Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОН АЛТЫНШЫ ТАРАУ

Құдайға ұнамды түрде ғибадат етіңіз

Құдайға ұнамды түрде ғибадат етіңіз

1, 2. Әрбіріміз қандай шешім қабылдауымыз керек?

КИЕЛІ КІТАПТЫ зерттегеннің арқасында Құдайға сенеміз дейтіндердің көбі ол жек көретін нәрселермен айналысатынын және басқаларды да соған үйрететінін білдік (Қорынттықтарға 2-хат 6:17). Сондықтан да Ехоба бізге жалған діннен, яғни “Ұлы Бабылдан” шығуды бұйырып отыр (Аян 18:2, 4). Әрқайсысымыз Құдайға ол қалағандай құлшылық етеміз бе, әлде өзіміз үйреніп қалған жолмен ғибадат етеміз бе, соны шешуіміз қажет.

2 Егер сіз жалған діннен бас тартқан болсаңыз, онда дұрыс істедіңіз. Алайда жалған діннің салт-жораларын ұстанып, мейрамдарына әлі де қатысқыңыз келетін шығар. Қазір кейбір салт-жоралар мен мейрамдар туралы және Құдайдың оларға қалай қарайтыны туралы білеміз.

СУРЕТТЕР МЕН МҮСІНДЕРГЕ ЖӘНЕ АТА-БАБА АРУАҒЫНА СИЫНУ

3. а) Кейбіреулер үшін Құдайға мүсіндерсіз сиыну неге қиын болуы мүмкін? ә) Ғибадат еткенде мүсіндерді қолдануға қатысты Киелі кітапта не айтылған?

3 Кейбіреулер Құдайға сиыну үшін суреттер мен мүсіндерді жылдар бойы қолданып келген. Сіз де осылай еткен болсаңыз, Құдайға мүсіндерсіз сиыну сізге біртүрлі, тіпті дұрыс еместей көрінер. Бірақ Ехоба өзіне қалай сиынуымыз керектігін үйретіп жатыр. Ол ғибадат еткенімізде мүсіндерді қолданғанымызды қаламайды. Бұл Киелі кітапта анық жазылған (Мұсаның 2-жазбасы 20:4, 5 оқыңыз; Зәбүр 115:4—8; Ишая 42:8; Жоханның 1-хаты 5:21).

4. а) Ата-баба аруағына неге табынбауымыз керек? ә) Ехоба Исраил халқына өлгендермен сөйлесуге не үшін тыйым салды?

4 Өзге адамдар болса ата-баба аруағын разы ету үшін көп уақыт, күш пен қаржы жұмсайды. Олар тіпті аруақтарға табына бастауы мүмкін. Бірақ біз өлгендердің бізге көмектесе де, зиян келтіре де алмайтынын білдік. Олар басқа бір жерде өмір сүріп жатқан жоқ. Өлгендермен байланысу өте қауіпті, өйткені марқұм туысымыздан келгендей көрінген хабар шын мәнінде жын-перілерден. Сондықтан Ехоба исраилдіктерге өлгендермен сөйлесу сияқты жын-перілермен байланысудың кез келген түрінен аулақ болуды бұйырған (Мұсаның 5-жазбасы 18:10—12; 26, 31-түсіндірмелерді қараңыз).

5. Құдайға сиынғанда мүсіндерді қолданбауға және ата-баба аруағына табынбауға не көмектеседі?

5 Құдайға сиынғанда мүсіндерді қолданып не аруақтарға табынып үйреніп қалсаңыз, сізге не көмектеседі? Бұл үшін Киелі кітапты оқып, осы екі нәрсеге Ехобаның қалай қарайтыны жайлы мұқият ойланыңыз. Ехоба үшін олар жеркенішті (Мұсаның 5-жазбасы 27:15). Әр күні Ехобаға жалбарынып, ол жек көретін нәрселерді жек көруге, оған ұнамды жолмен ғибадат етуге көмектесуін сұраңыз (Ишая 55:9). Ехоба сізге жалған дінмен байланысты кез келген нәрседен арылу үшін қажетті күш береді.

ЖАҢА ЖЫЛ МЕН НАУРЫЗ МЕЙРАМДАРЫ

6. Жаңа жыл мейрамы қайдан бастау алған?

6 Киелі кітап Жаңа жыл мейрамын тойлауды құптамайды, себебі ол пұтқа табынушылықтан бастау алған. Бұл мейрамның шығу тарихы жайында бір еңбекте былай делінген: “Рим билеушісі Юлий Цезарь б. з. б. 46 жылы 1 қаңтарды Жаңа жыл күні ретінде белгілеген. Римдіктер бұл күнді Янус тәңіріне бағыштап, қаңтар [январь] айын соның құрметіне атаған. Олар Жаңа жыл күнін тойласақ, бүкіл жыл бақытқа толы болады деп сенген” (“Уорлд бук” энциклопедиясы).

7. а) Наурыз мейрамының шығу тарихы қандай? ә) Құдайдың шынайы қызметшілері Жаңа жыл мен Наурыз мейрамдарын не үшін тойламайды?

7 Көктемде тойланатын Наурыз мейрамы жайында не деуге болады? Кей зерттеушілердің айтуынша, бұл мейрам ежелгі Месопотамия өңірінен шыққан әрі табиғат күштеріне сиынуға негізделген. Кейін оны отқа табынушылықты (зороастризм) ұстанатын адамдар тойлайтын болған. Отқа табынушылықтың негізгі мейрамына айналған Наурыз мейрамы қыспен қоштасып, көктемді қарсы алумен және ата-баба аруағын есте ұстаумен байланысты болған (Е. А. Дорошенко, “Зороастрийцы в Иране”). Құдайдың қызметшілері барлық жағдайда оған ұнамды болуды қалағандықтан, Жаңа жыл мен Наурыз мейрамдарын тойламайды.

ТУҒАН КҮН

8, 9. Мәсіхтің ертедегі ізбасарлары туған күнді неге тойламаған?

8 Бүгінде туған күнді тойлау кеңінен тараған. Ехоба куәгерлері туған күндерін атап өте ме? Киелі кітапта туған күнді Ехобаға қызмет етпейтін адамдар ғана тойлағаны айтылған (Мұсаның 1-жазбасы 40:20; Марқа 6:21). Туған күн мерекесі жалған тәңірлерді мадақтау үшін тойланатын болған. Сондықтан Мәсіхтің ерте кездегі ізбасарлары “туған күн тойлауды пұтқа табынушылық деп есептеген” (“Уорлд бук” энциклопедиясы).

9 Ежелде римдіктер мен гректер әр адамның туған күні қандай да бір тәңірдің туған күніне сай келеді деп сенген. Олар адам туылғанда, оның қасында сол тәңірмен байланысы бар рух пайда болады деп ойлаған. Рух оны өмір бойы қорғап жүруі үшін, ол туған күнін тойлап тұруы керек болған.

10. Біз туған күнді неге тойламаймыз?

10 Ехоба жалған дінмен байланысы бар мейрамдарды тойлауды құптамайды (Ишая 65:11, 12). Сондықтан біз туған күнді және жалған ғибадатпен байланысы бар кез келген мейрамды атап өтпейміз.

МЕЙРАМДАРДЫҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ МАҢЫЗДЫ МА?

11. Кейбір адамдар мейрамдарды неге тойлай береді? Сіз үшін бәрінен де не маңызды болу керек?

11 Кейбір адамдар Жаңа жылдың және басқа да мейрамдардың жалған діннен шыққанын білсе де, оларды тойлай береді. Олар мейрамдарды отбасымен бас қосудың мүмкіндігі деп қарастырады. Сіз де осылай ойлайсыз ба? Әрине, отбасымен бірге уақыт өткізуде тұрған ештеңе жоқ. Отбасының негізін қалаған Ехоба туыстарымызбен жақсы қарым-қатынаста болғанымызды қалайды (Ефестіктерге 3:14, 15). Алайда жалған діннің мейрамдарын атап өтіп, туған-туыстардың көңілінен шығудан гөрі Ехобаның көңілінен шығу әлдеқайда маңызды. Сондықтан елші Пауыл: “Иемізге не ұнайтынына әрдайым көз жеткізіп отырыңдар”,— деген (Ефестіктерге 5:10).

12. Ехоба қандай мейрамдарды құптамайды?

12 Көп адам мейрамдардың қайдан шыққаны маңызды емес деп есептейді, бірақ Ехоба үшін бұл өте маңызды. Ол жалған діннен шыққан, адамдарды дәріптейтін және патриоттық мейрамдарды еш құптамайды. Мысалы, ежелде мысырлықтар жалған құдайлардың құрметіне көп мейрамдар өткізген. Исраилдіктер Мысырдан шыққанда, сол мейрамдардың бірін тойлап, оны тіпті “Ехобаға арналған мейрам” деп атаған. Бірақ бұл үшін Ехоба оларды жазалады (Мұсаның 2-жазбасы 32:2—10). Сондықтан Ишая пайғамбар бізді: “Арам нәрсеге жоламаңдар!”— деп ескертеді (Ишая 52:11 оқыңыз).

БАСҚАЛАРДЫҢ КӨЗҚАРАСЫН ҚҰРМЕТТЕҢІЗ

13. Мейрамдарды тойламауды шешкенде, қандай сұрақтар туындауы мүмкін?

13 Мейрамдарды тойламауды шешкенде, сізде мынандай сұрақтар туындайтын шығар: Әріптестерім Жаңа жылды не үшін тойламайтынымды сұраса, не деп жауап беремін? Біреу Жаңа жылмен құттықтап, сыйлық берсе ше? Жұбайым мейрамды тойлағанымды қаласа, не істеймін? Балаларымның туған күнді не басқа мейрамды тойламағандарына көңілі түспес үшін, не істесем болады?

14, 15. Біреу мейраммен құттықтаса не сыйлық берсе, не істеуге болады?

14 Адамдарға қалай жауап беретініміз жағдайға байланысты болғандықтан, бізге парасаттылық қажет. Мысалы, біреу сізге “Мейрамыңмен!” десе, рақмет айта салу жеткілікті болар. Ал білгісі келген адамға мейрамды не себепті тойламайтыныңызды түсіндіріп берсеңіз болады. Жауап бергенде ізетпен әрі құрметпен сөйлегеніңіз маңызды. Киелі кітапта: “Сөздерің әрқашан жағымды да дәмді болсын. Сонда әркімге қалай жауап беру керектігін білесіңдер”,— делінген (Қолостықтарға 4:6). Мысалы, жақындарыңызбен бірге уақыт өткізу, оларға сыйлық беру сізге ұнайтынын, бірақ мұны мейрамды атап өту үшін істегіңіз келмейтінін түсіндірсеңіз болады.

15 Ал біреу сыйлық берген жағдайда не істейсіз? Киелі кітапта әр жағдайға байланысты ережелер тізімі берілмеген. Бірақ онда ар-ұжданымызды таза сақтауымыз керектігі айтылған (Тімөтеге 1-хат 1:18, 19). Сізге сыйлық берген адам мейрамды тойламайтыныңызды білмеуі мүмкін. Немесе: “Мейрамды тойламайтыныңды білемін, бірақ саған сыйлық жасағым келді”,— деуі мүмкін. Мұндай жағдайларда сыйлықты ала ма, жоқ па, әркім өзі шешеді. Ең бастысы — ар-ұжданымыздың таза сақталуы. Біз Ехобамен қарым-қатынасымызға сызат түсіретін кез келген әрекеттен аулақ болғымыз келеді.

СІЗ ЖӘНЕ ОТБАСЫҢЫЗ

Ехобаға қызмет ететіндер бақытты жандар

16. Отбасыңыз мейрамды тойлағысы келсе, не істейсіз?

16 Отбасыңыз мейрамды тойлауды қаласа, не істейсіз? Олармен дауласудың қажеті жоқ. Не істейтіндерін өздері шешуге ерікті екенін ұмытпаңыз. Отбасыңыз сіздің шешіміңізді сыйлағанын қаласаңыз, сіз де олардың шешіміне құрметпен қараңыз (Матай 7:12 оқыңыз). Ал егер олар мейрамда сіздің де болғаныңызды қаласа ше? Алдымен Ехобадан дұрыс шешім қабылдауға көмектесуін сұрап дұға айтыңыз. Мейрамның шығу тарихы жайында ізденіп көріңіз және мейрам кезінде қандай жағдай болатыны туралы ойланыңыз. Ең бастысы, Ехобаға ұнамды болып қалу екенін ұмытпаңыз.

17. Балаларыңыздың мейрам тойламайтынына көңілі түспес үшін, не істесеңіз болады?

17 Басқалардың мейрам тойлап жатқанын көріп, балаларыңыз өздерін бір нәрседен құр қалғандай сезінбес үшін, не істесеңіз болады? Олар үшін қызықты басқосулар ұйымдастырып тұрыңыз. Тосын сыйлықтар жасап, қуантып қойсаңыз да болады. Ал ең керемет сыйлықтардың бірі — сіздің оларға уақыт бөліп, сүйіспеншілік көрсеткеніңіз.

ҚҰДАЙҒА ҰНАМДЫ ТҮРДЕ ҒИБАДАТ ЕТІҢІЗ

18. Ехоба куәгерлерінің жиналыстарына бару неліктен маңызды?

18 Біз Ехобаның көңілінен шығу үшін, жалған діннен және онымен байланысы бар салт-жоралар мен мейрамдардан аулақ болу керектігін білдік. Бізден талап етілетін тағы бір нәрсе — Құдайға ұнамды түрде ғибадат ету. Бұл үшін Ехоба куәгерлерінің жиналыстарына үнемі барып тұру керек (Еврейлерге 10:24, 25 оқыңыз). Мұндай жиналыстар — ғибадаттың өте маңызды бөлігі (Зәбүр 22:22; 122:1). Ол жерде біз бір-бірімізден күш-жігер аламыз (Римдіктерге 1:12).

19. Киелі кітаптан білген шындық жайында басқаларға айту не үшін маңызды?

19 Құдайға ұнамды ғибадат етудің тағы бір жолы — Киелі кітаптан білгенімізді өзгелерге айту. Себебі дүниедегі жамандықтарды көріп қиналып жүрген адамдар көп. Сіз солардың кейбірін білетін де шығарсыз. Оларға жарқын болашаққа деген үміт жайында айтып беріңіз. Сіз Ехоба куәгерлерінің жиналыстарына барып, Киелі кітаптан білгендеріңізді басқаларға айта келе бұдан былай жалған дінмен байланысқыңыз келмейтінін түсінесіз. Бақытты болатыныңызға және Ехоба күш салып жатқаныңыз үшін мол батасын беретініне сенімді болыңыз. Өйткені сіз оған ұнамды түрде ғибадат етуді таңдадыңыз! (Малахи 3:10).