Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

6-ТАРАУ

“Күндеріңнің соңы келіп жетті”

“Күндеріңнің соңы келіп жетті”

ЕЗЕКИЕЛ 7:3

ОЙБАҒДАР: Ехобаның Иерусалимге айтқан пайғамбарлық үкімі және оның орындалуы

1, 2. а) Езекиел жұрт алдында қандай оғаш әрекеттер жасады? (Тараудың басындағы суретті қараңыз.) ә) Оның әрекеттерінің қандай пайғамбарлық мәні бар еді?

ЕЗЕКИЕЛДІҢ біртүрлі әрекеттері жайлы әңгімелер Бабылда тұрып жатқан яһудилер арасында тез тарап кетті. Сонда ол не істеген? Есін жия алмай есеңгіреп қалған пайғамбар жұрт арасында бір апта бойы үн-түнсіз отырды. Сосын орнынан тұрды да, үйіне бет алды. Ол есігін ішінен құлыптап алып, шықпай отырды. Бір кезде пайғамбар сыртқа шығып, аң-таң болып қарап тұрған жұрттың көзінше қолына бір кірпіш алды да, бетіне қашап бірдеңе сала бастады. Сосын ол үндемеген күйі әлгі кірпішті айналдыра қоршау жасады (Езек. 3:10, 11, 15, 24—26; 4:1, 2).

2 Пайғамбардың айналасына қаумалай бастаған жұрт: “Мұнысы несі?”— деп таңғалысты. Езекиелдің бұл әрекеті Ехоба Құдайдың әділ ашуы төгілгенде болатын қорқынышты жағдайдың белгісі еді. Бірақ халық мұны кейін ғана толық түсінді. Бұл қандай жағдай еді? Исраил халқына ол қалай әсер етті? Ал бүгіндегі таза ғибадат етушілер үшін оның қандай мәні бар?

“Бір кірпіш... бидай... өткір семсер ал”

3, 4. а) Құдай үкімі қандай үш жолмен жүзеге аспақ еді? ә) Езекиел Иерусалимнің қоршауға алынатынын көрсету үшін, қандай қойылым қойды?

3 Бұл шамамен б.з. б. 613 жыл болатын. Ехоба Иерусалимге шығарған үкімінің қандай үш жолмен жүзеге асатынын Езекиелге қойылым ретінде көрсетуді бұйырды. Бұлар: қаланың қоршауға алынуы, тұрғындарының азап шегуі және қала мен ондағы халықтың жойылуы *. Қазір осы үш жайтқа жеке-жеке тоқталайық.

4 Иерусалимнің қоршауға алынуы. Ехоба Езекиелге: “Бір кірпіш алып, алдыңа қой да... қоршауға ал”,— деді (Езекиел 4:1—3 оқыңыз). Кірпіш Иерусалим қаласын, ал Езекиелдің өзі Ехобаның қолындағы Бабыл әскерін білдірді. Ехобаның нұсқауы бойынша, пайғамбар кірпішті айналдыра бекініс тұрғызды, оған қарсы үйінді жасап, қамал бұзатын қарулар орнатты. Осылайша жаудың қаланы қалай қоршап, қалай шабуылдайтынын көрсетті. Ал жаудың темірдей күшті екенін көрсету үшін, ол “бір темір таба” не темір тақташа алып, өзі мен қаланың арасына қойды. Сосын “бетін қалаға бұрып” жатты. Езекиелдің қойылым ретінде көрсеткен бұл әрекеттері “Исраил үйі үшін белгі” болды: оларды үш ұйықтаса да түстеріне кірмейтін сұмдық жайттар күтіп тұрған еді. Ехоба бас қала Иерусалимді — өзінің ғибадатханасы тұрған қасиетті жерді — қоршауға алу үшін дұшпан әскерін аттандырмақ еді!

5. Иерусалим тұрғындарымен не болатынын Езекиел қалай көрсетті? Түсіндіріңіз.

5 Иерусалим тұрғындарының азап шегуі. Ехоба пайғамбарына: “Ыдысқа бидай, арпа, лобия, жасымық, тары, қос дәнді бидай салып... осыдан өзіңе нан пісіріп же. Жейтін тамағыңды өлшеммен же, күніне 20 шекелден (шамамен 230 г) асырмай... жеп тұр”,— деді. Ехобаның бұлай деген себебі — ол “Иерусалимдегі азық-түлікті құртпақ” еді (Езек. 4:9—16). Бұл қойылымда Езекиел енді Бабыл әскерін емес, Иерусалим тұрғындарын сомдады. Оның бұл істегендері қала қоршауға алынғанда ішіндегі халықтың азық-түлікке зар болатынын білдірді. Әдетте бір-бірімен араластырылмайтын дәндерден нан пісіргені жұрттың тапқан нәрсені азық қылатынына нұсқады. Ашаршылық қаншалықты азапты болмақ еді? Езекиел “әкелері өз балаларын, ал балалары өз әкелерін жейтін” күн туатынын айтты. Халықтың көбі аштықтан “жебемен атқыланғандай қырылып”, ақырында “құрып жоқ болмақ” еді (Езек. 4:17; 5:10, 16).

6. а) Езекиел бір уақытта қандай екі рөлді сомдады? ә) Езекиелдің “шашы мен сақалын таразыға салып өлшеп, үш бөлікке бөлгені” нені айқын етті?

6 Иерусалим мен халқының жойылуы. Пайғамбарлық мәні бар осы қойылымда Езекиел бір уақытта екі рөлді сомдады. Біріншіден, Езекиел Ехобаны бейнелеп, оның не істейтінін көрсетті. Ехоба оған: “Қолыңа ұстараның орнына өткір семсер ал”,— деді (Езекиел 5:1, 2 оқыңыз). Пайғамбардың семсер ұстаған қолы Ехобаның қолын, яғни оның Бабыл әскері арқылы жүзеге асыратын үкімін бейнеледі. Екіншіден, Езекиел яһудилерді бейнелеп, олардың бастарына қандай күн туатынын көрсетті. Ехоба оған: “Шашың мен сақалыңды қырып таста”,— деді. Езекиелдің шашы мен сақалы Иерусалимдегі халықты білдірді. Ал шашы мен сақалын қырып тастағаны яһудилерге шабуыл жасалып, қырылып жойылатынына меңзеді. “Сосын шашы мен сақалын таразыға салып өлшеп, үш бөлікке бөлгені” Ехобаның Иерусалимге қарсы бүге-шігесіне дейін ойластырған үкімі түгел орындалатынын айқын етті.

7. Неге Ехоба Езекиелге шашы мен сақалын үш бөлікке бөліп, әр бөлікпен әртүрлі нәрсе істеуді айтқан?

 7 Неге Ехоба Езекиелге шашы мен сақалын үш бөлікке бөліп, әр бөлікпен әртүрлі нәрсе істеуді айтқан? (Езекиел 5:7—12 оқыңыз). Өйткені бұл Иерусалим тұрғындарының үш түрлі жолмен қырылатынын білдірген. Езекиел шашы мен сақалының бір бөлігін “қаланың ішінде өртеуімен” яһудилердің кейбірі Иерусалимнің ішінде қаза табатынын көрсетті. “Ал екінші бөлігін қаланың айналасына семсермен шауып-шауып тастауымен” өзге яһудилер Иерусалимнің сыртында қырылатынын көрсетті. “Соңғы бөлігін желге ұшырып жібергені” болса қалған яһудилердің басқа елдерге қашып кететінін бейнеледі. Бірақ Ехоба арттарынан “семсерін” жіберетіндіктен, олар қайда бассауғаламасын, жандары еш жай таппас еді.

8. а) Езекиелдің қойылымында қандай үміт ұшқыны болды? ә) Азғана шашқа қатысты пайғамбарлық қалай орындалды?

8 Пайғамбарлық мәні бар бұл қойылымнан үміт ұшқыны да байқалды. Езекиелдің қырып тастаған шашы мен сақалына қатысты Ехоба: “Бірақ одан азғана алып қалып, киіміңнің етегіне түйіп қой”,— деді (Езек. 5:3). Бұл өзге елдерге бытырап кететін яһудилердің кейбірі аман қалатынын білдірді. Сол азғана яһудилердің кейбірі 70 жыл Бабылда тұтқын болған яһудилермен бірге Иерусалимге оралмақ еді (Езек. 6:8, 9; 11:17). Бұл пайғамбарлық орындалды ма? Иә, орындалды. Яһудилер Бабыл тұтқындығынан азат болғаннан кейін біраз жыл өткен соң, Хагей пайғамбар бытырап кеткен яһудилердің кейбірі Иерусалимге оралғанын растаған. Олар Сүлеймен соққан ғибадатхананы, “бұрынғы киелі үйді көрген” қарт кісілер еді (Езра 3:12; Хаг. 2:1—3). Ехоба өзі берген уәдесіне сай, таза ғибадаттың сақталуына қам жасады. Таза ғибадаттың қалай қалпына келетіні жайлы осы кітаптың 9-тарауында толығырақ білетін боламыз (Езек. 11:17—20).

Бұл пайғамбарлық болашақ жайттардың жаршысы

9, 10. Езекиелдің қойылым ретінде көрсеткендері болашақта болатын қандай оқиғаларды есімізге салады?

9 Езекиелдің қойған қойылымдары Киелі кітаптағы болашаққа қатысты айтылған оқиғаларды есімізге салады. Солардың кейбіріне тоқталайық. Ежелгі Иерусалимнің кезіндегідей, Ехоба ешкімнің ойына кіріп шықпаған нәрсе істейді. Ол саяси күштерді қолданып, жер бетіндегі күллі жалған діндерге тап беріп, күл-талқанын шығарады (Аян 17:16—18). Ежелде Иерусалимнің күйрегені “ғаламат апат” болғандай, Армагеддон шайқасымен аяқталатын зор алапат та “осы уақытқа дейін болмаған” оқиға болмақ (Езек. 5:9; 7:5; Мат. 24:21).

10 Құдай Сөзінен жалған діндер күйреген кезде олардың жақтастарының көбісі аман қалатынын көреміз. Олар қорқыныштан діріл қаққан басқа адамдарға қосылып, бассауғалайтын пана іздейтін болады (Зәк. 13:4—6; Аян 6:15—17). Олардың жағдайы Иерусалимнің жойылуы кезінде “желге ұшқан” шаштай бытырап, қашып кеткен яһудилерді есімізге салады.  7-абзацта көргеніміздей, олар аман қалдық деп ойлағанмен, Ехоба “семсерін қынабынан суырып, солардың артынан жіберген” еді (Езек. 5:2). Жалған діндердің жойылуынан аман қалғандар да пана іздеп қайда тығылмасын, Ехобаның семсерінен қашып құтыла алмайды. Армагеддонда олар серке тәрізді адамдармен бірге жойылады (Езек. 7:4; Мат. 25:33, 41, 46; Аян 19:15, 18).

Біз ізгі хабарды уағыздамай, “мылқау” адамдай боламыз

11, 12. а) Езекиелдің пайғамбарлығы қызметіміз бен оның шұғылдығына қатысты көзқарасымызға қалай әсер етеді? ә) Уағызымыз бен айтатын хабарымызға қатысты қандай өзгеріс болуы мүмкін?

11 Бұл пайғамбарлық қызметіміз бен оның шұғылдығына қатысты көзқарасымызға қалай әсер етеді? Біз адамдарға Ехобаның қызметшісі болуға көмектесу үшін барымызды саламыз. Өйткені “барлық халықтардан шәкірттер дайындауға” берілген уақыт шектеулі (Мат. 28:19, 20; Езек. 33:14—16). “Жазалайтын таяқ”, яғни саяси күштер, жалған діндерге шабуылын бастағанда, біз құтқарылу жайлы уағыздауды доғарамыз (Езек. 7:10). Қызметінің белгілі бір кезеңінде хабарын жарияламай “мылқау” болған Езекиел сияқты, біз де ізгі хабарды уағыздамай, “мылқау” адамдай боламыз (Езек. 3:26, 27; 33:21, 22). Жалған діндер ойран болғаннан кейін адамдар аласұрып “пайғамбарлардан аян сұрайтын болады”, бірақ олар аман қалуға көмектесетін нұсқауды еш жерден таппайды (Езек. 7:26). Өйткені нұсқау алып, Мәсіхтің шәкірті болуға тым кеш болады.

12 Алайда біздің уағыз ісіміз осымен бітпейді. Себебі зор алапат кезінде біз бұршақтай ауыр тиетін үкім хабарын жариялай бастаймыз. Бұл хабар зұлым заманның ақыры таяп қалғанын анық көрсетпек (Аян 16:21).

“Ақырғы күнің келе жатыр”

13. Неге Ехоба Езекиелге сол жамбасымен, сосын оң жамбасымен жатуды бұйырды?

13 Езекиел Иерусалимнің қалай жойылатынын ғана емес, қашан жойылатынын да қойылым ретінде көрсетті. Ехоба оған сол жамбасымен 390 күн, оң жамбасымен 40 күн жатуды бұйырды. Мұндағы бір күн бір жылды білдірді (Езекиел 4:4—6 оқыңыз; Мұс. 4-ж. 14:34). Күніне бірнеше сағаттан қойған Езекиелдің осы қойылымынан Иерусалимнің нақты қай жылы жойылатынын білуге болатын. Исраилдің 390 жылға созылған күнәсі б. з. б. 997 жылы 12 рулы патшалық екіге бөлінген кезде басталса керек (Пат. 1-ж. 12:12—20). Ал Яһуданың 40 жылға созылған күнәсі б. з. б. 647 жылы Еремия пайғамбар Яһуда патшалығының жуырда күйрейтінін ескерту үшін тағайындалғанда басталғанға ұқсайды (Ерм. 1:1, 2, 17—19; 19:3, 4). Есептеп көрсек, бұл екі уақыт та б. з. б. 607 жылға келіп тіреледі. Дәл осы жылы, Ехоба алдын ала айтқандай, Иерусалим құлап, жермен-жексен болды *.

Езекиел Иерусалимнің нақты қашан жойылатынын көрсетті (13-абзацты қараңыз)

14. а) Ехобаның дәл өз уақытында әрекет ететініне сенімді екенін Езекиел қалай көрсетті? ә) Иерусалим жойылар алдында қандай жайттар болмақ еді?

14 Езекиел Ехобадан 390 күн мен 40 күнге қатысты пайғамбарлық алған кезде Иерусалимнің нақты қай жылы құлайтынын түсінбесе керек. Сөйтсе де адал пайғамбар сол уақыт келгенше Ехобаның үкімі жүзеге асқалы жатқанын яһудилерге жылдар бойы ескертумен болды. Ол: “Күндеріңнің соңы келіп жетті”,— деп жариялап жүрді (Езекиел 7:3, 5—10 оқыңыз). Езекиел Ехобаның еш кешікпей, дәл уақытында әрекет ететініне еш күмәнданбаған (Ишая 46:10). Ол сондай-ақ Иерусалим жойылар алдында қаланың “бір пәледен кейін екіншісіне ұшырайтынын” айтқан. Осы жайттардың салдарынан қоғамдық, діни және саяси жүйелер ыдырап, быт-шыты шықпақ еді (Езек. 7:11—13, 25—27).

Қоршауға алынған Иерусалим отқа қойылған “қазан” сияқты болды (15-абзацты қараңыз)

15. Б. з. б. 609 жылдан бастап Езекиел айтқан пайғамбарлықтың қандай тұстары орындала бастады?

15 Езекиелдің Иерусалим қаласының күйреуі жайлы айтқан пайғамбарлығы бірнеше жылдан кейін орындала бастады. Б. з. б. 609 жылы Езекиелге жаудың қалаға шабуыл жасай бастағаны жайында хабар жетті. Қаланы қорғауға жұртты жинау үшін керней тартылса да, пайғамбар алдын ала айтқандай, “ешкім шайқасқа бармады” (Езек. 7:14). Иерусалим тұрғындары Бабыл шапқыншыларымен шайқаспады да, қалалары үшін де күреспеді. Кей яһудилер “Ехоба бізді құтқарады” деп ойласа керек. Өйткені бұған дейін ассириялықтар қаланы басып алмақ болғанда, Ехоба періштесін жіберіп, олардың әскерінің басым бөлігін қырып салған еді (Пат. 2-ж. 19:32). Бірақ бұл жолы ешқандай періште араша түспеді. Қоршауда қалған Иерусалим енді отқа қойылған “қазанға” ұқсап, тұрғындары ішінде қайнап жатқан “ет” сияқты болды (Езек. 24:1—10). Халықты қан қақсатқан бір жарым жылдық қоршаудан кейін Иерусалим күл-талқан болды.

“Қазынаны көкте жинаңдар!”

16. Ехобаның дәл өз уақытында әрекет ететініне сенімді екенімізді бүгінде қалай көрсетеміз?

16 Езекиел айтқан пайғамбарлықтың осы тұсынан қандай маңызды жайтты біле аламыз? Оның уағыздап жүрген хабарымызға қандай да бір қатысы бар ма? Ехоба жалған діндердің жойылатын уақытын нақты белгілеп қойған. Ол еш кешікпей, дәл уақытында әрекет ететінін осы жолы да дәлелдемек (Пет. 2-х. 3:9, 10; Аян 7:1—3). Бұл оқиғаның күні мен уақыты бізге беймәлім. Сөйтсе де Езекиелді үлгі етіп, біз де Ехобаның тапсыруы бойынша: “Күндеріңнің соңы келіп жетті”,— деп адамдарды қайта-қайта ескертеміз. Бұлай етуімізге не себеп? Езекиел қандай себеппен ескерткен болса, біз де тура сондай себеппен ескертеміз *. Ол Иерусалимнің жойылуы туралы пайғамбарлық еткенде, оған көп адам сенбеді (Езек. 12:27, 28). Бірақ кейіннен Бабылға айдалған яһудилердің арасынан Құдайдың көңілінен шыққысы келген ақжүрек адамдар табылды. Олар туған елдеріне аман-есен оралды (Ишая 49:8). Біздің кезімізде де адамдардың көбісі осы дүниенің ақыры келеді дегенге сенбейді (Пет. 2-х. 3:3, 4). Десе де Құдайдың хабары айтылатын уақыт өз мәресіне жақындап қалғандықтан, біз ақжүрек адамдарға өмір жолын табуға көмектесе бергіміз келеді (Мат. 7:13, 14; Қор. 2-х. 6:2).

Бізді көп адам тыңдамаса да, ақжүрек жандарды іздей береміз (16-абзацты қараңыз)

Иерусалим тұрғындары “күмістерін көшеге лақтырып тастады” (17-абзацты қараңыз)

17. Келе жатқан зор алапат кезінде біз қандай жайттарға куә боламыз?

17 Езекиелдің пайғамбарлығы тағы бір жайтты еске салады. Жалған діндерге шабуыл жасала бастағанда, сол діндердің адамдары өз дінін қорғау үшін “шайқасқа бармайды”. Олар “Ием! Ием!” деп айқайлағандары бос әурешілік екенін түсінгенде, “қолдарынан қуат кетіп”, “зәрелері ұшатын” болады (Езек. 7:3, 14, 17, 18; Мат. 7:21—23). Олар тағы не істейді? (Езекиел 7:19—21 оқыңыз). “Олар күмістерін көшеге лақтырып тастайды”,— дейді Ехоба. Ежелгі Иерусалимге қатысты айтылған бұл сөздер зор алапат кезінде қандай жағдай болатынын анық көрсетеді. Сол кезде адамдар бастарына төніп тұрған апаттан ешқандай алтын-күміс құтқара алмайтынын түсінеді.

18. Езекиелдің пайғамбарлығынан өзімізге қандай сабақ аламыз?

18 Сонымен, бұл пайғамбарлықтан өзімізге қандай сабақ аламыз? Езекиел айтқан бұл пайғамбарлық өмірде қандай құндылықтарға басымдық беру керектігін аңғартады. Мысалы, Иерусалим тұрғындарын алсақ, олар қаланың да, өмірлерінің де ақыры таяп, ешқандай байлық құтқара алмайтынын түсінгенде ғана, маңызды нәрселерге мән бере бастады. Олар дүние-мүліктерін лақтырып, “пайғамбарлардан аян сұрады” (Езек. 7:26). Бірақ тым кеш еді. Олардан айырмашылығымыз, біз дүниенің соңы таяп қалғанын жақсы түсінеміз. Құдайдың уәделеріне деген сеніміміз өмірде маңызды құндылықтарға басымдық беруге талпындырады. Сондықтан біз күшіміз бен уақытымызды рухани байлық жинауға арнаймыз. Ал мұндай байлықтың құны ешқашан жоғалмайтындықтан, біз оны ешқашан “көшеге лақтырып тастамаймыз” (Матай 6:19—21, 24 оқыңыз).

19. Езекиел айтқан пайғамбарлықтан қандай түйін жасаймыз?

19 Қорытындылай кетсек, Иерусалимнің күйреуі жайлы пайғамбарлықтан қандай түйін жасаймыз? Бұл пайғамбарлық адамдарға Құдайдың қызметшісі болуға көмектесетін уақыт шектеулі екенін есімізге салады. Сондықтан біз шәкірт дайындау ісіне шұғыл іс деп қарап, оны жан сала атқарамыз. Ақжүрек адамдардың Әкеміз Ехобаға ғибадат ете бастағандарын көру біз үшін зор бақыт! Тіпті кейбіреулер мұндай қадам жасамаса да, оларды Езекиел пайғамбар сияқты: “Күндеріңнің соңы келіп жетті”,— деп ескерте береміз (Езек. 3:19, 21; 7:3). Ал өзімізге келсек, Ехобаға әрі қарай да сенім артуға, таза ғибадатты өміріміздің төрінен бір елі де төмен түсірмеуге бекіндік! (Зәб. 52:7, 8; Нақ. с. 11:28; Мат. 6:33).

^ 3-абзац Езекиел осы қойылымдарды жұрт алдында қойды деу қисынды. Өйткені Ехоба оған нан пісіру, иығына жүк асып, дуалдан өту сияқты кейбір қойылымдарды “жұрттың көзінше” көрсетуді бұйырған (Езек. 4:12; 12:7).

^ 13-абзац Ехоба Иерусалимнің күйреуіне жол беруімен екі рулы Яһуда патшалығына ғана емес, он рулы Исраил патшалығына да қарсы үкімін жүзеге асырды (Ерм. 11:17; Езек. 9:9, 10). “Жазбаларды түсіну” (ор.) еңбегінен “Хронология”/“С 997 г. до н. э. до опустошения Иерусалима” деген жерді қараңыз.

^ 16-абзац Езекиел 7:5—7 дейінгі қысқа үзіндінің өзінде Ехоба “төніп келеді”, “келіп жетті”, “келе жатыр”, “келді”, “таяды”, “жақындап келеді” деп көп рет айтқан.