ҚОРШАУ 19А
Ехобаның баталарына толы өзендер
Ехобадан келетін баталарды суреттеу үшін Киелі кітапта “өзен” және “су” деген сөздер қолданылады. Қазір соның бірнешеуіне тоқталайық. Оларды бірге алып қарастырған кезде, Ехобаның бізге қалай батасын төгетінін көріп, жігеріміз жалындайды.
ЖОЕЛ 3:18 Бұл пайғамбарлықта Ехобаның үйінен бұлақ ағып шыққаны айтылады. Ол қуаң аңғарға ағып, оны суғарады. Жоел де, Езекиел де өзеннің құрғақ, тақыр жерлерге тіршілік дарытқанын көрген. Екі жағдайда да өзен Ехобаның үйінен, яғни ғибадатханадан аққан.
ЗӘКӘРИЯ 14:8 Зәкәрия пайғамбар Иерусалимнен “өмір сулары” ағып жатқанын көрген. Судың бір жартысы шығыстағы Өлі теңізге ақса, екінші жартысы батыстағы Жерорта теңізіне аққан. Иерусалим “ұлы Патшаның қаласы”, яғни Ехобаның қаласы болатын (Мат. 5:35). Зәкәрияның осы қаланы атап өтуі Ехобаның болашақта бүкіл жержүзіне билік ететінін есімізге салады. Бұл пайғамбарлықтағы сулар жұмақта Ехоба адал адамдардың екі тобына: зор алапаттан өткендерге және қайта тірілгендерге батасын төгетініне нұсқайды.
АЯН 22:1, 2 Елші Жоханның көрген өзені Езекиелдің аянындағы өзенге қатты ұқсайды. Бірақ екеуінің арасында кішігірім өзгешелік бар: Жохан көрген өзен ғибадатханадан емес, Ехобаның тағынан бастау алған. Зәкәрияның аяны сияқты, бұл аян да мыңжылдықта Құдайдың билігі әкелетін баталарға баса назар аударса керек.
Ехобаның батасы тақтан төгілсе де, ғибадатханадан төгілсе де, баталардың бәрі Ехобадан келеді әрі олар адал адамдардың бәріне бірдей төгіледі.
ЗӘБҮР 46:4 Осы тармақта ғибадат та, билік те қатар айтылғанына назар аударыңызшы. Онда өзеннің “Құдайдың қаласына” (Патшалық пен билікке) және “Алла Тағаланың киелі де ұлы шатырына” (таза ғибадатқа) қуаныш сыйлайтыны айтылған.
Осы тармақтардың бәрін бірге алып қарасақ, Ехоба адал адамдарға екі жолмен батасын төгетінін аңғарамыз. Біз 1) Ехобаның билігі әкелетін және 2) Ехобаның таза ғибадат үшін орнатқан шарасы әкелетін игіліктерді мәңгілік бойы көреміз. Ендеше, Ехоба Құдай мен оның Ұлы беріп жатқан “өмір суынан”, яғни олардың мәңгілік өмір сүруіміз үшін сүйіспеншілікпен жасаған шараларынан қазірден бастап сусындай берейік! (Ерм. 2:13; Жох. 4:10).