Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

1-ТАРАУ

“Ехоба Құдайыңа ғибадат ет”

“Ехоба Құдайыңа ғибадат ет”

МАТАЙ 4:10

ОЙБАҒДАР: Таза ғибадатты қалпына келтіру қажеттілігі

1, 2. Б. з. 29 жылының күзінде Иса Яһудея шөліне қалай барды және ол жерде қандай жағдай болды? (Тараудың басындағы суретті қараңыз.)

БІЗДІҢ заманымыздың 29 жылы. Күз мезгілі. Иса Өлі теңіздің солтүстігінде жатқан Яһудея шөлінде жүр. Ол шомылдыру рәсімінен өтіп, майланғаннан кейін, киелі рух оны осы өңірге жетелеп әкелген еді. Жұртшылықтан жырақта, боз төбелер мен аңғарлардың арасында Иса 40 күн бойы жүрді. Ол ораза тұтып, ойға шомып, дұға айтумен болды. Осы аралықта болса керек, Ехоба Ұлымен сөйлесіп, оны алдағы жайттарға дайындады.

2 Иса шөл далада қарны ашып, қалжыраған сәтте қасына Шайтан келді. Осы кезде таза ғибадатты сүйетін барлық адамға, соның ішінде сізге де қатысы бар бір жағдай болды.

“Егер Құдайдың ұлы болсаң...”

3, 4. а) Шайтан Исаны азғырған екі жағдайда сөзін не деп бастады және ол қандай күмән ұялатқысы келді? ә) Шайтан біздің кезімізде айла-амалын қалай іске асырады?

3 Матай 4:1—7 оқыңыз. Исаны азғырған үш жағдайдың екеуінде Шайтан сөзін “егер Құдайдың ұлы болсаң” деген қитұрқы сөздермен бастаған. Сонда ол Исаның Құдай Ұлы екеніне күмәнданған ба? Жоқ. Жолдан тайған бұл періштенің өзі де кезінде Құдайдың ұлы болған, сондықтан Иса Құдайдың тұңғыш Ұлы екенін ол жақсы білген (Қол. 1:15). Оның үстіне, Иса шомылдыру рәсімінен өткенде, Ехоба көктен: “Бұл — менің сүйікті Ұлым. Мен оған ризамын!”— деген еді (Мат. 3:17). Шайтан мұны да жақсы білген. Оның бар көксегені Исаны Әкесіне деген сенімінен айырып, Әкесі оның қамын ойлайтынына күмән келтіру болса керек. Исадан тасты нанға айналдыруды сұрап бірінші рет азғырғанда, Шайтан былайша айтқанда: “Құдайдың Ұлы болсаң, Әкең сені мына жапан далада неге тамақтандырмайды?”— дегенге меңзеді. Ал екіншісінде ғибадатхананың төбесінен секіруге азғырғанда: “Құдайдың Ұлысың ғой, Әкең сені аман сақтап қала ма екен? Бұған шынымен сенімдісің бе?”— дегендей болды.

4 Азғырушы Шайтан біздің кезімізде де дәл осындай айла-амал қолданады (Қор. 2-х. 2:11). Ол Ехобаға таза ғибадат ететіндердің әлсіреген, еңселері түскен сәтін аңдиды да, тасадан тап береді. Шайтан көбіне қитұрқы жолмен шабуылдайды (Қор. 2-х. 11:14). Ол Ехобаның бізді жақсы көріп, бізге риза болуы мүмкін емес дегенге сендіргісі келеді. Ол “Ехоба сенім артуға тұрмайды, Киелі кітаптағы уәделерін орындамайды” дегенге иландыруға күш салады. Бірақ мұның бәрі — уға толы өтірік (Жох. 8:44). Ендеше, Азғырушының арбауына түсіп қалмау үшін не істей аламыз?

5. Шайтан азғырған екі жағдайда Иса қалай жауап берді?

5 Шайтан азғырған екі жағдайда Исаның қалай жауап бергеніне назар аударайықшы. Әкесінің сүйіспеншілігіне Иса титтей де күмәнданған жоқ, әрі оған деген сенімі де қалтқысыз еді. Сондықтан ол жауабын Әкесінің Сөзінен келтіріп, Шайтанға мүдірместен тойтарыс берді. Иса Ехобаның есімі кездесетін тармақтарды келтірді (Мұс. 5-ж. 6:16; 8:3). Ол Әкесінің атын — Құдай барлық уәдесін орындайтынына кепілдік болып табылатын дара атын — қолданды. Әкесіне сенім артатынын көрсетудің бұдан асқан жолы бар ма *?!

6, 7. Шайтанның сұм да қитұрқы шабуылдарын тойтаруға не көмектеседі?

6 Ехобаның Сөзіне сенім артсақ және дара есімінің мағынасына ой жүгіртсек, Шайтанның сұм да қитұрқы шабуылдарын тойтара аламыз. Жазбаларда Ехоба өз қызметшілерін, әсіресе еңсесі езілген адамдарын сүйетіні әрі олар үшін қам жейтіні айтылған. Бұл сөздер әрқайсысымызға қатысты екенін ұғынсақ, Ехоба бізді жақсы көріп, бізге риза болуы мүмкін емес деген Әзәзілдің өтірігіне иланбаймыз (Зәб. 34:18; Пет. 1-х. 5:8). Ехоба қашанда есіміне сай әрекет ететінін ешқашан естен шығармайық. Сонда Уәделерін орындаушы Құдайға деген сеніміміз қалтқысыз болмақ! (Нақ. с. 3:5, 6).

7 Шайтанның түпкі мақсаты не, оған бізден не керек? Шайтан Исаны үшінші рет сынаған кезде осы сұрақтың жауабы айқын болды.

“Алдыма жығылып, маған бір рет табын”

8. Исаны үшінші рет сынағанда, Шайтанның қандай пиғылы аян болды?

8 Матай 4:8—11 оқыңыз. Үшінші рет азғырғанда Шайтан бетпердесін шешіп, түпкі пиғылын ашып салды. Ол Исаға, көрініс ретінде болса керек, “әлемнің барлық патшалықтары мен олардың сән-салтанатын көрсетті”, бірақ кем-кетігі мен заңсыздықтарын жасырып қалды. Шайтан Исаға: “Егер алдыма жығылып, маған бір рет табынсаң, осының бәрін саған беремін”,— деді *. Міне, осы кезде Шайтанның нені көксеп жүргені аян болды! Бұл — ғибадат! Иса Әкесінен теріс айналып, Азғырушыны құдай деп мойындаса, Шайтанның арманы орындалмақ еді. Ол Исаға оңай жолды, яғни тікенді тәж, қамшы мен азап бағанасын көрмей, жер бетіндегі билік пен байлықтың бәріне ие болуды ұсынды. Бүкіл дүниедегі үкіметтер Шайтанның құзырында екенін Иса жоққа шығармады. Демек, бұл ұсыныс жай сөз емес еді! (Жох. 12:31; Жох. 1-х. 5:19). Исаны Әкесіне тиесілі таза ғибадаттан айныту үшін Шайтан расында бәрін беруге дайын болды.

9. а) Шайтан таза ғибадат етушілердің не істегенін қалайды және бұл үшін ол қалай азғырады? ә) Біздің ғибадатымызға не жатады? (“Ғибадат деген не?” деген қоршауды қараңыз.)

9 Бүгінде де Шайтан біздің, тікелей не жанама түрде болсын, оған ғибадат еткенімізді қалайды. Ұлы Бабыл діндерінде жүргендердің бәрі жанама түрде оған ғибадат етеді, өйткені ол — “осы дүниенің құдайы” (Қор. 2-х. 4:4). Бірақ сол миллиардтаған адамның құлшылығын місе тұтпай, Шайтан таза ғибадат етушілерді де Құдайдың еркіне қайшы әрекет етуге азғырады. Ол бізді мәсіхшілер жолында жүріп “әділдік үшін қасірет шегудің” орнына осы дүниеде билік пен байлық қуса екен дейді (Пет. 1-х. 3:14). Егер біз таза ғибадаттан теріс айналып, Шайтанның дүниесіне қосылсақ, бұл оған табынып, оны құдай еткенмен тең болмақ. Бұндай азғырылуға түспеу үшін не істеуіміз керек?

10. Шайтан үшінші рет азғырғанда Иса не деп жауап берді және неге?

10 Шайтан үшінші мәрте азғырғанда Исаның не деп жауап бергеніне көңіл бұрайық. Ол бірден: “Кет қасымнан, Шайтан!”— деп, Ехобаға шексіз адал екенін көрсетті. Бұл жолы да Иса Жазбалардағы сөздерді келтірді. Ол Мұсаның 5-жазбасынан Құдайдың аты кездесетін тармақты айтып: “Ехоба Құдайыңа ғибадат етіп, тек соған ғана қызмет ет!” деп жазылған ғой”,— деді (Мат. 4:10; Мұс. 5-ж. 6:13). Иса өткінші мансаптың қызығына алданбады. Ол жалғанды жалпағынан басып, жанын қинамай өмір сүруден бас тартты. Ғибадат етуге тек Әкесі ғана лайық екенін мойындағандықтан, ол Шайтанға тіпті бір рет те табынбаған. Өйткені бұлай ету Шайтанның қол астына өтумен бірдей екенін түсінген. Иса Азғырушыны құдай етуден үзілді-кесілді бас тартты. Исаның нық жауабынан кейін “Шайтан оның қасынан кетіп қалды” *.

“КЕТ ҚАСЫМНАН, ШАЙТАН!” (10-абзацты қараңыз)

11. Шайтан мен оның азғыруларына қалай тойтарыс бере аламыз?

11 Біз Шайтан мен оның зұлым дүниесінің азғыруларына қарсы тұра аламыз. Өйткені азғырылуға берілу-берілмеу өз қолымызда. Ехоба Исаға сыйлағандай, таңдау еркіндігін бізге де сыйлаған. Ешкім де, тіпті күші зор зұлым Азғырушының өзі де бізді таза ғибадаттан мәжбүрлеп әкете алмайды. Адалдықтан аттамай, “сенімде берік болып”, Шайтанға қарсы тұрсақ, оған: “Кет қасымнан, Шайтан!”— дегендей боламыз (Пет. 1-х. 5:9). Байқасақ, Иса тойтарыс бергеннен кейін ғана, Шайтан одан кетіп қалған. Сондықтан да Киелі кітап: “Ібіліске қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден қашып кетеді”,— деп нық айтады (Жақ. 4:7).

Шайтанның дүниесінің азғыруларына берілу-берілмеу өз қолымызда (11, 19-абзацты қараңыз)

Таза ғибадаттың қас жауы

12. Шайтан таза ғибадатқа қас екенін Едемде қалай аян етті?

12 Исаны үшінші рет сынағанда, Шайтан өзінің таза ғибадаттың бірінші жауы екенін аян етті. Ол таза ғибадатты жек көретінін бірінші рет осыдан мыңдаған жыл бұрын Едем бағында көрсеткен еді. Хауа Шайтанның алдауына беріліп, артынша Адамды да Ехобаның нұсқауына мойынсұнбауға көндіргенде, екеуі де Шайтанның қол астына өтті (Мұсаның 1-жазбасы 3:1—5 оқыңыз; Қор. 2-х. 11:3; Аян 12:9). Осылайша Шайтан оларға құдай болды. Ал олар өздерін адастырып жатқан тұлғаны білсін-білмесін, оның ғибадат етушілеріне айналды. Едемде бүлік отын тұтандыруымен Шайтан Ехобаның бүкіләлемдік билігіне, яғни билік ету құқығына күмән келтіріп қана қойған жоқ. Ол таза ғибадатқа қарсы соғыс ашты. Қалай?

13. Құдайдың бүкіләлемдік билігіне қатысты даулы мәселенің таза ғибадатпен қандай байланысы бар? Түсіндіріңіз.

13 Құдайдың бүкіләлемдік билігіне қатысты даулы мәселе таза ғибадатпен тікелей байланысты. Тек қана бүкіл Әлемнің Әміршісі, яғни “бәрін жаратқан” Тұлға ғана ғибадат етуге лайық (Аян 4:11). Ехоба Адам мен Хауаны кемелді етіп жаратып, Едем бағына қоныстандырғанда, жер бетінің кемелді адамдарға толып, оған таза жүрекпен таза ғибадат еткендерін ниет етті (Мұс. 1-ж. 1:28). Шайтан осы ғибадатты — Әлемнің Әміршісі Ехобаға ғана тиесілі ғибадатты — көксегендіктен, Ехобаның бүкіләлемдік билігін дауға салды (Жақ. 1:14, 15).

14. Таза ғибадатқа қарсы соғыс ашқан Шайтан жетістікке жетті ме? Түсіндіріңіз.

14 Таза ғибадатқа қарсы соғыс ашқан Шайтан жетістікке жетті ме? Оның Адам мен Хауаны Құдайдан ажыратқаны рас. Содан бері ол алған бетінен қайтпай, мейлінше көп адамды Ехоба Құдайдан бұрып әкетуді көздеп келеді. Мәсіхшілердің заманына дейін ол Құдайдың қызметшілерін азғыру үшін барын салды. Ал б. з. I ғасырында жолдантаюшылықтың уын таратып, мәсіхшілер қауымын улады. Осылай таза ғибадаттың шырағы сөнгендей болды (Мат. 13:24—30, 36—43; Ел. іс. 20:29, 30). Содан, II ғасырдың басында Құдайдың шынайы қызметшілері ұзақ мерзімге дүниежүзілік жалған діндер империясы Ұлы Бабылдың тұтқындығына түсті. Бірақ Шайтан Құдайдың таза ғибадатпен байланысты ниетінің іске асуына тосқауыл бола алмады. Құдайдың ниетіне ешкім де, еш нәрсе де бөгет бола алмайды! (Ишая 46:10; 55:8—11). Өйткені бұл оның есімімен тікелей байланысты. Ол міндетті түрде өз есімінің мағынасына сай әрекет етеді. Иә, Ехоба — ниетін жүзеге асырушы Құдай!

Таза ғибадаттың қызғыштай қорғаушысы

15. Ехоба Едем бағындағы бүлікшілерге қандай шара қолданды және ниеті жүзеге асатынына қандай кепілдік берді?

15 Ехоба Едем бағындағы бүлікшілерге дереу шара қолданды және ниетінің міндетті түрде жүзеге асатынына кепілдік берді (Мұсаның 1-жазбасы 3:14—19 оқыңыз). Ол үш бүлікшіге күнә жасаған ретіне қарай үкім шығарды: алдымен Шайтанға, сосын Хауаға, соңында Адамға. Бүлікті бастаған Шайтанға айтқан үкімінде Ехоба болашақта “ұрпақ” келіп, бүліктің бар кесірін жоятынын айтты. Бұл “ұрпақ” Ехобаның таза ғибадатқа қатысты ниетін іске асыруда шешуші рөл атқармақ еді.

16. Едем бағындағы бүліктен кейін Ехоба өз ниетін жүзеге асыру үшін қалай әрекет ете берді?

16 Едем бағындағы бүліктен кейін Ехоба өз ниетін жүзеге асыру үшін әрекет ете берді. Ол кемелсіз адамдардың оған ұнамды түрде ғибадат ете алуына қам жасады (Евр. 11:4—12:1). Бұл жайында келесі тарауда сөз қозғалады. Сонымен қатар Ехоба Ишая, Еремия, Езекиел сияқты қызметшілері арқылы таза ғибадаттың қалпына келетінін пайғамбарлық етті. Көңіл қоярлық бұл пайғамбарлықтар киелі рухтың жетелеуімен Киелі кітап беттерінде жазылған. Таза ғибадаттың қалпына келуі — Жазбалардың өзекті тақырыбы. Оған қатысты пайғамбарлықтардың бәрі уәде етілген “ұрпақтың” негізгі бөлігі Иса Мәсіх арқылы орындалмақ еді (Ғал. 3:16). Исаның үшінші рет сыналғанда айтқан жауабынан ол таза ғибадаттың қызғыштай қорғаушысы екені айқын көрінді. Иә, таза ғибадатты қалпына келтіруге қатысты пайғамбарлықтарды орындау үшін Ехоба Исаны таңдады (Қор. 2-х. 1:20; Аян 19:10). Ол Құдайдың халқын рухани тұтқындықтан азат етіп, таза ғибадатты қалпына келтірмек еді.

Не істеуге бекіндіңіз?

17. Таза ғибадаттың қалпына келуі жайында пайғамбарлықтардың біз үшін қандай мәні бар? Түсіндіріңіз.

17 Таза ғибадаттың қалпына келуі жайында Жазбалардағы пайғамбарлықтарды зерттеу кім-кімді де тебірентіп, сеніміне сенім қосары анық. Бұл пайғамбарлықтардың біз үшін мәні зор, себебі көк пен жердегі жаратылыстардың барлығы Әлемнің Әміршісі Ехобаға бірлесе ғибадат ететін кезін бәріміз асыға күтіп жүрміз. Жүрекке жылу, бойға қуат беретін уәделерді қамтитын бұл пайғамбарлықтар үмітімізді жандандыра түседі. Ехобаның уәделері жүзеге асып, өмірден өтіп кеткен жақындарымызбен қайта қауышуды, күллі жердің жұмаққа айналғанын, кемел денсаулыққа жетіп, мәңгі өмір сүруді қайсымыз аңсамаймыз?! (Ишая 33:24; 35:5, 6; Аян 20:12, 13; 21:3, 4).

18. Бұл әдебиетте біз не зерттейміз?

18 Қолымыздағы бұл әдебиеттің көмегімен біз Езекиел кітабындағы жан тебірентерлік пайғамбарлықтарға үңіле түсеміз. Олардың көбісі таза ғибадаттың қалпына келуі жайлы. Сондай-ақ олардың басқа пайғамбарлықтармен қандай байланысы барын, Мәсіх арқылы қалай орындалатынын және бізге қандай қатысы бар екенін білеміз (“Езекиел кітабына шолу” деген қоршауды қараңыз).

19. Сіз не істеуге бекіндіңіз және неге?

19 Б. з. 29 жылы Яһудея шөлінде Шайтан Исаны таза ғибадаттан айныта алмады. Ал біз жайында не десек болады? Шайтан бар күшін жұмылдырып, бізді пәк таза ғибадаттан тайдыру үшін бұрынғыдан бетер тыраштанып жатыр (Аян 12:12, 17). Осы сұм Азғырушыға төтеп беруге тастай бекінейік. Қолымыздағы кітаптың мақсаты да — сол. “Ехоба Құдайыңа ғибадат ет” деген сөздерге біз де қосылатынымызды сөзімізбен әрі іс-әрекетімізбен көрсете берейік. Сонда Ехобаның ғажап ниеті жүзеге асқан кезді өз көзімізбен көретін боламыз: көк пен жердегі жаратылыстардың бәрі бірігіп, Ехобаға таза жүрекпен таза ғибадат ететін болады. Ехоба бұған әбден лайық!

^ 5-абзац Ехоба деген есімнің мағынасын көп ғалымдар “ол болғызады” деп түсіндіреді. Бұл есім оның Жаратушы әрі өз ниетін жүзеге асырушы ретіндегі рөліне сай келеді.

^ 8-абзац Бір еңбекте Шайтанның осы сөздеріне қатысты былай делінген: “Адам мен Хауа кезіккен алғашқы сынақтағыдай... бұл жерде де мәселе Шайтанның еркін я Құдайдың еркін орындауға қатысты болған, яғни мұның астарында не Құдайға, не Шайтанға ғибадат ету жатқан. Шайтан жалғыз шынайы Құдайды мойындамай, оның орнына өзін құдай етіп көрсетті”.

^ 10-абзац Лұқа жазған ізгі хабарда Шайтан азғырған үш жағдай басқа ретпен жазылған. Ал Матай бұл оқиғаны хронологиялық ретпен жазса керек. Бұлай деуге үш себеп бар: 1) Шайтанның екінші рет азғырғаны жайлы айтқан кезде Матай сөзін “мұнан соң” деп бастап, оқиғаның ретін көрсеткен; 2) алдымен Шайтан “Егер Құдайдың ұлы болсаң” деп екі рет қулықпен азғырып, содан кейін ғана Он заңның біріншісін бұзуға ашық түрде азғырды деп пайымдау қисынды (Мұс. 2-ж. 20:2, 3); 3) Иса: “Кет қасымнан, Шайтан!”— деп тек үшінші әрі соңғы сынақта айтты деу орынды (Мат. 4:5, 10, 11).