Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚОСЫМША

Иеміздің кешкі асы — Құдайға даңқ әкелетін мейрам

Иеміздің кешкі асы — Құдайға даңқ әкелетін мейрам

МӘСІХШІЛЕРГЕ Иса Мәсіхтің өлімін Еске алу кешін мейрамдау бұйырылған. Бұл мейрам “Иеміздің кешкі асы” деп те аталады (Қорынттықтарға 1-хат 11:20). Оны атап өту неге маңызды? Оны қашан және қалай атап өту керек?

Иса Мәсіх бұл мейрамды б. з. 33 жылы яһудилердің Құтқарылу мейрамы тойланатын түні ендірген. Құтқарылу мейрамы жылына бір-ақ рет, яһудилердің күнтізбесі бойынша нисан айының 14-ші жұлдызында, атап өтілетін. Бұл күнді есептеп шығару үшін олар көктемгі күн мен түннің теңесуін күткен болса керек. Содан кейін аспанда жаңа туған ай көрінгенде, нисан айының бірінші күні басталды деп есептелетін. Құтқарылу мейрамы 13 күннен кейін басталған.

Иса елшілерімен бірге Құтқарылу мейрамын тойлайды да, Яһуда Исқариотты жібереді, ал сонан соң Иеміздің кешкі асын ендіреді. Бұл кешкі ас яһудилердің Құтқарылу мейрамын алмастырды, сондықтан жылына бір-ақ рет атап өтілу керек.

Матай жазған ізгі хабарда былай делінген: “Иса қолына нан алып, дұға еткен соң, шәкірттеріне сындырып беріп жатып:— “Алыңдар, жеңдер. Бұл менің денемді білдіреді”,— деді. Сосын шарап құйылған тостағанды алып, Құдайға ризашылық білдірді де, оларға беріп жатып, былай деді: “Мынадан бәрің де ішіңдер. Өйткені бұл көптеген адамдардың күнәсі кешірілу үшін төгілетін менің қанымды — “келісім қанын” — білдіреді” (Матай 26:26—28).

Кейбіреулер бұл сөздерді тура мағынада түсініп, Иса нанды тәніне, ал шарапты қанына айналдырды деп сенеді. Алайда нанды ұсынып жатқанда, Исаның денесіне еш зақым келмей, сол қалпында болған. Исаның елшілері шын мәнінде оның тәнін жеп, қанын ішті ме? Жоқ, өйткені бұл каннибализм және Құдай заңын бұзу болар еді (Мұсаның 1-жазбасы 9:3, 4; Мұсаның 3-жазбасы 17:10). Лұқа 22:20-да айтылған сөздерге сай, Иса былай деген: “Мына тостаған сендер үшін төгілетін қаныма негізделген жаңа келісімді білдіреді”. Аталмыш тостаған тура мағынада “жаңа келісімге” айналды ма? Бұлай болуы мүмкін емес еді, өйткені келісім — қолмен ұстайтын зат емес.

Олай болса, нан мен шарап — жай ғана рәміздер. Нан Мәсіхтің кемелді денесін бейнелейді. Иса Құтқарылу мейрамынан қалған нанды қолданған. Ол ашытқысыз пісірілген болатын (Мұсаның 2-жазбасы 12:8). Киелі кітапта ашытқы жиі күнәлі болудың немесе бүлінудің белгісі ретінде қолданылады. Сол себепті Иса қолданған нан құрбандыққа берілген оның кемелді денесін білдіреді. Онда күнә атаулы болмаған (Матай 16:11, 12; Қорынттықтарға 1-хат 5:6, 7; Петірдің 1-хаты 2:22; Жоханның 1-хаты 2:1, 2).

Қызыл шарап Исаның қанын білдіреді. Осы қан арқылы жаңа келісім бекітілді. Иса өз қанының “күнәлар кешірілу” үшін төгілетінін айтқан. Сол арқылы адамдар Ехобаның алдында таза болып есептеліп, онымен жаңа келісімге отыра алады (Еврейлерге 9:14; 10:16, 17). Осы келісімнің арқасында 144 000 адал мәсіхшінің көкке баруына мүмкіндік беріледі. Көкте олар бүкіл адамзаттың игілігі үшін патшалар мен діни қызметкерлер ретінде қызмет етеді (Мұсаның 1-жазбасы 22:18; Еремия 31:31—33; Петірдің 1-хаты 2:9; Аян 5:9, 10; 14:1—3).

Еске алу кешіндегі рәміздерден кімдер дәм тату керек? Әрине, жаңа келісімге отыру арқылы көкке бару үмітіне ие болғандар ғана солай ету керек. Олар көкте патшалық ету үшін таңдап алынғандарына нық сенімді: бұған оларды Құдайдың киелі рухы сендіреді (Римдіктерге 8:16). Сонымен қатар олар Исамен де келісім жасасқан. Бұл — Патшалық келісімі (Лұқа 22:29).

Жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүруге үміттенетіндер туралы не деуге болады? Олар Исаның бұйрығына мойынсұнып, Иеміздің кешкі асына келеді. Бірақ олар бұл мейрамға рәміздерден дәм татушылар емес, құрметпен бақылап отырушылар ретінде қатысады. Ехоба куәгерлері жылына бір рет, нисанның 14-ші жұлдызында, күн батқан соң Иеміздің кешкі асын атап өтеді. Көкке баруға дүние жүзі бойынша бірнеше мың адам ғана үміттенетініне қарамастан, бұл мерекені мәсіхшілердің барлығы бағалайды. Мейрам кезінде Ехоба Құдай мен Иса Мәсіхтің көрсеткен теңдесі жоқ сүйіспеншілігі туралы бәрінің де ой жүгіртуіне болады (Жохан 3:16).