Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

21-ТАРАУ

“Бұл қала “Ехоба сол жерде” деп аталатын болады”

“Бұл қала “Ехоба сол жерде” деп аталатын болады”

ЕЗЕКИЕЛ 48:35

ОЙБАҒДАР: Қала мен тартудың мағынасы

1, 2. а) Аянда жер телімі қандай мақсатпен бөлінді? (Мұқабадағы суретті қараңыз.) ә) Бұл аян жер аударылған яһудилерді не нәрсеге сендірді?

ЕЗЕКИЕЛ соңғы аянында арнайы бір мақсат үшін бөлінген жер телімін көрді. Бұл жер телімі Исраил руларының үлесіне берілу үшін емес, Ехобаға тарту ретінде ұсынылу үшін бөлінген. Тағы бұл аянда Езекиел аты ерекше бір керемет қаланы көрді. Аянның дәл осы тұсы жер аударылған яһудилерді ең маңызды нәрсеге — сүйікті атамекендеріне оралғанда, Ехоба олармен бірге болатынына — сендірді.

2 Ехобаға тарту етілген жер телімін Езекиел егжей-тегжейлі суреттеді. Осы үзіндінің Ехобаның бүгіндегі шынайы ғибадат етушілері үшін зор мәні бар болғандықтан, қазір оны жан-жақты қарастырып көрейік.

Киелі тарту және қала

3. Ехоба бөлген арнайы жер телімі қандай бес бөліктен тұрды және олар қандай мақсатпен бөлінді? (“Тарту ретінде бөліп қойыңдар” деген қоршауды қараңыз.)

3 Арнайы мақсат үшін бөлінген жер телімінің ортасында ені де, ұзындығы да 25 000 шынтақ (13 км) болатын жер болды. “Тарту” деп аталатын бұл төртбұрышты жер көлденеңінен жатқан үш бөліктен тұрды. Жоғарғы бөлігі леуіліктерге, ал ортаңғы бөлігі ғибадатхана мен діни қызметкерлерге арналды. Бұл екі бөлік “киелі тарту” деп аталды. Ал төмендегі бөлік, яғни “қалған жер” жалпы қолданысқа берілді. Бұл жер қала үшін бөлінді (Езк 48:15, 20).

4. Ехобаға тарту етілген жер телімі жайлы аяннан қандай тәлім аламыз?

4 Ехобаға тарту етілген жер телімі жайлы бұл аяннан қандай тәлім аламыз? Ехоба алдымен тарту ретінде ұсынылатын жерді, содан кейін ғана рулардың жерін бөлген. Бұнымен ол осы рухани орталық бәрінен де жоғары тұру керектігін көрсетті (Езек. 45:1). Жердің осындай ретпен бөлінгеніне қарап, тұтқындағы яһудилер маңызды бір нәрсе түйсе керек. Олар Ехобаға ғибадат етуді өмірлерінде басты орынға қою керек болған. Бүгінде біз де Құдай Сөзін зерттеу, қауым кездесулеріне бару және уағыз ісіне қатысу сияқты рухани іс-шараларды бәрінен де маңызды санаймыз. Егер Ехобаға еліктеп, істерді дұрыс ретпен атқарсақ, ғибадатымыз күнделікті өмірімізде басты орында тұратын болады.

“Қала осы жердің ортасында орналасады”

5, 6. а) Қала кімнің меншігі еді? ә) Бұл қала нені білдірмейді және неге?

5 Езекиел 48:15 оқыңыз. Ал қала мен оның айналасындағы жер жайында аянда не айтылды? (Езек. 48:16—18). “Бұл бүкіл Исраил үйінің меншігі болады”,— деді Ехоба (Езек. 45:6, 7). Сондықтан бұл қала мен оның айналасындағы жер “Ехобаға арнап бөлінуі тиіс” “киелі тартуға” кірмеген (Езек. 48:9). Осы ерекшелікті есте ұстай отырып, осы қаладан не білуге болатынын көрейік.

6 Бірақ алдымен бұл қала нені білдірмейтінін қарастырып кетейік. Бұл қала ішінде ғибадатханасы бар қайта тұрғызылған Иерусалимді білдірмейді. Өйткені Езекиелдің аянындағы бұл қалада ғибадатхана болмаған. Сондай-ақ ол — қайта қалпына келген Исраилдегі басқа бір қала да емес. Өйткені елдеріне оралған яһудилер де, олардың үрім-бұтағы да аянда сипатталған осы қаланы ешқашан соқпаған. Аяндағы қала — көктегі қала да емес. Өйткені бұл қала “қасиетті емес жерде”, яғни жалпы қолданысқа берілген жерде тұрған. Бұл жер қасиетті ғибадатқа арнап бөлінген жерден қатты ерекшеленген (Езек. 42:20).

7. Езекиелдің көргені қандай қала және ол нені білдірсе керек? (Тараудың басындағы суретті қараңыз.)

7 Сонымен, Езекиелдің көргені нендей қала? Есімізде болса, ол бұл қаланы жер жайлы аянында көрген (Езек. 40:2; 45:1, 6). Ал бұл жер, Құдай Сөзінен көретініміздей, бейнелі мағынадағы жерді білдіреді. Сондықтан бұл қала да бейнелі мағынадағы қалаға нұсқаса керек. Әдетте біз қала деп нені айтамыз? Бұл адамдар шоғырланған әрі қандай да бір тәртіп пен жүйе орнаған жерді білдіреді. Ендеше, Езекиел көрген төрт жағы бірдей төртбұрышты қала өте жақсы ұйымдастырылған басқарма жүйесін білдіреді дей аламыз.

8. Бұл басқарма қай жерді басқарады және мұны қайдан білеміз?

8 Бұл басқарма қай жерді басқарады? Езекиелдің аянынан көруге болатындай, ол рухани жерді басқарады. Бұл басқарма бүгіндегі Құдай халқының іс-шараларына бағыт-бағдар береді. Ал қаланың қасиетті емес жерде, яғни жалпы қолданысқа берілген жерде тұрғаны неге нұсқайды? Бұл оның көктегі емес, жердегі басқармаға нұсқайтынын көрсетеді. Бұл басқарма рухани жұмақтың барлық тұрғындарының игілігі үшін қызмет етеді.

9. а) Жердегі басқарманы кімдер құрайды? ә) Иса мыңжылдық билігі кезінде не істейді?

9 Жердегі бұл басқарманы кімдер құрайды? Езекиелдің аянында қаланың істерін басқаратын “басшы” туралы айтылады (Езек. 45:7). Ол халыққа жетекшілік еткен. Алайда ол діни қызметкер де, леуілік те емес еді. Бұл басшы бүгінде қауымдағы рухпен майланбаған бақылаушыларды есімізге салар. “Басқа қойларға” жататын жердегі бұл қамқор бағушылар Мәсіхтің көктегі үкіметінің кішіпейіл қызметшілері болып табылады (Жох. 10:16). Мыңжылдық билігі кезінде Иса үлгілі ақсақалдарды, яғни “бекзадаларды” таңдап, оларды “бүкіл жержүзіне” тағайындайды (Зәб. 45:16). Көктегі Патшалықтың жетекшілігімен олар мың жыл бойы Құдай халқының қамы үшін қызмет етеді.

“Ехоба сол жерде”

10. Қала қалай аталған және бұл атау қандай сенімділік берді?

10 Езекиел 48:35 оқыңыз. Аяндағы қала “Ехоба сол жерде” деп аталған. Бұл атау мынаған сенімділік берді: қалада Ехобаның бар екені сезіліп тұрмақ еді. Қалпына келген жердің ортасында орналасқан бұл қаланы аянда көрсетуімен Ехоба жер аударылған яһудилерге: “Мен қайтадан сендермен бірге боламын!”— дегендей болды. Сенімділік беретін бұдан асқан қандай кепілдік болуы мүмкін?!

11. Езекиелдің қала туралы аянынан және қаланың мағынаға толы атынан не түйеміз?

11 Езекиелдің пайғамбарлығының осы тұсынан не түйсек болады? Басқарма жүйесін білдіретін бұл қаланың аты бүгіндегі Құдай қызметшілерін мына жайтқа нық сендіреді: Ехоба қазірдің өзінде жердегі қызметшілерінің арасында, әрі ол мәңгілік бойы да араларында бола бермек. Мағынаға толы бұл атау тағы мына бір маңызды шындыққа назар аударады: басқарма жүйесін білдіретін қаланың соғылған мақсаты — адамдарға билік беру емес, Ехобаның сүйіспеншілік пен парасаттылыққа толы шараларын іске асыру. Мысалы, Ехоба қаладағы басқармаға жерді өз қалағандарынша бөлуге билік бермеген. Қызметшілерінің бәріне, өте қарапайым дегендеріне де, рухани жерден орын беретін — оның өзі. Ехоба олардың сол орындарына басқармадағылар құрметпен қарайды деп күтеді (Нақ. с. 19:17; Езек. 46:18; 48:29).

12. а) Қаланың тағы қандай ерекше тұсы бар және бұл нені көрсетеді? ә) Қаланың осы тұсы мәсіхші бақылаушылар үшін қандай маңызды ескерту болып табылады?

12 “Ехоба сол жерде” деп аталатын қаланың тағы қандай ерекше тұсы бар? Ежелгі қалалардың қорғаныс үшін соғылған дуалдарында қақпалар мүмкіндігінше аз болған. Бірақ бұл қаланың 12 қақпасы болды! (Езек. 48:30—34). Қақпалардың осынша көп болғаны (төртбұрышты қаланың әр жағында үш-үш қақпадан болған) Құдайдың барлық қызметшісі басқармадағыларға кез келген уақытта әрі емін-еркін бара алғанын көрсетеді. Ал қақпаның саны 12 болғаны қаланың есігі “бүкіл Исраил үйіне”, яғни әрбір адамға ашық болғанын көрсетеді (Езек. 45:6). Бұл жайт мәсіхші бақылаушылар үшін маңызды ескерту болып табылады. Ехоба рухани жұмақта өмір сүріп жатқандардың бәрі оларға кез келген уақытта әрі емін-еркін жақындай алғанын қалайды.

Біз қауымдағы бақылаушыларға кез келген уақытта әрі емін-еркін жақындай аламыз (12-абзацты қараңыз)

Халықтың ғибадат ету үшін және қалаға қызмет көрсету үшін келуі

13. Ехоба аянда қандай қызметшілерді атап өтті?

13 Қазір Езекиелдің заманына оралып, жерді бөлу туралы аянның басқа да тұстарына көңіл бұрайық. Аянда Ехоба түрлі қызмет атқарып жүрген адамдарды атап өткен. Біріншісі — “ғибадатхана қызметшілері”. Олар құрбандықтар шалып, “Ехобаның алдында қызмет ететін діни қызметкерлер”. Екіншісі де — “ғибадатхана қызметшілері”. Олар “ғибадатханадағы қызмет пен атқарылуы тиіс күллі жұмыстың қамын жейтін” леуіліктер (Езек. 44:14—16; 45:4, 5). Үшінші топ — қаланың айналасында қызмет ететін адамдар. Олар кімдер?

14. Қаланың айналасындағы қызметшілер бүгінде нені есімізге салады?

14 Қаланың айналасында қызмет етіп, қалаға қолдау көрсететін адамдар “Исраилдің күллі руларынан шыққан”. Оларға “қала жұмысшыларын ас-сумен қамтамасыз ету үшін” егін өсіру тапсырылған (Езек. 48:18, 19). Бұл шара бүгінде рухани жұмақтың барлық тұрғындарында бар бір мүмкіндікті есімізге салады. Бұл — Мәсіхтің майланған бауырларының қызметіне және “ұлы жамағаттың” арасында жетекшілік етуге тағайындалған ер адамдардың қызметіне қолдау көрсету мүмкіндігі (Аян 7:9, 10). Оларға қолдау көрсетудің ең басты жолы — адал да ақылды құлдың берген нұсқауларын шын жүректен ұстану.

15, 16. а) Езекиелдің аянының қызметімізге қатысты тағы бір тұсы қандай? ә) Езекиелдің аянындағы адамдар сияқты біздің де қандай шараларға атсалысуға мүмкіндігіміз бар?

15 Езекиелдің аянының қызметімізге қатысты тағы бір тұсы бар. Қандай? Ехоба леуіліктер әулетіне жатпайтын 12 рудың адамдары ғибадатхана ауласында және қаланың жайылымында жүретінін айтқан. Олар бұл екі жерде не істеген? Ғибадатхананың ауласына барлық рудың адамдары келіп, Ехобаға құрбандықтар ұсынып, “ғибадат еткен” (Езек. 46:9, 24). Ал қаланың жайылымында олар жер өңдеп, қалаға қолдау көрсеткен. Бұл адамдардан біз не нәрсеге үйрене аламыз?

16 Бүгінде ұлы жамағатқа жататындар да Езекиелдің аянындағы адамдар сияқты екі шараға атсалысады. Олар мадақтау құрбандықтарын ұсынып, Ехобаға “оның ғибадатханасындағибадат етеді (Аян 7:9—15). Олар мұны уағыз ісіне қатысу арқылы және қауым кездесулерінде түсініктеме беру, мадақ әндерін шырқау арқылы істейді. Ехобаға осылай ғибадат етуді олар ең басты міндет деп санайды (Шеж. 1-ж. 16:29). Бұдан бөлек, Құдай қызметшілерінің көбісі түрлі жолдармен Құдай ұйымына қолдау көрсетеді. Мысалы, олар Патшалық сарайлары мен Бетел ғимараттарын соғуға және жөндеуге көмектеседі, сондай-ақ Ехобаның ұйымындағы түрлі жобаларды іске асыруға қолғабыс етеді. Басқалары болса, мұндай жобаларға ерікті садақаларымен қолдау көрсетеді. Жерді өңдеуге жататын бұл істердің бәрін олар “Құдайды дәріптеу” үшін істейді (Қор. 1-х. 10:31). Олар өздеріне жүктелген істі құлшына әрі қуанышпен атқарады, өйткені “мұндай құрбандықтар Құдайға ұнамды” екенін біледі (Евр. 13:16). Ал сіз осы мүмкіндіктерді барынша пайдаланып жүрсіз бе?

Қала қақпаларының айналасында атқарылып жатқан істерден біз не түйеміз? (14—16 абзацтарды қараңыз)

“Жаңа аспан мен жаңа жерді күтудеміз”

17. а) Ехобаға арнап бөлінген тарту жайлы аян кең көлемде қалай орындалады? ә) Мыңжылдық билік кезінде басқарма жүйесінің игілігін кімдер көреді?

17 Ехобаға арнап бөлінген тарту жайлы аян болашақта кең көлемде орындала ма? Иә! Есімізде болса, Езекиел “Ехобаның ғибадатханасы” орналасқан “киелі тарту” жердің ортасында орналасқанын көрген еді (Езек. 48:10). Бұл бізге Армагеддоннан кейін, жердің қай бұрышында жүрсек те, Ехоба арамызда болатынына сенімділік береді (Аян 21:3). Қала ретінде бейнеленген басқарма жүйесі, яғни Құдай халқының игілігі үшін жер бетінде қызмет етуге тағайындалатындар Исаның мыңжылдық билігі кезінде бүкіл жержүзін басқаратын болады. Олар “жаңа жерге”, яғни Құдайдың ықыласына ие болған адамдардың бәріне сүйіспеншілікпен жетекшілік етіп, бағыт-бағдар береді (Пет. 2-х. 3:13).

18. а) Жердегі басқарма жүйесі Құдайдың билігімен үйлесімді түрде әрекет ететініне неге сенімді бола аламыз? ә) Қаланың аты бізге қандай сенімділік ұялатады?

18 Қала ретінде бейнеленген басқарма жүйесі Құдайдың билігімен әрдайым үйлесімді түрде әрекет ететін болады. Бұған неге сенімді бола аламыз? Өйткені 12 қақпасы бар жердегі бұл қала 12 қақпасы бар көктегі қаланың, яғни Мәсіх Патша мен 144 000 билеушіден тұратын жаңа Иерусалимнің көрінісі екенін Киелі кітап анық көрсетеді (Аян 21:2, 12, 21—27). Осыған қарап, жердегі басқарма көктегі Құдай Патшалығы шығарған шешімдерден аспай, оларды мұқият жүзеге асыратынына сенімді бола аламыз. Иә, қаланың “Ехоба сол жерде” деген аты әрбірімізге мынадай сенімділік ұялатады: таза ғибадат мызғымай тұрады және жұмақта ол мәңгілік бойы өркендей береді. Бізді неткен тамаша болашақ күтіп тұр!