Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚОРШАУ 1А

Ғибадат деген не?

Ғибадат деген не?

Бір анықтамада “ғибадат” сөзі “Құдайды құрметтейтініңді, оны сүйетініңді көрсету” деп түсіндірілген. Киелі кітаптың түпнұсқа тілінен “ғибадат” деп аударылған сөздер біреуге үлкен құрмет көрсетуді не бағынуды білдіреді (Мат. 28:9). Сондай-ақ Құдайға не қандай да бір тәңірге құлшылық етуді де білдіреді (Жох. 4:23, 24). Олардың мағынасын мән-мәтінге қарап ажыратуға болады.

Жаратушы әрі Әлемнің Әміршісі Ехоба ғана біздің қалтқысыз берілгендік танытуымызға лайық (Аян 4:10, 11). Біз бүкіләлемдік билігіне құрмет көрсетіп, есімін киелі тұту арқылы оған ғибадат етеміз (Зәб. 86:9; Мат. 6:9, 10). Осы екі тақырып — Ехобаның бүкіләлемдік билігі мен оның есімі — Езекиел кітабының өн бойында алтын жіптей өріліп жатыр. Езекиел кітабында “Әлемнің Әміршісі Ехоба” деген тіркес 212 рет, ал “Ехоба екенімді білетін болады/боласыңдар” деген тіркес 50-ден астам рет кездеседі (Езек. 2:4; 6:7).

Шынайы ғибадат — сезімнен әрі аспайтын ғибадат емес, оған іс-әрекетіміз де кіреді (Жақ. 2:26). Өзімізді Ехобаға бағыштағанда, Әлемнің Әміршісі ретінде оған өмірдің әр жағдайында мойынсұнуды және есіміне терең құрметпен қарауды уәде еттік. Иса Шайтанның үшінші сынағына жауап бергенде, ғибадатты “қасиетті қызметпен” байланыстырған (Мат. 4:10, сілт.). Біз Ехобаның ғибадат етушілері болғандықтан, оған қуана қызмет етеміз * (Мұс. 5-ж. 10:12). Біздің қасиетті қызметімізге ғибадатқа тікелей қатысы бар іс-шаралармен айналысу жатады. Жанқиярлықпен атқарылатын бұл істерге не кіреді?

Қасиетті қызметтің түрлері өте көп. Олардың бәрі бірдей Ехоба үшін аса бағалы. Қасиетті қызметке адамдарға куәлік ету, қауым кездесулеріне қатысу, кездесу өтетін ғимараттардың құрылысына атсалысу және оны күтіп ұстау жатады. Отбасылық ғибадатқа қатысу, жапа шеккен бауырластарға көмектесу мен Бетелде қызмет ету де — қасиетті қызмет (Евр. 13:16; Жақ. 1:27). Таза ғибадат ақыл-санамыз бен жүрегіміздің төрінен орын алса, “күні-түні қасиетті қызмет атқаратын” боламыз. Иә, Құдайымыз Ехобаға ғибадат ету біз үшін зор бақыт! (Аян 7:15).

^ 5-абзац “Ғибадат” сөзімен мағыналас еврей сөздерінің бірі “қызмет ету” дегенді білдіреді. Демек, ғибадат ету қызмет етуді де қамтиды (Соф. 3:9, сілт.).