4-ТАРАУ
“Төрт беті бар тіршілік иелері” нені бейнелейді?
ОЙБАҒДАР: Тіршілік иелері және олар жайында білеріміз
1, 2. Ехоба жердегі қызметшілеріне кейбір шындықтарды түсіндіру үшін неге аяндар көрсеткен?
ҮСТЕЛ басында Киелі кітапты зерттеп отырған отбасын елестетіп көріңізші. Әкесі Жазбалардағы шындықты кішкентай балаларының жүрегіне жеткізу үшін бір-екі сурет көрсетеді. Сонда балалардың жүздері бал-бұл жайнап, қызу талқылауға кіріседі. Сөздерін суреттермен толықтырып, әкесі балаларына Ехоба жайында терең ілімдерді жеңіл түсіндіреді. Мұнсыз балақайлардың күрделі шындықтарды түсінуге қабілеттері жетпес еді.
2 Дәл осылай, Әкеміз Ехоба да көзге көрінбейтін көктегі нәрселерді бізге ұғындыру үшін көрнекі құралдар қолданған. Мысалы, ол өзі жайында күрделі шындықтарды түсіндіру үшін, Езекиелге таңғажайып бейнелерге толы аян көрсеткен. Сол бейнелердің бірін алдыңғы тарауда қарастырып өттік. Ал енді Езекиел көрген сол аянның тағы бір ерекше тұсына тереңірек үңіліп көрейік. Оның мән-мағынасын түсініп алғанымыз бізді Ехобаға одан сайын жақындата түспек.
“Тіршілік иесіне ұқсайтын төрт бейне”
3. а) Езекиел 1:4, 5-ке сай, пайғамбар аянда не көрді? (Тараудың басындағы суретті қараңыз.) ә) Езекиел аянын қалай сипаттағанына қарап қандай тұжырым жасаймыз?
3 Езекиел 1:4, 5 оқыңыз. Аяндағы “тіршілік иесіне ұқсайтын төрт бейненің” періштеге, адамға және жануарға тән ұқсастықтары болды. Езекиел “тіршілік иесіне ұқсайтын” деп тура айтқан. Езекиел кітабының 1-тарауында пайғамбардың “іспетті”, “ұқсайтын”, “сияқты” деген сөздерді көп қолданғанын байқаймыз (Езек. 1:13, 24, 26). Демек, ол көктегі көзге көрінбейтін шынайы нәрселердің нақ өзін емес, бейнелі көрінісін ғана көргенін түсінген.
4. а) Көрген аяны Езекиелге қалай әсер етті? ә) Езекиел керубтер жайында нені жақсы білген?
4 Аянда көргендері мен естігендері Езекиелді қайран қалдырды! “Тіршілік иелерінің тұла бойы қызып тұрған шоқ іспетті еді”. Олар найзағай сияқты көз ілеспейтін жылдамдықпен қозғалатын. Қанаттарының шуылы “сарқырап аққан судың гүріліндей” еді. Тіршілік иелері қозғалғанда “қалың қолдың шуындай” дыбыс шығаратын (Езек. 1:13, 14, 24—28; “Төрт беті бар тіршілік иелері” деген қоршауды қараңыз). Кейін көрген тағы бір аянында Езекиел оларды “керубтер”, яғни құдіретті періштелер деп атаған (Езек. 10:2). Ол діни қызметкердің отбасында өскендіктен, керубтер Ехобаның осында болуын білдіретінін әрі олар оның жақын көмекшілері екенін жақсы білген (Шеж. 1-ж. 28:18; Зәб. 18:10).
“Әрқайсысының төрт беті болды”
5. а) Керубтер мен олардың төрт беті Ехобаның құдіреті мен ұлылығын қалай паш етеді? ә) Тіршілік иелерінің төрт беті неге Құдай есімінің мағынасын еске салады? (Сілтемені қараңыз.)
5 Езекиел 1:6, 10 оқыңыз. Езекиел әр керубтің адамдікіндей, арыстандікіндей, бұқанікіндей және бүркіттікіндей төрт беті бар екенін көрді. Олар Ехобаның асқан құдіреті мен салтанаты жайлы көп жайтты аңғартты. Өйткені олардың әрқайсысына ұлылық, күш пен құдірет тән еді. Мысалы, арыстан айбатты жабайы аң болса, бұқа — алып күш иесі, ал бүркіт — ірі айбарлы құс, адам болса — жер бетіндегі тіршілік атаулының төресі, жердегі күллі жаратылыстың билеушісі (Зәб. 8:4—6). Осындай беттері бар керубтер бәрінен де жоғары тұрған Әлемнің Әміршісі Ехобаның тағының астында тұрған еді. Бұл Ехоба өз еркін жүзеге асыру үшін жаратылыстарын қолданатынын көрсетеді *. Шынында да, зәбүр жыршысы айтқандай, “Ехобаның... ұлылығы жер мен көктен жоғары” (Зәб. 148:13).
6. Керубтердің төрт беті нені бейнелейтінін Езекиел қалай түсінді?
6 Арада біраз уақыт өтіп, Езекиел көргендері жайлы терең ойға шомды. Ол Құдайдың бұрынғы қызметшілері де теңеу ретінде жануарларды қолданғанын есіне түсірген болар. Мысалы, әулетбасы Жақып баласы Яһуданы арыстанға, ал Бенияминді қасқырға теңеген (Мұс. 1-ж. 49:9, 27). Неге десеңіз, осы екі ұлы мен олардың ұрпақтарының бойынан арыстан мен қасқырға тән қасиеттер ерекше байқалмақ еді. Жазбалардағы осындай мысалдардың көмегімен Езекиел керубтердің де беттері қандай да бір қасиеттерді бейнелейтінін ұқса керек. Ол қандай қасиеттер еді?
Ехобаға және оның көктегі отбасына тән қасиеттер
7, 8. Керубтердің төрт беті жиі қандай қасиеттерді бейнелейді?
7 Езекиелге дейін өмір сүрген Киелі кітап жазушылары арыстанды, бүркіт пен бұқаны қандай қасиеттермен байланыстырған? Киелі кітапта мынадай сөздер бар: “әділ адам арыстандай батыл болар” (Нақ. с. 28:1; Сам. 2-ж. 17:10); “бүркіт... заңғар көкке самғап”, “алыстағы жемтігін” көреді (Әйүп 39:27, 29); “бұқаның күшімен мол өнім жиналады” (Нақ. с. 14:4). Осы тармақтарды арқау ете отырып, біздің әдебиеттерде жазылып келгенге сай, мынадай тұжырым жасаймыз: батыл арыстанның беті әділдікті, бүркіттікі көрегендік пен даналықты, ал бұқаның беті теңдессіз күшті бейнелейді.
8 Ал керубтердің “адамдікіндей” беті жайында не деуге болады? (Езек. 10:14). Ол ешқандай жан-жануар таныта алмайтын әрі Құдайға ұқсас етіп жаратылған адам баласына ғана тән қасиетті бейнелесе керек (Мұс. 1-ж. 1:27). Жер бетінде адамдар ғана таныта алатын бұл дара қасиеттің қандай қасиет екенін Құдайдың мына екі заңы ашады: “Құдайың Ехобаны бар жүрегіңмен сүй” және “өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй” (Мұс. 5-ж. 6:5; Мұс. 3-ж. 19:18). Осы заңдарға бағынып, риясыз сүйіспеншілік танытқанда, біз тікелей Ехобаның өзіне еліктейміз. Елші Жохан айтқандай, “біздің сүйетін себебіміз — ол бізді алдымен сүйді” (Жох. 1-х. 4:8, 19). Осыларды ескере келгенде, керубтердің “адамдікіндей” беті сүйіспеншілік қасиетін бейнелейді.
9. Керубтердің беттері бейнелейтін қасиеттер кімдерге тиесілі?
9 Осы қасиеттердің бәрі кімдерге тиесілі? Аяннан білетініміздей, төрт бет керубтердікі, ал керубтер күллі адал рухани жаратылыстардан тұратын Ехобаның көктегі отбасын білдіреді. Демек, әлгі қасиеттер солардың бәріне тиесілі (Аян 5:11). Керубтерге өмір берген Ехоба болғандықтан, оларға осы қасиеттерді берген де Ехобаның өзі (Зәб. 36:9). Демек, керубтердің төрт беті бейнелейтін қасиеттер ең алдымен Ехобаның өзіне тиесілі (Әйүп 37:23; Зәб. 99:4; Нақ. с. 2:6; Миха 7:18). Қазір Ехоба осы асыл қасиеттерді қандай жолдармен танытатынына қысқаша тоқталып өтейік.
10, 11. Ехобаның басты төрт қасиетінің қандай игілігін көріп жүрміз?
10 Әділдік. “Әділдікті сүйетін” Ехоба “ешкімді алаламайды” (Зәб. 37:28; Мұс. 5-ж. 10:17). Әлеуметтік жағдайы мен дәрежесі қандай болмасын, кез келген адамның оның қызметшісі болуға, адал қызметшісі болып қалуға әрі мәңгілік баталарға ие болуға мүмкіндігі бар. Даналық. “Асқан дана” Құдай Ехоба даналыққа тұнған кітаптың жазылуын қамдады (Әйүп 9:4; Нақ. с. 2:7). Жазбалардағы ақыл-кеңестер бізге әр күннің қиыншылығын еңсеріп, өмірімізді мағыналы етуге көмектеседі. Күш. “Құдіреті зор” Ехоба киелі рухын қолданып, бізге “адам күшінен асқан күш” береді. Соның арқасында ауыр сынақты да, ащы азапты да қайыспай көтере аламыз (Нағ. 1:3; Қор. 2-х. 4:7; Зәб. 46:1).
11 Сүйіспеншілік. “Айнымас сүйіспеншілігі мол” Ехоба адал қызметшілерін ешқашан тастамайды (Зәб. 103:8; Сам. 2-ж. 22:26). Аурудың не қарттықтың салдарынан Ехобаға баз баяғыдай қызмет ете алмай жүргеніміз үшін кейде мұңаятын шығармыз. Бірақ Ехоба осыған дейін көрсеткен “сүйіспеншілігіміз бен еңбегімізді ұмытпайтыны” — жанымызға үлкен жұбаныш! (Евр. 6:10). Иә, бүгіннің өзінде Ехобаның әділдік, даналық, күш пен сүйіспеншілігінің игілігін көріп жүрміз. Оның осы басты төрт қасиетінің игілігін біз болашақта да мәңгілік бойы көре бермекпіз!
12. Ехобаның қасиеттерін түсінуге келгенде нені ұмытпаған жөн?
12 Дегенмен мына жайтты ұмытпауымыз керек: Ехобаның қасиеттерін білдік дегеніміздің өзі — оның “істерінің шет пұшпағы ғана!” (Әйүп 26:14). “Құдірет Иесін біз толық танып-біле алмаймыз”, “оның ұлылығына адам ақылы жетпейді” (Әйүп 37:23; Зәб. 145:3). Ехобаның қасиеттерін санап тауысу мүмкін емес. Олар бір-бірінен ажыратып, бөлек-бөлек топтастыруға да келмейді (Зәб. 139:17, 18; Римдіктерге 11:33, 34 оқыңыз). Езекиел көрген аяннан осы шындықты байқауға болады. Мұны аянның әсіресе қай тұсынан байқаймыз?
“Әрқайсысының төрт беті және төрт қанаты болды”
13, 14. Керубтердің төрт беті нені білдіреді және неге ондай тұжырым жасаймыз?
13 Езекиел әр керубтің бір емес, төрт беті бар екенін көрген. Бұл нені білдіреді? Есімізде болса, Құдай Сөзінде 4 саны әдетте бір нәрсені түгелімен, толық қамтығанда қолданылады (Ишая 11:12; Мат. 24:31; Аян 7:1). Дәл осы аянда Езекиел 4 санын, жоқ дегенде, 10 рет атап өткен! (Езек. 1:5—18). Олай болса, қандай тұжырым жасаймыз? Төрт керуб Ехобаның бүкіл адал рухани жаратылыстарын бейнелейтіндей, олардың төрт беті де, бірге алып қарағанда, Ехобаның бойындағы бүкіл қасиеттерді білдіреді *.
14 Керубтердің төрт беті төрт қасиеттен де көп қасиетті білдіретінін түсіну үшін аяндағы дөңгелектерді мысалға алайық. Төрт дөңгелектің әрқайсысы өте үлкен, өте ғаламат! Бірақ бірге алып қарағанда, олар — бөлек-бөлек дөңгелектер емес, арбаны көтеріп тұрған тұтас негіз. Тура сол сияқты, бірге алып қараған кезде, керубтердің төрт беті — бөлек-бөлек төрт қасиет емес, Ехобаның ұлы болмысының негізі.
Ехоба әрбір адал қызметшісінің қасында
15. Бірінші аяннан Езекиел қандай маңызды шындықты түйді?
15 Осы бірінші аяннан Езекиел Ехобамен қарым-қатынасына қатысты маңызды әрі жігерлі бір шындықты түйді. Бұны пайғамбардың жазған кіріспе сөздерінен аңғаруға болады. Ол “Халдей елінде” жүргенін айтқаннан кейін: “Сол жерде Ехоба маған құдіретін дарытты”,— деген (Езек. 1:3). Байқасаңыз, Езекиел бұл аянды Иерусалимде емес, сол жерде, яғни Бабылда көрген *. Бұдан пайғамбардың түйгені: ол Иерусалим мен ғибадатханадан жырақта жүрген мүсәпір тұтқын болса да, Ехобадан және таза ғибадаттан үзіліп қалған жоқ. Ехоба оған Бабылда көріну арқылы таза ғибадат ету үшін адамға тұрған жері де, жағдайы да кедергі емес екенін көрсетті. Бәрі тек Езекиелдің жүрек күйіне, Ехобаға ғибадат етуді қаншалықты қалайтынына байланысты еді.
16. а) Езекиел көрген аяннан жұбаныш беретін қандай шындықты білеміз? ә) Ехобаға бар жүрегіңізбен қызмет етуге сізді не талпындырады?
16 Езекиел білген бұл шындық — біз үшін де үлкен жұбаныш! Қай жерде тұрмайық, қандай мүшкіл күй кешпейік, қандай қиын жағдайға тап болмайық, Ехоба үнемі қасымыздан табылады, тек оған бар жүрегімізбен қызмет етсек болғаны (Зәб. 25:14; Ел. іс. 17:27). Әр қызметшісіне деген айнымас сүйіспеншілігі мол болғандықтан, ол бізді тастап кетуге ешқашан асықпайды (Мұс. 2-ж. 34:6). Сондықтан оның айнымас сүйіспеншілігінен еш уақытта шет қалмайтынымызға сенімді болайық (Зәб. 100:5; Рим. 8:35—39). Ехобаның киелілігі мен теңдессіз құдіретін паш ететін осы керемет аян мынаны да есімізге салады: ғибадат етуімізге жалғыз Ехоба ғана лайық! (Аян 4:9—11). Ол өзі жайында, қасиеттері жайында маңызды шындықтарды бізге ұғындыру үшін, осындай аяндарды көрсеткеніне қаншалықты ризамыз десеңізші! Оның асыл қасиеттеріне тереңірек үңілгеннің арқасында оған жақындай түсеміз, оны бар жүрегімізбен, бар күш-қуатымызбен мадақтауға әрі қызмет етуге талпынамыз (Лұқа 10:27).
17. Келесі тараулардан қандай сұрақтардың жауабын білеміз?
17 Бір өкініштісі, Езекиелдің заманында таза ғибадатты кір шалды. Бұл қалай болды? Ехоба бұған қалай қарады? Ежелдегі бұл оқиғалардың біздің күндерімізге қандай қатысы бар? Осы сұрақтардың жауабын келесі тараулардан білетін боламыз.
^ 5-абзац Тіршілік иелерінің төрт беті Құдай есімінің “ол болғызады” деген мағынасын еске салады. Ехоба өзінің ниетін жүзеге асыру үшін жаратылыстарын да қандай болу керек болса, сондай болғыза алады (“Жаңа дүние аудармасындағы” А4 қосымшасын қараңыз).
^ 13-абзац Біздің әдебиеттерімізде осы уақытқа дейін Ехобаның 50 шақты қасиеті қарастырылды (“Ехоба куәгерлерінің ізденіс құралындағы” “Ехоба Құдай” деген тақырыптан “Ехобаның қасиеттері” дегенді қараңыз).
^ 15-абзац Бір ғалым айтқандай, “сол жерде” деген біртұтам сөздің астарында “керемет таңғалыс сезімі жатыр... Құдай сол жерде, Бабылда болды! Бұл неткен жұбаныш!”