Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Басқарушы кеңестің хаты

Басқарушы кеңестің хаты

Құдай Сөзі бізді “тәлімгер болуға” шақырады (Евр. 5:12). Ойлап көріңізші, бұл шақыруды бізге ғаламдағы ең кемеңгер Ұстаз Ехобаның өзі айтып отыр! Ол өзге адамдарға өзі туралы үйреткенімізді қалайды. Ехоба жайлы шындықты қай жерде үйретпейік, мейлі отбасымызда, қауымда я қызметте болсын, бұл — баға жетпес мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Осы істе қалай өрге баса аламыз?

Бұл сұрақтың жауабын елші Пауылдың Тімөтеге жазған мына сөздерінен табамыз: “Өзгелердің алдында оқуды, оларға насихат айтуды, тәлім беруді бар ықыласыңмен жалғастыра бер”. Сосын Пауыл: “Сонда өзіңді де, тыңдаушыларыңды да құтқарасың”,— деген болатын (Тім. 1-х. 4:13, 16). Расында да, бізге өмір сақтайтын хабарды жариялау тапсырылған. Сондықтан оқу мен тәлім беру қабілетімізді шыңдай түскеніміз маңызды. Бұл кітапша сізге осы мақсатқа жетуге көмектеседі. Кітапшаның кейбір ерекшеліктеріне тоқталып өтейік:

Бұл шартты белгіде әр тақырыпқа жазба орны келтірілген. Жазба орнында сабақпен байланысты Киелі кітап принципі немесе сабақты орындаудың мысалы бар.

Ехоба — “Ұлы Тәлімгер” (Ишая 30:20). Бұл кітапша сізге оқу мен тәлім беру қабілетіңізді ұштауға көмектескенмен, мына жайтты есте ұстаңыз: біз айтатын хабардың Қайнар көзі әрі адамдарды өзіне жақындатып тартатын — Ехоба (Жох. 6:44). Сол себептен жиі киелі рух сұрап дұға етіңіз. Құдай Сөзін мейлінше көп қолданыңыз. Жұрттың назарын өзіңізге емес, Ехобаға аударыңыз. Тыңдаушыларыңыздың жүрегіне Құдайға деген терең сүйіспеншілік ұялатуға күш салыңыз.

Сізге мәні орасан зор хабар туралы үйрету тапсырылған. Маңыздылығы жағынан бұған тең келетін хабар бұрын-соңды болған емес. Біз сіздің “Құдайдың күшіне сүйене” отырып, бұл істе өрге басатыныңызға сенімдіміз (Пет. 1-х. 4:11).

Ізгі ниетпен,

Тәлімгер әріптестеріңіз — Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі