Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

9-ТАРАУ

“Мен оларға біртұтас жүрек беремін”

“Мен оларға біртұтас жүрек беремін”

ЕЗЕКИЕЛ 11:19

ОЙБАҒДАР: Құдайдың қайта қалпына келтіру шарасы және сол туралы пайғамбарлықтардың Езекиел кітабында өрбуі

1—3. Бабылдықтар Ехобаның қызметшілерін қалай келеке-мазақ еткен және неге?

ӨЗІҢІЗДІ бір сәтке Бабылда тұрып жатқан яһуди сияқты елестетіп көріңізші. Халқыңыздың жер аударылғанына, міне, жарты ғасырдай уақыт болды. Сіз әдеттегідей Демалыс күні басқа да адал яһудилермен бірге Ехобаға ғибадат ету үшін кездесуге бара жатырсыз. Ығы-жығы көшелермен жүріп, үлкен ғибадатханалар мен сансыз көп қасиетті орындардың қасынан өтесіз. Сол жерлерде адамдар абыр-сабыр болып, Мардук сияқты тәңірлеріне құрбандықтар шалып, мадақтау әндерін айтып жатыр.

2 Сол адамдардан жырақ кетіп, оқшау бір жерде кішкентай топпен қауышасыз *. Қаладағы су каналдарының біріне келіп, жағасында бәріңіз бірге дұға етіп, мадақ жырларын айтып, Құдай Сөзіне ой жүгіртіп отырсыздар. Дұға айтылып жатқанда, жағалаудағы қайықтардың сықырлаған дыбысы ғана естіледі. Сіз осындай тып-тыныш жер табылғанына іштей қуанып қоясыз. Бірақ жергілікті біреулер байқап қалып, әдеттегідей кездесудің берекесін қашырып жүрмесе екен деген уайымыңыз да бар. Сонда олар кездесуді не үшін бұзғысы келеді?

3 Бабылдықтар көптеген соғыстарда жеңіске жетіп, талай жауларын тізе бүктірген. Олар соның бәрі өз тәңірлерінің арқасы деп біледі. Ал енді олар Иерусалимнің жермен-жексен болғанына қарап тәңірлері Мардук Ехобадан әлдеқайда күшті дегенге сенімді. Сол үшін де олар сіздің Құдайыңызды да, оның халқын да күлкі-мазақ етеді. Кейде мысқылдап: “Сионның бір әнін шырқап беріңдер”,— деп талап етеді (Зәб. 137:3). Зәбүр жырларының көбісі Сионның жеңісі, яғни Ехобаның жауларын талқандаған Иерусалимнің жеңісі жайлы. Бабылдықтар әсіресе сол жырларды келеке еткенді ұнататын тәрізді. Оның үстіне, басқа жырларда бабылдықтардың өздері жайында айтылады. Солардың бірінде былай делінген: “Ұлттар... Иерусалимді бір төбе үйіндіге айналдырды... Маңайымыздағылар мазақтап, күлкі етті” (Зәб. 79:1, 3, 4).

4, 5. Езекиел үміт беретін қандай пайғамбарлық жазған және осы тарауда нені қарастырамыз? (Тараудың басындағы суретті қараңыз.)

4 Бабылдықтар аз болғандай, жолдан тайған яһудилер де Ехоба мен оның пайғамбарларына деген сеніміңізді күлкіге айналдырып, мазақ етеді. Соның бәріне қарамастан, өзіңіз де, отбасыңыз да таза ғибадат етуден жұбаныш тауып жүрсіздер. Бауырларыңызбен бірге дұға етіп, бірге мадақ әндерін шырқау көңіліңізді марқайтады. Ал Құдай Сөзін оқу жаныңызға жай береді (Зәб. 94:19; Рим. 15:4). Бүгін тобыңыздағы біреу кездесуге бір шиыршық ала келіпті. Онда Езекиелдің пайғамбарлықтары жазылыпты. Осы пайғамбарлықтар оқылып жатқанда, Ехобаның өз халқын отанына қайтаратыны жайлы уәдесін естисіз. Бұл уәде құлағыңызға майдай жағып барады. Күндердің күнінде отбасыңызбен бірге өз еліңізге оралып, қайта қалпына келтіру шарасына үлес қосатыныңызды ойласаңыз, жүрегіңіз тебіреніп қоя береді.

5 Езекиел айтқан пайғамбарлықтар Құдайдың қайта қалпына келтіру шарасы жайлы уәделерге тұнып тұр. Қазір соларға біраз тоқталайық. Бұл уәделер жер аударылған яһудилердің кезінде қалай орындалды? Ал біздің заманымызға қандай қатысы бар? Бұдан бөлек кейбір пайғамбарлықтардың болашақта ақырғы рет орындалатынына да тоқталамыз.

“Олар жер аударылып, тұтқын болады”

6. Ехоба бүлікшіл халқын қалай ескертіп отырды?

6 Ехоба халқын бүлікшілдігі үшін қалай жазалайтынын Езекиел арқылы анық айтты. Ехоба: “Олар жер аударылып, тұтқын болады”,— деді (Езек. 12:11). Осы кітаптың 6-тарауынан білгеніміздей, Езекиел бұл үкімді тіпті қойылым ретінде көрсеткен. Алайда мұндай ескертулер бірінші рет айтылып жатқан жоқ-тын. Ехоба сонау Мұсаның кезінен бастап, яғни осыдан шамамен мың жыл бұрын халқын ескертіп, бүлікшіл, қыңыр болуларын қоймаса, түбінде өзге елге айдалатындарын айтқан (Мұс. 5-ж. 28:36, 37). Мұндай ескертулерді Ишая мен Еремия пайғамбарлар да айтқан (Ишая 39:5—7; Ерм. 20:3—6).

7. Ехоба халқын қалай жазалады?

7 Бірақ бұл ескертулерді халық құлағына ілмеді. Бұған Ехобаның жүрегі қатты ауырды. Жаман бағушылардың ықпалымен халық бүлік шығарып, опасыздық жасап, пұттарға табынып, әбден бүлінді. Сондықтан Ехоба оларды аштыққа ұшыратты. “Ағы мен балы ағыл-тегіл мол” жерде аштықтан азап шеккені халық үшін нағыз масқара еді, әрі осыдан олардың Құдайдың ықыласынан айырылғаны анық көрінді (Езек. 20:6, 7). Сөйтіп, өзі ұзақ уақыт бұрын ескерткендей, Ехоба қыңыр халқының жер аударылып кетуіне жол берді. Б. з. б. 607 жылы Бабыл патшасы Навуходоносор Иерусалимге соңғы рет шабуылдап, қала мен ондағы ғибадатхананың тас-талқанын шығарды. Ал аман қалған мыңдаған яһуди Бабылға айдалды. Сол жерде олар, осы тараудың басында айтылғандай, келеке-мазаққа қалып, қуғынға ұшырады.

8, 9. Құдай жолдантаюшылыққа қатысты мәсіхшілер қауымына қандай ескертулер айтты?

8 Бабылдағы яһудилер мен Исаның ізбасарларының арасында қандай ұқсастық болды? Ежелгі яһудилерге сияқты, I ғасырдағы мәсіхшілерге де алдын ала ескертулер берілді. Жердегі қызметінің басында Иса оларға: “Жалған пайғамбарлардан сақтанып жүріңдер! Олар сендерге қой терісін жамылып келеді, бірақ шын мәнінде олар аш қасқырлар”,— деген (Мат. 7:15). Жылдар өте елші Пауыл да рухтың жетелеуімен осыған ұқсас ескерту айтып: “Мен кеткен соң, араларыңа зұлым қасқырлар кіріп, отарды аямайтынын білемін. Сондай-ақ шәкірттерді өздерімен әкету үшін өз іштеріңнен де жалған ілімдерді тарататындар шықпақ”,— деген (Ел. іс. 20:29, 30).

9 Сол кездегі мәсіхшілерге осындай адамдарды анықтап, олардан сақтану үшін не істеу керектігі де айтылды. Ал ақсақалдарға жолдан тайғандарды қауымнан шығару туралы нұсқаулар берілді (Тім. 1-х. 1:19; Тім. 2-х. 2:16—19; Пет. 2-х. 2:1—3; Жох. 2-х. 10). Бірақ көп мәсіхшілер ежелгі исраилдіктер мен яһудилер сияқты, бұл ескертулерге бірте-бірте ден қоймай кетті. Сөйтіп, I ғасырдың соңына таман жолдантаюшылық қауымда тамыр жая бастады. Сол уақытта көзі тірі елшілердің соңғысы болған Жохан қауымның қалай бүлініп, онда бүлікшілдік рухының қалай жайлай бастағанын өз көзімен көрді. Ол жолдантаюшылықты тізгіндеп тұрған жалғыз елші еді (Сал. 2-х. 2:6—8; Жох. 1-х. 2:18). Ал ол қайтыс болған соң не болды?

10, 11. Исаның бидай мен арамшөп туралы астарлы әңгімесі II ғасырдан бастап қалай орындалды?

10 Елші Жоханның өлімінен кейін Исаның бидай мен арамшөп туралы астарлы әңгімесі орындала бастады (Матай 13:24—30 оқыңыз). Иса алдын ала айтқандай, Шайтан қауымның ішіне “арамшөптің”, яғни жалған мәсіхшіліктің тұқымын септі. Сөйтіп, қауымда жолдантаюшылық өршіп кетті. Пұтқа табынушылық, жалған діндердің салт-жоралары мен мейрамдары, құдайдан безген пәлсапашылар мен жалған діндердің ілімдері қауымды әбден ластады. Өзінің Ұлы Иса бастама берген қауымның осылай бүлінгені Ехобаға қаншалықты ауыр тиді десеңізші! Ол бұған қандай шара қолданды? Ехоба өз халқының ежелгі опасыз Исраил сияқты тұтқынға түсуіне жол берді. Б. з. II ғасырынан бастап бидай іспетті мәсіхшілер арамшөптей қаулаған жалған мәсіхшілердің арасында сиреп, білінбей кетті. Нәтижесінде олар жалған діндер империясына — Ұлы Бабылға тұтқын болды. Ал жалған мәсіхшілер болса осы бүлінген империямен біте қайнасып, өркендеп жатты. Осылай мәсіхшілер әлемі пайда болды.

11 Мәсіхшілер әлемі үстемдік еткен сол рухани қараңғы ғасырларда Исаның астарлы әңгімесінде айтылған “бидай” іспетті шынайы мәсіхшілер жоқ емес-тін. Езекиел 6:9-да айтылған жер аударылған яһудилер сияқты олар да шынайы Құдайды естеріне алды. Мәсіхшілер әлемінің жалған ілімдеріне тайсалмай қарсы тұрғандары да болды. Олар келеке-мазақ пен қуғынға ұшырады. Ехоба өз халқын жалған діндердің құрсауында біржолата қалдырып кетті ме? Жоқ. Ежелгі Исраилдің жағдайындағыдай, Ехоба қаһарын тиісті деңгейде, қажетті уақытқа дейін ғана төкті (Ерм. 46:28). Ол тіпті халқына үміт те берді. Қазір Бабылға жер аударылған ежелгі яһудилердің кезіне қайта оралып, Ехобаның оларға қандай үміт бергенін көрейік.

Ұлы Бабыл шынайы мәсіхшілерді ғасырлар бойы қуғындады (10, 11-абзацты қараңыз)

“Ашуымды басып, қаһарымды қайтарамын”

12, 13. Ехобаның жер аударылған халқына қайнаған қаһарынан қайтуының себебі неде?

12 Ехоба халқына ашуын төгетінін айтқанымен, әділ қаһары мәңгі жалғаспайтынын да уәде еткен еді. Мысалы, мына бір сөзінде ол: “Ашуымды басып, қаһарымды қайтарамын да, жаным жай табады. Қаһарымды төгіп біткенде, олар менің, яғни Ехобаның, мұны қалтқысыз берілгендікті талап еткендіктен айтқанымды білетін болады”,— деген (Езек. 5:13). Ехобаның қаһарынан қайтуының себебі неде?

13 Жер аударылған опасыз яһудилердің арасында адал жандар да болды. Бұған қоса, Ехоба тұтқында жүрген халқының кейбірі өкінетінін Езекиел арқылы айтқан. Өкінген бұл яһудилер Құдайға қарсы бүлік шығарғандары үшін және жеркенішті істермен айналысқандары үшін қатты ұялып, Ехобадан рақым етуін сұрап жалбарынбақ еді (Езек. 6:8—10; 12:16). Адал яһудилердің арасында Езекиелмен бірге Даниял мен оның үш досы да болды. Даниял ұзақ жасап, Бабылдағы тұтқындықтың қалай басталып, қалай біткенін өз көзімен көрді. Даниялдың Исраилдің күнәсі үшін қатты өкініп, опық жейтіні жайында шын жүректен айтқан дұғасы Даниял кітабының 9-тарауында жазылған. Бұл дұғасында ол өзінің ғана емес, Ехобаның кешіріміне зәру болған, оның батасын аңсаған тұтқындағы мыңдаған яһудидің сезімін жеткізді. Ал Құдай халқының азат болып, таза ғибадат қалпына келетіні жайлы Езекиел айтқан уәделерді естігенде, олар бір қанаттанып қалса керек!

14. Ехоба халқын отанына не үшін қайтармақ еді?

14 Алайда Ехобаның өз халқын азат етіп, таза ғибадатты қалпына келтіруіне себеп болған нәрсе бұл ғана емес еді. Ехоба оларды азат етілуге лайық болғандықтан емес, өз есімін барлық халықтардың алдында киелі ететін уақыты келгендіктен тұтқыннан босатпақ еді (Езек. 36:22). Ал бабылдықтар Мардук сияқты азғын да зұлым тәңірлері Әлемнің Әміршісі Ехобамен салыстыруға да келмейтінін біржолата түсінбек еді! Қазір Ехоба Езекиелге жер аударылған яһудилерге арналған қандай бес уәде жаздырғанына көңіл бұрайық. Біз алдымен адал яһудилердің кезінде осы уәделердің әрқайсысы қалай орындалғанына тоқталамыз. Сосын олардың кең көлемде қалай орындалғанына назар аударамыз.

15. Отанына оралған халықтың ғибадаты қандай болмақ еді?

15 1-УӘДЕ. Бұдан былай ешкім пұтқа табынбайды, жалған діннің жеркенішті істерімен де айналыспайды (Езекиел 11:18; 12:24 оқыңыз). Осы басылымның 5-тарауынан білгеніміздей, Иерусалим мен ондағы ғибадатхана жалған діннің істерімен арамдалған болатын. Пұтқа табынып кеткен халық әбден бүлініп, Ехобадан алыстап кеткен еді. Бірақ Ехоба жер аударылған халқына үміт беріп, келешекте қайтадан кіршіксіз таза ғибадат ететін уақыт келетінін Езекиел арқылы уәде етті. Ал Құдайдың қалпына келтіру шарасымен байланысты қалған баталардың бәрі осы негізгі жайтпен — таза ғибадаттың қалпына келуімен — тікелей байланысты еді.

16. Ехоба яһудилерге туған жерлеріне қатысты қандай уәде берді?

16 2-УӘДЕ. Халық өз отанына оралады. Ехоба жер аударылған яһудилерге: “Сендерді... жинап алып, Исраил жерін беремін”,— деді (Езек. 11:17). Оның бұл уәдесі өте ерекше уәде болды! Өйткені Құдайдың халқын табалаған бабылдықтар оларды елдеріне ешқашан жібермейтіндей көрінген еді (Ишая 14:4, 17). Халық отанына оралған соң адал болып қала берсе, құнарлы жерлері мол өнім беріп, олар еңбектерінің рақатын әрі қарай да көрмек еді. Аштықтан зардап шегіп масқара болу енді өткеннің елесі ғана болмақ еді (Езекиел 36:30 оқыңыз).

17. Ехоба құрбандықтарға қатысты қандай уәде берді?

17 3-УӘДЕ. Ехобаның құрбандық ошағында сый-тартулар қайтадан ұсынылатын болады. Осы кітаптың 2-тарауынан көргеніміздей, Мұса Заңы бойынша, құрбандық шалу мен сый-тартулар әкелу таза ғибадаттың ажырамас бөлігі болатын. Тұтқыннан оралған халық мойынсұнғыш болып, рухани тазалық сақтап жүрсе, Ехоба олардың ұсынған сый-тартуын әрі қарай да қабылдай бермек еді. Осылай халық күнәлары кешіріліп, Құдаймен тығыз қарым-қатынаста бола алатын. Ехоба: “Күллі Исраил үйі сол елде түгелдей маған қызмет ететін болады. Сол жерде оларға ықыласымды түсіріп, садақалары мен ең жақсы сый-тартуларын — барлық қасиетті нәрселерін қабыл аламын”,— деп уәде етті (Езек. 20:40). Таза ғибадат расында да қалпына келіп, Құдай халқына мол бата төгілмек еді.

18. Ехоба халқын бағуға қатысты қандай уәде берді?

18 4-УӘДЕ. Жаман бағушылар болмайды. Құдай халқы бірінші кезекте зұлым жетекшілерінің кесірінен құлдырап кеткен еді. Ехоба бұл жағдайды түзетуді уәде етті. Ол жаман бағушыларға қатысты: “Оларды жауапқа тартамын да, бұдан былай қойларымды баққызбаймын... қойларымды бағушылардың аранынан құтқарамын”,— деді. Ал адал халқы жайында: “Қойларымды... өзім қамқорлаймын”,— деп уәде етті (Езек. 34:10—12). Ехоба бұл уәдесін өзі бағушы етіп қоятын адал да сенімді ер адамдар арқылы жүзеге асырмақ еді.

19. Ехоба халқының арасындағы бірлік жайында қандай уәде берді?

19 5-УӘДЕ. Ехобаға ғибадат етушілердің арасында бірлік болады. Бабылға айдалар алдындағы уақытта Құдай халқының жікке бөлініп кеткені араларындағы адал қызметшілерге ауыр тисе керек. Жалған пайғамбарлар мен зұлым бағушылардың ырқына жығылған халық Ехобаның атынан сөйлеген адал пайғамбарларға қарсы шықты. Олар тіпті топ-топ болып өзара да жауласты. Сондықтан болар, Ехобаның: “Мен оларға біртұтас жүрек беріп, жаңа рух дарытамын”,— деген уәдесі қайта қалпына келтіру шарасының ең жағымды қыры болған (Езек. 11:19). Елдеріне қайта оралған соң, яһудилер Ехоба Құдаймен де, өзара да бірлік сақтай берсе, ешқандай жауға жеңілмей, қауіпсіз өмір кеше бермек еді. Олар енді Ехобаның есіміне кір келтіріп, оны масқара қылмай, керісінше, біртұтас халық ретінде оған қайтадан даңқ әкелмек еді.

20, 21. Құдайдың жер аударылған яһудилерге қатысты берген уәделері қалай орындалды?

20 Жер аударылған яһудилерге қатысты бұл бес уәде орындалды ма? Кезінде Ешуаның мына бір айтқан сөздері есімізде шығар: “Ехоба берген ізгі уәделердің ешқайсысы бекер болмағанын жақсы білесіңдер. Олардың бірде-бірі орындалмай қалған жоқ — бәрі де орындалды” (Ешуа 23:14). Ешуаның кезіндегідей, бұл жолы да Ехоба өз сөзіне адал екенін дәлелдеді.

21 Яһудилер пұтқа табынушылық пен жалған діннің барлық істерін тастап, Ехобамен қарым-қатынастарын түзеді. Олар отандарына оралып, жерлерін өңдеді, мәнді де мағыналы өмір кешті. Олар ең алдымен Иерусалимдегі құрбандық ошағын қайта соғып, Ехобаға ұнамды құрбандықтар ұсынды (Езра 3:2—6). Ехоба оларға қамқор рухани бағушылар берді. Бұл бағушылардың ішінде діни қызметкер әрі көшірмеші Езра, әміршілерден Нехемия мен Зоробабел, бас діни қызметкер Ешуа және батыл пайғамбарлардан Хагей, Зәкәрия мен Малахи болды. Халық Ехобаның жетелеуімен жүріп, нұсқауларына мойынсұнған кездің бәрінде бұрын-соңды болмаған бірліктің рақатын көрді (Ишая 61:1—4; Еремия 3:15 оқыңыз).

22. Неге Ехобаның уәделерінің орындалуы болашақтағы көл-көсір баталардың нышаны ғана болды?

22 Қайта қалпына келтіру шарасына қатысты Ехобаның уәделері орындалғанда, яһудилердің зор бақытқа бөленгенінде сөз жоқ! Бірақ бұл болашақта төгілетін көл-көсір баталардың нышаны ғана болды. Неге бұлай дейміз? Жоғарыда байқағанымыздай, Ехобаның өз халқына қойған шарты болған: олар мойынсұнғыш болып қалса ғана, Ехоба осы уәделерін әрі қарай да жүзеге асыра бермек еді. Өкінішке қарай, яһудилер уақыт өте тілазарлық танытып, қайтадан бүлік шығарды. Осылай Ехобаның қойған шартын бұзды. Бірақ Ешуа айтқандай, Ехобаның сөзі ешқашан орындалмай қалмайды. Сондықтан бұл уәделер болашақта әлдеқайда үлкен көлемде, ұзақ уақытқа орындалмақ еді. Қазір осы жайлы қарастырып көрейік.

“Сендерге ықыласымды түсіремін”

23, 24. “Барлық нәрселер қалпына келетін уақыт” қашан және қалай басталды?

23 Киелі кітапты зерттеушілер ретінде біз 1914 жылы осы зұлым дүниенің ақыры, яғни соңғы күндер басталғанын білеміз. Алайда біз бұған еш қамықпаймыз. Өйткені 1914 жылы ғажайып уақыт, яғни “барлық нәрселер қалпына келетін уақыт” басталды (Ел. іс. 3:21). Неге бұлай дейміз? Білетініміздей, 1914 жылы көкте Иса таққа отырып, Мәсіхтің Патшалығының Патшасы болды! Бұл оқиғаның Құдайдың қалпына келтіру шарасымен қандай байланысы бар? Есімізде болса, Ехоба Дәуіттің патша тағы мәңгі тұратынын уәде еткен еді (Шеж. 1-ж. 17:11—14). Бірақ б. з. б. 607 жылы бабылдықтар Иерусалимді күйреткен кезде, Дәуіттің әулетінен шыққан патшалардың билігі тоқтап қалды.

24 Уақыт өте Дәуіттің ұрпағынан “Адам Ұлы”, яғни Иса Мәсіх шықты! Сондықтан ол Дәуіттің патша тағының заңды мұрагері еді (Мат. 1:1; 16:13—16; Лұқа 1:32, 33). 1914 жылы Ехоба Исаны көкте патша тағына отырғызған кезде, “барлық нәрселер қалпына келетін уақыт” басталды! Осыдан бастап Ехоба өзінің қалпына келтіру шарасын жалғастыру үшін осы кемелді Патшаны қолданды.

25, 26. а) Құдай халқы Ұлы Бабылдың құрсауынан қашан азат болды және бұлай деуге қандай негіз бар? (“Неге 1919 жыл?” деген қоршауды қараңыз.) ә) 1919 жылдан бастап не орындала бастады?

25 Мәсіх Патша болған соң, бірден Әкесімен бірге жер бетіндегі Құдай халқының ғибадатын тексеруге кірісті (Малх. 3:1—5). Иса алдын ала айтқандай, ұзақ уақыт бойы бидай мен арамшөпті, яғни майланған шынайы мәсіхшілер мен жалған мәсіхшілерді ажырату мүмкін болмады *. Алайда 1914 жылы орақ кезі басталғанда, олардың ара-жігі анық көрінді. 1914 жылға дейін адал Киелі кітап зерттеушілері ондаған жылдар бойы мәсіхшілер әлемінің сорақы күнәлары мен өтірігін әшкерелеп, бүлінген бұл ұйымнан бөлектене бастаған еді. Осы кезде Ехобаның таза ғибадатты қалпына келтіретін уақыты келді. 1919 жылдың басында, яғни “орақ кезі” басталғаннан кейін небәрі бірнеше жыл өткен соң, Құдай халқы Ұлы Бабылдың құрсауынан толықтай азат болды! (Мат. 13:30).

26 Бұдан кейін Құдайдың қалпына келтіру шарасы туралы Езекиел айтқан пайғамбарлықтар тарихта бұрын-соңды болмаған үлкен көлемде орындала бастады. Қазір жоғарыда қарастырған бес уәденің үлкен көлемде қалай жүзеге асқанын көрейік.

27. Құдай халқы пұтқа табынушылықтан қалай тазарды?

27 1-УӘДЕ. Пұтқа табынушылық пен жалған діннің жеркенішті істері болмайды. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында адал мәсіхшілер кішкене топтар құрды. Олар жалған діннің ілімдері мен істерінен арыла бастады. Үштік, тозақ оты, адамның өлмейтін жаны бар деген сияқты ілімдер жалған діннен шыққанын әрі Жазбаларға қайшы екенін де анықтады. Суреттер мен мүсіндерге ғибадат ету нағыз пұтқа табынушылық екені айқын болды. Уақыт өте олар айқышты қолдану да пұтқа табынуға жататынын түсінді (Езек. 14:6).

28. Ехобаның халқы қай мағынада отандарына оралды?

28 2-УӘДЕ. Құдай халқы рухани отанына оралады. Адал мәсіхшілер Ұлы Бабылдың жалған діндерінен бөлек кеткенде, рухани ас-су ешқашан сарқылмайтын әрі Құдайдың нұры жауған рухани мекенге аяқ басты (Езекиел 34:13, 14 оқыңыз). Осы басылымның 19-тарауынан көретініміздей, Ехоба бұл мекенге батасын үйіп-төгіп бергеннің арқасында ол жерде бұрын-соңды болмағандай рухани молшылық бар (Езек. 11:17).

29. 1919 жылы уағыз ісі қалай алға басты?

29 3-УӘДЕ. Ехобаның құрбандық ошағында сый-тартулар қайтадан ұсынылатын болады. I ғасырда шынайы мәсіхшілер Құдайға құрбандыққа кәдімгі мал емес, одан да құнды сый-тарту ұсыну керектігін түсінді. Олар Ехобаны ауыздарымен мадақтап, басқаларға ол туралы уағыздау керек еді (Евр. 13:15). Ғасырларға жалғасқан тұтқындық кезінде мұндай құрбандық әкелуге ешқандай шара жасалмады. Бірақ Құдай халқы тұтқындықтың соңына таман мадақтау құрбандығын ұсынуды бастап кетті. Олар белсене уағыздап, қауым кездесулерінде Құдайды қуанышпен мадақтап жүрді. 1919 жылдан бастап “адал да ақылды құл” уағыздау ісіне ерекше мән беріп, оның түбегейлі атқарылуын қамдады (Мат. 24:45—47). Құдайдың киелі есімін даңқтаған әрі күн санап көбейген жариялаушылардың мадақтау құрбандықтары Ехобаның құрбандық ошағында асып-тасып төгіліп жатты!

30. Иса отарының қамы үшін не істеді?

30 4-УӘДЕ. Жаман бағушылар болмайды. Иса Мәсіх Құдай халқын мәсіхшілер әлемінің зұлым әрі тек қара басын ойлаған жалған бағушыларының құрсауынан шығарып алды. Ал Мәсіхтің отарында осы жалған бағушылар сияқты әрекет еткендер міндеттерінен босатылды (Езек. 20:38). Ізгі Бағушы Иса өз отарының қамы үшін барлық жағдайды жасады. 1919 жылы ол адал да ақылды құлды тағайындады. Майланған мәсіхшілерден тұратын бұл шағын топ рухани ас-су беруді қолға алып, Құдай халқын барынша қамқорлады. Уақыт өте ақсақалдар да “Құдайдың отарын” бағуды үйреніп, оларға үлкен қолғабыс болды (Пет. 1-х. 5:1, 2). Киелі рухтың жетелеуімен жазылған Езекиел 34:15, 16-дағы сөздер осы мәсіхші бағушыларға қатысты жиі қолданылады. Осылай олар Ехоба Құдай мен Иса Мәсіх орнатқан тәртіпті естерінен шығармайды.

31. Ехоба Езекиел 11:19-дағы пайғамбарлықты қалай орындады?

31 5-УӘДЕ. Ехобаға ғибадат етушілердің арасында бірлік болады. Ғасырлар өте мәсіхшілер әлемі он мыңдаған ағымға тармақталып, бір-біріне қарама-қайшы сансыз көп топтар мен секталарға жіктеліп кетті. Ал Ехобаның халқының арасында тамаша бірлік бар. Ехоба “мен оларға біртұтас жүрек беремін” деген уәдесін таңғажайып жолмен жүзеге асыруда (Езек. 11:19). Бүкіл жержүзі бойынша түрлі нәсілден, діннен, экономикалық және әлеуметтік жағдайы әртүрлі ортадан шыққан миллиондаған адам Исаның соңынан еріп келеді. Олардың барлығы бірдей тәлім алады және дүниежүзі бойынша жұмыла бір істі атқарады. Иса өлер алдындағы түні Құдайға беріле дұға етіп, ізбасарларының арасында бірлік болуын тілеген еді (Жохан 17:11, 20—23 оқыңыз). Біздің күнімізде Ехоба оның осы тілегін кең көлемде орындауда.

32. Қайта қалпына келтіру шарасы туралы пайғамбарлықтар орындалған уақытта өмір сүру сізді қандай сезімге бөлейді? (“Тұтқындық пен қалпына келтіру жайлы пайғамбарлықтар” деген қоршауды да қараңыз.)

32 Құдайдың қайта қалпына келтіру шарасы жүзеге асқан осы бір керемет уақытта өмір сүру біз үшін зор қуаныш! Бүгінде біз Езекиел айтқан пайғамбарлықтардың орындалып жатқанын ғибадатымыздың әрбір тұсынан көріп жүрміз. Ехоба қазір өзінің халқына риза екеніне де сенімдіміз. Себебі ол Езекиел арқылы: “Сендерге ықыласымды түсіремін”,— деген (Езек. 20:41). Рухани тұтқындықтан азат болған, дүниежүзі бойынша бірауыздан Ехобаны мадақтап, рухани тоқшылықта жүрген халықтың арасында болу неткен зор мәртебе десеңізші?! Әйтсе де Ехобаның қайта қалпына келтіру шарасы мұнымен біткен жоқ. Бұл шараға қатысты пайғамбарлықтардың кейбірі алда әлі орасан зор көлемде орындалады.

“Қаңырап қалған жер Едем бағындай болады”

33—35. а) Езекиел 36:35-тегі пайғамбарлықтың жер аударылған яһудилер үшін қандай мәні болды? ә) Бұл пайғамбарлықтың Ехобаның бүгіндегі халқы үшін қандай мәні бар? (“Барлық нәрселер қалпына келетін уақыт” деген қоршауды да қараңыз.)

33 Жоғарыда көргеніміздей, “барлық нәрселер қалпына келетін уақыт” 1914 жылы Иса таққа отырып, Дәуіттің патшалар әулеті қалпына келгенде басталды (Езек. 37:24). Содан кейін Ехоба Мәсіхті қолданып, ғасырлар бойы рухани тұтқында болған халқының арасында таза ғибадатты қалпына келтіруге кірісті. Алайда Мәсіхтің қайта қалпына келтіру ісі осымен шектеле ме? Әрине, жоқ! Бұл іс болашақта ғажайып түрде өз жалғасын таппақ. Осы жайында Езекиелдің пайғамбарлықтарында егжей-тегжейлі жазылған.

34 Мысалы, рухтың жетелеуімен жазылған мына сөздерге назар аударыңызшы: “Сонда жұрт: “Қаңырап қалған жер Едем бағындай болып кетіпті”,— дейтін болады” (Езек. 36:35). Бұл уәдені Езекиел мен жер аударылған басқа яһудилер қалай түсінді? Олар туған жерлері тура мағынада Ехоба о баста өзі жасаған баққа, яғни жұмаққа айналады деп күтпегені анық (Мұс. 1-ж. 2:8). Қайта, олар Ехоба туған жерлерінің шұрайлы да құнарлы болатынын уәде етіп жатқанын түсінді.

35 Ал біздер үшін бұл уәденің қандай мәні бар? Біз бұл уәде тура мағынада дәл қазір, яғни Шайтан Ібіліс билеген осы зұлым заманда орындалады деп күтпейміз. Бірақ оның рухани мағынада жүзеге асып жатқанын түсінеміз. Ехобаның қызметшілері болғандықтан, біз қалпына келген рухани жұмақта, яғни қасиетті қызмет өміріміздің мәніне айналған рухани ортада өмір кешудеміз. Бұл жұмақ барған сайын гүлденіп, көркейген үстіне көркеюде. Ал болашағымыз жайында не деуге болады?

36, 37. Болашақта жұмақта қандай уәделер орындалады?

36 Ұлы Армагеддон соғысынан кейін Иса қайта қалпына келтіру ісін жер бетінде де жүргізе бастайды. Мыңжылдық билігінің тұсында адамзат Исаның басшылығымен Жер планетасын Ехоба о бастан ниет етіп келген Едем бағына, яғни жұмаққа айналдырады! (Лұқа 23:43). Сол шақта адамдардың бәрі ынтымақ-бірлікте өмір сүріп, жер бетін күтіп-баптайтын болады. Оларға ешкім де, еш нәрсе де қауіп төндірмейді. “Мен олармен татулық келісімін жасасып, елдерінен жабайы аңдарды қуып шығарамын. Осылай олар иен далада бейқам жатып, орманда да алаңдамай ұйықтайтын болады” деген уәде жүзеге асқан кезді көз алдыңызға елестетіп көріңізші! (Езек. 34:25).

37 Сіз ғаламат жер шарының кез келген бұрышына еш қорқынышсыз бара аласыз. Сізге ешқандай жыртқыш аң тиіспейді. Тыныштығыңызды бұзатын да ештеңе болмайды. Ну орманда бір өзіңіз емін-еркін қыдырып, сұлулығымен тамсандырған табиғатты тамашалай аласыз. Сол жерде тіпті ұйықтап кетсеңіз де, сізге ешқандай қауіп төнбейді. Таңертең жақсы тынығып, жаңа күшпен оянасыз!

“Орманда да алаңдамай ұйықтайтын” кез келеді! (36, 37-абзацты қараңыз)

38. Езекиел 28:26-дағы уәде орындалатын кезді сіз қалай елестетесіз?

38 Біз мына бір уәденің де жүзеге асқанына куә боламыз: “Олар сол жерде қауіпсіз өмір сүріп, үйлер салып, жүзімдіктер отырғызады. Мен өздерін мазақ еткен айналасындағы халықтарға шығарған үкімімді жүзеге асырғанда, өз халқым қауіпсіз өмір кешеді. Сонда олар менің Құдайлары Ехоба екенімді білетін болады” (Езек. 28:26). Ехобаның жаулары құрып жоқ болған соң, жер бетінде мамыражай тыныштық пен қауіпсіздік орнайды. Жерді күтіп-баптай жүріп, біз өзіміз үшін, жақын адамдарымыз үшін жайлы үйлер соғып, жайқалған жүзімдіктер отырғызамыз.

39. Езекиелдің жұмаққа қатысты айтқан пайғамбарлықтары жүзеге асатынына не үшін сенімді бола аласыз?

39 Бұл уәделердің жүзеге асуы сізге жай ғана арман сияқты көріне ме? Солай көрінген болса, “барлық нәрселер қалпына келетін уақыт” басталғалы бері нендей жайттарға куә болғаныңызды ойда ұстаңыз. Шайтанның барынша қарсыласқанына қарамастан, Иса Ехобаның күшімен осы сұм заманның әбден құлдырап кеткен кезеңінде таза ғибадатты қалпына келтірді. Бұл Құдайдың Езекиел арқылы айтқан уәделерінің барлығы міндетті түрде іске асатынының бұлтартпас дәлелі!

^ 2-абзац Жер аударылған яһудилердің көбісі Бабыл қаласының шет жақтарындағы аймақтарда тұрған. Мысалы, Езекиел яһудилермен бірге Кебар өзенінің маңында өмір сүрген (Езек. 3:15). Бірақ кейбір яһудилер қаланың өзінде тұрған. Олардың арасында “патша әулеті мен ақсүйек тұқымынан шыққандар” да болды (Дан. 1:3, 6; Пат. 2-ж. 24:15).

^ 25-абзац Мысалы, XVI ғасырда реформаторлардың арасында кімдер майланған мәсіхшілер болғанын біз нақты айта алмаймыз.