Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

7-ТАРАУ

Халықтар “менің Ехоба екенімді білетін болады”

Халықтар “менің Ехоба екенімді білетін болады”

ЕЗЕКИЕЛ 25:17

ОЙБАҒДАР: Исраилден және Ехобаның есімін қаралаған халықтардан алар сабағымыз

1, 2. а) Қалайша Исраил қасқырлардың ортасында қалған жалғыз қойға ұқсады? (Тараудың басындағы суретті қараңыз.) ә) Исраилдіктер мен олардың патшалары қайта-қайта не істеді?

ИСРАИЛ жүздеген жылдар бойы үйір-үйір қасқырлардың ортасында қалған жалғыз қойдай болды. Шығыс жақтан Аммон, Моаб пен Едом халқы қауіп төндірсе, батыс жақта Исраилдің ата жауы філістірлер тұрып жатты. Солтүстікте сауда-саттықтың ордасы, асқан бай әрі мықты қала Тир орналасты. Ал оңтүстікте патшалары перғауынды құдайдай көретін Мысыр елі жатты.

2 Исраилдіктер Ехобаға арқа сүйеген кездері Ехоба оларды жауларының уысынан құтқарып отырды. Бірақ олар патшаларымен бірге қайта-қайта жан-жағындағы халықтардың ықпалына беріліп, өздерін арамдаумен болды. Сондай патшалардың бірі зұлым патша Ахаб еді. Исраилдің он рулы патшалығына билік еткен ол Яһуда патшасы Жосафатпен бір уақытта өмір сүрді. Ахаб сәулеті асып, өркендеп тұрған Тир қаласын билеген сидондық патшаның қызына үйленді. Езабел деген бұл әйел Исраилді Бағалға табындыру үшін алдына жан салмады. Оның қолшоқпарына айналған ынжық күйеуі де таза ғибадатты барынша ластады (Пат. 1-ж. 16:30—33; 18:4, 19).

3, 4. а) Езекиел ендігі назарын кімдерге бұрды? ә) Біз қандай сұрақтарға тоқталамыз?

3 Ехоба халқына опасыздықтың ащы салдары жайында айтып ескерткен еді. Енді, міне, оның шыдамы шегіне жетті! (Ерм. 21:7, 10; Езек. 5:7—9). Б. з. б. 609 жылы Бабыл әскері Уәде етілген жерге үшінші рет жорық жасады. Олардың бұл өлкеге аяқ баспағандарына он жылдай болып қалған еді. Бұл жолы бабылдықтар Иерусалим қабырғаларын құлатып, Навуходоносорға қарсы бас көтергендердің көзін құртпайынша шегінбейді. Жау қаланы қоршауға алып, Езекиел айтқан пайғамбарлықтар бірінен соң бірі жүзеге аса бастағанда, пайғамбар ендігі назарын Исраилдің айналасындағы халықтарға бұрды.

Есімін қаралаған халықтарды Ехоба жазасыз қалдырмайды

4 Иерусалим жермен-жексен болғанда, Яһуданың жаулары мәз-мейрам болатынын, онымен қоймай аман қалған яһудилерге күн көрсетпейтінін Ехоба алдын ала айтқан еді. Бірақ оған қарсы шығатын, оның халқын қуғындайтын немесе теріс жолға азғыратын халықтарды Ехоба жазасыз қалдырмайды. Біз Исраил мен оның айналасындағы сол халықтардан қандай сабақ аламыз? Езекиелдің сол халықтарға айтқан пайғамбарлықтарында біз үшін қандай үміт бар?

Өз бауырын табалаған халықтар

5, 6. Аммон мен Исраил халқының арасында қандай байланыс болды және аммондықтар оларға қалай қарады?

5 Аммон, Моаб пен Едом, түптеп келгенде, Исраилдің қандас туыстары еді. Туыстық байланыстарына, ортақ тарихтарына қарамастан, олар “Исраил елін табалап”, жылдар бойы жауласумен болды (Езек. 25:6).

6 Мысалға аммондықтарды алайық. Бұлар Лұттың кіші қызынан тараған ұрпақтар еді. Ал Лұт Ыбырайымның туған бауырының ұлы болатын (Мұс. 1-ж. 19:38). Аммондықтардың тілі еврей тіліне өте ұқсас болғандықтан, Құдай халқы олардың тілін жақсы түсінсе керек. Туысқандық байланыстарын ескеріп, Ехоба исраилдіктерге Аммон халқына қарсы соғыс ашпауды бұйырған еді (Мұс. 5-ж. 2:19). Бірақ билердің заманында аммондықтардың өздері Моаб патшасы Еглонға жақтасып, исраилдіктерге қарсы аттанды (Би. 3:12—15, 27—30). Кейіннен Саул патшаның тұсында да аммондықтар Исраилге шапқыншылық жасады (Сам. 1-ж. 11:1—4). Жосафат патшаның кезінде де олар Моабпен тағы бір рет күштерін біріктіріп, Уәде етілген жерді басып алмақ болды (Шеж. 2-ж. 20:1, 2).

7. Моабтықтар өз туыстары исраилдіктерге қалай қарады?

7 Моабтықтар болса Лұттың үлкен қызынан тараған ұрпақтар болатын (Мұс. 1-ж. 19:36, 37). Ехоба Исраилге оларға да қарсы соғыс ашуға тыйым салған (Мұс. 5-ж. 2:9). Бірақ моабтықтар жақсылыққа жамандықпен қайтарды. Мысырдағы құлдықтан шыққан туыстарына қол ұшын берудің орнына, моабтықтар олардың жолын кес-кестеп, Уәде етілген жерге кірулеріне кедергі жасады. Моаб патшасы Балақ Исраил елін қарғап берсін деп Балағам деген кісіні жалдады. Балағам оған исраилдік ерлерді пұтқа табынушылық пен азғындыққа еліктірудің айла-амалын үйретті (Мұс. 4-ж. 22:1—8; 25:1—9; Аян 2:14). Қаскөй моабтықтар ғасырлар бойы, осынау Езекиелдің күндеріне дейін исраилдіктерге тыныштық бермеді (Пат. 2-ж. 24:1, 2).

8. Неге Ехоба Едом мен Исраилді бауырлар деп атады, бірақ едомдықтар не істеді?

8 Едомдықтар Жақыптың егізі Есаудан тараған. Едом мен Исраилдің өте жақын туыс болғаны сонша — Ехоба оларды бауырлар деп атаған (Мұс. 5-ж. 2:1—5; 23:7, 8). Сөйтсе де едомдықтар исраилдіктердің Мысырдан шыққан кезінен бастап б. з. б. 607 жылы Иерусалим құлаған кезге дейін олармен жауласты (Мұс. 4-ж. 20:14, 18; Езек. 25:12). Олар Иерусалимді талқандап жатқан бабылдықтарды қолпаштап, Исраилдің қасіретіне қуанғандары былай тұрсын, қаладан қашып шыққандарды ұстап алып, жау қолына беріп отырды (Зәб. 137:7; Абад. 11, 14).

9, 10. а) Аммонның, Моаб пен Едомның ақыры қандай болды? ә) Сол халықтардың ішінде Исраилге жақсы қараған адамдар да болғанын қайдан білеміз?

9 Ехоба халқына қастандық жасаған осы халықтардың бәрін жауапқа тартты. Ол былай деді: “Мен... Аммонды шығыс адамдарының иелігіне беремін. Сонда аммондықтар бұдан былай халықтар арасында еске алынбайтын болады. Ал Моабқа шығарған үкімімді жүзеге асырғанымда, олар менің Ехоба екенімді білетін болады” (Езек. 25:10, 11). Иерусалим құлағаннан кейін бес жылдай уақыт өткен соң бабылдықтар Аммон мен Моабты тізе бүктірген кезде, Ехобаның айтқан сөздері орындала бастады. Ал Едомға қатысты Ехоба: “Мен... оның тұрғындары мен малын құртып жіберіп, елін қаңыратып бос қалдырамын”,— деген болатын (Езек. 25:13). Алдын ала айтылғандай, Аммон да, Моаб та, Едом да ақыры жойылып кетті (Ерм. 9:25, 26; 48:42; 49:17, 18).

10 Дегенмен сол халықтардың арасында Құдай халқымен жауласпай, оларға жақсы қараған адамдар да болды. Мысалы, Дәуіт патшаның мықты сарбаздарының арасында аммондық Селек пен моабтық Иетмах деген батырлар болған (Шеж. 1-ж. 11:26, 39, 46; 12:1). Ехобаға адалдықпен ғибадат еткен Рут та Моаб халқынан еді (Рут 1:4, 16, 17).

Қысымға беріліп, Құдай заңдарынан аттай салудан аулақ болыңыз

11. Исраилдіктердің Аммон, Моаб және Едом халықтарымен араласқанынан қандай сабақ аламыз?

11 Исраилдіктердің Аммон, Моаб және Едом халықтарымен араласқанынан қандай сабақ аламыз? Олар сақ болмай, туыстас халықтардың ырқына беріле салғанда, араларына жалған ғибадат еніп алды. Содан олар Моабтың Пеғор Бағалына, Аммонның Молек тәңіріне табынып, өздерін арамдады (Мұс. 4-ж. 25:1—3; Пат. 1-ж. 11:7). Абай болмасақ, мұндай тұзаққа біз де түсіп қалуымыз мүмкін. Ехобаға сенбейтін туысқандарымыз бізді қыспақтап, Құдай заңдарынан аттай салуға түрткілейтін шығар. Олар біздің Жаңа жыл, туған күн сияқты мейрамдарды не үшін тойламайтынымызды, діни нанымдармен байланысты басқа да дәстүрлерді не үшін ұстанбайтынымызды түсінбейтін болар. Игі ниетпен олар “бір рет істей салсаң, ештеңең кетпейді ғой” деп, Құдай заңынан аттай салуға көндіргісі келер. Мұндайда олардың ырқына беріліп қалмағанымыз аса маңызды! Себебі Исраил халқының жағдайынан көргеніміздей, бір ғана шалыс қадамның өзі үлкен апатқа әкеп соғуы мүмкін.

12, 13. Біз қандай қарсылыққа кезігуіміз ықтимал және адалдық сақтасақ, бұл қандай оң нәтижесін беруі мүмкін?

12 Исраил мен Аммон, Моаб, Едом халықтарының арасындағы жағдайдан маңызды бір сабақ алуға болады. Біз де Ехобаға сенбейтін туысқандарымыздың тарапынан қатты қарсылық көруіміз мүмкін. Иса айтып кеткендей, уағыздап жүрген хабарымыз “ұлын әкесінен, қызын шешесінен... ажыратып” жататын кездер болады (Мат. 10:35, 36). Мұндайда Ехобаның исраилдіктерге туысқан халықтарға соғыс ашпауды бұйырғанына сай, біз де сенбейтін туыстарымызбен ұрыс-керіс бастамаймыз. Ал өздері бізге қарсы шыққан жағдайда, еш таңғалмаймыз (Тім. 2-х. 3:12).

13 Туыстарымыз ғибадатымызға тікелей қарсылық көрсетпеген жағдайда, олардың ықпалы Ехобанікінен басым түсіп жүрмесін. Өйткені Ехоба жүрегіміздің төрінен орын алуға лайық (Матай 10:37 оқыңыз). Бұған қоса, Ехобаға адал болып қалсақ, туыстарымыздың кейбірі Селек, Иетмах және Рут сияқты таза ғибадат етушілердің қатарына қосылуы мүмкін (Тім. 1-х. 4:16). Сонда олар да жалғыз шынайы Құдайға қызмет етуден бақыт тауып, оның сүйіспеншілігіне бөленіп, қанатының астынан пана таба алады.

“Оларды қатты жазалап, аяусыз өшімді аламын”

14, 15. Філістірлер исраилдіктерге қалай қарады?

14 Філістірлер Қанахан жеріне Крит аралынан көшіп келген. Кейіннен Ехоба Қанахан жерін Ыбырайым мен оның ұрпақтарына беремін деп уәде етті. Ыбырайым да, оның ұлы Ысқақ та філістірлермен қандай да бір қарым-қатынаста болған (Мұс. 1-ж. 21:29—32; 26:1). Уақыт өте Исраил халқы Уәде етілген жерге аяқ басты. Бұл кезде філістірлер жер қайыстырған әскері бар мықты халыққа айналып үлгерген еді. Олар Бағал-Зебуб, Дагон секілді жалған тәңірлерге табынатын (Сам. 1-ж. 5:1—4; Пат. 2-ж. 1:2, 3). Исраилдіктердің де сол тәңірлерге бас иіп кеткен кездері болған (Би. 10:6).

15 Халқы адалдық сақтамаған кездері Ехоба оларды філістірлердің қолына беріп, үстемдік еткізді. Філістірлер Құдай халқын жылдар бойы қанады (Би. 10:7, 8; Езек. 25:15). Олар қатаң шектеулер орнатып, исраилдіктерді қия бастырмады *, тіпті көбісін қырып тастады (Сам. 1-ж. 4:10). Алайда исраилдіктер өкініп, жаман жолдарынан қайтқанда, Ехоба оларға көмектесіп отырды. Ол Самсон, Саул, Дәуіт сияқты адамдар арқылы өз халқын құтқарды (Би. 13:5, 24; Сам. 1-ж. 9:15—17; 18:6, 7). Філістірлердің жеріне алдымен бабылдықтар, кейін гректер шабуыл жасаған кезде, Езекиел пайғамбарлық еткендей, Ехоба “оларды қатты жазалап, аяусыз өшін алды” (Езек. 25:15—17).

16, 17. Філістірлердің Исраилге қалай қарағанынан қандай ой түйеміз?

16 Філістірлердің Исраилге қалай қарағанынан қандай ой түйеміз? Ехобаның қазіргі халқы да адамзат тарихындағы ең мықты деген үкіметтердің тарапынан қарсылық көруде. Бірақ біздің исраилдіктерден айырмашылығымыз, сынақтарға сынбай, Ехобаға адал болып келеміз. Десе де тарихымызда таза ғибадатқа өшіккен жаулардың жеңіске жетіп жатқандай көрінген кездері болды. Мысалы, XX ғасырдың басында Құрама Штаттар ұйымымыздың жетекшілерін ондаған жылдарға түрмеге кесіп, Құдай халқының ісін тоқтатпақ болды. Ал Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германиядағы нацистік партия Құдай халқының көзін құрту үшін мыңдағанын түрмеге жауып, жүздегенін өлімге кесті. Сол соғыстың артынша Кеңес Одағы да Ехоба куәгерлерін жылдар бойы қудалап, бауырластардың кейбірін еңбекпен түзету лагерьлеріне жіберді, ал басқаларын алыс аймақтарға жер аударды.

17 Үкіметтер әлде де уағыз ісіне тыйым салып, Құдай халқын түрмеге жауып, тіпті кейбірімізді өлімге кесер. Бұдан бойымызды үрей билеп, сеніміміз әлсіреп жүрмесін. Өйткені Ехоба өзінің адал халқын сақтап қалады! (Матай 10:28—31 оқыңыз). Осыған дейін қарастырған ежелдегі ірі де мықты, атағы жер жарған үкіметтер бүгінде қайда? Олар жоқ. Ал Ехобаның халқы барған сайын өркендеп, қатары күн санап артуда. Көп ұзамай жер бетіндегі үкіметтердің бәрі філістірлердің кебін киеді: олар Ехобаның кім екенін білетін болады. Філістір халқы сияқты олар да жер бетінен ғайып болады!

“Мол дәулет” қорғай алмайды

18. Тир қаласы несімен әйгілі болды?

18 Ежелгі Тир * қаласы сауда-саттық қыз-қыз қайнаған ұлы империяның қақ жүрегінде орналасқан еді. Тирдің батысқа бет алған сауда кемелері Жерорта теңізімен әрлі-берлі тынбай жүзетін. Оның сауда жолдары құрлықты да қамтып, шығыстағы алыс-алыс империяларға дейін созылып жататын. Түкпір-түкпірдегі елдермен ғасырлар бойы сауда жасасқан бұл шаһар байыған үстіне байи берді. Оның сатушылары мен саудагерлерінің байлыққа көміліп, мастанғандары сонша — өздерін бекзада санаған (Ишая 23:8).

19, 20. Тир тұрғындары мен гибеондықтардың айырмашылығы неде?

19 Дәуіт пен Сүлеймен патшаның тұсында Исраил халқы Тир тұрғындарымен тығыз қарым-қатынас жасаған. Тирліктер Дәуіттің сарайын және Сүлейменнің ғибадатханасын соғуға қажетті құрылыс заттарын, ұсталары мен шеберлерін жіберіп отырған (Шеж. 2-ж. 2:1, 3, 7—16). Бұл Исраил елінің төрт терезесі тең, дүркіреп тұрған кезі еді (Пат. 1-ж. 3:10—12; 10:4—9). Тирдің мыңдаған адамы қандай керемет мәртебеге ие болды десеңізші! Олар таза ғибадат жайлы, Ехоба жайлы біліп, шынайы Құдайға қызмет етудің неткен бата екенін өз көздерімен көрді!

20 Бірақ ақшаға құныққан Тир халқы байлықтың соңынан қууды доғармады. Олар Қанахан жеріндегі мықты қала Гибеонның тұрғындарынан үлгі алуды ойламады да. Гибеондықтар Ехобаның ұлы істері туралы жай естіп-ақ, оған құлдай қызмет етуге дайын болған еді (Ешуа 9:2, 3, 22—10:2). Ал Тир тұрғындары Құдай халқына қарсы шығуға дейін барып, тіпті оларды құлдыққа сатудан да тайынбады (Зәб. 83:2, 7; Жоел 3:4, 6; Амос 1:9).

Ешқашан байлықты заңғар дуалдай көріп, одан қорғаныш іздемейік

21, 22. Тирдің басына қандай күн туды және бұлай болуының себебі неде?

21 Ехоба Езекиел арқылы Тирге былай деді: “Ей, Тир, біліп қой! Теңіз толқындарды қалай көтерсе, мен де көптеген халықтарды саған қарсы көтеремін. Олар Тирдің қабырғаларын да, мұнараларын да тас-талқан етеді. Мен оның топырағын сыпырып тастап, өзін жалаң жартасқа... айналдырамын” (Езек. 26:1—5). Тир халқы биіктігі 46 метр қала қабырғаларына қалай сенім артса, мол дәулеттеріне де дәл солай сенім артты. Бірақ олар Сүлейменнің: “Байдың дәулеті бекінісі мықты қаладай, өз қиялында заңғар дуалдай”,— деген ескертуіне ден қойғандары жөн болар еді (Нақ. с. 18:11).

22 Езекиелдің пайғамбарлығы бабылдықтардың, кейіннен гректердің қолымен жүзеге асқанда, Тир тұрғындары еңселі қабырғалары мен мол дәулеттері еш қорғай алмайтынын, бұлары жай қиял екендігін түсінді. Бабыл әскері Иерусалимді күйреткеннен кейін, Тирге қарсы аттанып, қаланың құрлықтағы бөлігін 13 жыл бойы қоршауда ұстады (Езек. 29:17, 18). Кейін б. з. б. 332 жылы Ескендір Зұлқарнайын Езекиел айтып кеткен пайғамбарлықтардың айрықша бөлігін жүзеге асырды *. Оның әскері құрлықтағы қирап жатқан Тир қаласынан қалған тастарды, ағаштар мен топырақты суға лақтырып, қаланың аралдағы бөлігіне қарай жол салды (Езек. 26:4, 12). Сосын қабырғаны бұзып кіріп, қаланы талан-тараж етіп тонап, сарбаздары мен тұрғындарының мыңдағанын өлтірсе, он мыңдағанын құлдыққа сатты. Тир тұрғындары “мол дәулеттің” шын қорғаныш бола алмайтынын шекелеріне тиіп барып түсінді, әрі олар Ехобаның кім екенін білді! (Езек. 27:33, 34).

Алынбас қамалдай көрінген Тир ақыры жермен-жексен болды (22-абзацты қараңыз)

23. Тир тұрғындарынан қандай сабақ аламыз?

23 Тир тұрғындарынан қандай сабақ аламыз? Біз ешқашан “алдамшы байлықты” заңғар дуалдай көріп, одан қорғаныш іздемейміз (Мат. 13:22). “Құдайға және байлыққа бірдей қызмет ету” мүмкін емес екенін біз жақсы түсінеміз (Матай 6:24 оқыңыз). Тек Ехобаға жан-тәнімен қызмет ететіндер ғана шын қауіпсіз болады (Мат. 6:31—33; Жох. 10:27—29). Тирге қарсы айтылған пайғамбарлықтар дәлме-дәл орындалғандай, осы дүниенің жойылуына қатысты пайғамбарлықтар да үтір-нүктесіне дейін орындалады. Ехоба құлқыны еш тоймайтын, өз пайдасын ғана ойлайтын сауда жүйесін жойғанда, байлыққа сенім артқандар Ехобаның кім екенін білетін болады.

“Қамыс таяқ сияқты” болған саяси күш

24—26. а) Ехоба Мысырды неге “қамыс таяқ” деп атады? ә) Седекия патша Ехобаның нұсқауын қалай аяқасты етті және оның ақыры қандай болды?

24 Жүсіптің заманына дейінгі уақыттан бастап бабылдықтар Иерусалимге қарсы аттанған кезге дейін, Уәде етілген жердің аймағында Мысыр елінің саяси ықпалы күшті болды. Тарихы көнеден бастау алған Мысыр тамыры тереңге жайылған мызғымас алып ағаштай көрінді. Бірақ Ехобамен салыстырғанда, ол “қамыс таяқ сияқты” әлсіз еді (Езек. 29:6).

25 Бұл жайт опасыз Седекия патшаның санасына жетпеді. Ехоба оған Еремия пайғамбар арқылы Бабыл патшасына бағынуды айтқан еді (Ерм. 27:12). Седекияның өзі де Навуходоносорға қарсы шықпауды Құдай атымен ант еткен болатын. Бірақ кейін ол Ехобаның нұсқауын да, Бабыл патшасына берген сертін де елемей, Мысырға жүгініп, Бабылмен шайқасуға көмек сұрады (Шеж. 2-ж. 36:13; Езек. 17:12—20). Өкінішке қарай, Мысырдың саяси күшіне сенген исраилдіктер өздерін пәлеге душар етті (Езек. 29:7). Мысыр қанша жерден “алып теңіз құбыжығындай” айбарлы көрінбесін, Ехоба оның “жақ сүйегіне қармақ салып”, Ніл өзеніндегі қолтырауындай тартып шығарып өлтіретінін айтты. Кейін ол Мысырға Бабыл әскерін аттандырып, осы сөздерін жүзеге асырды (Езек. 29:3, 4, 9—12, 19).

26 Адалдық сақтамаған Седекия патшаның ақыры қандай болды? Ол Ехобаға қарсы бас көтергендіктен, Езекиел бұл “зұлым басшының” тәжі де, билігі де құрып кететінін айтты. Бірақ бұл пайғамбарлықта үміт сәулесі де бар еді (Езек. 21:25—27). Ехоба патшалар әулетінен тәждің “заңды иесі” шығып, таққа отыратынын айтты. Оның кім екенін біз келесі тараудан білеміз.

27. Исраилдің Мысырға жүгінгенінен қандай сабақ аламыз?

27 Исраилдің Мысырға жүгінгенінен қандай сабақ аламыз? Біз саяси күштер қорғаныш бола алады деп ойлап, оларға сенім артудан аулақ болғанымыз жөн. Біз тіпті ойша да “осы дүниелік” болмауымыз керек (Жох. 15:19; Жақ. 4:4). Қандай да бір үкімет күшті болып көрінсе де, оның ежелгі Мысыр сияқты “қамыс таяқ” қана екенін ұмытпайық. Бүкіл әлемнің құдіретті Әміршісі тұрғанда жұмыр басты күнәкар пендеге үміт арту неткен ақымақтық болар еді! (Зәбүр 146:3—6 оқыңыз).

Біз оңашада да осы дүниенің саясатына араласпауымыз керек (27-абзацты қараңыз)

Халықтар “білетін болады!”

28—30. Халықтардың жуырда Ехобаның кім екенін білетіні мен біздің Ехобаны білетініміздің арасында қандай айырмашылық бар?

28 Езекиел кітабында Ехоба халықтарға қатысты: “Олар менің Ехоба екенімді білетін болады”,— деп бірнеше рет айтқан (Езек. 25:17). Ол ежелде өзінің халқымен жауласқан халықтарды жазалаған кезде, осы сөздер жүзеге асқан еді. Бірақ біздің күндерімізде Ехоба бұл сөздерін одан да үлкен көлемде орындамақ. Қалайша?

29 Құдайдың ежелдегі халқы сияқты бүгінде біз де айналамыздағы халықтарға қорғансыз жалғыз қойдай көрінеміз (Езек. 38:10—13). Осы басылымның 17, 18-тарауларынан көретініміздей, жуырда халықтар азуларын ақситып, Құдай халқына жан-жақтан тап береді. Бірақ сол сәтте олар кімнің шынымен мықты екенін білетін болады. Ехоба оларды Армагеддон шайқасында жойған кезде, олар Ехобаның кім екенін білуге мәжбүр болады, яғни оның бүкіләлемдік билігін мойындаудан басқа амалдары қалмайды (Аян 16:16; 19:17—21).

30 Ал бізді Ехоба аман сақтап, мол батаға кенелтеді. Өйткені біз қазірдің өзінде мүмкіндікті пайдаланып, Ехобаның кім екенін білетінімізді дәлелдеп жүрміз: біз оған сенім артамыз, мойынсұнамыз және оған тиесілі таза ғибадатымызды арнаймыз (Езекиел 28:26 оқыңыз).

^ 15-абзац Мысалы, філістірлер исраилдіктерге өз жерлерінде темірден бұйымдар жасауға тыйым салған еді. Исраилдіктер шаруашылыққа қажет құрал-саймандарын філістірлерге барып қайрататын. Ал ақысына бірнеше күндік табыстарын беретін (Сам. 1-ж. 13:19—22).

^ 18-абзац Алғашында Тир қаласы Кармил тауынан солтүстікке қарай 50 шақырымдай жерде, жартасты аралда тұрғызылса керек. Ал кейінірек қаланың құрлықтағы бөлігі пайда болған. Тир қаласының еврейше атауы — Сур, мағынасы “жартас”.

^ 22-абзац Ишая, Еремия, Жоел, Амос пен Зәкәрия да Тирдің құлайтынын алдын ала айтқан. Бұл пайғамбарлықтар да үтір-нүктесіне дейін орындалды (Ишая 23:1—8; Ерм. 25:15, 22, 27; Жоел 3:4; Амос 1:10; Зәк. 9:3, 4).