Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

101-ТАРАУ

Пауыл Римге жіберілді

Пауыл Римге жіберілді

Пауылдың үшінші уағыз сапары Иерусалим қаласында аяқталды. Сол жерде ол тұтқындалып, түрмеге жабылды. Бір күні түнде Иса оған аян беріп былай деді: “Сен Римге барып, сол жерде уағыздайсың”. Содан Пауыл Иерусалимнен Кесарияға жіберілді. Кесарияда ол екі жыл түрмеде отырды. Пауыл сотта Фест деген әміршінің алдында тұрғанда: “Мені Римдегі император соттасын”,— деді. Сонда Фест: “Императорға барғың келсе, соған барасың”,— деп жауап берді. Сөйтіп, Пауылды Римге жүзіп бара жатқан кемеге отырғызып жіберді. Қасында Лұқа мен Арыстарқ деген бауырластар болды.

Ашық теңізде жүзіп келе жатқанда, қатты дауыл басталды. Ол көп күн бойы тоқтамады. Кемедегілердің бәрі өлетін болдық деп ойлады. Сонда Пауыл былай деді: “Ер-азаматтар, мен түсімде періште көрдім. Ол маған: — Қорықпа, Пауыл. Сен де, қасыңдағы адамдар да Римге аман-есен жетесіңдер,— деді. Сондықтан қорықпаңыздар. Біз өлмейміз”.

Дауыл 14 күнге созылды. Ақыры, құрлық көрінді. Ол Мальта аралы еді. Бір уақытта кеме жерге тіреліп, толқындар болса оны қирата бастады. Бірақ кемедегі 276 адамның бәрі аралға аман-есен жетті. Кейбірі өздері жүзіп барса, кейбірі қираған кеменің тақтайларына жармасып жүзіп барды. Мальта аралының тұрғындары оларға көмектесіп, жылыну үшін от жағып берді.

Үш айдан кейін сарбаздар Пауылды басқа кемеге отырғызып, Римге алып кетті. Римге жеткен соң, бауырластар Пауылды қарсы алды. Оларды көргенде, Пауыл Ехобаға рақметін айтып, жігерленіп қалды. Ол тұтқын болғанмен, оған жалданған үйде тұруға рұқсат берілді. Оны бір сарбаз күзетті. Бұл үйде ол екі жыл тұрды. Адамдар оны көру үшін сол үйге баратын. Сонда Пауыл оларға Құдай Патшалығы жайлы уағыздап, Иса туралы үйретті. Сол жерде отырғанда ол Кіші Азия мен Яһудеядағы қауымдарға хат жазды. Осылай Ехоба елші Пауыл арқылы ізгі хабарды көптеген халыққа жеткізді.

“Барлық жағынан өзімізді Құдайдың қызметшісі ретінде танытамыз. Мұны көп жағдайларда табанды болу, қасірет шегу, мұқтаждықта болу, қиындық көрумен көрсетеміз” (Қорынттықтарға 2-хат 6:4).