Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

17-ТАРАУ

“Ей, Гог... мен саған қарсы шығамын!”

“Ей, Гог... мен саған қарсы шығамын!”

ЕЗЕКИЕЛ 38:3

ОЙБАҒДАР: “Гогтың” және ол шабуылдайтын “елдің” мағынасы

1, 2. Адамзатты алда қандай соғыс күтіп тұр және соған байланысты қандай сұрақтар туындайды? (Тараудың басындағы суретті қараңыз.)

МЫҢДАҒАН жылдан бері жер беті соғыстардың, әсіресе XX ғасырдағы дүниежүзілік екі соғыстың кезінде судай төгілген қанға боялып келді. Дегенмен адамзат тарихында ешқашан болып көрмеген ең ұлы соғыс әлі алда. Бұл соғыс — өз пайдаларын көздеген халықтардың арасында болатын жай қақтығыс емес. Ол — “Құдіреті шексіз Құдайдың ұлы күні болатын соғыс” (Аян 16:14). Бұл соғыста Әлемнің Әміршісі Ехоба жер бетінде бұрын-соңды ешкім көрмеген жойқын күшін паш етеді. Бұған бір менменсіген жаудың оның бағалы еліне шабуыл жасауы себепші болады.

2 Осы орайда мынандай сұрақтар туындайды: Бұл қандай жау? Ол қандай елге шабуылдайды? Және ол қашан, қалай, неліктен шабуылдайды? Болашақта болатын осы оқиғалардың бізге, яғни жер бетінде Ехобаға таза ғибадат ететіндерге тікелей қатысы бар. Сондықтан осы сұрақтардың жауабын білгеніміз жөн. Оларды біз Езекиел кітабының 38-інші және 39-ыншы тарауында жазылған пайғамбарлықтан таба аламыз.

Жау — Магог жеріндегі Гог

3. Езекиелдің Магог жеріндегі Гогқа қатысты пайғамбарлығының мазмұны қандай?

 3 Езекиел 38:1, 2, 16, 18; 39:4, 11 қараңыз. Пайғамбарлықтың мазмұны келесідей: “Соңғы күндерде” “Магог жеріндегі Гог” деп аталатын жау Құдай халқы тұрып жатқан “елге” шабуылдайды. Оның бұл зұлым шабуылы Ехобаның “қаһарын оттай лаулатады”. Ол халқы үшін араша түсіп, Гогты тас-талқан етеді *. Ехоба жеңілген жауын да, оған ергендерді де “алуан түрлі құстар мен жабайы аңдарға жем қылады”. Соңында ол Гогқа “қабір болатын жер береді”. Бұл пайғамбарлықтың жақын арада қалай орындалатынын білу үшін, алдымен Гогтың кім екенін анықтап алайық.

4. Біз Магог жеріндегі Гог туралы қандай тұжырымға келдік?

4 Сонымен, Магог жеріндегі Гог деген кім? Езекиелдің сипаттағанына қарап, Гог таза ғибадат етушілердің қас жауы екенін аңғаруға болады. Сонда ол таза ғибадаттың ең басты жауы Шайтанның басқаша аты ма? Көптеген жылдар бойы біздің әдебиеттерімізде солай түсіндіріліп келді. Бірақ Езекиелдің пайғамбарлығын тереңірек зерттей келе, бұған қатысты түсінігіміз өзгерді. Бұл жайында “Күзет мұнарасында” талқыланып, Магог жеріндегі Гог көзге көрінбейтін рухани жаратылыс емес, көзге көрінетін адамдар, яғни таза ғибадатқа қарсы шабуылдайтын одақтасқан халықтар екені айтылды *. Не себепті мұндай тұжырымға келгенімізді талқыламас бұрын, алдымен Езекиелдің пайғамбарлығынан Гогтың рухани жаратылыс емес екенін дәлелдейтін екі жайтты қарастырайық.

5, 6. Магог жеріндегі Гогтың рухани жаратылыс емес екені Езекиелдің пайғамбарлығынан қалай көрінеді?

5 “Сені алуан түрлі құстарға... жем қыламын” (Езек. 39:4). Осыған ұқсас ескертулер Киелі жазбаларда жиі кездеседі, әрі бұл әлдекімнің Құдайдың үкіміне ұшырағанын білдіреді. Құдай мұндай ескертулерді Исраил халқына да, өзге халықтарға да айтқан (Мұс. 5-ж. 28:26; Ерм. 7:33; Езек. 29:3, 5). Байқасақ, Құдай бұл ескертулерді рухани жаратылыстарға емес, ет пен сүйектен жаралған адамдарға айтқан. Оның үстіне, құстар мен аңдар рухты емес, тәнді жейді. Сонымен, Езекиелдің пайғамбарлығында жазылған Құдайдың ескертуінен Гогтың рухани жаратылыс емес екенін түсінеміз.

6 “Мен Гогқа Исраил елінен... қабір болатын жер беремін” (Езек. 39:11). Рухани жаратылыстардың жер бетіндегі қабірге қойылатыны жайлы Киелі кітаптың еш жерінде жазылмаған. Бірақ онда Шайтан мен оның жын-перілері 1000 жылға түпсіз тұңғиыққа тасталып, кейін мәңгілік жойылуды білдіретін бейнелі мағынадағы отты көлге лақтырылатыны жазылған (Лұқа 8:31; Аян 20:1—3, 10). Ал Гогқа жер бетінен “қабір” берілгенін ескерсек, ол рухани жаратылыс емес деп тұжырымдауға болады.

7, 8. “Солтүстік патшасының” жойылуы мен Магог жеріндегі Гогтың жойылуының арасында қандай ұқсастық бар?

7 Таза ғибадатқа соңғы шабуыл жасайтын Гог рухани жаратылысты білдірмесе, онда бұл жау кімді білдіреді? Бұл сұрақтың жауабын Киелі кітаптың келесі екі пайғамбарлығынан білеміз.

8 “Солтүстік патшасы” (Даниял 11:40—45 оқыңыз). Даниял пайғамбар өзінің заманынан бастап біздің күнімізге дейін қандай дүниежүзілік үкіметтер билік ететінін пайғамбарлық етіп кеткен. Сондай-ақ оның пайғамбарлығында бір-бірімен жауласатын екі саяси күш — “оңтүстік патшасы” мен “солтүстік патшасы” — туралы да айтылған. Ғасырлар бойы халықтар билікке таласқанда, әртүрлі патшалар мен халықтар “оңтүстік патшасы” не “солтүстік патшасы” болып келген. Солтүстік патшасының “ақырғы уақытта” жасайтын соңғы шабуылы жайында Даниял былай деген: “Ол зор қаһарына мініп, көптің көзін құртып, жою үшін аттанады”. Солтүстік патшасының көздеген ең басты нысанасы — Ехобаға ғибадат ететін адамдар *. Ол Құдай халқына шабуыл жасағанмен, жеңіліске ұшырайды. Содан кейін Магог жеріндегі Гог сияқты оның да “соңы жетеді”.

9. “Жержүзінің патшаларының” жойылуы мен Магог жеріндегі Гогтың жойылуының арасында қандай ұқсастық бар?

9 “Жержүзінің патшалары” (Аян 16:14, 16; 17:14; 19:19, 20 оқыңыз). Аян кітабында “жержүзінің патшалары” көктегі “патшалардың Патшасы” Исаға қарсы шайқасқа шығатыны айтылған. Олар көкке жете алмағандықтан, Исаның Патшалығын қолдап жүрген жердегі адамдарға шабуылдайды. Бірақ Армагеддон шайқасында олар ойсырай жеңіледі. Байқасақ, жержүзі патшаларының соңы Ехобаның халқына шабуыл жасағаннан кейін ғана жетеді. Бұл тура Магог жеріндегі Гогпен болатын жайтты еске салады *.

10. Біз Магог жеріндегі Гог жайында қандай тұжырымға келдік?

10 Сонымен, біз Гог жайында қандай тұжырымға келдік? Гог — рухани жаратылыс емес. Ол жуырда Құдай халқына шабуыл жасайтын жердегі халықтарды білдіреді. Бұл халықтар бірігіп, қандай да бір одақ құрады. Не үшін? Құдай халқы жердің түкпір-түкпірінде екенін ескерсек, оларға шабуыл жасау үшін, халықтар бірдей мақсатты көздеп, бірдей әрекет ету керек болады (Мат. 24:9). Бұл шабуыл зұлым Шайтанның айдауымен жасалатынында дау жоқ. Ол ұзақ уақыттан бері жержүзіндегі халықтарды қолданып, таза ғибадатқа қарсы шығып келеді (Жох. 1-х. 5:19; Аян 12:17). Алайда Езекиелдің Магог жеріндегі Гог жайлы пайғамбарлығы Шайтанға емес, Ехобаның халқына шабуыл жасайтын жер бетіндегі халықтарға баса назар аударады *.

Гог шабуылдайтын “ел”

11. Гог шабуылдайтын ел Езекиелдің пайғамбарлығында қалай сипатталған?

11 Осы тараудың  3-абзацынан білгеніміздей, Магог жеріндегі Гог Ехобаның бағалы еліне шабуыл жасап, оның қаһарын оттай лаулатады. Бұл қандай ел? Мұны білу үшін Езекиелдің пайғамбарлығына оралайық (Езекиел 38:8—12 оқыңыз). Пайғамбарлықта Гог шабуылдайтын елдің тұрғындары “қалпына келген” әрі “халықтар арасынан жинап әкелінген” халық екені айтылған. Назар аударарлық тағы бір жайт, осы елде тұрып жатқан ғибадат етушілер “қауіпсіз өмір сүреді”, олардың мекендері “қабырғамен қоршалмаған, ысырмалы қақпалары да жоқ”, сондай-ақ олар “мол дәулетке ие”. Бұл елде Ехобаға дүниежүзі бойынша таза ғибадат ететін адамдар тұрады. Сонымен, бұл қандай ел?

12. Ежелгі Исраил елі қалай қайта қалпына келді?

12 Алдымен, ежелгі Исраилдің — Құдайдың таңдаған халқы ғасырлар бойы тұрып, еңбек етіп, ғибадат еткен елдің — қалай қалпына келгенін қарастырайық. Исраилдіктер адалдықтан тайғанда, Ехоба Езекиел арқылы олардың елдері үйіндіге айналып, қаңырап бос қалатынын айтты (Езек. 33:27—29). Бірақ Ехоба өкінген тамтықтың Бабылдан қайтып, өз елдерінде таза ғибадатты қалпына келтіретіндерін де пайғамбарлық етті. Исраил еліне Ехобаның батасы төгіліп, ол “Едем бағындай болып” көркеймек еді (Езек. 36:34—36). Исраил елінің қайта қалпына келуі б. з. б. 537 жылы, яғни жер аударылған яһудилер елдерінде таза ғибадатты қалпына келтіру үшін Иерусалим қаласына оралғанда басталды.

13, 14. а) Рухани ел деп нені айтамыз? ә) Бұл ел неліктен Ехоба үшін бағалы?

13 Біздің кезімізде де Құдайға таза ғибадат ететіндер осындай қайта қалпына келтіру ісіне куә болды. Осы басылымның 9-тарауынан білгеніміздей, ұзақ жылдар бойы Ұлы Бабылдың тұтқындығында болған Құдай халқы 1919 жылы азат болды. Сол жылы Ехоба өзінің ғибадат етушілерін рухани елге қоныстандырды. Бұл ел рухани жұмақты — біз шынайы Құдайға ғибадат ететін қауіпсіз әрі рухани көркейіп жатқан ортаны — білдіреді. Біз бұл елде жантыныштығына бөленіп, қауіпсіз өмір кешеміз (Нақ. с. 1:33). Сондай-ақ аста-төк мол рухани дастарқаннан тамақтанамыз. Құдай Патшалығын жариялау үшін сүйіп атқаратын істеріміз де көп. Біз Жазбалардағы “Ехобаның батасы адамды байытады, Бұған ол еш қайғы-қасірет қоспайды” деген сөздердің растығын көріп жүрміз (Нақ. с. 10:22). Жердің қай бұрышында тұрмайық, бәріміз осы елде — рухани жұмақта — жүрміз. Таза ғибадатты сөзімізбен де, ісімізбен де барынша қолдай берсек, осы елде әрі қарай да жасай береміз.

14 Бұл рухани ел Ехоба үшін аса бағалы. Өйткені оның тұрғындары “барлық халықтардың бағалы қазыналары”, яғни Ехобаның өзі таза ғибадатқа жақындатып тартқан жандар (Хаг. 2:7; Жох. 6:44). Олар жаңа болмысқа ие болып, Құдай танытатын асқақ қасиеттерді танытуға барынша тырысады (Ефес. 4:23, 24; 5:1, 2). Таза ғибадат етушілер ретінде олар Құдайға барын салып қызмет етеді. Олар мұны Құдайды даңқтайтын әрі оған деген сүйіспеншіліктерін көрсететін жолмен атқарады (Рим. 12:1, 2; Жох. 1-х. 5:3). Рухани елді гүлдендіре түсу үшін қызметшілерінің аянбай еңбек етіп жатқанын көргенде, Ехобаның жүрегі қалай қуанады десеңізші! Ойлап көріңізші, таза ғибадатты өміріңізде басты орынға қойсаңыз, сіз рухани елді көркейтіп қана қоймай, Ехоба Құдайдың жүрегін қуанышқа кенелтесіз! (Нақ. с. 27:11).

Жердің қай бұрышында тұрмайық, таза ғибадатты барынша қолдай берсек, рухани елде жасай береміз (13, 14-абзацты қараңыз)

Гог қашан, не үшін және қалай шабуылдайды?

15, 16. Магог жеріндегі Гог қалпына келген рухани елге қашан шабуылдайды?

15 Жуырда жер бетіндегі одақтасқан халықтар біздің көрікті рухани елімізге шабуылдайтыны қай-қайсысымызды да еріксіз ойға батырады. Бұл шабуылдың Ехобаға таза ғибадат ететіндерге де қатысы бар болғандықтан, біз ол жайында көбірек білгіміз келеді. Қазір осы орайда туындайтын үш сұраққа тоқталайық.

16 Магог жеріндегі Гог қалпына келген рухани елге қашан шабуылдайды? Пайғамбарлықта: “Соңғы күндерде мен сені өз жеріме қарсы шығарамын”,— делінген (Езек. 38:16). Демек, бұл оқиға осы дүниенің соңғы күндерінде орын алады. Зор алапат жалған діндер империясы Ұлы Бабылдың жойылуымен басталатыны есімізде шығар. Гогтың таза ғибадат ететіндерге соңғы рет әрі жаппай жасайтын шабуылы дәл осы жалған діндер жойылғаннан кейінгі және Армагеддон басталғанға дейінгі аралықта болады.

17, 18. Зор алапат кезінде Ехоба жағдайдың өрбуін қалай қадағалайды?

17 Гог қалпына келген рухани елге не үшін шабуылдайды? Езекиелдің пайғамбарлығынан екі жайтты аңғаруға болады: 1) жағдай Ехобаның қадағалауымен өрбиді және 2) Гогтың зұлым ниеті.

18 Жағдай Ехобаның қадағалауымен өрбиді (Езекиел 38:4, 16 оқыңыз). Ехоба Гогқа не дегеніне назар аударайық. Ол: “Мен... жақ сүйегіңе қармақ саламын... Сені өз жеріме қарсы шығарамын”,— деген. Сонда Ехоба халықтарды өзінің ғибадат етушілеріне өзі қарсы шығара ма? Әрине, жоқ! Ол ешқашан халқының жамандыққа ұшырауына себепші болмайды (Әйүп 34:12). Алайда Ехоба жауларының қандай екенін өте жақсы біледі. Алдағы уақытта олар таза ғибадат ететіндерді жек көретінін және оларды жер бетінен құртып жіберудің орайы туғанда мүмкіндікті қалт жібермейтінін де ол біледі (Жох. 1-х. 3:13). Гогтың жағына қармақ салып жетектейтініндей, Ехоба оқиғалардың өз еркі мен белгілеген уақытына сай өрбуін қадағалайды. Ұлы Бабыл жойылған соң біршама уақыттан кейін Ехоба қандай да бір жолмен халықтарды көкейлерінде бұрыннан жүрген пиғылдарын іске асыруға еліктіреді. Осылайша Ехоба Армагеддонға, жер бетіндегі ең ұлы соғысқа, бастайтын шабуылдың жасалуына жағдай жасайды. Содан кейін ол халқын құтқарып алады, әрі өзінің бүкіләлемдік билігін асқақтатып, киелі есімін киелі етеді (Езек. 38:23).

Халықтар таза ғибадатты тонамақ болады, себебі оны да, оны ұстанатындарды да жек көреді

19. Гог не үшін таза ғибадатты тонамақ болады?

19 Гогтың зұлым ниеті аян болады. Халықтар “зұлым жоспар құрады”. Олар Ехобаға ғибадат ететіндерге көптен бері тістерін қайрап, жек көріп келгендіктен, “қабырғамен қоршалмаған, ысырмалы қақпалары да жоқ мекендерде тұратын”, дәрменсіз болып көрінген оларды жойып жіберудің амалын іздейді. Сондай-ақ олардың “мол дәулетін” “тонап, олжаға қарық болуды” көксейді (Езек. 38:10—12). Бұл қандай “дәулет”? Бұл — Ехобаның халқының рухани дәулеті. Таза ғибадат — біздің жалғыз Ехобаға арнайтын ең құнды байлығымыз. Халықтар таза ғибадатты бағалы санағандықтан емес, таза ғибадаттың өзін де, оны ұстанатындарды да жек көргендіктен тонамақ болады.

Гогтың таза ғибадатты жою үшін құрған “зұлым жоспары” бекершілік болады (19-абзацты қараңыз)

20. Гог рухани елге немесе рухани жұмаққа қалай шабуылдайды?

20 Гог рухани елге немесе рухани жұмаққа қалай шабуылдайды? Халықтар біздің мәсіхшілік өмір салтымызды және таза ғибадатымызды тыймақ болуы мүмкін. Бұл үшін олар рухани ас-су алып тұруымызға және бірге жиналуымызға кедергі жасауы, Құдай хабарын құлшыныспен жариялауымызға тосқауыл қоюы және бірлігімізді бұзуға тырысуы мүмкін. Бұлардың бәрі — рухани жұмақты құрайтын жайттар. Шайтанның айдауымен халықтар Ехобаға таза ғибадат ететіндерді де, олармен қоса таза ғибадаттың өзін де жер бетінен құртып жіберуге тырысатын болады.

21. Неліктен біз Ехобаға алдағы жайттарды алдын ала ескерткені үшін ризамыз?

21 Магог жеріндегі Гогтың төніп келе жатқан шабуылы рухани елдегі ғибадат етушілердің ешқайсысын айналып өтпейді. Біз алдағы жайттарды алдын ала ескерткені үшін Ехобаға қаншалықты ризамыз десеңізші! Зор алапат келгенше, таза ғибадатты берік ұстануға әрі оны өмірімізде басты орынға қоюға бекінейік. Осылай етер болсақ, қайта қалпына келген еліміздің көркеюіне өз үлесімізді қосамыз. Сондай-ақ жуырда болатын мына бір керемет жағдайдың куәсі боламыз: Ехоба Армагеддонда өз халқын және өз есімін қорғайтын болады. Бұл жайында келесі тарауда көбірек білеміз.

^ 3-абзац Осы басылымның келесі тарауында Ехоба Магог жеріндегі Гогқа қашан және қалай қаһарын төгетіні әрі мұның таза ғибадат етушілерге қалай әсер ететіні қарастырылады.

^ 4-абзац 2015 жылғы “Күзет мұнарасының” 15 мамырдағы санынан “Оқырман сауалдарын” (29, 30-б.) қараңыз.

^ 8-абзац Даниял 11:45-тен солтүстік патшасы Құдай халқын нысанаға алатындығын аңғаруға болады. Онда осы патшаның өзінің “шатырларын ұлы теңіз [Жерорта теңізі] бен Көрікті жердегі киелі таудың арасына [кезінде Құдайдың ғибадатханасы тұрған әрі Құдай халқы ғибадат еткен жерге] тігетіні” айтылған.

^ 9-абзац Киелі кітапта Құдай халқын жойып жібергісі келетін біздің кезіміздегі “ассириялықтар” туралы да айтылады (Миха 5:5). Құдай халқына жасалатын төрт шабуыл да, атап айтқанда Магог жеріндегі Гог, солтүстік патшасы, жержүзінің патшалары мен ассириялықтар жасайтын шабуылдар әртүрлі атпен аталған бір шабуылға нұсқаса керек.

^ 10-абзац Аян 20:7—9 тармақтарда айтылған “Магог жеріндегі Гогтың” кім екенін білу үшін, осы басылымның 22-тарауын қараңыз.