Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Басқарушы кеңестің хаты

Басқарушы кеңестің хаты

Ехобаны сүйер қауымға!

1971 жыл “Құдай есімі” деп аталатын облыстық конгреске келгендер үшін естен кетпес жыл болды. Осы конгресте жарық көрген әдебиеттер “ешкімнің үш ұйықтаса да түсіне кірмеген”. Бір ер бауырлас сол басылымдардың біріне қатысты былай деді: “Болашақта болатын жайттарды тамаша суреттейтін мұндай басылым бұрын-соңды болмаған!” Оның айтқаны қандай басылым еді? Бұл — “Халықтар менің Ехоба екенімді біледі. Қалай?” деген кітап. Бұл кітап неге сонша таң-тамаша қалдырды? Себебі онда Езекиел кітабындағы бүкіл адамзаттың болашағына әсер ететін пайғамбарлықтар жаңаша түсіндірілді.

“Ехоба екенімді біледі” деген бұл кітап жарық көргелі бері Құдай халқының саны 1,5 миллионнан 8 миллионға дейін қарқындап өсті (Ишая 60:22). Ехобаның миллиондаған бұл қызметшілері 900-ден астам тілде сөйлейді (Зәк. 8:23). Олардың көбісі Езекиел кітабындағы пайғамбарлықтар егжей-тегжейлі түсіндірілетін кітапты ешқашан зерттеп көрмеген.

Бұған қоса, 1971 жылдан бері жарық жарқырай түскендіктен, біздің Киелі кітаптағы көптеген шындықтарға деген түсінігіміз кеңейе түсті (Нақ. с. 4:18). Мысалы, 1985 жылы “басқа қойлар” Құдайдың достары ретінде әділ деп жарияланғаны анық көріне бастады (Жох. 10:16; Рим. 5:18; Жақ. 2:23). Ал “қойлар” мен “серкелерді” соттау зор алапаттың кезінде болатынын тек 1995 жылы ғана түсіндік (Мат. 24:21; 25:31, 32). Бұл жаңа түсініктер Езекиел кітабын әлдеқайда тереңірек түсінуге көмектесті.

“Адам ұлы, мен саған көрсеткелі жатқан нәрселердің бәріне мұқият қарап, айтқандарымды зер салып тыңда. Өйткені сен мұнда сол үшін әкеліндің” (ЕЗЕКИЕЛ 40:4).

Соңғы жылдары жарық одан бетер жарқырай түсті. Мысалы, Исаның мысалдарын алсақ, жаңа түсініктердің арқасында олардың көбісі нені білдіретінін қазір біз анық түсінеміз. Біз сол мысалдардың кейбірі қарқынмен жақындап келе жатқан зор алапаттың кезінде болатын жайттарға нұсқайтынын білдік. Тура сол сияқты, біздің Езекиел кітабындағы кейбір пайғамбарлықтарға қатысты түсінігіміз де өзгерді. Солардың ішінде Магог жеріндегі Гог (38, 39-тарау), сиясауыты бар кісіге тапсырылған іс (9-тарау), қурап қалған сүйектерге толы аңғар және екі таяқтың бірігуі (37-тарау) жайлы пайғамбарлықтар бар. Сондықтан бірталай жыл бұрын жарық көрген “Ехоба екенімді біледі” кітабында жазылған түсініктер сәйкесінше өзгерді.

Сол себептен де, сірә, Ехобаның көптеген қызметшілерінде “Езекиелдің пайғамбарлықтарына қатысты жаңа түсініктерді қамтитын кітап қашан шығады?” деген сұрақ туындаған шығар. “Ехоба таза ғибадатты қалпына келтірді!” деген кітап — дәл осындай кітап! Жиырма екі тараудан тұратын бұл кітаптың әр тарауын оқып, ішіндегі тамаша суреттеріне ой жүгірткен кезде, бұл басылымды дайындау үшін қаншама тыңғылықты зерттеулер жасалғанын көріп таңғаласыз. Ехобаның Езекиел кітабын неге жаздырып қалдырғанын түсіну үшін біз көп дұға еттік, көп ой жүгірттік. Әсіресе мынадай сұрақтарға ерекше назар аудардық: Езекиелдің замандастары Езекиел кітабынан не үйренді? Ал бүгінде біз не нәрсе үйрене аламыз? Болашақта болатын жайттарға қатысты қандай пайғамбарлықтар бар? Езекиелдің пайғамбарлықтарын бейнелер не түпбейнелер деп қарастыруымыз керек пе? Бұл сұрақтардың жауабы бәріміз сүйіп оқитын Езекиел кітабын анығырақ түсінуге көмектесті.

Езекиел кітабын бастан-аяқ оқу барысында Ехобаның ұйымының көктегі бөлігі сізді еріксіз таң-тамаша етеді! Сондай-ақ ұнамды түрде ғибадат етуді қалайтын көктегі және жердегі жаратылыстары үшін Ехобаның орнатқан жоғары нормалары да сізді таңғалдырмай қоймайды. “Таза ғибадат” кітабы сізге Ехобаның өз халқына жасаған және жақын болашақта жасайтын барлық игіліктеріне деген ризашылығыңызды арттырады. Сіз бұл кітапта әсіресе екі тақырыпқа қайта-қайта назар аударылатынын байқайсыз. Біріншіден, Ехобаға ұнамды болу үшін біз оның кім екенін біліп, оны Әлемнің Әміршісі ретінде мойындауға тиіспіз. Екіншіден, біз Ехобаның жоғары нормаларына сай өмір сүріп, оған ұнамды түрде ғибадат етуіміз керек.

Біздің бар тілейтініміз, осы басылым сізге Ехобаға оның ұлы да киелі есімі даңқталатындай жолмен ғибадат етуге деген шешіміңізді бекемдей түссе екен! Сондай-ақ бұл кітап сізді барлық халықтар Ехобаның кім екенін білетін кезді талмай күтуге талпындырғай! (Езек. 36:23; 38:23).

Сүйіспеншілігі шексіз көктегі Әкеміз Ехоба сізге батасын төгіп, Езекиел пайғамбардың киелі рухтың жетелеуімен жазған кітабын түсінуге көмектесе берсін!

Бауырластарыңыз,

Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі