Құдайға мойынсұнбағандары дұрыс болды ма? Оларда бардың бәрін — кемелді өмір, әсем үй, қызықты жұмысты Ехоба берген болатын. Ал Шайтан оларға ешқандай жақсылық жасаған жоқ. Сол жерде сіз болғаныңызда, қалай әрекет етер едіңіз?

10. Әрбір адам қандай таңдаудың алдында тұр?

10 Бүгінде біз де осындай таңдаудың алдында тұрмыз. Біз Билеушіміз деп Ехобаны таңдап, Шайтанның өтірікші екенін дәлелдей аламыз. Немесе билеушіміз деп Шайтанды таңдай аламыз. Біздің өміріміз қандай таңдау жасайтынымызға байланысты (Зәбүр 73:28; Нақыл сөздер 27:11 оқыңыз). Өкінішке қарай, бұл дүниеде Құдайға Билеуші ретінде мойынсұнатын адамдар өте аз, тіпті жоқтың қасы. Осыған қарап, дүниені билеп отырған Құдай деу қиын. Ендеше дүниені кім билеп отыр?

БҰЛ ДҮНИЕНІ КІМ БИЛЕП ОТЫР?

Патшалықтар өзінің меншігінде болмаса, Шайтан оларды Исаға ұсына алар ма еді?

11, 12. а) Шайтанның Исаға айтқан сөздерінен не білеміз? ә) Осы дүниені Шайтан билеп отырғанын қандай тармақтар көрсетеді?

11 Бұл дүниенің билеушісі кім екенін Иса жақсы білген. Бірде Шайтан Исаға “әлемнің барлық патшалықтары мен олардың сән-салтанатын көрсетеді”. Сосын: “Егер алдыма жығылып, маған бір рет табынсаң, осының бәрін саған беремін”,— дейді (Матай 4:8, 9; Лұқа 4:5, 6). Ойлап көріңізші, патшалықтар өзінің қол астында болмаса, Шайтан оларды Исаға ұсынар ма еді? Жоқ. Демек, жер бетіндегі үкіметтердің бәрі Шайтанның меншігінде.

12 Сіз “Қалайша Шайтан дүниенің билеушісі бола алады? Ғаламды жаратқан құдіретті Құдай Ехоба емес пе?!” дейтін шығарсыз (Аян 4:11). Дұрыс айтасыз. Бірақ Иса “осы дүниенің билеушісі” Шайтан екенін анық айтқан (Жохан 12:31; 14:30; 16:11). Елші Пауыл Шайтанды “осы дүниенің құдайы” деп атаған (Қорынттықтарға 2-хат 4:3, 4). Елші Жохан да: “Біз Құдайдан екенімізді білеміз, бірақ бүкіл дүние Шайтанның билігінде”,— деп жазған (Жоханның 1-хаты 5:19).

ШАЙТАННЫҢ ДҮНИЕСІ ҚАЛАЙ ЖОЙЫЛАДЫ?

13. Біз неге жаңа дүние орнағанын қалаймыз?

13 Дүниедегі жағдай жылдан жылға ушығып бара жатыр. Соғыс, жемқорлық, арамдық пен зұлымдық көбеюде. Адамдар қанша тырысып бақса да, бұл қиындықтарды шеше алмай жатыр. Алайда жақында Құдай Армагеддон деп аталатын шайқаста бұл зұлым дүниені жойып, жер бетіне жаңа, әділ дүние орнатады (Аян 16:14—16; 10-түсіндірмені қараңыз).

14. Құдай өзінің Патшалығының Патшасы етіп кімді таңдады? Киелі кітапта Иса туралы алдын ала не айтылған?

14 Ехоба жаңа дүниені көктегі үкіметінің көмегімен орнатады. Бұл үкімет “Құдай Патшалығы” деп аталады. Ехоба бұл Патшалықтың Патшасы етіп Иса Мәсіхті таңдады. Мыңдаған жыл бұрын Киелі кітапта Исаның “Тыныштық бекзадасы” болатыны және оның үкіметі мәңгі тұратыны айтылып кеткен (Ишая 9:6, 7). Иса осы үкімет туралы Құдайға: “Сенің Патшалығың келсін! Сенің еркің көктегідей жер бетінде де орындалсын!”— деп дұға етуді тапсырған (Матай 6:10). Осы басылымның 8-тарауынан білетініміздей, Құдай Патшалығы дүниедегі барлық үкіметтің орнын басады (Даниял 2:44 оқыңыз). Сосын бұл Патшалық жер бетін жұмаққа айналдырады (11-түсіндірмені қараңыз).

ЖАҢА ДҮНИЕ ЖАҚЫН!

15. “Жаңа жер” деген нені білдіреді?

15 Киелі кітапта: “Біз әділдік орнайтын жаңа аспан мен жаңа жерді күтудеміз”,— деп жазылған (Петірдің 2-хаты 3:13; Ишая 65:17). Киелі кітапта кейде “жер” деп онда өмір сүріп жатқан адамдар туралы айтылады (Шежірелер 1-жазба 16:31). Сондықтан әділдік орнайтын “жаңа жер” Құдайға мойынсұнатын және оның ықыласына бөленген адамдарды білдіреді.

16. Жаңа дүниеде өмір сүретіндер Құдайдың қандай батасына кенеледі? Осы батаға ие болу үшін не істеуіміз қажет?

16 Иса жаңа дүниеде өмір сүретін адамдардың “мәңгілік өмірге ие болатынын” уәде еткен (Марқа 10:30). Мұндай өмірге қол жеткізу үшін не істеуіміз қажет? Мұны Жохан 3:16 мен 17:3-тен оқып білеміз. Ал енді Киелі кітап жер бетінде орнайтын жұмақты қалай суреттейтінін көрейік.

17, 18. Жер бетінде тыныштық пен қауіпсіздік орнайтынын қайдан білеміз?

17 Зұлымдық, соғыс, қылмыс пен қатыгездік жоқ болады. Жаңа дүниеде зұлым адамдар мүлдем болмайды (Зәбүр 37:10, 11). Сондай-ақ Құдай “жержүзіндегі соғыстарды тоқтатады” (Зәбүр 46:9; Ишая 2:4). Жер беті Құдайды сүйетін, оның тілін алатын адамдарға толы болады. Сонда мәңгіге тыныштық орнайды (Зәбүр 72:7).

18 Ехобаның халқына еш қауіп төнбейді. Ежелде Исраил халқы Құдайдың тілін алып жүргенде, Құдай оларды қорғаған. Содан олар қауіп-қатерсіз өмір сүрген (Мұсаның 3-жазбасы 25:18, 19). Жұмақта бізді қорқытатын еш нәрсе де, ешкім де болмайды. Біз мәңгілік бойы қауіпсіз өмір сүреміз (Ишая 32:18; Миха 4:4 оқыңыз).

19. Жаңа дүниеде ас-ауқат мол болады деп неге сеніммен айта аламыз?

19 Ас-ауқат мол болады. “Жер бетіне астық мол шығады, таулардың басында да ағыл-тегіл болады” (Зәбүр 72:16). Ехоба “Құдайымыз батасын төгіп”, “жер өз өнімін береді” (Зәбүр 67:6).

20. Жер жұмаққа айналатынын қайдан білеміз?

20 Бүкіл жер беті жұмаққа айналады. Адамдардың әсем үйлері мен тамаша бақтары болады (Ишая 65:21—24; Аян 11:18 оқыңыз). Бүкіл жер Едем сияқты әдемі баққа оранады. Ехоба бізге қажеттінің бәрін береді. Киелі кітапта ол туралы: “Алақаныңды ашасың да, барша тіршілік иелерінің қажетін бересің”,— делінген (Зәбүр 145:16).

21. Адамдар мен жануарлар тату өмір сүретінін қайдан білеміз?

21 Адамдар мен жануарлар тату өмір сүреді. Жануарлар адамға еш зияндық жасамайтын болады. Кішкентай балалар жыртқыш аңдардың қасында еш қорықпай, емін-еркін жүреді (Ишая 11:6—9; 65:25 оқыңыз).

22. Иса науқастар үшін не істейді?

22 Ауру болмайды. Иса жерде болғанда, көп адамды ауруларынан айықтырған (Матай 9:35; Марқа 1:40—42; Жохан 5:5—9). Ал болашақта Құдай Патшалығының Патшасы ретінде ол жер бетіндегі әрбір адамды сауықтырады. Сонда ешкім де: “Мен науқаспын”,— демейтін болады (Ишая 33:24; 35:5, 6).

23. Құдай қайтыс болғандарға қатысты қандай уәде берді?

23 Өлгендер тіріледі. Құдай көз жұмған миллиондаған адамды тірілтуді уәде етеді. Сол уақытта “әділдер де, әділетсіздер де қайта тіріледі” (Елшілердің істері 24:15; Жохан 5:28, 29 оқыңыз).

24. Жұмақта өмір сүргіңіз келе ме?

24 Біз Ехоба жайлы білім алып, оның көңілінен шығатындай өмір сүреміз бе, әлде өз дегенімізбен жүреміз бе, таңдау өз еркімізде. Егер Ехобаға қызмет етуді таңдасақ, болашағымыз жарқын болып, бақытты өмір сүреміз. Бірде Иса өлім аузында тұрған бір кісіге: “Саған шындығын айтамын, менімен бірге жұмақта боласың”,— деп уәде етеді (Лұқа 23:43). Келесі тараудан Иса Мәсіх туралы, Құдайдың болашағымызға қатысты керемет уәделерін ол қалай іске асыратыны туралы көбірек білеміз.