Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

АЛТЫНШЫ ТАРАУ

Өлген соң адаммен не болады?

Өлген соң адаммен не болады?

1—3. Бізді өлген адамдарға қатысты қандай сұрақтар ойландырады? Діндер бұл сұрақтарға қалай жауап береді?

КИЕЛІ КІТАПТА өлім болмайтын кез келеді деп айтылған (Аян 21:4). Алдыңғы тарауда біз үшін төлем берілгеннің арқасында мәңгі өмір сүре алатынымыз жайлы білген едік. Бірақ өлім әлі де көп адамның өмірін қиып жатыр (Уағыздаушы 9:5). Сондықтан бізді “Өлген соң адаммен не болады?” деген сұрақ ойландырады.

2 Бұл сұрақ бізді әсіресе жақын адамымыз қайтыс болғанда мазалайды. Біз “Ол қазір қайда? Бізді көріп тұр ма? Ол бізге көмектесе ала ма? Оны қайта көретін күн бола ма?” деп ойланамыз.

3 Бұл сұрақтарға діндердің әрқайсысы әртүрлі жауап береді. Олардың кейбірі жақсы адам жұмаққа, ал жаман адам тозаққа барады деп үйретеді. Ал басқалары адам өлгенде аруаққа айналып, өлген ата-бабаларының жанына барады дейді. Өзге діндер болса өлген соң адам басқа адам болып не жануар болып қайта туылады деп үйретеді.

4. Өлген адамға қатысты діндерде қандай ортақ түсінік бар?

4 Бір қарағанда, әр дін әртүрлі нәрсеге үйрететіндей көрінер. Бірақ олардың бәріне ортақ бір түсінік бар: адам өлгенде, оның жаны тіршілік ете береді. Бұл шынымен де солай ма?

ӨЛГЕН СОҢ АДАММЕН НЕ БОЛАДЫ?

5, 6. Өлген соң адаммен не болады?

5 Адам өлгеннен кейін онымен не болатынын Жаратушы Ехоба жақсы біледі. Ол адам өлгенде тіршілік етуін мүлдем тоқтататынын, оның әрі қарай өмір сүре беретін жаны болмайтынын анық айтқан *. Өлім — өмірге қарама-қайшы нәрсе. Адам өлгенде, оның барлық сезімдері мен ойлары ғайып болады, ол көре де, ести де, ойлана да алмайды.

6 Сүлеймен патша “өлгендер ештеңе білмейді” деп жазған. Олар жақсы көре де, жек көре де алмайды. “Көрде еңбектену де, жоспарлау да, білім де, даналық та жоқ” (Уағыздаушы 9:5, 6, 10 оқыңыз). Зәбүр 146:4-те жазылғандай, адам өлгенде оның “бар ой-ниеті құрып жоғалады”.

ӨЛГЕН АДАМНЫҢ КҮЙІ ТУРАЛЫ ИСА МӘСІХ НЕ ДЕГЕН?

Ехоба адамдарды жер бетінде мәңгі өмір сүру үшін жаратқан

7. Иса өлген адамның күйі жайында не деген?

7 Елазар деген досы қайтыс болғанда, Иса шәкірттеріне: “Досымыз Елазар ұйықтап жатыр”,— деген. Бірақ Иса оның тура мағынада ұйықтап, яғни демалып жатқанын айтқысы келген жоқ. Ол: “Елазар қайтыс болды”,— деп ашығын айтқан (Жохан 11:11—14). Байқағанымыздай, Иса өлімді ұйқыға теңеген. Ол Елазар аспанға немесе өлген туыстарының жанына кетті деп айтпаған. Болмаса, ол тозақта қиналып жатыр немесе басқа адам болып қайта туылды демеген. Иә, Елазар өте терең ұйқыға кеткендей күйде болатын. Киелі кітаптың бірнеше жерінде өлім терең ұйқыға теңеледі. Мысалы, Исаның бір шәкірті өлгенде, оның “өлім ұйқысына кеткені” айтылған (Елшілердің істері 7:60). Мәсіхтің қайтыс болған басқа ізбасарлары да “өлім ұйқысында жатыр” деп сипатталған (Қорынттықтарға 1-хат 15:6).

8. Неге Құдай адамдарды өлу үшін жаратпаған дей аламыз?

8 Құдай Адам мен Хауаны қартайып өлу үшін жаратқан ба? Жоқ! Ехоба олардың мықты денсаулықпен мәңгі өмір кешкендерін қалаған. Сондықтан адам баласын жаратқанда, жүрегіне мәңгі өмір сүру қалауын салған (Уағыздаушы 3:11). Ешқандай ата-ана балаларының қартайғанын және өлгенін қаламайды. Ехоба да мұны қаламайды. Бірақ мынадай сұрақ туындайды: Құдай бізді мәңгі өмір сүру үшін жаратса, онда неге өлеміз?

АДАМДАР НЕГЕ ӨЛЕДІ?

9. Адам мен Хауаға Ехобаның талабын орындау неге қиын емес еді?

9 Ехоба Едем бағында Адамға былай деген: “Бақтағы жеміс ағаштарының бәрінен тойғанша жеуіңе болады. Бірақ жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жеме! Өйткені одан жеген күні өлесің” (Мұсаның 1-жазбасы 2:9, 16, 17). Анық айтылған бұл талапты орындау қиын емес еді. Оның үстіне, Адам мен Хауаны өзі жаратқандықтан, Ехоба олар үшін ненің жақсы болатынын білген. Сондықтан ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтуға құқылы болатын. Сол талапқа мойынсұнғанда, олар Ехобаның билігін құрметтейтіндерін көрсетер еді. Сондай-ақ оның жасаған бар жақсылығы үшін қаншалықты риза екендерін білдіре алар еді.

10, 11. а) Шайтан Адам мен Хауаны Құдайдың талабына бағынбауға қалай итермеледі? ә) Адам мен Хауаның әрекетін неге ақтауға болмайды?

10 Өкінішке қарай, Адам мен Хауа Ехобаға мойынсұнбады. Шайтан Хауаға: “Құдай сендерге бақтағы ешбір ағаштың жемісін жемеңдер деп шынымен айтты ма?”— деген еді. Сонда ол былай деп жауап берді: “Бақтағы ағаштардың жемісін жей аламыз. Бірақ бақтың ортасындағы ағаштың жемісі жайлы Құдай: — Одан жемеңдер, тіпті оған тимеңдер, әйтпесе өлесіңдер,— деген” (Мұсаның 1-жазбасы 3:1—3).

11 Сонда Шайтан: “Жоқ, өлмейсіңдер. Оны жеген күні көздерің ашылып, ненің жақсы, ненің жаман екенін біліп, Құдай сияқты болатындарыңды ол біледі”,— деді (Мұсаның 1-жазбасы 3:4—6). Шайтан Хауаның “ненің жақсы, ненің жаман екенін өзім шеше аламын” деп ойлағанын қалады. Шайтан бұйрыққа мойынсұнбаудың не нәрсеге әкеп соқтыратыны жайлы да өтірік айтты. “Жоқ, өлмейсіңдер” деген сөзден кейін Хауа әлгі жемістен алып жеді. Сосын күйеуіне де берді. Адам мен Хауа Ехобаның жемісті жемеңдер деп айтқанын жақсы білді. Бірақ олар оны жеп, анық айтылған орынды талапқа бағынбады. Сөйтіп, көктегі сүюші Әкелеріне құрмет танытпады. Олардың қылықтарын еш ақтауға болмайды!

12. Адам мен Хауаның мойынсұнбағаны Ехобаға қалай әсер етті?

12 Түп ата-анамыздың Жаратушымызға құрмет танытпай, одан теріс айналып кеткендері өте өкінішті! Мысалы, сіздің бағып-қағып, аялап өсірген ұлыңыз бен қызыңыз бар делік. Бір күні олар сіз істеме деген нәрсені істеп, сізге қарсы шықса, өзіңізді қалай сезінер едіңіз? Жүрегіңіз қатты ауыратыны сөзсіз.

Адам ата топырақтан жаратылды. Ол қайтадан топыраққа айналды

13. Ехобаның “қайтадан топыраққа айналасың” деген сөздері нені білдірген?

13 Адам мен Хауа тілазар болғандары үшін мәңгі өмір сүру мүмкіндігінен айырылды. Ехоба Адамға: “Сен топырақтан жаратылдың, қайтадан топыраққа айналасың”,— деді (Мұсаның 1-жазбасы 3:19 оқыңыз). Бұл Адам атаның Құдай оны жаратқанға дейін жоқ болғаны сияқты, қайтадан топыраққа айналып, жоқ болатынын білдірген (Мұсаның 1-жазбасы 2:7). Ол ақырында өліп, тіршіліктен ғайып болды.

14. Адамдар неге өледі?

14 Түп ата-анамыз Құдайға мойынсұнғанда, әлі күнге дейін тірі болар еді. Бірақ олар тілазарлық танытып, күнә жасады. Сосын қартайып өлді. Күнә тұқым қуалайтын ауру сияқты олардан бізге өтті. Күнәкар болып туылғандықтан, бәріміз өлеміз (Римдіктерге 5:12). Бірақ Құдайдың қалауы бұл емес еді. Ол адамдардың өлгендерін ешқашан қаламаған. Сондықтан өлім Киелі кітапта “жау” деп аталады (Қорынттықтарға 1-хат 15:26).

ШЫНДЫҚ БІЗДІ АЗАТ ЕТЕДІ

15. Өлген адамдар туралы шындық бізді неден азат етеді?

15 Өлген адамдар туралы шындық бізді көптеген жалған ілімдерден азат етеді. Киелі кітап өлгендердің ештеңе сезбейтіндерін, қиналып не қайғырмайтындарын айтады. Біз оларға не олар бізге сөйлей де, көмектесе де алмайды. Олар жамандық та жасай алмайды. Сондықтан өлгендерден қорқудың қажеті жоқ. Алайда діндердің көбі адам өлгеннен кейін де өмір сүре береді, сондықтан діни жетекшілерге ақша төлесек, олар өлген адамға көмектеседі деп үйретеді. Бірақ өлім туралы шындықты білсек, бұған алданбаймыз.

16. Діндердің көбісі өлген адамдар туралы не үйретеді?

16 Шайтан жалған діндер арқылы өтірікке үйретіп, бізді өлген адамдардың тірі екеніне сендіргісі келеді. Осылайша ол адамдарды Ехобадан алыстатуға тырысып бағуда. Мысалы, кей діндер өлген соң адамның жаны басқа жерде өмір сүре береді дейді. Сіз ұстанатын дін де осылай үйрете ме, әлде Киелі кітапқа сай үйрете ме?

17. Адамды тозақта азаптау туралы ілім неліктен Ехобаны қорлайды?

17 Көптеген діндер адам шошырлық ілімдерге үйретеді. Мысалы, жаман адамдар тозақта мәңгі жанады дейді. Бұл жалған ілім Ехобаны қатты қорлайды. Оның адамдарды бұлай азаптауы мүмкін емес! (Жоханның 1-хаты 4:8 оқыңыз). Біреу баласын жазаламақ болып, қолын отқа күйдіріп жатса, қандай сезімде боласыз? Не деген тасжүрек адам дерсіз! Ондай адаммен ешқашан дос болмас едіңіз. Шайтан да біздің Ехоба туралы осылай ойлап, онымен дос болмағанымызды қалайды.

18. Неге өлгендерден қорқудың қажеті жоқ?

18 Діндердің кейбірі адам өлген соң аруаққа айналады деп үйретеді. “Аруақтар бізді қорғайды, ал оларды ренжітсек, дұшпанымызға айналады, сондықтан құрмет көрсетіп, олардан қорқуымыз керек” дейді. Бұл өтірікке көп адам сенеді. Олар “өлі риза болмай, тірі байымайды” деп, Ехобаға емес, өлгендерге құлшылық етеді. Бірақ қайтыс болған адамдардың ештеңе сезбейтінін есте ұстайық. Олардан қорқудың қажеті жоқ. Жаратушымыз Ехоба ғана шынайы Құдай болғандықтан, жалғыз оған ғана құлшылық етуіміз керек (Аян 4:11).

19. Өлгендер туралы шындықты білудің қандай пайдасы бар?

19 Өлгендер жайында шындықты білгеніміз көптеген жалған ілімдерден, қорқыныштан арылтады. Осы шындық, сонымен қатар, Ехобаның қайтыс болған адамдарды тірілтемін деген керемет уәдесін түсінуге көмектеседі.

20. Келесі тарауда не туралы білеміз?

20 Осыдан бірталай ғасыр бұрын Құдайдың Әйүп есімді қызметшісі: “Адам өлсе, қайтадан өмір сүре ала ма?”— деп сұраған екен (Әйүп 14:14). Расында да, қайтыс болып кеткен адамдар тіріліп, оларды қайта көре аламыз ба? Бұл сұраққа Құдайдың Киелі кітапта берген жауабын біліп таңғаласыз. Ендеше, келесі тарауды оқып көрейік.

^ 5-абзац Кейбіреулер адам өлген соң оның жаны не рухы өмір сүре береді деп сенеді. Бірақ Киелі кітап бұлай үйретпейді. Көбірек білу үшін 17, 18-түсіндірмелерді қараңыз.