Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

18-ТАРАУ

“Менің қаһарым оттай лаулайды”

“Менің қаһарым оттай лаулайды”

ЕЗЕКИЕЛ 38:18

ОЙБАҒДАР: Гогтың шабуылы Ехобаның қаһарын оятады; Ехоба Армагеддон шайқасында халқын қорғайды

1—3. а) Ехобаның “қаһары оттай лаулаған” кезде не болады? (Тараудың басындағы суретті қараңыз.) ә) Бұл тарауда не жайлы қарастырамыз?

ЕРЛЕР, әйелдер мен балалар жиналып, Патшалық әнін шырқап жатыр. Сосын бір ақсақал жалбарына дұға айтып, Ехобадан қорған болуын сұрады. Әрине, бауырластар Ехобаның оларды жалғыз қалдырмайтынына сенімді. Десе де олар әлі де оның жұбаныш беріп, сенімдерін нығайтуына мұқтаж. Бір кезде сырттан соғысып жатқан адамдардың шуы естілді. Армагеддон басталды! (Аян 16:14, 16).

2 Армагеддон шайқасында Ехоба ашуына мініп, адамдарға “қаһарын оттай лаулатады” (Езекиел 38:18 оқыңыз). Ол қаһарын бір әскери топқа не бір халыққа емес, жер бетіндегі күллі адамзатқа төгеді. “Сол күні Ехобаның қолынан өлгендер жердің бір шетінен екінші шетіне дейін болады” (Ерм. 25:29, 33).

3 Сүйіспеншілігі мол, “мейірімді де жанашыр, ашулануға асықпайтын” Құдайдың осыншалық “қаһарын оттай лаулатуына” не себеп? (Мұс. 2-ж. 34:6; Жох. 1-х. 4:16). Бұл сұрақтың жауабы бізге зор жұбаныш береді, бойымызға батылдық дарытады және ізгі хабарды құлшына жариялауға қозғау салады. Ендеше, оның жауабын көрейік.

Ехобаның “қаһарын оттай лаулататын” не?

4, 5. Ехобаның ашуы мен күнәкар адамдардың ашуының айырмашылығы қандай?

4 Біз алдымен, Ехобаның ашуы мен күнәкар адамдардың ашуы екі түрлі екенін түсінуіміз керек. Ашуға булығып, қатты ызаланғанда, адамдар жиі не істеп, не қойғандарын білмей, бір пәлеге душар болып жатады. Мысалға Адам атаның тұңғыш ұлы Қабылды алайық. Ехоба оның емес, Әбілдің құрбандығын қабыл алған кезде, ол “қатты ашуланды”. Ақырында, Қабыл өзінің әділ бауырын өлтіріп тынды (Мұс. 1-ж. 4:3—8; Евр. 11:4). Енді Құдайдың көңілінен шыққан қызметшісі Дәуітті алайықшы (Ел. іс. 13:22). Ол да ауыр қылмыс жасауға шақ қалған. Бірде Набал деген бай кісі Дәуіт пен оның қасындағы жігіттерін қорлап, жаман сөздер айтады. Мұны естіп ашуға мінген олар “семсерлерін белдеріне байлап”, жақсылықты білмейтін Набалдың өзін де, оның үй ішіндегі еркек атаулының бәрін де қырып салмақшы болады. Бақытқа орай, Набалдың әйелі Әбигел кек алуға келген Дәуіт пен оның жігіттерін райынан қайтарады (Сам. 1-ж. 25:9—14, 32, 33). Ехобаның Жақып арқылы бізге мына сөздерді жазып қалдырғаны бекер емес: “Ашудың жетегіндегі адам Құдайдың әділдігіне сай әрекет етпейді” (Жақ. 1:20).

Ехоба ашуын әрдайым қадағалайды, оның ашуының себебі де әрдайым анық

5 Пендеден айырмашылығы, Ехоба әрдайым ашуын қадағалай біледі, әрі оның ашуының себебі де әрдайым анық көрініп тұрады. Тіпті қаһары оттай лаулап тұрған кезде де ол әділ әрекет етеді. Жауларымен шайқасқан кездері ол ешқашан “әділді жауызбен бірге құртып” жібермейді (Мұс. 1-ж. 18:22—25). Әділ Құдай Ехобаның ашуы тек келелі себеп болғанда ғана тұтанады. Қазір осындай екі себепке тоқталамыз және олардан не үйренетінімізді көреміз.

6. Есімінің қорлануы Ехобаға қалай әсер етеді?

6 1-себеп: Ехобаның есімі қорланғанда. Ехобаның өкіліміз дей тұра зұлым істерімен оның абыройын түсіретіндер оның әділ ашуын тудырады (Езек. 36:23). Осы басылымның алдыңғы тарауларынан Исраил халқы Ехобаның есімін аяқасты етіп қорлағаны жайлы білген едік. Халықтың танытқан ой қалпы мен жасаған әрекеттері Ехобаның қаһарын туғызды. Бірақ ол ешқашан ашудың жетегінде кетпеді. Ол халқын тиісінше, яғни қажет мөлшерде ғана жазалады (Ерм. 30:11). Ехобаның ашуы өз мақсатына жеткеннен кейін оның бойында ешқандай ыза да, кек те қалмады (Зәб. 103:9).

7, 8. Ехобаның исраилдіктерге қалай қарағанынан не үйренеміз?

7 Үйренеріміз: Ехобаның исраилдіктерге қалай қарағаны біз үшін ескерту болып табылады. Бұл ескертуге жеңіл-желпі қарамағанымыз дұрыс. Ежелгі Исраил халқы сияқты біз де Ехобаның есімін алып жүру мәртебесіне иеміз. Біз Ехоба куәгеріміз (Ишая 43:10). Біздің айтқан сөздеріміз бен әрекеттеріміз өзгелердің Ехобаға деген көзқарасына тікелей әсер етеді. Біз ешқашан оның есіміне кір келтіріп, әдейі жаман істер жасағымыз келмес еді! Бұлай ететін екіжүзді адам Ехобаның қаһарын туғызады. Ехоба өз абыройы үшін ертелі-кеш әрекет ететін болады (Евр. 3:13, 15; Пет. 2-х. 2:1, 2).

8 Ехобаның “қаһары оттай лаулайтыны” бізді одан алшақтату керек пе? Жоқ, әрине. Біз Ехобаның шыдамды да кешірімді Құдай екенін білеміз (Ишая 55:7; Рим. 2:4). Бірақ оның шектен тыс жұмсақ емес, қажет кезде жөнге салатын Құдай екенін де жақсы білеміз. Ол күнәкар жолынан қайтпайтындарға қаһарын төгетіні және ондай адамдардың халқының арасында жүре беруіне жол бермейтіні бойымызда орынды қорқыныш оятады (Қор. 1-х. 5:11—13). Ехоба не нәрсе ашуын туғызатынын бізге ап-айқын көрсеткен. Сондықтан біз оның қаһарына ұшырататын ой қалып пен іс-әрекеттен аулақ жүре аламыз (Жох. 3:36; Рим. 1:26—32; Жақ. 4:8).

9, 10. Адал халқына қауіп төнгенде, Ехоба не істеді? Мысал келтіріңіз.

9 2-себеп: Ехобаның адал халқына қауіп төнгенде. Қанатының астынан пана іздеген адал жандарға жаулары шабуыл жасаған кезде, Ехобаның қаһары оянады. Мысалы, исраилдіктер Мысырдан шығып кеткенде, перғауын мен оның қуатты қалың әскері Қызыл теңіздің алдына келіп тірелген шарасыз халыққа тап береміз деп ойлаған еді. Халық құрғаған теңіз түбімен өтіп бара жатқанда, мысырлықтар олардың соңдарынан қуа жөнелді. Сол кезде Ехоба жаудың соғыс арбаларының дөңгелектерін шығарып тастады, ал өздерін теңіз астында қалдырды. “Олардың бірде-бірі аман қалмады” (Мұс. 2-ж. 14:25—28). Ехобаның мысырлықтарға қаһарын төккен себебі — ол өзінің халқын “айнымас сүйіспеншілікпен” сүйді (Мұсаның 2-жазбасы 15:9—13 оқыңыз).

Езекияның заманында періште Құдай халқын қорғағандай, бізді де періштелер қорғайды (10, 23-абзацты қараңыз)

10 Езекия патшаның тұсында да Ехоба халқын жақсы көргендіктен әрекет етті. Сол замандағы аты шулы әскер, қуатты да жауыз ассириялықтар, Иерусалим қаласына қарсы жорыққа шықты. Жау Ехобаның адал қызметшілерін қорқытып, олар қоршауға алынған қалада азапты да баяу өліммен өлетіндерін айтып бөсті (Пат. 2-ж. 18:27). Сол кезде Ехоба бір ғана періштесін жіберіп, ол бір-ақ түннің ішінде жаудың 185 000 сарбазын өлтіріп тастады! (Пат. 2-ж. 19:34, 35). Ертесіне таңертең ассириялықтардың қосындағы жағдайды елестетіп көріңізші. Найзалар, қалқандар мен қылыштар жатқан жерінде жатыр. Керней тартып сарбаздарды ешкім оятпады. Әскерді аттандыратын ешқандай бұйрық та берілмеді. Қостың іші тым-тырыс. Шатырлардың бәрінде өлі денелер жатыр!

11. Халқына қауіп төнгенде Ехобаның қалай әрекет ететіні жайлы Киелі кітаптағы мысалдар неге бізге жұбаныш пен батылдық береді?

11 Үйренеріміз: Адал халқына қауіп төнгенде Ехобаның не істейтінін көрсететін бұл мысалдар біздің дұшпандарымызға ескерту болып табылады: қаһары лаулаған “тірі Құдайдың қолына түсіп, жазалану қандай қорқынышты!” (Евр. 10:31). Дәл осы мысалдар бізге, керісінше, жұбаныш беріп, батылдық дарытады. Ең басты жауымыз Шайтанның жеңіске жетпейтінін білу — неткен жұбаныш! Оған билік етуге берілген аз уақыт жақында бітеді (Аян 12:12). Сол уақыт келгенше, біз Ехобаға батылдықпен қызмет ете береміз. Өйткені ешқандай адам да, ешқандай ұйым мен үкімет те Құдайдың еркін орындауға кедергі бола алмайтынына сенімдіміз (Зәбүр 118:6—9 оқыңыз). Осы сенімділігімізді елші Пауыл рухтың жетелеуімен дәл жеткізген: “Құдай бізге жақ болса, кім бізге қарсы шыға алады?” (Рим. 8:31).

12. Ехоба зор алапатта қаһарын не үшін оттай лаулатады?

12 Мысырлықтар исраилдіктерді тұзаққа түсіріп, ал ассириялықтар Иерусалимдегі яһудилерді қоршауға алғанда, Ехоба өз халқын қалай қорғап қалған болса, бізді де зор алапатта дәл солай қорғайды. Ол бізді қатты сүйгендіктен, көзімізді жойғысы келетін жауларымызға қаһарын оттай лаулатады. Ақымақтықпен бізге шабуылдауға дәті баратындар Ехобаның көзінің қарашығына тигендей болады. Сол кезде Ехоба бірден әрекет етіп, жойқын соққы береді! (Зәк. 2:8, 9). Сонда жер бетінде ешқашан болып көрмеген қиян-кескі қантөгіс орын алады. Бірақ Ехоба қаһарының тиегін ағытқан кезде, жауларының бұған таңғалатындай келелі себептері болмайды. Неге?

Ехоба адамдарды не жайында ескертуде?

13. Ехоба адамдарды не жайлы ескерткен?

13 “Ашулануға асықпайтын” Ехоба оған қарсы шығатындарды және халқына қауіп төндіретіндерді жоятынын талмай ескертіп келеді (Мұс. 2-ж. 34:6, 7). Алда болатын ұлы соғыс жайында ол Еремия, Езекиел, Даниял, Иса Мәсіх сияқты пайғамбарлар арқылы, сондай-ақ Петір, Пауыл, Жохан сияқты елшілер арқылы ескерткен (“Ехобаның алдағы ұлы соғыс жайындағы ескертулері” деген қоршауды қараңыз).

14, 15. Ехоба қандай істер жасады және неге?

14 Ехоба бұл ескертулерді өзінің Сөзі Киелі кітапта жазып қалдырған. Ол осы кітаптың өте көп тілге аударылып, дүниежүзі бойынша кең көлемде таралуына қам жасады. Тағы Ехоба жержүзі бойынша еріктілерден тұратын қалың қол жинады. Олар адамдарға Құдаймен татуласуға көмектеседі және “Ехобаның ұлы күні” жайлы ескертеді (Соф. 1:14; Зәб. 2:10—12; 110:3). Сондай-ақ халқы Ехобаның қозғау салуымен Киелі кітапты зерттеуге арналған әдебиеттерді жүздеген тілге аударады және жыл сайын миллиардтан аса сағаттарын оның уәделері мен ескертулері жайлы айтуға жұмсайды.

15 Ехобаның осы істің бәрін жасап жүрген себебі — “ол бірде-бір адамның жойылмай, бәрінің өкінгенін қалайды” (Пет. 2-х. 3:9). Сүйіспеншілігі мен шыдамы мол осындай Құдайдың өкілі болып, оның хабарын таратуға кішкене де болса өз үлесімізді қосу — неткен мәртебе! Бірақ жақында мұндай ескерту айтатын уақыт бітеді. Оған құлақ қоймағандарға бұдан басқа мүмкіндік берілмейді.

Ехобаның қаһары қашан “оттай лаулайды”?

16, 17. Халқына қашан шабуыл жасалатынын Ехоба қайдан біледі?

16 Ехоба шешуші шайқас болатын күнді белгілеп қойған. Өйткені жаулары оның халқына қашан шабуыл жасайтынын ол нақты біледі (Мат. 24:36). Бірақ ол мұны қайдан біледі?

17 Осы басылымның алдыңғы тарауында айтылғандай, Ехоба Гогқа: “Мен сенің... жақ сүйегіңе қармақ саламын”,— деген. Ехоба алдағы уақытта халықтарды ақырғы шайқасқа жетелейтін болады (Езек. 38:4). Бірақ бұл соғысты Ехобаның өзі тұтандырады, я болмаса қарсыластарын таңдау еркіндігінен айырып, оларды мәжбүрлейді дегенді білдірмейді. Бұл Ехоба адамдардың жүрегінде не барын оқи алатынын және орайы келгенде жаулары қалай әрекет ететінін жақсы білетінін көрсетеді (Зәб. 94:11; Ишая 46:9, 10; Ерм. 17:10).

18. Жұмыр басты пенделер қалайша Құдіретті Құдайдың өзіне қарсы аттанады?

18 Егер соғысты Ехоба тұтандырмаса, жауларын соғысуға мәжбүрлемесе, онда жұмыр басты пенделердің Құдіретті Құдайдың өзіне қарсы аттануына не себеп болады? Сол уақытта олар Құдай жоқ дегенге немесе Құдай адамдардың ісіне араласпайды дегенге сенуі мүмкін. Бұған жалған діндердің бәрін жер бетінен жоқ қыла алғандары себеп болар. Олар “Құдай бар болса, оның өкіліміз деп жүрген діни ұйымдарды қорғап қалар еді ғой” деп ойлайтын шығар. Бірақ адамдарды әбден адастырып келген діндерді жоюды “жүректеріне салған” Құдайдың өзі екені олардың ойларына да кіріп шықпайды (Аян 17:16, 17).

19. Жалған діндер жойылғаннан кейін не болады?

19 Жалған діндер жойылғаннан кейін бірер уақыт өткен соң, Ехоба өзінің халқына ауыр хабар жариялауды тапсырады. Аян кітабында бұл хабардың жауған бұршақтай екені әрі әр бұршақтың “салмағы 20 килограмдай” екені айтылған (Аян 16:21). Бұл хабар саяси жүйе мен сауда-саттық жүйесінің құрып жоқ болатыны жайлы хабар болса керек. Естігендері адамдарға ауыр тиетіні сонша — олар Құдайды қорлай бастайды. “Үндерін біржолата өшіреміз” деп халықтардың бізге жаппай шабуыл жасауына дәл осы хабар түрткі болатынға ұқсайды. Біз оларға қорғансыз, лезде-ақ құртып жіберуге болатын оңай олжадай көрінеміз. Бірақ бұлары үлкен қателік болады!

Ехоба қаһарын қалай лаулатады?

20, 21. Гог деген кім және онымен не болады?

20 Осы басылымның 17-тарауынан көргеніміздей, Езекиелдің пайғамбарлығында айтылған “Магог жеріндегі Гог” бізге шабуылдайтын одақтасқан халықтарды білдіреді (Езек. 38:2). Бұл халықтар тек сырт көзге ғана бірлескен одақ болып көрінеді. Ал ішінде бақталастық, көкіректік пен ұлтшылдық рухы баяғыдай қайнап жатады. Сондықтан Ехобаға олардың “семсерлерін бір-біріне қарсы қою” титтей де қиындық тудырмайды (Езек. 38:21). Алайда халықтардың жойылуы адамның қолымен болмайды.

21 Жойылар алдында жауларымыз “Адам Ұлының белгісін” өз көздерімен көреді. Бұл Ехоба мен Исаның құдіретін паш ететін табиғаттан тыс құбылыстар болса керек (Мат. 24:30). Осы көргендері дұшпандардың әбден есін шығарады. Иса алдын ала айтқандай, “адамдар жер бетінде не болар екен деп күтіп, бойларын үрей билеп есеңгіреп қалады” (Лұқа 21:25—27). Олар Ехобаның халқына шабуылдап оңбай қателескендерін түсінгенде, зәре-құттары қалмайды. Сонда олар Жаратушы Құдайды мойындауға мәжбүр болады, әрі ол көктегі қалың әскерін бастаған “Әскербасы Ехоба” екенін білетін болады (Зәб. 46:6—11; Езек. 38:23). Күмән жоқ, Ехоба көктегі әскері мен табиғат күштерін адал қызметшілері аман қалып, ал жаулары жойылатындай етіп қолданады (Петірдің 2-хаты 2:9 оқыңыз).

Жаулар халқына қауіп төндіргенде, Ехоба көктегі әскері арқылы оларға қаһарын лаулатады (21-абзацты қараңыз)

22, 23. Құдай халқын кімдер қорғайды және бұл тапсырма оларды қандай сезімге бөлейді?

Ехобаның күні жайлы білгеніміз бізді не істеуге талпындырады?

22 Иса Құдайдың жауларымен шайқасуға және оның Әкесін жақсы көретін әрі оған қызмет ететін адамдарды қорғауға қаншалықты асық десеңізші! Ал майланғандардың сол уақытта қандай сезімде болатынын ойлап көріңізші. 144 000 майланғанның бәрі Исамен бірге шайқасқа аттанатын болады. Бұл үшін жерде қалған майланғандар Армагеддон басталар алдында қайтыс болып, көкке тіріледі (Аян 17:12—14). Майланғандардың көбісі соңғы күндерде басқа қойлармен иық тіресе қызмет етіп, олармен жақын дос болып кеткендері сөзсіз. Қиын шақтарында адалдықпен қолдау көрсеткен жандарды Армагеддон шайқасында қорғауға олардың билігі де, күші де жететін болады (Мат. 25:31—40).

23 Исаның көктегі әскерінің құрамында періштелер де болады (Сал. 2-х. 1:7; Аян 19:14). Олар бұған дейін де Исаға Шайтан мен оның жын-перілерін көктен қуып шығуға көмектескен еді (Аян 12:7—9). Олар жер бетінде Ехобаға ғибадат еткісі келетіндерді жинауға да атсалысқан (Аян 14:6, 7). Періштелер осы адал жандарды қорғауға қаншалықты асық десеңізші! Осы орайда Ехобаның сол періштелерді қолданатыны қандай тамаша! Сөйтсе де көктегі әскердің құрамындағылардың бәрі үшін ең маңыздысы — Ехобаның есімінің киелі тұтылуы мен ақталуы. Ехобаның жауларын жоюға және оның атын киелі етуге атсалысуды олар зор мәртебе санайды (Мат. 6:9, 10).

24. Басқа қойлардан тұратын ұлы жамағат қалай әрекет етеді?

24 Құдіреті де жететін, ынтасы да зор қалың әскер қорғап тұрғанда, ұлы жамағаттың қорқуына еш себеп жоқ. “Құтқарылулары жақын” болғандықтан, олар “еңселерін түзеп, бастарын көтеріп” тұратын болады (Лұқа 21:28). Ендеше, Ехобаның күні келгенше, мүмкіндігінше көп адамға сүюші де мейірімді, қорғауға дайын Әкеміз жайлы білуге көмектескеніміз қаншалықты маңызды десеңізші! (Софония 2:2, 3 оқыңыз).

Армагеддонда Ехобаның халқы шайқаспайды. Жаулар өзара қырылысып жатқанда, періштелер бізді қорғайды (Езек. 38:21) (22—24 абзацтарды қараңыз)

25. Келесі тарауда не қарастырамыз?

25 Адамдар жүргізген соғыстың арты тек бейберекеттік пен азапқа әкеп соқтырады. Ал Армагеддон шайқасынан кейін, керісінше, жер бетінде тәртіп орнап, адамдар бақытқа бөленеді. Ехобаның ашуы тарқап, сарбаздары семсерлерін қынабына салып, шайқастың шуы саябырсығанда не болатынын елестетіп көріңізші! Осы бір ғажайып болашақ жайлы біз келесі тарауда қарастыратын боламыз.