Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

10-ТАРАУ

“Сендер... тірілесіңдер”

“Сендер... тірілесіңдер”

ЕЗЕКИЕЛ 37:5

ОЙБАҒДАР: Қурап қалған сүйектерге жан біткені жайлы аян және оның кең көлемде орындалуы

1—3. Бабылдағы яһудилер неге есеңгіреп қалды? (Тараудың басындағы суретті қараңыз.)

БАБЫЛДАҒЫ яһудилер төбелеріне жай түскендей есеңгіреп қалды. Езекиел Иерусалимнің күйрейтінін бес жылдай уақыт бойы талмай айтып келсе де, олар бұлай боларына сенбеген еді. Пайғамбар қандай қойылымдар қоймасын, мысалдар айтып, қанша хабар жеткізбесін, жер аударылғандар Иерусалимнің жойылуына Ехобаның жол беруі мүмкін емес деп ойлады. Тіпті Бабыл әскері қаланы қоршауға алғанын естіген кезде де, олар қала ішіндегі халыққа ештеңе болмайтынына сенімді болды.

2 Ал енді, Иерусалимнің жау қоршауында қалғанына екі жыл болғанда, Бабылға бір кісі қашып келіп: “Қала тас-талқан болды!”— деген суық хабар айтты. Жұрт я сенерін, я сенбесін білмей, абдырап қалды. Туған қалалары, киелі ғибадатханалары мен сүйікті мекендері енді жоқ! Ұзақ уақыт арқалап келген үміттері осылай бір-ақ сәтте өшті (Езек. 21:7; 33:21).

3 Осы бір азалы кезеңде Езекиел бойға үміт ұялататын ерекше аян алды. Түңілген халыққа бұл қандай сенім берді? Аянның бүгіндегі Құдай халқына қандай қатысы бар? Ол жеке әрқайсысымызға қандай жігер береді? Қазір Ехоба аянда Езекиелге не көрсеткеніне тоқталайық.

“Сүйектерге” және “желге пайғамбарлық ет”

4. Езекиел аянда қандай ерекше жайтты байқады?

4 Езекиел 37:1—10 оқыңыз. Аянда Ехоба Езекиелді сүйектер шашылып жатқан бір аңғарға әкелді. Осы аянды толық сезінуі үшін, Ехоба оны сүйектердің “арасымен алып жүрді”. Езекиел аңғарда жүргенде, әсіресе екі жайтты байқады. Ол “сүйектің өте көп екенін әрі қатты қурап қалғанын көрді”.

5. Ехоба Езекиелге қандай екі пайғамбарлық айтуды бұйырды және Езекиел оны орындағанда не болды?

5 Бұдан кейін Ехоба Езекиелге сүйектерді бірте-бірте қалпына келтіретін екі пайғамбарлық айтуды бұйырды. Езекиел бірінші пайғамбарлығын сүйектерге айтып: “Сендер... тірілесіңдер”,— деді (Езек. 37:4—6). Ол пайғамбарлық еткені сол-ақ екен, “сақырлаған дыбыс шығып, сүйектер рет-ретімен біріге бастады. Сосын оларға сіңір мен ет бітіп, үстері терімен қапталды” (Езек. 37:7, 8). Езекиел екінші пайғамбарлығын желге айтып, сүйектердің үстіне есуді бұйырды. Сол кезде сүйектердің “бойына дем кіріп, жан бітті де, аяқтарына тұрды. Олар жер қайыстырған қалың қолды құрады” (Езек. 37:9, 10).

“Сүйектеріміз қурап, үмітіміз өшті”

6. Езекиелге аянды түсінуге Ехобаның қай сөздері көмектесті?

6 Ехоба Езекиелге: “Бұл сүйектер — күллі Исраил үйі”,— деп, аяндағы сүйектердің кімді білдіретінін ашты. Расында да, жер аударылған яһудилер Иерусалимнің күйрегенін естігенде, өлген адамның күйін кешкен еді. Олар: “Сүйектеріміз қурап, үмітіміз өшті, мүлдем жалғыз қалдық”,— деп зар еңіреді (Езек. 37:11; Ерм. 34:20). Бірақ Ехоба сүйектер жайлы көңілге жайсыз осы аянның артында Исраил үшін тамаша үміт тұрғанын аңғартты.

7. Езекиел 37:12—14 тармақтарда Ехоба қандай уәде берді және неге оның уәдесі сенім артуға тұрарлық еді?

7 Езекиел 37:12—14 оқыңыз. Осы аян арқылы Ехоба жер аударылған яһудилерге қайта жан бітіріп, оларды “өз елдеріне әкелетінін” уәде етті. Оның үстіне, Ехоба оларды қайтадан “халқым” деп атады. Бұл сөздер түңілген яһудилердің еңсесін тіктеп, оларға жігер бергенінде сөз жоқ! Құдайдың айтқан уәдесі сенім артуға тұрарлық еді. Неге? Өйткені бұл уәдені берген Ехобаның өзі еді. Ол: “Мұны айтқан да, жүзеге асырған да, мен, Ехоба”,— деген.

8. а) Қалайша “күллі Исраил үйі” өлі күйде болды? ә) Езекиел 37:9-ға сай, бейнелі мағынада Исраил үйі қалай өлді? (Сілтемені қараңыз.)

8 Пайғамбарлық мәні бар бұл аянның көңілге жайсыз тұсы ежелгі Исраилдің кезінде қалай орындалды? Б. з. б. 740 жылы он рулы патшалық құлап, халқы жер аударылған кезде, Исраил бейнелі мағынада өле бастады. Шамамен 130 жылдан кейін Яһуда халқы да жер аударылды. Осылай “күллі Исраил үйі” тұтқындыққа түсті (Езек. 37:11). Бейнелі тілмен айтқанда, олар аяндағы сүйектер сияқты болды *. Езекиел аянда жай сүйектерді емес, “қатты қурап қалған” сүйектерді көрген еді. Бұл жайт халықтың өлі күйде өте ұзақ уақыт болатынын білдірді. Исраил мен Яһуданы қоса алғанда, олар б. з. б. 740 жылдан бастап б. з. б. 537 жылға дейін 200 жылдан аса уақыт бойы өлі күйде болды (Ерм. 50:33).

9. “Құдайдың Исраилінің” жағдайы ежелгі Исраил халқының жағдайына қай жағынан ұқсас болды?

9 Исраилдің қалпына келуі жайлы айтылған басқа да пайғамбарлықтар сияқты, Езекиелдің бұл пайғамбарлығы да кең көлемде орындалды (Ел. іс. 3:21). Ежелде Исраил халқының бейнелі мағынада “өлтіріліп”, ұзақ уақыт өлі күйде болғанындай, “Құдайдың Исраилі” де, яғни майланған мәсіхшілерден тұратын қауым да бейнелі мағынада өлтіріліп, ұзақ уақыт бойы рухани тұтқындықта болды (Ғал. 6:16). Майланғандардың қауымы тұтқында көп уақыт жүргені сонша — олардың рухани күйін “қатты қурап қалған” сүйектерге теңеуге болатын (Езек. 37:2). Алдыңғы тарауда айтылғандай, майланған мәсіхшілер қауымы б. з. II ғасырынан бастап бірталай ғасыр бойы тұтқындықта болды. Бұл жайында Иса бидай мен арамшөп жайлы астарлы әңгімесінде айтқан еді (Мат. 13:24—30).

Сүйектердің “қатты қурап қалғаны” Ехобаның майланғандары рухани тұтқындықта өте ұзақ уақыт болатынын көрсетті (8, 9-абзацты қараңыз)

“Сүйектер рет-ретімен біріге бастады”

10. а) Езекиел 37:7, 8-де Құдай халқына қатысты қандай пайғамбарлық жазылған? ә) Тұтқындағы Құдайдан қорқатын яһудилердің сенімдерін бірте-бірте қалпына келтірген не?

10 Ежелгі заманда Ехоба өз халқының бірте-бірте қалпына келіп, тірілетінін айтқан (Езек. 37:7, 8). Бабылдағы Құдайдан қорқатын яһудилердің өз елдеріне оралатынына деген сенімдерін бірте-бірте қалпына келтірген не? Біріншіден, бұрынғы пайғамбарлар айтып кеткен уәделер болса керек. Мысалы, Ишая пайғамбар тамтықтың, яғни “киелі ұрпақтың” Исраилге оралатынын айтқан (Ишая 6:13; Әйүп 14:7—9). Екіншіден, Құдайдың қалпына келтіретін шарасы туралы Езекиел жазған көптеген пайғамбарлықтар олардың үміттерін жандандырып отырған. Бұған қоса, Бабылда Даниял пайғамбар секілді адал адамдардың болғаны және б. з. б. 539 жылы Бабыл қаласының күйрегені жер аударылған яһудилердің елімізге қайтамыз деген үміттерін одан сайын бекемдей түскен.

11, 12. а) “Құдайдың Исраилі” қалай бірте-бірте қалпына келді? (“Таза ғибадат бірте-бірте қалпына келді” деген қоршауды да қараңыз.) ә) Езекиел 37:10-дағы “аяқтарына тұрды” деген сөздерден қандай сұрақ туындайды?

11 Ежелгі Исраил сияқты “Құдайдың Исраилі”, яғни майланған мәсіхшілер қауымы қалай бірте-бірте қалпына келді? Сан ғасырға созылған рухани тұтқындықтың кезінде “сақырлаған дыбыс шықты”, яғни Құдайдан қорқатын адамдар таза ғибадатты жақтай бастады. Мысалы, XVI ғасырда Уильям Тиндал Киелі кітапты ағылшын тіліне аударды. Киелі кітапты енді қарапайым адамдар да оқи алатыны рим-католик шіркеуінің дінбасыларын қатты ызаландырды. Ақырында Тиндал өлтірілді. Алайда ержүрек басқа да кісілер табылып, Киелі кітапты өзге тілдерге аударуды жалғастырды. Осылай рухани жарық қараңғы дүниеге бірте-бірте нұрын шаша бастады.

12 Кейін Чарлз Расселл мен оның серіктестері Киелі кітаптағы шындықтарды қалпына келтіруге құлшына кіріскенде, сүйектерге “сіңір мен ет бітті”. “Сион күзет мұнарасы” мен өзге әдебиеттерді оқыған ақжүрек адамдар Киелі кітаптағы шындықтарды біліп, Құдайдың майланған қызметшілеріне қосыла бастады. 1900 жылдардың басында “Құпия жүзеге асты” кітабы мен “Жаратылыс фотодрамасы” сияқты құралдардың арқасында Құдайдың майланған халқының бойына одан бетер күш бітті. Көп ұзамай Құдай өз халқын “аяғына тұрғызатын” уақыт та келіп жетті (Езек. 37:10). Бұл қашан және қалай болды? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін ежелгі Бабылда болған жайттарға оралайық.

“Жан бітті де, аяқтарына тұрды”

13. а) Езекиел 37:10, 14-тегі сөздер б. з. б. 537 жылдан бастап қалай орындалды? ә) Он рулы патшалықтың кейбір адамдары Исраилге оралғанын қандай тармақтардан білеміз?

13 Езекиелдің көрген осы аяны б. з. б. 537 жылдан бастап орындала бастады. Қалай? Ехоба яһудилерді тұтқындықтан босатып, Исраилге қайтарғанда, оларға жан бітіп, “аяқтарына тұрды”. Исраил жеріне қоныс теуіп, Иерусалим мен ғибадатхананы қайта тұрғызу үшін, Бабылдан исраилдік 42 360 ер адам және исраилдік емес 7000-дай адам шықты (Езра 1:1—4; 2:64, 65; Езек. 37:14). 70 жылдай уақыт өткен соң, Езраға еріп, тағы 1750 шақты адам Иерусалимге қайтты (Езра 8:1—20). Сонымен, бас-аяғы 44 000-нан астам яһудиден құралған “қалың қол” отанына оралды (Езек. 37:10). Бұған қоса, Құдай Сөзінен мынаны да білуге болады: б. з. б. VIII ғасырда ата-бабалары Ассирияға айдалған он рулы патшалықтың адамдары да Исраилге оралып, ғибадатхананы қайта тұрғызуға көмектесті (Шеж. 1-ж. 9:3; Езра 6:17; Ерм. 33:7; Езек. 36:10).

14. а) Езекиел 37:24-тегі сөздерге қарап, пайғамбарлықтың кең көлемде қашан орындалғанын қалай анықтауға болады? ә) 1919 жылы не болды? (“Қурап қалған сүйектер” және “екі куәгер”. Олардың қандай байланысы бар?” деген қоршауды да қараңыз.)

14 Езекиел көрген аянның осы бөлігі кең көлемде қалай орындалды? Ехобаның Езекиелге берген басқа бір аянынан көрінгендей, Исраилдің қалпына келуі туралы бұл пайғамбарлық Ұлы Дәуіт, яғни Иса Мәсіх Патша болғаннан кейін бірнеше жыл өткен соң кең көлемде орындалмақ еді * (Езек. 37:24). Расында да, Ехоба 1919 жылы халқына рухын дарытты. Нәтижесінде оларға “жан бітіп”, Құдай халқы Ұлы Бабылдың тұтқындығынан азат болды (Ишая 66:8). Бұдан кейін Ехоба оларды “өз елдеріне әкелді”, яғни рухани жұмаққа қоныстандырды. Алайда олар қалайша “қалың қолды құрады”?

15, 16. а) Ехобаның бүгіндегі халқы қалайша “қалың қолға” айналды? ә) Езекиелдің осы пайғамбарлығы өмірдің тауқыметімен күресуге қалай көмектеседі? (“Ол сізді аяққа тұрғызады” деген қоршауды қараңыз.)

15 Мәсіх 1919 жылы адал да ақылды құлды тағайындаған соң, көп ұзамай Құдайдың қызметшілері Зәкәрия айтып кеткен сөздердің орындала бастағанын көрді. Зәкәрия тұтқыннан оралған яһудилердің арасында жүргенде: “Көптеген халықтар мен күшті ұлттар... Ехобаны іздейтін болады”,— деп пайғамбарлық еткен еді. Ехобаны іздейтін бұл адамдарды пайғамбар “әртүрлі тілде сөйлейтін барлық халықтардан шыққан он адам” деп сипаттаған. Сондай-ақ он адамның “яһудидің етегіне жармасып”, яғни рухани Исраилге еріп, оған: “Біз сенімен барамыз, өйткені Құдай сенің халқыңмен бірге екенін естідік”,— дейтінін де айтты (Зәк. 8:20—23).

16 Бүгінде рухани Исраилден (майланған тамтықтан) және “он адамнан” (басқа қойлардан) тұратын миллиондаған қызметші “жер қайыстырған қалың қолды құрайды” (Езек. 37:10). Мәсіхтің күн санап көбейіп жатқан осы әскерінің сарбазы ретінде біз Патшамыз Исаның соңынан қалмай еріп келеміз. Ал ол бізді мәңгілік баталарға жетелейді (Зәб. 37:29; Езек. 37:24; Філіп. 2:25; Сал. 1-х. 4:16, 17).

17. Келесі тарауда не жайлы білеміз?

17 Таза ғибадаттың осылай қалпына келуі Құдай халқына маңызды бір міндет жүктейді. Қандай? Бұл сұраққа жауап алу үшін, Иерусалим әлі жойылмай тұрғанда Ехобаның Езекиелге берген тапсырмасына назар аударайық. Бұл жайында келесі тарауда толығырақ қарастырылады.

^ 8-абзац Езекиел аянда көрген сүйектер өз өлімімен өлген адамдардың емес, “өлтірілген” адамдардың сүйектері еді (Езек. 37:9). Ассириялықтар Исраилдің он рулы патшалығын, ал бабылдықтар Яһуданың екі рулы патшалығын құлатып, халқын жер аудартып жіберген кезде, “күллі Исраил үйі” бейнелі мағынада өлтірілді.

^ 14-абзац Мәсіх жайлы бұл пайғамбарлық осы басылымның 8-тарауында қарастырылған.