Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жаңа түсініктерге шолу

Жаңа түсініктерге шолу

Жылдар бойы “Күзет мұнарасы” журналында Езекиел жазған пайғамбарлықтардың кейбір тұстарына қатысты түсініктер жаңарып отырды. “Ехоба таза ғибадатты қалпына келтірді!” деп аталатын бұл басылымда да жаңа түсініктер кездеседі. Соларға қатысты төмендегі сұрақтарға жауап беріп көріңіз.

Төрт беті бар тіршілік иелері нені бейнелейді?

Бұрынғы түсінік: Тіршілік иелерінің, яғни керубтердің төрт бетінің әрқайсысы Ехобаның негізгі төрт қасиетінің бірін бейнелейді.

Жаңа түсінік: Тіршілік иелерінің төрт беті Ехобаның негізгі төрт қасиетін бейнелейтіні рас. Бірақ олардың төрт беті, бірге алып қарағанда, Ехобаның бойындағы бүкіл қасиеттерді білдіреді. Сондай-ақ бұл төрт бет бізге Ехобаның асқан құдіреті мен салтанаты жайлы көп жайтты аңғартады.

Өзгеріске негіз болған себеп: Құдай Сөзінде 4 саны әдетте бір нәрсені түгелімен, толық қамтығанда қолданылады. Демек, бірге алып қараған кезде, тіршілік иелерінің төрт беті — бөлек-бөлек төрт қасиет емес, Ехобаның ұлы болмысының негізі. Бұған қоса, керубтердің төрт бетіндегі жаратылыстардың әрқайсысына ұлылық, күш пен құдірет тән. Десе де төрт беті бар керубтердің төртеуі де Ехобаның тағының астында тұрады. Осыдан Ехоба бәрінен де жоғары тұрған Әлемнің Әміршісі екені анық көрінеді.

Хатшының сиясауыты бар кісі кімді бейнелейді?

Бұрынғы түсінік: Сиясауыты бар кісі майланғандардың тамтығын бейнелейді. Майланғандар уағыздау және шәкірт дайындау ісі арқылы бейнелі мағынада “ұлы жамағаттың” қатарына қосылатындардың маңдайына таңба қойып жатыр (Аян 7:9).

Жаңа түсінік: Хатшының сиясауыты бар кісі Иса Мәсіхті бейнелейді. Ол “зор алапатта” қой ретінде танылған ұлы жамағатқа таңба қояды (Мат. 24:21).

Өзгеріске негіз болған себеп: Ехоба соттауды өз Ұлына тапсырған (Жох. 5:22, 23). Матай 25:31—33 тармақтарға сай, кімнің “қой”, кімнің “серке” екенін Иса шешеді.

Охола мен Охолиба есімді апалы-сіңлілі екі жезөкше мәсіхшілер әлемінің католик пен протестант ағымдарын білдіре ме?

Бұрынғы түсінік: Әпкесі Охола (Исраилдің астанасы Самария) католик ағымын, ал сіңлісі Охолиба (Яһуданың астанасы Иерусалим) протестант ағымын білдіреді.

Жаңа түсінік: Апалы-сіңлілі бұл екі жезөкше — мәсіхшілер әлемінің түпбейнесі емес. Бірақ екеуінің мысалы Ехобаның адал қызметшілері рухани азғындық жасаған кезде оның не сезінетінін түсінуге көмектеседі. Ол жалған діндердің бәріне бірдей жеркенішпен қарайды.

Өзгеріске негіз болған себеп: Охола мен Охолибаны мәсіхшілер әлемінің түпбейнесі деуге Жазбалардан ешқандай негіз таппаймыз. Исраил мен Яһуда бір кездері Ехобаның әйелі сияқты болған. Ал мәсіхшілер әлемі ешқашан Ехобамен мұндай қарым-қатынаста болмаған. Оның үстіне, Езекиел кітабының 16, 23-тарауларынан көрінетіндей, жезөкшелерге теңелген Құдай халқының өз жолынан қайтып, қайтадан қалпына келуіне үміті болды. Ал Ұлы Бабылдың бөлігі болып табылатын мәсіхшілер әлемінде мұндай үміт жоқ.

Мәсіхшілер әлемі ежелгі Иерусалимнің бейнесі ме?

Бұрынғы түсінік: Опасыз Иерусалим мәсіхшілер әлемінің түпбейнесі болып табылады. Ал Иерусалимнің жойылуы мәсіхшілер әлемінің жойылуын бейнелейді.

Жаңа түсінік: Опасыз Иерусалимнің күйі, мысалы ондағы пұтқа табынушылық пен кең жайылған әділетсіздік, бүгіндегі мәсіхшілер әлемінің күйін еске салады. Алайда бұдан былай біз мәсіхшілер әлемін Иерусалимнің бейнесі деп қарастырмаймыз.

Өзгеріске негіз болған себеп: Жазбаларда осы жайтты бейне не түпбейне деп қарастыруға еш негіз жоқ. Ежелгі Иерусалим таза ғибадатты ұстанған, ал мәсіхшілер әлемі ешқашан таза ғибадатты ұстанбаған. Сондай-ақ Иерусалим бір кездері Ехобаның кешіріміне ие болған, ал мәсіхшілер әлемі мұндай кешірімге ешқашан ие болмайды.

Қурап қалған сүйектерге толы аңғар жайлы аян қалай орындалды?

Бұрынғы түсінік: 1918 жылы қуғын көрген майланғандар Ұлы Бабылдың тұтқындығына түсті. Осылайша олар іс-әрекетсіз болып, өлі күй кешті. Қысқа уақытқа созылған бұл тұтқындық 1919 жылы, яғни Ехоба оларға Патшалықтың жариялаушылары ретінде жан бітіргенде аяқталды.

Жаңа түсінік: Рухани тұтқындық өте ұзақ уақытқа жалғасты, әрі ол 1918 жылдан әлдеқайда ертеректе басталды. Бұл тұтқындық б. з. II ғасырында басталып, б. з. 1919 жылы аяқталды, әрі ол Исаның астарлы әңгімесіндегі бидай мен арамшөп бірге өсетін ұзақ кезеңмен астасады.

Өзгеріске негіз болған себеп: Ежелгі Исраил б. з. б. 740 жылдан бастап б. з. б. 537 жылға дейін ұзақ уақыт тұтқындықта болды. Езекиелдің пайғамбарлығындағы сүйектердің “қатты қурап қалғаны” сүйектерді білдіретіндер өте ұзақ уақыт бойы өлі күйде болатынын көрсетті. Сондай-ақ сүйектер пайғамбарлықта көрсетілгендей, бірте-бірте қалпына келуі үшін біраз уақыт кетпек-тін.

Екі таяқтың бірігуі нені білдіреді?

Бұрынғы түсінік: Бірінші дүниежүзілік соғыстың кезінде адал майланғандардың бірлігі ыдырады. Бірақ көп ұзамай 1919 жылы бірліктері қайта нығайды.

Жаңа түсінік: Пайғамбарлықта Ехоба өз қызметшілерін біріктіретініне ерекше назар аударылады. Уақыт өте, 1919 жылдан кейін майланғандардың қатарына жерде өмір сүруге үміттенетін әрі саны еселеп артып жатқан адамдар қосылды. Бұл екі топ Ехобаға бір халық болып ғибадат етіп жүр.

Өзгеріске негіз болған себеп: Пайғамбарлықта бір таяқтың қалай екіге бөлініп, кейін олардың қалай біріккені сипатталмайды. Демек, бұл пайғамбарлық бір топтың екіге бөлініп, кейін қайта бірігуі жайлы емес. Қайта, ол екі түрлі топтың қалай біртұтас болатындығына назар аударады.

Магог жеріндегі Гог деген кім?

Бұрынғы түсінік: Магог жеріндегі Гог деген — Шайтан Ібілістің көктен қуылғаннан кейінгі есімі.

Жаңа түсінік: Магог жеріндегі Гог зор алапат кезінде таза ғибадат ететіндерге шабуылдайтын одақтасқан халықтарды білдіреді.

Өзгеріске негіз болған себеп: Пайғамбарлықта Гогтың құстарға жем болатыны және оған қабір болатын жер берілетіні айтылған. Бұл оның рухани жаратылыс емес екенін көрсетеді. Бұған қоса, Гогтың шабуылы Даниял мен Аян кітаптарында айтылған жердегі халықтардың Құдай халқына жасайтын шабуылына ұқсайды (Дан. 11:40, 44, 45; Аян 17:14; 19:19).

Езекиел аянда елші Пауыл сипаттаған ұлы рухани ғибадатхананы көрген бе?

Бұрынғы түсінік: Езекиел аянда елші Пауыл сипаттаған рухани ғибадатхананы көрген.

Жаңа түсінік: Езекиелдің аянда көргені — б. з. 29 жылы пайда болған рухани ғибадатхана емес. Бірақ бұл аян Ехобаға Мұса Заңына сай мінсіз ғибадат етудің қандай болатынын суреттейді. Пауыл рухани ғибадатхананы сипаттаған кезде, Исаның б. з. 29—33 жылдар аралығында ұлы бас діни қызметкер ретінде атқарған қызметіне көңіл бұрған. Ал Езекиелдің ғибадатхана жайлы аянында бас діни қызметкер жайлы мүлдем айтылмайды. Ол б. з. 1919 жылы басталатын таза ғибадаттың қалпына келуіне назар аударады. Осы себептен де Езекиелдің ғибадатхана жайлы аянының әрбір майда-шүйде тұстары мен өлшемдерін біз түпбейнелер деп қарастырмаймыз. Біз бірінші кезекте Езекиелдің бұл аянынан Ехобаның таза ғибадатқа қатысты орнатқан нормалары жайлы үйренеміз.

Өзгеріске негіз болған себеп: Езекиелдің аянындағы ғибадатхана мен рухани ғибадатхананың әжептәуір айырмашылықтары бар. Мысалы, Езекиел көрген ғибадатханада құрбандықтар көптеп шалынған. Ал рухани ғибадатханада бір ғана құрбандық “біржола” ұсынылды (Евр. 9:11, 12). Исаның келуіне әлі бірталай ғасыр бар болғандықтан, Ехобаның рухани ғибадатхана жайлы мұндай терең шындықтарды ашатын уақыты әлі келмеген еді.