Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

22-ТАРАУ

“Құдайға ғибадат ет!”

“Құдайға ғибадат ет!”

АЯН 22:9

ОЙБАҒДАР: Езекиел кітабындағы басты ойларға шолу, әрі олардың бүгінгі және болашақтағы қолданысы

1, 2. а) Бәріміз қандай сұрақтың алдында тұрмыз? ә) Елші Жохан табынбақ болғанда, бір періште қалай әрекет етті?

БӘРІМІЗ мына бір маңызды сұрақтың алдында тұрмыз: “Мен кімге ғибадат етемін?” Бәлкім, көбіміз: “Әрине, Құдайға. Бұл айтпаса да түсінікті ғой”,— дерміз. Бірақ бұны сөзбен айтып қана қою жеткіліксіз. Біздің кімге ғибадат ететінімізді: Ехоба Құдайға ма, жоқ әлде Шайтан Ібіліске ме — мұны істеріміз көрсетеді.

2 Шайтанның бар есіл-дерті — ғибадат. Оның осы арам пиғылы әсіресе Исаны азғырған кезде аян болды. Осы басылымның 1-тарауынан білгеніміздей, Шайтан жержүзіндегі патшалықтардың бәрін Исаға ұсынды. Бірақ Ібіліс есесіне не сұрады? Ол Исаға: “Маған бір рет табын”,— деді (Мат. 4:9). Ал елші Жоханға аян көрсеткен бір періште мүлдем басқаша әрекет етті (Аян 22:8, 9 оқыңыз). Жохан аяғына жығылып, табынбақ болғанда, Құдайдың бұл рухани ұлы кішіпейілділікпен: “Бұлай істеме!...Құдайға ғибадат ет!”— деді.

3. а) Қолымыздағы басылым қандай мақсатпен шығарылған? ә) Қазір біз не қарастырамыз?

3 Періштенің жоғарыда айтқан сөздеріне сай, Ехоба Құдайға ғана ғибадат етуге деген шешімімізді бекемдей түсейік (Мұс. 5-ж. 10:20; Мат. 4:10). Қолымыздағы басылым дәл осы мақсатпен шығарылған. Қазір оған қысқаша шолу жасап, Езекиелдің таза ғибадатқа қатысты пайғамбарлықтары мен аяндарынан не білгенімізге тоқталайық. Содан кейін Жазбалардың көмегімен болашақта әрбір адамның адалдығын сынға алатын соңғы сынақ жайлы қарастырамыз. Таза ғибадат толықтай әрі мәңгілікке қалпына келетін уақытта кімдер өмір сүретінін осы шешуші сынақ анықтайды.

Езекиел кітабының өзекті үш тақырыбы

4. Езекиел кітабының өзекті үш тақырыбы қандай?

4 Езекиел кітабынан біз таза ғибадат жай ғана рәсімдерді ұстанудан тұрмайтынын білдік. Таза ғибадат бізден 1) Ехобаға қалтқысыз берілгендік танытуды, 2) таза ғибадатымызда бірлік сақтауды және 3) өзгелерге сүйіспеншілік танытуды талап етеді. Осы басылымда талқыланған пайғамбарлықтар мен аяндар осы үш тақырыпқа қалай баса назар аударатынына көңіл бұрайық.

1-тақырып: Ехобаға қалтқысыз берілгендік таныту

5—9. Біз Ехобаға қалтқысыз берілгендік таныту жайлы не білдік?

5 3-тарау: * Айналасын кемпірқосақ қоршаған және құдіретті рухани жаратылыстардың үстінде отырған Ехоба жайлы ерекше аян мына бір бұлтартпас шындықты ұғындырады: тек Құдіреті шексіз Құдай ғана біздің ғибадат етуімізге лайық (Езек. 1:4, 15—28).

6 5-тарау: Аянда Ехобаның ғибадатханасының арамдалғаны жаға ұстатады! Бұл аян Ехобаның көзінен ештеңе таса емес екенін анық көрсетеді. Халқы опасыздық жасап, пұттарға табынып кеткен жағдайда бұл оның назарынан тыс қалмайды. Тіпті бұндай істер адамдардың көзінен таса жерде жасалса да, Ехоба мұның бәрін көреді. Бұндай істер оның жанына батады, әрі сонымен айналысатындарды ол жазасыз қалдырмайды (Езек. 8:1—18).

7 7-тарау: “Исраил елін табалаған” халықтарға шығарылған үкімнен көретініміздей, Ехоба халқына қиянат жасайтындарды міндетті түрде жауапқа тартады (Езек. 25:6). Ал исраилдіктердің сол халықтармен араласқанынан мынадай маңызды сабақ аламыз: біз Ехобаға деген адалдығымызды бәрінен жоғары қоюымыз керек. Ехобаға ғибадат етпейтін туыстарымызға жағу үшін біз ұстанып жүрген нормаларымызды ешқашан төмендетпейміз. Сондай-ақ байлыққа сенім артпаймыз және бейтараптығымыздан тайып, Ехобаға ғана тиесілі адалдығымызды адами үкіметтерге танытпаймыз.

8 13, 14-тарау: Биік таудың басында орналасқан ғибадатхана туралы аяннан білгеніміздей, біз Ехобаның басқа құдайлардан асқақ екенін түсініп, оның жоғары нормаларына сай өмір сүруге тиіспіз (Езек. 40:1—48:35).

9 15-тарау: Ехобаның Исраил мен Яһуданы жезөкшелерге теңегені рухани азғындық ол үшін қаншалықты жеркенішті екенін есімізге салады (Езек. 16, 23-тар.).

2-тақырып: Таза ғибадатымызда бірлік сақтау

10—14. Бұл басылымда таза ғибадатымызда бірлік сақтауымыз керектігіне қалай назар аударылды?

10 8-тарау: Халқына қамқор болатын “бір бағушы” тағайындайтыны туралы Ехобаның уәдесі мынаған назар аударады: бәріміз Исаның қол астында бірлік пен татулықта қызмет етуіміз керек (Езек. 34:23, 24; 37:24—28).

11 9-тарау: Құдай халқының Бабыл тұтқындығынан азат болып, өз елдеріне оралатыны жайлы пайғамбарлықтардың астарында Ехобаны қуантқысы келетін мәсіхшілер үшін маңызды хабар жатыр. Ехобаға таза ғибадат ететіндер жалған діннен шығып, оның арамдайтын ықпалынан аулақ жүрулері керек. Түрлі нәсілден, діннен, экономикалық әрі әлеуметтік жағдайы әртүрлі ортадан шыққанымызға қарамастан, Құдай халқы ретінде бізді басқалардан ерекше етіп тұрған бірлігімізді сақтауымыз керек (Езек. 11:17, 18; 12:24; Жох. 17:20—23).

12 10-тарау: Қурап қалған сүйектерге жан біткені туралы аян бірлікке көңіл бұрады. Тазарған әрі қалпына келген ғибадат етушілердің арасында болып, бір әскер ретінде жұмыла еңбектену — неткен зор мәртебе! (Езек. 37:1—14).

13 12-тарау: Екі таяқтың бірігуіне қатысты пайғамбарлық бірлікке ерекше назар аударады. Майланғандар мен басқа қойлардың осы пайғамбарлықтың орындалуына үлес қосып жатқаны сенімімізді қайрайды. Діни және саяси жағынан жікке бөлінген осы дүниеде өмір сүрсек те, сүйіспеншілік пен адалдықтың арқасында бірлігіміз бұзылмайды (Езек. 37:15—23).

14 16-тарау: Сиясауыты бар кісі мен қолдарында шоқпары бар алты кісі туралы аянның астарында мынандай маңызды ескерту жатыр: зор алапатты таза ғибадат етушілер ретінде өткеретіндер ғана құтқарылу таңбасы қойылатындардың қатарында болады (Мат. 24:21; Езек. 9:1—11).

3-тақырып: Өзгелерге сүйіспеншілік таныту

15—18. Неге біз әрі қарай да сүйіспеншілік таныта беруіміз керек және мұны қалай істей аламыз?

15 4-тарау: Төрт тіршілік иесі туралы аяннан Ехобаның қасиеттері, соның ішінде ең негізгі қасиеті — сүйіспеншілік жайлы білдік. Сөзіміз бен іс-әрекетімізден сүйіспеншілік есіп тұрса, біздің Құдайымыз Ехоба екенін көрсетеміз (Езек. 1:5—14; Жох. 1-х. 4:8).

16 6, 11-тарау: Ехоба сүйіспеншіліктің Құдайы болғандықтан, ол Езекиел сияқты күзетшілерді тағайындап отырған. Ехоба Шайтанның жердегі билігіне балта шабылған кезде бірде-бір адам жойылмаса екен дейді (Пет. 2-х. 3:9). Біз бүгіндегі күзетшілердің іс-шарасын қолдау арқылы Ехобаның сүйіспеншілігін паш ете аламыз (Езек. 33:1—9).

17 17, 18-тарау: Ехоба көп адам оның рақымын елемейтінін және оған ғибадат ететіндерді жойып жіберуге тырысатынын біледі. “Магог жеріндегі Гог” шабуылдаған кезде, Ехобаның сүйіспеншілігі оған адалдық сақтап жүрген халқын қорғауға қозғау салады. Біз де өзгелерді жақсы көргендіктен, мүмкіндігінше көп адамды ескертуге талпынамыз. Біз халқына қысым жасайтындарды Ехоба жақында жоятынын айтып ескертеміз (Езек. 38:1—39:20; Сал. 2-х. 1:6, 7).

18 19, 20, 21-тарау: Тіршілік дарытатын өзен және жердің бөлінуі туралы аяндардан Ехобаның адамзатқа деген сүйіспеншілігі анық көрінеді. Бұл аяндар Ехобаның өз Ұлын құрбандыққа беріп, зор сүйіспеншілік танытқаны қандай игілік әкелгенін анық көрсетеді. Осы құрбандықтың арқасында күнәларымыз кешіріледі және Құдай отбасының мүшелері ретінде кемелді өмірдің рақатын көре аламыз. Адамдарға деген сүйіспеншілігімізді көрсетудің ең басты жолы — Ұлына сенетіндерге Ехобаның қандай тамаша болашақ дайындап қойғаны жайлы өзгелерге айту (Езек. 45:1—7; 47:1—48:35; Аян 21:1—4; 22:17).

Асқан кішіпейілділіктің көрінісі

19. Мыңжылдық патшалықтың тұсында Иса не істейді? (“Соңғы сынақтан өту” деген қоршауды да қараңыз.)

19 Мыңжылдық патшалықтың тұсында Иса өмірден өткен сан миллиардтаған адамды қайта тірілтіп, “өлім” атты жаудың аяусыз салған жарасын жазады (Қор. 1-х. 15:26; Мар. 5:38—42; Ел. іс. 24:15). Тарихқа үңілсек, оның әрбір парағы адамзаттың қайғылы да азалы өмірінен сыр шертетін оқиғаларға толы екенін көреміз. Ал Иса осы қасіретті оқиғалардың бәрін өшіріп, қайта тірілген әрбір ұрпақтың адамдарына өмірді жаңа парақтан бастауға әрі өз тарихтарын тамаша оқиғаларға толтыруға мүмкіндік береді. Иса төлем құрбандығын негіз етіп, ауру, соғыс, апат пен аштықтың тигізген зардабын түгелдей жоқ қылады. Сондай-ақ ол бізге бар азабымыздың түптамырын — Адам атадан мұра болып қалған күнәні — жоюға көмектеседі (Рим. 5:18, 19). Иса “Ібілістің істерін талқандап”, түгін қалдырмайды (Жох. 1-х. 3:8). Содан кейін не болады?

Қайта тірілгендер өмірлерін жаңа парақтан бастайды

20. Иса мен 144 000 билеуші қалай асқан кішіпейілділік танытады? (Тараудың басындағы суретті қараңыз.)

20 Қорынттықтарға 1-хат 15:24—28 оқыңыз. Бүкіл адамзат кемелді өмірге жетіп, жер беті Ехоба о баста ниет еткен жұмаққа айналғаннан кейін, Иса мен 144 000 билеуші асқан кішіпейілділік танытады: олар Патшалықты Ехобаның өзіне табыстайды. Мың жыл бойы құзырларында болған билікті олар өз еріктерімен тапсырады. Патшалықтың әкелген барлық игіліктері болса мәңгілікке ұласатын болады.

Соңғы сынақ

21, 22. а) Мыңжылдықтың соңында жер беті қандай болады? ә) Ехоба Шайтан мен оның жын-перілерін не үшін босатады?

21 Бұдан кейін Ехоба өзінің жердегі халқына қаншалықты сенім артатынын көрсетіп, бір жағдайдың орын алуына жол береді. Ол мың жыл бойы түпсіз тұңғиықта болған Шайтан мен оның жын-перілерін бостандыққа шығарады (Аян 20:1—3 оқыңыз). Олардың бұл жолы көретін әлемі бұрынғыдан мүлдем өзгеше болады. Себебі Армагеддонға дейінгі әлемде адамзаттың басым бөлігі Шайтанның арбауына еріп, жеккөрушілік пен алалаушылықтың кесірінен жік-жікке бөлініп кеткен болатын (Аян 12:9). Ал мыңжылдықтың соңында бүкіл адамзат Ехобаға бірлігі жарасқан бір отбасындай ғибадат етеді. Жер беті татулықтың нұрына бөленген жұмаққа айналады.

22 Шайтан мен оның жын-перілері сияқты қылмыскерлерді Ехоба тазарған жер бетіне не үшін босатады? Себебі мыңжылдықтың соңында өмір сүріп жатқандардың арасында Ехобаға деген адалдықтары ешқашан сыналмаған адамдар болады. Олар Ехобаны білмей өмірден өтіп, кейін жұмақта қайта тірілгендер. Ехоба оларды тірілткен кезде барлығын рухани жағынан да, тәндік жағынан да қамқорлайды. Олар жаман орта дегенді білмей, тек Ехобаны сүйетін әрі оған ғана қызмет ететін адамдардың арасында болады. Шайтан Әйүптің ниетіне шек келтіргендей, бұл адамдардың да ниетіне шек келтіріп, оларды Құдай қорғап, батасын төгіп отырғандықтан ғана оған қызмет етеді деп айыптауы мүмкін (Әйүп 1:9, 10). Ехоба есімімізді өмір кітабына біржолата жазбас бұрын, бізге Әкеміз әрі Билеушіміз ретінде оған адал екенімізді толық дәлелдеуге мүмкіндік береді (Аян 20:12, 15).

23. Әрбір адам қандай таңдау алдында тұратын болады?

23 Өзіне берілген қысқа уақыттың ішінде Шайтан адамзатты азғырып, оларды Құдайдан бұрып әкетуге тырысады. Осы сынақта әрбір адам Адам мен Хауа сияқты таңдау алдында тұратын болады. Олар Ехобаның нормаларын мойындап, билігін қолдап, оған ғибадат етеді, я болмаса Ехобаға қарсы шығып, Шайтанды қолдайды.

24. Бүлік шығаратындар неге “Гог пен Магог” деп аталады?

24 Аян 20:7—10 оқыңыз. Мыңжылдықтың соңында бүлік шығаратындар “Гог пен Магог” деп аталады. Бұл бүлікшілер Езекиелдің пайғамбарлығындағы адамдар, яғни зор алапатта Құдай халқына шабуылдайтын адамдар сияқты әрекет етеді. Есімізде болса, “Магог жеріндегі Гог” деп аталған сол топ Ехобаның билігіне қарсы шыққан түрлі халықтардан тұрған еді (Езек. 38:2). Мәсіхтің билігінің соңында бүлік шығаратындар да “халықтар” ретінде суреттелген. Бұл — өте қызықты жайт. Өйткені мыңжылдық биліктің тұсында ешкім ешқандай халыққа бөлінбейді. Барлық адамдар бір үкіметтің, Құдай Патшалығының, азаматтары болып, бір рухани халықты құрайтын болады. Бұл бүлікшілердің Аян кітабында “Гог пен Магог” және “халықтар” деп аталғанына қарап, Шайтан Құдайға ғибадат ететін кейбір адамдардың арасына іріткі салып, жік-жікке бөлетінін көруге болады. Бірақ ешкім ешкімді Шайтанның жағына шығуға мәжбүрлемейді. Әрбір кемелді адам өзі үшін өзі таңдау жасайды.

“Гог пен Магог” деп аталатын бүлікшілер (24-абзацты қараңыз)

25, 26. Шайтанның жағына қанша адам шығады және олармен не болады?

25 Шайтанның жағына қанша адам шығады? “Олардың саны теңіз құмының қиыршығындай” болады. Бұл сөздер адамзаттың басым бөлігі бүлік шығарады дегенді білдірмейді. Неге бұлай дейміз? Ехобаның Ыбырайымға берген уәдесін алайықшы. Ол Ыбырайымның ұрпағы “теңіз жағасындағы құм қиыршықтарындай көбейетінін” айтқан (Мұс. 1-ж. 22:17, 18). Десе де оның ұрпағын құрайтындардың саны бар болғаны 144 001 болды (Ғал. 3:16, 29). Әрине, бұл — көп сан. Бірақ бүкіл адамзаттың санының қасында өте аз. Тура сол сияқты, Шайтанның жағына шығатындардың да саны салыстырмалы түрде соншалықты көп болмайды. Сондықтан бүлікшілер Ехобаның адал қызметшілеріне аса қауіп төндіре алмайды.

26 Ехоба бүлік шығарғандарды тез-ақ құртып жібереді. Олар Шайтанмен және оның жын-перілерімен бірге біржола жойылып кетеді. Тек олардың жасаған жаман таңдаулары мен соның кесірінен тартқан салдары ғана мәңгілікке есімізде қалатын болады (Аян 20:10).

27—29. Соңғы сынақтан адал өткендерді қандай болашақ күтіп тұр?

27 Ал соңғы сынақтан адал өткендердің есімдері “өмір кітабына” біржолата жазылады (Аян 20:15). Тек Ехоба ғана лайық болғандықтан, оның адал ұл-қыздарының бәрі бір отбасы ретінде тек оған ғана ғибадат ететін болады.

28 Сізді болашақта қандай тамаша өмір күтіп тұрғанын ойлап көріңізші! Сіз әрбір еңбегіңіздің жемісін көретін боласыз, ішкі әлеміңізді байытатын достарыңыз болады. Өзіңіз де, жақындарыңыз да ешқашан қасірет шекпейді. Бұдан былай Ехобаның алдында келістіруші арқылы емес, кемелді, күнәсіз күйде өзіңіз тұратын боласыз. Әр адамның Құдаймен достығының ешбір шегі болмайды. Бәрінен де маңыздысы — көктегілер де, жердегілер де кемелді түрде таза ғибадат ететін болады. Сол кезде таза ғибадат түбегейлі қалпына келеді!

Кемелділікке жеткенде, Ехобаның алдында ешбір келістірушісіз, мінсіз күйде өзіңіз тұратын боласыз (28-абзацты қараңыз)

29 Осы таңғажайып өмірді сіз көресіз бе? Егер Езекиел кітабындағы негізгі үш жайтты әрі қарай да істей берер болсаңыз, міндетті түрде көресіз. Олар: 1) Ехобаға қалтқысыз берілгендік таныту, 2) таза ғибадатымызда бірлік сақтау және 3) өзгелерге сүйіспеншілік көрсету. Езекиелдің пайғамбарлықтарынан тағы бір ақырғы әрі өте маңызды жайтты білеміз. Ол қандай жайт?

Ақырында көктегі мен жердегі жаратылыстардың бәрі бірлікте таза ғибадат етіп, зор шаттыққа кенеледі (27—29 абзацтарды қараңыз)

“Ехоба екенімді білетін болады”

30, 31. а) “Олар менің Ехоба екенімді білетін болады” деген сөздер Құдайдың жаулары үшін нені білдіреді? ә) Ал Құдайдың халқы үшін нені білдіреді?

30 Езекиел кітабында Құдайдың “олар менің Ехоба екенімді білетін болады” деген сөздері қайта-қайта кездеседі (Езек. 6:10; 39:28). Бұл сөздер Құдайдың жаулары үшін соғыс пен өлімді білдіреді. Олар Ехобаның бар екенін мойындап қана қоймай, оның ұлы есімінің “ол болғызады” деген мағынасын түсінуге мәжбүр болады. “Әскербасы Ехоба” жауларымен “мықты жауынгер” ретінде шайқасады (Сам. 1-ж. 17:45; Мұс. 2-ж. 15:3). Олар Ехоба жайында мына маңызды шындықты тым кеш түсінеді: Ехобаға өз ниетін жүзеге асыруға еш нәрсе кедергі бола алмайды.

31 Ал Құдай халқы үшін “олар менің Ехоба екенімді білетін болады” деген сөздер бейбітшілік пен өмірді білдіреді. Болғызушы Құдай Ехоба о бастағы ниетіне сай, бізді ұл-қыздары ретінде оның қасиеттерін кемелді түрде танытатындай етеді (Мұс. 1-ж. 1:26). Қазірдің өзінде Ехоба бізді Әкеміз ретінде жақсы көріп, Бағушымыз ретінде қорғап жүр. Ал алдағы уақытта ол Патшамыз ретінде жеңіске жететін болады. Сол уақыт келгенше, Езекиелдің пайғамбарлығын жүрегімізге тоқып алып, әр күні Ехобаның кім екенін әрі оның қандай екенін білетінімізді сөзімізбен де, ісімізбен де көрсете берейік. Сонда зор алапат басталғанда, еш қорықпайтын боламыз. “Құтқарылуымыздың жақын” екенін білгендіктен, еңсемізді түзеп, басымызды көтеріп тұрамыз (Лұқа 21:28). Ал әзірге барлық адамдарға барып, ғибадат етуге лайық Құдайды әрі ең ұлы есімнің иесі — Ехобаны танып-біліп, оны жақсы көруге көмектесе берейік (Езек. 28:26).

^ 5-абзац Мұндағы тараулар осы басылымның тарауларына нұсқайды.