Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОН ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ

Құдайдың сүйіспеншілігінің саясында бол

Құдайдың сүйіспеншілігінің саясында бол
  • Құдайды сүю дегеніміз не?

  • Қалай біз Құдайдың сүйіспеншілігінің саясында бола аламыз?

  • Сүйіспеншілігінің саясында жүргендерді Ехоба қалай жарылқайды?

Осы аумалы-төкпелі заманда Ехобаны пана етесің бе?

1, 2. Бүгінде пананы қайдан табуға болады?

КҮН ала бұлт. Сен көшеде кетіп бара жатырсың. Кенет қара бұлт үйіріліп, аспанда найзағай ойнап, күн күркірейді де, жаңбыр шелектеп құйып кетеді. Сен жан ұшыра тасалайтын жер іздей бастайсың. Жолдың шетінде паналайтын бір жерді көрдің. Ол жылы, құрғақ әрі тартымды екен. Сол сәтте сен үшін осыдан жақсы жер жоқ іспетті көрінеді!

2 Біз аумалы-төкпелі заманда өмір сүріп жатырмыз. Дүниедегі жағдай барған сайын нашарлай түсуде. Бірақ біздің орны толмас залалдан аман сақтайтын панамыз бар. Ол қандай пана? Киелі кітаптағы келесі сөздерге назар аударшы: “Мен Ехобаға: “Сен менің панам әрі қорғанымсың, арқа сүйейтін Құдайымсың”,— деймін” (Зәбүр 91:2).

3. Қалай біз Ехобаны паналай аламыз?

3 Ойлап көрші, Жаратушы әрі Әлемнің Әміршісі Ехоба бізді қорғайтын панамыз бола алады! Ол бізге зиян келтіруі мүмкін кез келген нәрседен немесе тұлғадан әлдеқайда күшті болғандықтан, бізді қорғай алады. Тіпті бізге зиян келтірілсе де, Ехоба оның орнын толтыра алады. Қалай біз Ехобаны паналай аламыз? Оған сенім артуымыз керек. Оның үстіне, Киелі кітап: “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар”,— деп шақырады (Яһуда 21). Иә, көктегі Әкемізбен сүйіспеншілікке негізделген тығыз қарым-қатынасты сақтай отырып, біз оның сүйіспеншілігінің саясында болуымыз керек. Сонда оның бізге пана болатынына сенімді бола аламыз. Ал Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болу үшін не істеу керек?

ҚҰДАЙДЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІН КӨРЕ БІЛ ДЕ, ОҒАН РИЗАШЫЛЫҒЫҢДЫ БІЛДІР

4, 5. Ехобаның бүкіл адамзатты және жеке сені сүйетіндігін көрсететін кейбір мысалдар қандай?

4 Құдайдың сүйіспеншілігінің саясында болу үшін, оның бізге қалай сүйіспеншілік көрсететінін түсініп алуымыз керек. Осы кітаптың көмегімен Киелі кітаптан білген нәрселерің туралы ойлап көрші. Жаратушымыз жерді тамаша үй ретінде бізге сыйға тартты. Ол оны азық-түлігі мен суы мол, пайдалы қазбаларға бай, таңғажайып жануарларға толы әрі сұлу етіп жаратты. Киелі кітаптың Авторы Ехоба бізге өзінің есімі мен қасиеттерін ашты. Сондай-ақ Жазбаларда Құдайдың өзінің сүйікті Ұлын жерге жіберіп, оның азап шегуіне әрі біз үшін өлуіне жол бергені айтылған (Жохан 3:16). Осы бір сыйдың біз үшін қандай мәні бар? Ол бізге болашаққа деген керемет үміт береді.

5 Біздің болашаққа деген үмітіміз болу үшін Ехоба тағы бір шара жасады: ол көкте өз үкіметін — Мәсіхтің Патшалығын — орнатты. Жақында осы Патшалық барлық қайғы-қасіретті жойып, жерді жұмаққа айналдырады. Ойлап көрші, біз тыныштық орнаған жұмақта мәңгілік бойы бақытты өмір сүре аламыз! (Зәбүр 37:29). Ал әзірше, қазірдің өзінде мейлінше жақсы өмір сүруіміз үшін, Ехоба басшылық беріп отыр. Сондай-ақ өзімен дұға арқылы еркін сөйлесуге мүмкіндік беруде. Бұлар Ехобаның бүкіл адамзатты және жеке сені сүйетіндігін көрсететін мысалдардың кейбірі ғана.

6. Ехобаның сүйіспеншілігіне өз лебізіңді қалай білдіруіңе болады?

6 Осыған орай, өзіңнен былай деп сұрағаның маңызды: “Ехобаның сүйіспеншілігіне мен өз лебізімді қалай білдіре аламын?” Көп адам: “Әрине, мен де Ехобаны сүюім керек”,— дер еді. Сен де солай ойлайсың ба? Иса ең басты заң мынау екенін айтқан: “Ехоба Құдайыңды бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” (Матай 22:37). Сенің Ехоба Құдайды сүюге себебің көп екенінде күмән жоқ. Бірақ адамның бойында осындай сүйіспеншілік сезімінің болғаны оның Ехобаны шын жүректен, бүкіл жан дүниесімен, барлық ақыл-ойымен сүйетіндігін білдіре ме?

7. Құдайды сүю дегеніміз сүйіспеншілік сезінуді ғана білдіре ме? Түсіндір.

7 Киелі кітапқа сай, Құдайды сүю дегеніміз адамның бойында сезімнің болуын ғана білдірмейді. Әрине, Ехобаға сүйіспеншілік сезінудің маңызы зор, бірақ мұндай сезім — оған деген нағыз сүйіспеншіліктің бастауы ғана. Мысалы, жеміс беретін алма ағашы өсіп шығу үшін дән қажет. Алайда алма жегің келгенде, біреу саған алманың орнына дәнін берсе, соны місе тұтар ма едің? Әрине, жоқ! Сол сияқты Ехоба Құдайға сүйіспеншілік сезіну — нағыз сүйіспеншіліктің бастамасы ғана. Киелі кітап: “Құдайды сүю дегеніміз — оның өсиеттерін орындау. Ал оларды орындау қиын емес”,— деп үйретеді (Жоханның 1-хаты 5:3). Құдайға деген шынайы сүйіспеншілік жақсы жеміс әкелу керек. Ол іс-әрекетімізден көрініс алу керек (Матай 7:16—20 оқы).

8, 9. Құдайға деген сүйіспеншілігіміз бен ризашылығымызды қалай көрсете аламыз?

8 Құдайды сүйетінімізді оның өсиеттерін орындау және принциптеріне сай өмір сүру арқылы көрсете аламыз. Ал бұл — орындай алмайтындай қиын нәрсе емес. Керісінше, Ехобаның заңдарын орындағанымыз қуанышты да бақытты әрі қанағаттандырарлық өмір кешуімізге көмектеседі (Ишая 48:17, 18). Ехобаның басшылығын ұстана отырып өмір сүрсек, біз үшін істеп жатқандарының бәріне шынайы ризашылығымызды көрсетеміз. Өкінішке орай, бүгінде мұндай ризашылық көрсететіндер некен-саяқ. Исаның замандастарының кейбірі ризашылықтан жұрдай болған, бірақ біз оларға ұқсағымыз келмейді. Иса алапес басқан он адамды сауықтырғанда, олардың біреуі ғана ризашылығын білдіру үшін қайтып келген (Лұқа 17:12—17). Біз ризашылықты білмеген тоғыз кісіге емес, қайтып келген біреуіне ұқсағымыз келері сөзсіз.

9 Ендеше Ехобаның қандай өсиеттерін орындауымыз керек? Олардың бірсыпырасын алдыңғы тарауларда қарастырған едік, қазір солардың кейбіріне шолу жасап көрейік. Құдайдың өсиеттерін орындағанымыз оның сүйіспеншілігінің саясында болуымызға көмектеседі.

ЕХОБАҒА ЖАҚЫНДАЙ ТҮС

10. Ехоба Құдай жайлы білім алуды жалғастыра берудің неліктен маңызды екенін түсіндір.

10 Ехобаға жақындау үшін ол туралы білім алудың маңызы зор. Біз білім алуды ешқашан доғармауымыз керек. Суық түнде ашық аспан астында от жағып, жылынып отырғаныңды елестетші. Жалынның бәсеңдей түсіп, ақырында сөніп қалуына жол берер ме едің? Әрине, жоқ. Қайта, лаулап жану үшін оған отын салып отырасың. Өйткені аман қалу-қалмауың оттың қалай жанатынына байланысты болуы мүмкін. От жанып тұру үшін отын қажет, сол сияқты Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз жалындап тұру үшін “Құдай туралы білім” қажет (Нақыл сөздер 2:1—5).

От лаулап тұру үшін үзбей отын салып отыру керек. Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз жалындап тұру үшін де “отын” қажет

11. Исаның тәлімі ізбасарларына қалай әсер еткен?

11 Иса ізбасарларының Ехобаға және оның шындық жазылған баға жетпес Сөзіне деген сүйіспеншіліктерінің әрқашан ыстық болып әрі жалындап тұрғанын қалаған. Қайта тірілген Иса бірде екі шәкіртіне өзінің өмірінде орындалған Еврей жазбаларындағы пайғамбарлықтардың кейбірін түсіндіреді. Бұл оларға қалай әсер еткен еді? Кейінірек олар былай дейді: “Ол жолшыбай бізбен сөйлесіп, Жазбалардың мәнін толығымен ашып бергенде жүрегіміз жалындап кеткен жоқ па еді?” (Лұқа 24:32).

12, 13. a) Бүгінде адамның басым көпшілігінің Құдайға және оның Сөзіне деген сүйіспеншілігі туралы не деуге болады? ә) Сүйіспеншілігіміз суып кетпеу үшін не істеуге болады?

12 Киелі кітап шын мәнінде неге үйрететінін жаңа білгенде, бойыңды қуаныш, құлшыныс және Құдайға деген сүйіспеншілік сезімі билеп, жүрегің жалындады ма? Солай болғандығында күмән жоқ. Шындықты алғаш естігенде, көп адам осындай сезімде болады. Ендігі мақсат — сол жалындаған сүйіспеншілікті сақтап қалу және оны өсіру. Біз осы дүниенің бағытымен жүруді қаламаймыз. Иса алдын ала былай деген: “Көпшіліктің сүйіспеншілігі суып кетеді” (Матай 24:12). Олай болса, Ехобаға және Киелі кітаптағы шындыққа деген сүйіспеншілігіңнің суып кетпеуі үшін не істеуіңе болады?

13 Ехоба Құдай мен Иса Мәсіх туралы білім алуды жалғастыра бер (Жохан 17:3). Өзіңе келесі сұрақтарды қоя отырып, Құдай Сөзінен білгендеріңнің үстінен ой жүгірт: “Бұдан Ехоба Құдай жайында не білуге болады? Оны шын жүректен, бүкіл жан дүниеммен, барлық ақыл-ойыммен сүюге талпындыратын өзім білетін нәрселерден басқа қандай себептерді байқай алдым?” (Тімөтеге 1-хат 4:15 оқы). Бұл Ехобаға деген сүйіспеншілігіңнің әрқашан жалындап тұруына көмектеседі.

14. Қалай дұға Ехобаға деген сүйіспеншілігіміздің суып кетпеуіне көмектесе алады?

14 Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз әрқашан жалындап тұру үшін үнемі дұға етудің маңызы зор (Салоникалықтарға 1-хат 5:17). 17-ші тараудан білгеніміздей, дұға — Құдайдың бағалы сыйы. Үнемі әрі ашық әңгімелесудің арқасында адамдардың қарым-қатынасы нығаяды. Сол сияқты үнемі дұға ету арқылы Ехобамен жақсы әрі тығыз қарым-қатынаста бола аламыз. Дұғаларымызды ойланбай айтудан, яғни еш сезімсіз әрі мағынасына мән берместен жаттанды сөздерді қайталай беруден, аулақ болғанымыз маңызды. Бала сүйікті әкесімен қалай сөйлесетін болса, біз де Ехобамен солай сөйлесуіміз керек. Әрине, біз құрметпен дұға еткіміз келеді, сөйтсе де онымен еркін, бүкпесіз әрі шын жүректен сөйлесуімізге болады (Зәбүр 62:8). Иә, Киелі кітапты жеке зерттеу және шын жүректен дұға ету ғибадатымыздың маңызды бөліктері болып табылады, әрі Құдайдың сүйіспеншілігінің саясында болуымызға көмектеседі.

ҚҰДАЙҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕН ҚУАНЫШ АЛ

15, 16. Неге Патшалықты уағыздау ісіне мәртебе және қазына ретінде қараған дұрыс?

15 Біз өздігімізше жеке зерттеу жасап, дұғаны да оңашада айта береміз. Ал енді ғибадатымыздың нанымдарымызды “ауызбен жариялау” тұсына көңіл бөлейік. Киелі кітаптағы шындықтарды өзгелерге айтқан кездерің болды ма? Олай болса, керемет мәртебеге ие болғаның (Лұқа 1:17). Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздау — барлық шынайы мәсіхшілерге берілген маңызды тапсырма. Ехоба Құдай туралы білгендерімізді басқаларға айтуымызбен біз осы тапсырманы орындаймыз (Матай 24:14; 28:19, 20 оқы).

16 Елші Пауылдың өз қызметін қазына деп атағанынан оны жоғары бағалағанын көруге болады (Қорынттықтарға 2-хат 4:7). Адамдарға Ехоба Құдай мен оның ниеті туралы айту — сен атқара алатын ең керемет жұмыс. Өйткені бұл — ең жақсы Жұмыс берушіге арналған қызмет, әрі ол ең керемет игіліктерге жеткізеді. Бұл іске қатысуыңмен сен ақ жүректі адамдардың көктегі Әкемізге жақындауына және мәңгі өмірге апаратын жолға түсуіне көмектесіп жүрсің. Бұдан артық қанағат әкелетін іс бар ма!? Оның үстіне, Ехоба мен оның Сөзі туралы куәлік беру өзіңнің сеніміңді өсіреді әрі оған деген сүйіспеншілігіңді нығайтады. Ехоба болса қызмет етуге күш салғаныңды бағалайды (Еврейлерге 6:10). Осы іске үнемі атсалысқаның Құдайдың сүйіспеншілігінің саясында болуыңа көмектеседі (Қорынттықтарға 1-хат 15:58 оқы).

17. Уағыздау ісі неге қауырт атқарылу керек?

17 Патшалықты уағыздаудың қауырт іс екенін ұмытпағанымыз маңызды. Киелі кітапта: “Құдай сөзін уағызда,.. мұны кейінге қалдырмай атқар”,— делінген (Тімөтеге 2-хат 4:2). Неге бұл бүгінде қауырт іс? Құдай Сөзінде былай жазылған: “Ехобаның ұлы күні жақын! Ол күн жақын, тез жақындап келеді!” (Софония 1:14). Расында да, Ехобаның осы зұлым дүниені жоятын уақыты тез жақындап келеді. Мұны адамдарға айтып, ескерту керек! Олар қазір Әміршілері ретінде Ехобаны таңдайтын уақыт екенін білуге тиіс. Осы дүниенің соңы “еш кешікпейді” (Абақұқ 2:3).

18. Неге біз Ехобаға шынайы мәсіхшілермен бірге ел алдында ғибадат етуіміз керек?

18 Ехоба біздің шынайы мәсіхшілермен бірге ғибадат еткенімізді қалайды. Міне, сондықтан оның Сөзінде былай делінген: “Сүйіспеншілікке және игі істерге талпындыру үшін, бір-бірімізге көңіл бөлейік. Кейбіреулер сияқты жиналыстарға бармай қалуды әдетке айналдырмайық, қайта, бір-бірімізді жігерлендіре берейік. Сол күннің жақын қалғанын білгендіктен, бұларды бұрынғыдан да көбірек істейік” (Еврейлерге 10:24, 25). Қауым кездесулеріне барғанда, сүйікті Құдайымызды бауырластарымызбен бірге мадақтаудың және оған ғибадат етудің керемет мүмкіндігі туады. Сондай-ақ кездесулерде бір-бірімізді жігерлендіреміз әрі сенімімізді нығайтамыз.

19. Қауымда бауырластар арасындағы сүйіспеншілік берік болу үшін өз үлесімізді қалай қоса аламыз?

19 Ехобаға қызмет етушілердің өзара аралас-құралас болуы қауымдағы сүйіспеншілік пен достық қарым-қатынастың нығаюына ықпал етеді. Ехоба біздің жақсы қасиеттерімізге көңіл аударады. Біздің де өзгелерге қатысты солай еткеніміз маңызды. Бауырластардан кемелділікті күтпе. Әрқайсысымыздың рухани күйіміздің әртүрлі деңгейде екенін және бәріміздің де қателік жіберетінімізді ұмытпа (Қолостықтарға 3:13 оқы). Ехобаны бүкіл жан дүниесімен сүйетіндермен достасуға тырыс, сонда өзің де рухани өсесің. Иә, Ехобаға бауырластармен бірге ғибадат еткенің оның сүйіспеншілігінің саясында болуыңа көмектеседі. Ехоба өзіне адалдықпен ғибадат етіп, сүйіспеншілігінің саясында жүргендерді қалай жарылқайды?

“ШЫНАЙЫ ӨМІРГЕ” ИЕ БОЛ

20, 21. “Шынайы өмір” деген не және неге мұны керемет үміт деуге болады?

20 Ехоба өзінің адал қызметшілеріне сый ретінде өмір береді. Бірақ ол қандай өмір? Айтшы, қазір сен өмір сүріп жатырсың ба? Көпшілігіміз: “Бұл сұрақтың жауабы белгілі ғой”,— дерміз. Өйткені біз тыныс алып, тамақ жеп, сусын ішіп жүрміз. Олай болса, өмір сүріп жатқанымыз ғой. Ал өзімізді ерекше бақытты сезінген сәттерде, бәлкім: “Нағыз өмір деп осыны айт!”— дерміз. Алайда Киелі кітап келелі себептермен мынаған нұсқайды: бүгінде бірде-бір адам шынайы өмір сүріп жатқан жоқ.

Ехоба сені “шынайы өмір” сүрсе екен дейді. Сен оған ие боласың ба?

21 Құдай Сөзі бізді “шынайы өмірді берік ұстануға” шақырады (Тімөтеге 1-хат 6:19). Бұл сөздерден “шынайы өмірге” тек болашақта қол жеткізуге болатыны көрінеді. Иә, кемелділікке жеткенде, біз толық мағынада тірі боламыз, өйткені Құдайдың о бастағы ниетіне сай өмір сүретін боламыз. Күндердің күнінде жұмақ орнаған жер бетінде тыныштықта, денсаулығымыз мықты болып, бақытты өмір кешетін кез келеді. Сонда біз, ақырында, “шынайы өмір” — мәңгілік өмір — сүретін боламыз (Тімөтеге 1-хат 6:12). Неткен керемет үміт!

22. Шынайы өмірді қалай берік ұстана аласың?

22 Шынайы өмірді қалай берік ұстануға болады? Шынайы өмірді берік ұстануға шақырғанда, Пауыл мәсіхшілердің “жақсылық жасауы” және “игі істерге бай болуы” керектігін де айтқан (Тімөтеге 1-хат 6:18). Олай болса, көп нәрсе Киелі кітаптан үйренгендерімізді қалай қолданатынымызға байланысты екені айдан анық. Бірақ Пауыл “шынайы өмірге” игі істеріміз арқылы еңбек сіңіріп қол жеткізетінімізді айтқысы келді ме? Жоқ, мұндай таңғажайып үмітке қол жеткізу-жеткізбеу, шындығына келгенде, Құдайдың рақымына ие болатынымызға байланысты (Римдіктерге 5:15). Алайда Ехоба өзіне адалдықпен қызмет ететіндерге сый беруді қатты қалайды. Ол сені “шынайы өмір” сүрсе екен дейді. Құдайдың сүйіспеншілігінің саясында жүргендердің бақытты, тыныш әрі мәңгілік өмір сүруге үміттері бар.

23. Құдайдың сүйіспеншілігінің саясында болу неліктен маңызды?

23 Әрқайсымыздың өзімізден былай деп сұрағанымыз жөн: “Мен Құдайдың Киелі кітаптағы талаптарына сай ғибадат етіп жүрмін бе?” Осы сұраққа әр күні “иә” деп жауап бере алатын болсақ, дұрыс бағытта болғанымыз. Сонда Ехоба біздің панамыз екендігіне күмәнданбасақ та болады. Ол осы зұлым дүниенің қиыншылыққа толы соңғы күндерінде өзіне адалдықпен қызмет етіп жүргендерді аман сақтайды. Сонымен қатар Ехоба бізді бұрынғыдан да жақындап қалған керемет жаңа дүниеге аман алып кіреді. Бұл неткен тамаша кезең болады десеңші! Сол кезде осы соңғы күндерде дұрыс шешімдер қабылдағанымызға қандай қуанышты боламыз! Сондықтан қазір дұрыс шешімдер қабылдасаң, Ехоба Құдайдың о бастағы ниетіне сай, мәңгілік бойы “шынайы өмір” сүретін боласың!