Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОН ҮШІНШІ ТАРАУ

Өмір — Құдайдың берген сыйы

Өмір — Құдайдың берген сыйы

1. Бізге өмір берген кім?

ЕХОБА — “өмірдің қайнар көзі” (Зәбүр 36:9 оқыңыз). Киелі кітапта: “Бәрін жаратқан — өзіңсің, бәрі де сенің еркіңмен бар болды әрі жаратылды”,— делінген (Аян 4:11). Ехоба біздің өмір сүргенімізді қалағандықтан, бізді жаратты. Иә, өмір — оның бізге берген баға жетпес сыйы.

2. Бақытты өмір сүру үшін не істеуіміз керек?

2 Ехоба бізге ас-су сияқты өмірге қажеттінің бәрін берді (Елшілердің істері 17:28). Ол біздің тіршілік етіп қана қоймай, өмірден рақат алып, бақытты болғанымызды да қалайды (Елшілердің істері 14:15—17). Бақытты өмір сүру үшін біз Құдайдың заңдарына мойынсұнуымыз қажет (Ишая 48:17, 18).

ӨМІР ҚҰДАЙДЫҢ КӨЗ АЛДЫНДА ӨТЕ БАҒАЛЫ

3. Қабыл інісін өлтіргенде, Ехоба не істеді?

3 Киелі кітаптан Ехоба үшін барлық адамның өмірі бағалы екенін білеміз. Бұған бір оқиға дәлел бола алады. Бірде Адам мен Хауаның ұлы Қабыл інісі Әбілге қатты ашуланады. Сонда Ехоба оған ашуын тізгіндеуді ескертеді. Бірақ Қабыл Құдайды тыңдамай, барады да, “інісін бас салып ұрып өлтіреді” (Мұсаның 1-жазбасы 4:3—8). Әбілді өлтіргені үшін Ехоба оны жазалады (Мұсаның 1-жазбасы 4:9—13). Бұл оқиғадан ашу-ыза мен жеккөрініштің өте қауіпті екенін көреміз, өйткені бұлар адамды қатыгез әрі жауыз етеді. Мұндай адам мәңгілік өмірге ие бола алмайды (Жоханның 1-хаты 3:15 оқыңыз). Ехобаға ұнамды болғымыз келсе, біз барлық адамды жақсы көруіміз керек (Жоханның 1-хаты 3:11, 12).

4. Құдайдың “кісі өлтірме” деген заңынан не білеміз?

4 Осы оқиғадан мыңдаған жыл өткен соң Ехоба Мұса пайғамбар арқылы халқына он заң берді. Бұл заңдардан да Ехобаның өмірді бағалайтыны көрінді. Сол заңдардың бірінде: “Кісі өлтірме”,— деп жазылған (Мұсаның 5-жазбасы 5:17). Егер біреу адамды әдейі өлтірген болса, заң бойынша, оның өзі де өлтірілуі тиіс еді.

5. Құдай баланы алдыртып тастауға қалай қарайды?

5 Ехоба іштегі баланы алдыртып тастауға қалай қарайды? Оның көз алдында әлі дүниеге келмеген баланың да өмірі өте бағалы. Мысалы, Исраил халқына берілген он заңға сай, біреу жүкті әйелге зақым келтіріп, содан ол түсік тастаса, кінәлі адам өлтірілуі керек еді (Мұсаның 2-жазбасы 21:22, 23 оқыңыз; Зәбүр 127:3). Бұдан көрінетіндей, іштегі баланы алдыртып тастау — Құдайдың көз алдында ауыр күнә (28-түсіндірмені қараңыз).

6, 7. Өмірді бағалайтынымызды қалай көрсете аламыз?

6 Ехоба сияқты біз де өмірді бағалауымыз керек. Бұл үшін өзіміздің және басқалардың өміріне зиян келтіретін нәрсенің бәрінен аулақ жүреміз. Мысалы, темекі шегу, есірткі қабылдау не насыбай ату сияқты істерден. Өйткені бұлар бізге зиян келтіріп, тіпті өлімге әкеп соқтыруы мүмкін.

7 Біздің тәніміз де — Құдайдың берген сыйы. Сондықтан денсаулығымызды күтуіміз керек, Ехоба бізден осыны талап етеді. Ал зиянды әдеттер Құдайдың көз алдында бізді арам етеді (Римдіктерге 6:19; 12:1; Қорынттықтарға 2-хат 7:1). Ехоба сыйлаған өмірді бағаламасақ, ол ғибадатымызды қабыл алмайды. Әрине, жаман әдеттерден арылу оңай болмауы мүмкін. Бірақ олардан арылуға күш салсақ, Ехоба бізге міндетті түрде көмектеседі.

8. Өзіміздің және өзгелердің өміріне қауіп төндірмес үшін не істеуіміз керек?

8 Өмір өте қымбат сый болғандықтан, біз өзіміздің және өзгелердің өміріне қауіп төндіретін нәрселерден барынша аулақ жүреміз. Мысалы, көлік айдағанда мұқият боламыз. Қауіпті әрі қатыгез спорт түрімен де айналыспаймыз (Зәбүр 11:5). Сондай-ақ үйде қауіпсіздік шараларын сақтаймыз. Ехоба исраилдіктерге: “Егер жаңа үй соқсаң, онда үйдің төбесіне қоршау жаса. Әйтпесе үйіңнің төбесінен әлдебіреу құлап кетіп, оның қаны үй ішіңе жүктеледі”,— деген (Мұсаның 5-жазбасы 22:8).

9. Жануарларға қалай қарауымыз керек?

9 Ехоба біздің жануарларға да дұрыс қарағанымызды қалайды. Ол жануарларды азық не киім ету үшін немесе өмірімізге қауіп төндіргенде ғана өлтіруге рұқсат берген (Мұсаның 1-жазбасы 3:21; 9:3; Мұсаның 2-жазбасы 21:28). Бірақ ол жануарларға қатыгездік жасауға немесе оларды ермек үшін өлтіруге тыйым салады (Нақыл сөздер 12:10).

ӨМІРДІ ҚАСИЕТТІ САНАҢЫЗ

10. Қанның өмірді бейнелейтінін неден білеміз?

10 Қан өмірді бейнелейтіндіктен, ол Ехоба үшін киелі. Сол себептен де Ехоба Қабылды інісін өлтіргені үшін жазалады. Ехоба оған: “Ініңнің төгілген қаны маған жерден үн қатып тұр!”— деген (Мұсаның 1-жазбасы 4:10). Нұхтың заманында болған Топан судан кейін Ехоба қанның өмірді бейнелейтінін тағы да көрсетті. Ол Нұх пен оның отбасына жануарлардың етін жеуге рұқсат беріп: “Тірі мақұлықтардың бәрі сендерге азық болады. Жасыл өсімдіктерді бергенім сияқты, олардың бәрін де сендерге беремін”,— деді. Бірақ: “Тек олардың етін өмірімен, яғни қанымен, жемеңдер”,— деп бұйырды (Мұсаның 1-жазбасы 1:29; 9:3, 4 сілтеме).

11. Ехоба Исраил халқына қанға қатысты қандай бұйрық берген?

11 Нұхтың заманынан шамамен 800 жыл өткеннен кейін де Ехоба қанды қасиетті деп санайтынын көрсетті. Ол Исраил халқына: “Егер исраилдіктердің немесе араларыңда тұратын жатжерліктердің бірі аң аулап жүріп, жеуге жарамды аң не құс ұстап алса, оның қанын ағызып, жерге көміп тастасын”,— деді. Сосын оларға: “Қан атаулыны жеуші болмаңдар”,— деп бұйырды (Мұсаның 3-жазбасы 17:13, 14). Исраил халқы малдың етін жей алғандарымен, қанын жемеулері керек еді. Сондықтан мал сойғанда, олар малдың қанын жерге ағызып тастайтын.

12. Мәсіхшілердің қанға деген көзқарасы қандай?

12 Иса өлген соң бірнеше жылдан кейін Иерусалимде маңызды бір жиын өтті. Елшілер мен ақсақалдар бас қосып, Исраил халқына берілген заңның қай бөліктерін ұстану керектігін талқылады (Елшілердің істері 15:28, 29 оқыңыз; 21:25). Ехоба сол жиында қанды бұрынғыдай қасиетті санайтынын және мәсіхшілер де қанға қасиетті деп қараулары керектігін түсінуге көмектесті. I ғасырдағы мәсіхшілер қаны ағызылмаған етті де, қанның өзін де ішіп-жемеулері керек еді. Бұл заңды бұзу пұттарға табыну не зина жасау сияқты күнәмен тең еді. Сол уақыттан кейін шынайы мәсіхшілер осы заңды берік ұстанды. Ехоба бүгінгі күні де біздің қанды қасиетті деп санағанымызды қалайды.

13. Мәсіхшілер неге қан құйдырмайды?

13 Мәсіхшілер қан құйдыруға қалай қарайды? Ехобаның қанды ішіп-жеме деген бұйрығы қан құйдырмауды да білдіреді. Мысалы, дәрігер спиртті ішімдік ішуге тыйым салса, бұл оны тамыр арқылы құйдыруға болады деген сөз емес қой! Сондықтан біз қанды ішіп-жеуден қалай бас тартсақ, оны құйдырудан да солай бас тартамыз (29-түсіндірмені қараңыз).

14, 15. Өмірді бағалайтынымызды қалай көрсетеміз? Ехобаға мойынсұну біз үшін қаншалықты маңызды?

14 Ал егер дәрігер қан құйдырмасақ, өлетінімізді айтса, қалай әрекет етеміз? Әрине, Құдайдың заңына мойынсұну не мойынсұнбау — әркімнің өз шешімі. Мәсіхшілер Құдай берген өмірді жоғары бағалайды, сондықтан өмірлерін сақтап қалу үшін қансыз емдеу түрлеріне жүгінеді. Бірақ олар ешқашан қан құйдырмайды.

15 Иә, біз денсаулығымызды күтуге барынша тырысамыз. Бірақ қан Құдайдың алдында қасиетті болғандықтан, қан құйдыруға келіспейміз. Біз үшін Ехобаның заңын бұзып, өмірімізді ұзартқаннан гөрі оған мойынсұну маңызды. Себебі Иса: “Кім жанын сақтағысы келсе, одан айырылады, ал кім мен үшін жанынан айырылса, оны сақтап қалады”,— деген (Матай 16:25). Біз Ехобаны жақсы көргендіктен, оған мойынсұнғымыз келеді. Біз үшін ненің дұрыс екенін ол жақсы біледі, сондықтан біз де өмірді Ехоба сияқты бағалы әрі қасиетті деп санаймыз (Еврейлерге 11:6).

16. Құдайдың адал қызметшілері оған не үшін мойынсұнады?

16 Жоғарыдан білгеніміздей, Құдайдың адал қызметшілері оның қан туралы заңын берік ұстанады. Олар қанды ішіп-жемейді және оны құйдырмайды *. Алайда олар өмірлерін сақтап қалу үшін емнің өзге жолдарын қарастырады. Олар өмір мен қанды жаратқан Құдай адамдар үшін тек жақсылық тілейтініне сенімді. Сіз де бұған сенімдісіз бе?

ҚАН ҚОЛДАНЫЛҒАН ЖАЛҒЫЗ ЖАҒДАЙ

17. Ехоба қанды қолдануға рұқсат берген жалғыз жағдай қандай болған?

17 Ехоба Исраил халқына берген заңда: “Тіршілік иелерінің өмірі қанда ғой. Сендердің күнәларыңды өтеу үшін қанды құрбандық ошағына әкелуге белгіледім. Қанда өмір болғандықтан, қан арқылы адамның күнәсі өтеледі”,— деген (Мұсаның 3-жазбасы 17:11). Халық күнә жасаған жағдайда құрбандыққа мал шалу арқылы Ехобадан кешірім сұрай алатын. Әкелінген малды діни қызметкер сойып, қанын ғибадатханадағы құрбандық ошағына құятын. Ехоба қанды қолдануға рұқсат берген жалғыз жағдай осы еді.

18. Исаның құрбандығының арқасында не нәрсе мүмкін болып отыр?

18 Иса жерге келген кезде біздің күнәларымыз кешірілу үшін қанын төкті, яғни өмірін құрбан етті. Осылайша құрбандыққа мал шалудың қажеті болмай қалды (Матай 20:28; Еврейлерге 10:1). Исаның құрбан еткен өмірінің құны жоғары болғаны сонша — Ехоба әрбір адамға мәңгі өмір сүру үмітін берді (Жохан 3:16; Еврейлерге 9:11, 12; Петірдің 1-хаты 1:18, 19).

Өмірді және қанды қасиетті санайтыныңызды қалай көрсете аласыз?

19. Мойнымызда ешкімнің қаны болмау үшін не істеуіміз керек?

19 Бізге өмір бергені үшін Ехобаға шексіз ризамыз! Сол үшін де басқаларға Исаның құрбандығына сенсе, жер бетінде мәңгі өмір сүре алатындарын айтамыз. Біз адамдарды жақсы көргендіктен, оларға барынша көмектесуге дайынбыз (Езекиел 3:17—21). Сонда елші Пауыл сияқты: “Менің мойнымда ешкімнің қаны жоқ, өйткені сендерге Құдай еркін түгел айтудан тартынбадым”,— дейтін боламыз (Елшілердің істері 20:26, 27). Расында да, адамдарға Ехоба туралы және оның көз алдында өмірдің қасиетті екені туралы айтсақ, өмірді жоғары бағалайтынымызды көрсетеміз.

^ 16-абзац Көбірек мәлімет алу үшін, Ехоба куәгерлері басып шығарған “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” деген кітаптың 77—79 беттерін қараңыз.