22-САБАҚ
Сіз ізгі хабарды басқаларға қалай айта аласыз?
Киелі кітаптағы шындықтарды білген сайын: “Мәссаған, мынаны жұрттың бәрі білу керек қой”,— деп ойлайтын шығарсыз. Дұрыс ойлайсыз, шынымен де бұны бәрі білу керек. Бірақ оны басқаларға айту керек деген ойдың өзі үрейіңізді ұшыратын шығар. Қазір біз сол қорқынышты қалай жеңуге әрі ізгі хабарды қалай қуанышпен айтуға болатынын қарастырайық.
1. Білгендеріңіз жайлы танитын адамдарға қалай айта аласыз?
Исаның шәкірттері: “Біз көріп-естігеніміз жайлы үнсіз қала алмаймыз”,— деген (Елшілердің істері 4:20). Иә, олардың шындықты бағалағаны сонша — оны көп адамға айтқысы келді. Сіздің де айтқыңыз келе ме? Онда сәтін бағып, отбасыңызға және достарыңызға білгендеріңізді құрметпен айтып жеткізуге тырысыңыз (Қолостықтарға 4:6 оқыңыз).
Әңгімені бастағыңыз келсе:
-
Туыстармен әңгімелесіп отырғанда, “мен осы аптада қызық бірдеңе білдім” деп, Киелі кітаптың бір тақырыбын қозғаңыз.
-
Ауырып жүрген я уайымдап жүрген досыңызға бір тармақты оқып не айтып беріңіз.
-
Хал-жағдайыңызды сұраған әріптестеріңізге зерттеу сабағында немесе қауым кездесуінде білгендеріңіз жайлы айтып беріңіз.
-
Достарыңызға jw.org сайтын көрсетіңіз.
-
Өзгелерді зерттеу сабағыңызға қатысып көруге шақырыңыз немесе өздері jw.org сайтында зерттеу сабағына өтінішті қалай толтыра алатынын көрсетіңіз.
2. Қауыммен бірге уағыздау неге талпынуға тұрарлық мақсат?
Исаның шәкірттері ізгі хабарды тек таныс адамдарына ғана айтқан жоқ. Иса “оларды өзі баратын әрбір қала мен басқа да жерлерге өзінен бұрын екі-екіден жіберді” (Лұқа 10:1). Осылай ұйымдасып уағыздағанның арқасында ізгі хабарды әлдеқайда көп адам естіді. Бірге уағыздағандары шәкірттердің өздеріне де зор қуаныш әкелді (Лұқа 10:17). Сіз де қауыммен уағыздауды мақсат ете аласыз ба?
ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛІҢІЗ
Ізгі хабарды айту үшін қалай қорқынышты жеңуге болатынын әрі оны айтқаннан неге қуанышқа бөленетінімізді білейік.
3. Ехоба сізге жар болады
Уағыздағысы келетін кейбіреулер “адамдар мен жайлы не ойлайды, менің сөздерімді қалай қабылдайды” деп уайымдауы мүмкін.
-
Сіз білгеніңіз жайлы басқаға айтуға қорқасыз ба? Неге?
БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, төмендегі сұрақты талқылаңыздар:
-
Осы жас Куәгерлер қорқыныштарын қалай жеңді?
Ишая 41:10 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:
-
Уағыздауға қорыққанда, дұға сізге қалай көмектеседі?
Біле жүріңіз
Ехоба куәгерлерінің көбісі ізгі хабарды өзгелерге ешқашан айта алмаймын деген ойда болған. Соның бірі — Сергей. Ол өз-өзіне сенімсіз еді, басқалармен сөйлесуге қиналатын. Кейін Киелі кітапты зерттей бастайды. Ол былай дейді: “Қорықсам да, мен білгендерім жайлы басқаларға айта бердім. Бір таңғалғаным — Киелі кітап туралы айта бастағаннан өз-өзіме деген сенімділігім өсті, Құдайға деген сенімім де артты”.
4. Құрмет танытыңыз
Ізгі хабарды айтқанда, не айтатыныңызға ғана емес, қалай айтатыныңызға да мән беріңіз. Тімөтеге 2-хат 2:24 пен Петірдің 1-хаты 3:15 оқып, сосын мына сұрақтарды талқылаңыздар:
-
Адамдармен Киелі кітап туралы сөйлескенде, осы тармақтардағы кеңеске қалай құлақ аса аласыз?
-
Туыстарыңыздың я достарыңыздың кейбірі айтқаныңызбен келіспеуі мүмкін. Сонда не істеуіңізге болады? Не істемеуіңіз керек?
-
Тікесінен айта салғаннан гөрі, неге ізетпен сұрақтар қойған жөн болар еді?
5. Ізгі хабарды айту қуанышқа бөлейді
Ехоба Исаға ізгі хабарды айтуды тапсырған. Иса осы іске қалай қараған? Жохан 4:34 оқып, мына сұрақтарды талқылаңыздар:
-
Жақсы тамақ өмірімізді қолдап-қуаттап, көңілді жүруімізге әсер етеді. Неге Иса Құдайдың еркін орындауды, соның ішінде уағыздауды, тамақ жеумен салыстырған?
-
Сіздіңше, ізгі хабарды айту неге қуанышқа кенелтеді?
Пайдалы кеңестер
-
Апта ішіндегі кездесудің бағдарламасын тыңдап отырғанда, біреумен қалай әңгіме бастауға болатынын өзіңіз үшін түйіп отырыңыз.
-
Тәлімгеріңізден апта ішіндегі кездесуде тапсырмамен шығу үшін не істеуге болатынын сұрап көріңіз. Сол тапсырмалар сізге білгендеріңіз жайлы басқаларға қорықпай айтуға көмектеседі.
-
Осы оқулықтағы “Кейбіреулердің айтатыны” және “Біреу сұраса” деген қоршаудың ішіндегі сұрақтар мен қарсы пікірлерге өзіңіз жауап беріп, жаттығыңыз.
БІРЕУ СҰРАСА: “Не жаңалық бар?”
-
Осы мүмкіндікті пайдаланып, зерттеу сабағында білгеніңізді оған қалай айтсаңыз болады?
ТҮЙІНДЕМЕ
Ізгі хабарды басқаларға айту көп қуанышқа бөлейді және оны айту сіз ойлағандай қиын болмауы мүмкін.
Қайталау
-
Неге ізгі хабарды өзгелерге айту керек?
-
Оны қалай құрметпен айтып жеткізе аласыз?
-
Уағыздауға қорқатын болсаңыз, не істеуге болады?
ҚОСЫМША ІЗДЕНІҢІЗ
Ізгі хабарды jw.org байланыс картасының көмегімен қалай айтуға болатынының 4 қарапайым жолын көріңіз.
Ізгі хабарды уағыздауға қандай төрт қасиет көмектесетінін оқып көріңіз.
“Адам аулаушы болуға дайынсыз ба?” (“Күзет мұнарасы”, қыркүйек, 2020)
Киелі кітаптағы бір оқиға кішкентайларға да, үлкендерге де қалай батыл уағыздауға көмектесетінін көріңіз.
Ехоба жайлы білмейтін туыстарыңызға Киелі кітап туралы қалай айта алатыныңызды біліңіз.
“Куәгер емес туыстарымыздың жүрегіне қалай әсер ете аламыз?” (“Күзет мұнарасы”, 15 наурыз, 2014)