Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

2-ТАРАУ

Құдай олардың сый-тартуын қабыл алды

Құдай олардың сый-тартуын қабыл алды

ЕВРЕЙЛЕРГЕ 11:4

ОЙБАҒДАР: Ехобаның таза ғибадатқа жол салуы

1—3. а) Осы тарауда қандай сұрақтарды қарастырамыз? ә) Таза ғибадат қандай төрт талапқа сай болу керек? (Тараудың басындағы суретті қараңыз.)

ӘБІЛ өзі төлдетіп, өзі баққан қойларының арасына кірді. Мұқият қарап шығып, ішінен бірнешеуін таңдап алды. Сосын оларды құрбандыққа шалып, Құдайға тарту ретінде ұсынды. Кемелсіз адамның бұндай ғибадатына Ехоба разы болар ма екен?

2 Елші Пауыл киелі рухтың жетелеуімен Ехоба Әбілдің “тартуын қабыл алғаны” туралы жазған. Ал Қабылдың тартуын Ехоба қабыл алмаған (Еврейлерге 11:4 оқыңыз). Осы орайда келесідей сұрақтар туындайды: Құдай неге Әбілдің ғибадатына разы болып, ал Қабылдікіне разы болмады? Қабыл мен Әбілден және Еврейлерге 11-тарауда айтылған басқа да адамдардан не үйренеміз? Бұл сұрақтардың жауабы таза ғибадатқа қатысты түсінігімізді тереңдете түспек.

3 Осы тарауда Әбілден бастап Езекиелдің заманына дейінгі оқиғаларға қысқаша шолу жасаймыз. Соны қарастыру барысында Құдайға ұнамды ғибадаттың бір-бірінен ажырамас төрт талапқа сай болу керектігін көресіз: 1) ғибадат жалғыз Ехобаға арналу керек, 2) сапасы жоғары болу керек, 3) Құдайға ұнамды жолмен жасалу керек және 4) ғибадат етушінің ниеті таза болу керек.

Қабылдың ғибадаты неге қабыл болмады?

4, 5. Қабыл сый-тартуды Ехобаға арнау керектігін қайдан білді?

4 Мұсаның 1-жазбасы 4:2—5 оқыңыз. Қабыл сый-тартуын Ехобаға арнау керектігін білген. Жаратушысын танып-білуге оның уақыты мен мүмкіндігі көп болды. Інісі екеуі құрбандық әкелгенде, олардың жастары шамамен 100-де болса керек *. Олар мәуелі Едем бағы жайында бала күндерінен естіп өсіп, тіпті сыртынан талай көрген де болар. Бақтың кіреберісінде тұрған керубтерді де көрген шығар (Мұс. 1-ж. 3:24). Адам мен Хауа ұлдарына бар тіршілікке Ехоба бастау бергенін және әуел баста адамзатты бірте-бірте қартайып өлсін деп емес, мәңгі жасасын деп жаратқанын айтқаны да сөзсіз (Мұс. 1-ж. 1:24—28). Осының бәрінен Қабыл өз тартуын Құдайға арнауы керектігін түсінсе керек.

5 Қабылды құрбандық әкелуге тағы не талпындырған болуы мүмкін? Ехоба Хауаны қасіретті шешім қабылдауға азғырған “жыланның” басын мыжитын бір “ұрпақ” шығатынын айтқан еді (Мұс. 1-ж. 3:4—6, 14, 15). Қабыл үйдің тұңғышы болғандықтан, “Құдай уәде еткен сол ұрпақ менмін” деп ойласа керек (Мұс. 1-ж. 4:1). Бұған қоса, сол уақытта Ехоба кемелсіз адамдармен тілдесуін әлі доғармаған еді. Тіпті Адам күнә жасағаннан кейін де Құдай, періштесі арқылы болса керек, онымен сөйлескен (Мұс. 1-ж. 3:8—10). Қабыл құрбандық ұсынғанда, Ехоба оған да тіл қатты (Мұс. 1-ж. 4:6). Сайып келгенде, Ехоба ғибадат етуге лайық екенін Қабыл нақты білген.

6, 7. Қабылдың құрбандығының сапасы мен оны қалай ұсынғаны дұрыс болмады ма? Түсіндіріңіз.

6 Олай болса, Ехоба Қабылдың тартуын неге қабыл алмады? Әлде сапасы нашар болды ма? Киелі кітап олай демейді. Онда жай ғана “Қабыл жердің өнімінен Ехобаға тарту ұсынды” делінген. Ехоба мұндай құрбандықты мақұл көретіні кейіннен Мұса Заңынан айқын болды (Мұс. 4-ж. 15:8, 9). Адамзат тарихының басында адамдар көкөніс пен жеміс-жидекті ғана азық еткенін де ескерейік (Мұс. 1-ж. 1:29). Едемнен басқа жердің бәрі Құдайдың қарғысына ұшырағандықтан, Қабыл сый-тарту әкелу үшін бел жазбай еңбек еткен (Мұс. 1-ж. 3:17—19). Иә, ол өмірінің жалғыз арқауы — маңдай терімен тапқан азығын ұсынған! Бірақ Ехоба оны сонда да қабыл алмады.

7 Бәлкім, мәселе сый-тартудың қалай ұсынылғандығында болар. Сонда Қабыл оны Құдайға ұнамды жолмен ұсынбаған ба? Жоқ, олай дей алмаймыз. Өйткені Ехоба құрбандықтың қалай тарту етілгенін айыптап ештеңе айтпаған. Киелі кітапта Қабылдың да, Әбілдің де құрбандықтарын қалай ұсынғандары туралы ештеңе айтылмайды. Олай болса, мәселе неде?

Қабылдың ниеті таза болмады (8, 9-абзацты қараңыз)

8, 9. а) Ехоба неге Қабылдың өзіне де, сый-тартуына да разы болмады? ә) Қабыл мен Әбіл жайлы мәліметтен қандай көңіл бұрарлық ой байқадыңыз?

8 Пауыл Еврейлерге жазған хатында Қабылдың ниеті таза болмағанын айтқан. Оның жүрегінде сенім жоқ еді (Евр. 11:4; Жох. 1-х. 3:11, 12). Сондықтан Ехоба Қабылдың тартуына да, өзіне де разы болмады (Мұс. 1-ж. 4:5—8). Ехоба сүйіспеншілігі мол Әке болғандықтан, ұлын мейіріммен түзетуге тырысты. Бірақ Қабыл Ехобаның созған көмек қолын қағып жіберді. Содан ол “қаскөйлік, жанжалқойлық, қызғаныш” сияқты күнәкар пендеге тән жағымсыз істерге бой алдырды (Ғал. 5:19, 20). Қабылдың ниеті қара болғандықтан, ғибадатының қалған үш талапқа сай келгенінен түк пайда болмады. Оның оқиғасынан біз маңызды ой түйеміз: таза ғибадат деген — Ехобаға ғибадат ететінімізді сырттай көрсету ғана емес.

9 Киелі кітаптан Қабыл жайында біраз мағлұмат алуға болады. Біз Ехобаның Қабылға не дегенін, оның қалай жауап бергенін, тіпті үрім-бұтағының аттарын, олардың кейбірі немен айналысқанын да біле аламыз (Мұс. 1-ж. 4:17—24). Ал Әбілге келсек, оның айтқан бір түйір сөзі де, балалары туралы да ештеңе жазылмаған. Десе де оның үздік үлгісі әлі күнге дейін бізге үн қатуда. Қалай дейсіз ғой?

Әбіл таза ғибадаттың үлгісін қалдырды

10. Неге Әбіл таза ғибадаттың үлгісін қалдырды дей аламыз?

10 Әбіл құрбандығын Ехобаға арнады, өйткені сый-тартуды қабылдауға ол ғана лайық екенін білді. Ол “отарының алғашқы төлдерінен бірнешеуін” таңдап, сапасы ең жақсысын ұсынды. Әбіл оларды құрбандық орнында шалды ма, жоқ па — ол жағы Жазбаларда айтылмайды. Бірақ оның сый-тартуды Құдайға ұнамды жолмен ұсынғанында дау жоқ. Әбілдің құрбандығын әсіресе құнды еткен нәрсе оның ниеті еді. Сол уақыттан бері алты мыңдай жыл өтсе де, оның таза ниеті біз үшін өшпес үлгі болып келеді! Иә, Әбілдің сый-тарту әкелуіне Ехобаға деген сенімі мен оның әділ нормаларына деген сүйіспеншілігі қозғау болды. Неге бұлай деп айта аламыз?

Әбіл таза ғибадаттың төрт талабын да орындады (10-абзацты қараңыз)

11. Иса Әбілді неге әділ адам деп атаған?

11 Алдымен, Исаның Әбіл жайлы не айтқанына көңіл бөлейік. Иса оны өте жақсы білген. Өйткені Әбіл өмір сүріп жатқан уақытта Иса аспанда болған. Адам атаның бұл ұлы оның жүрегінен ерекше орын алды (Нақ. с. 8:22, 30, 31; Жох. 8:58; Қол. 1:15, 16). Иса Әбілдің әділ адам болғанын айтқанда, өз көзімен көргенін айтқан (Мат. 23:35). Әділ адам деп ненің жақсы, ненің жаман екеніне қатысты нормаларды орнатуға Ехоба ғана құқылы екенін мойындайтын адамды айтамыз. Мұндай адам сол нормалардың дұрыс екенін мойындайтынын сөзімен де, ісімен де көрсетеді (Лұқа 1:5, 6 салыстырыңыз). Алайда әділ адам деген ат бір күнде келмейді. Әбіл құрбандық әкелгенге дейін де Ехобаның нормаларымен өмір сүріп, жақсатқа ие болса керек. Мұндай ат оған оңайлықпен келмеген шығар. Ағасы Қабыл оған жақсы үлгі болмаған, себебі “оның істері зұлым еді” (Жох. 1-х. 3:12). Анасы болса Құдайдың анық айтқан бұйрығын орындамады. Ал әкесі ненің жақсы, ненің жаман екенін өзім шешемін деп Ехобаға қарсы шықты (Мұс. 1-ж. 2:16, 17; 3:6). Үй ішінің ізінен ермей, тура жолмен жүру үшін Әбілге неткен қайрат-жігер қажет болды десеңізші!

12. Әбілдің Қабылдан басты ерекшелігі неде?

12 Пауыл сенім мен әділдіктің бір-бірімен біте қайнасып жатқан қасиеттер екенін айтқан. Ол: “Сенімі болғандықтан Әбіл Құдайға Қабылдікінен әлдеқайда бағалы құрбандық ұсынды. Осы сенімі арқылы өзінің әділ екеніне Құдайдан куәлік алды”,— деген (Евр. 11:4). Әбіл Ехобаға және оның талаптары мен істері дұрыс екеніне өмір бойы әрі бар жүрегімен сенген. Оның құрбандығын Қабылдікінен ерекше еткен де осы еді.

13. Әбілдің үлгісі нені айқын көрсетеді?

13 Әбілдің үлгісі мынаны айқын көрсетеді: таза ғибадат тек таза ниетті жүректен, яғни Ехобаға толық сенетін және оның нормалары дұрыс екенімен толық келісетін жүректен шығады. Бұған қоса, таза ғибадат деген Ехобаға адал екенімізді бір-ақ рет көрсетуді білдірмейді. Оны біз бүкіл өмір салтымызбен өмір бойы көрсетуіміз керек.

Таза ғибадат еткен әулетбасылар

14. Нұхтың, Ыбырайым мен Жақыптың құрбандығын Ехоба неге қабыл алған?

14 Кемелсіз пенделердің ішінен ең бірінші болып Ехобаға таза ғибадат еткен адам — Әбіл. Бірақ ол соңғысы емес еді. Елші Пауыл Ехобаға ұнамды түрде ғибадат еткен басқа да адамдарды атап өткен. Олар — Нұх, Ыбырайым және Жақып (Еврейлерге 11:7, 8, 17—21 оқыңыз). Бұл әулетбасылардың да Ехобаға құрбандық шалған кездері болған, әрі Ехоба олардың сый-тартуын қабыл алған. Өйткені олар құрбандық ұсынып қана қоймай, таза ғибадаттың төрт талабын да орындаған. Қазір сол әулетбасылардың үлгісіне жеке-жеке тоқталып өтейік.

Нұхтың құрбандығы таза ғибадатқа қатысты маңызды жайтты ұғындырды (15, 16-абзацты қараңыз)

15, 16. Нұх таза ғибадаттың төрт талабын қалай орындады?

15 Нұх Адам ата өлген соң 126 жылдан кейін дүниеге келді. Осы аралықта дүниені жалған ғибадат жайлап үлгерген еді * (Мұс. 1-ж. 6:11). Жер бетін топан су басқанға дейін Нұх пен оның отбасынан басқа бірде-бір адам Ехобаға ұнамды түрде ғибадат етпеді (Пет. 2-х. 2:5). Топан судан аман қалғанда, Нұх Ехобаға арнап құрбандық шалу үшін құрбандық орнын тұрғызды. Киелі кітапта құрбандық орны жайлы бірінші рет осы оқиғада айтылады. Шын жүрекпен істеген осы әрекетімен Нұх өзінің отбасы мен күллі келер ұрпағына мына бір маңызды жайтты ұғындырды: ғибадат тек қана Ехобаға арналуы тиіс. Нұх жануарлардың ішінен “адал мал мен адал құстан алып, құрбандыққа шалды” (Мұс. 1-ж. 8:20). Бұл жануарларды Ехобаның өзі адал деп айтқандықтан, шалынған құрбандықтың сапасы жоғары болды (Мұс. 1-ж. 7:2).

16 Нұх сый-тартуын өзі тұрғызған құрбандық орнының үстінде ұсынған. Оның бұндай жолмен ғибадат еткені Құдайға ұнамды болды ма? Иә. Киелі кітапта құрбандықтың иісі Ехобаға жағымды болғаны әрі ол Нұх пен оның ұлдарына батасын бергені айтылған (Мұс. 1-ж. 8:21; 9:1). Әйтсе де Ехоба бірінші кезекте Нұхтың құрбандығын оның таза ниеті үшін қабыл алды. Бұл Нұхтың Ехобаға деген және оның талаптары мен істері дұрыс екеніне деген сенімін көрсеткен бір ғана жағдай еді. Нұх Ехобаға үздіксіз мойынсұнып, оның нормаларына сай өмір сүргендіктен, Киелі кітапта: “Ол Құдай жолымен жүрді”,— делінген. Соның арқасында Нұх “әділ кісі” деген өшпес атқа ие болды (Мұс. 1-ж. 6:9; Езек. 14:14; Евр. 11:7).

17, 18. Ыбырайым таза ғибадаттың төрт талабын қалай орындады?

17 Ыбырайым да жалған ғибадаттың ортасында өмір сүрген. Оның туған жері Ур қаласында ай тәңірі Наннаның биік ғибадатханасы бар еді *. Тіпті оның әкесі де бір кездері жалған құдайларға бас ұрған (Ешуа 24:2). Ыбырайым сонда да Ехобаға ғибадат етуге бекінді. Ол шынайы Құдай жайлы арғы атасы Нұхтың ұлы Шамнан білсе керек. Ыбырайым мен Шам 150 жылдай замандас болған.

18 Баянды ғұмырының барысында Ыбырайым көп мәрте құрбандық шалған. Ол осы құрбандықтарын ғибадаттың жалғыз иесі Ехобаға ғана арнаған (Мұс. 1-ж. 12:8; 13:18; 15:8—10). Ал олардың сапасы жайында не деуге болады? Ыбырайым өзінің аяулы ұлы Ысқақты құрбандыққа шалуға дайын болғанын ескерсек, бұл сұрақтың жауабы қандай екені айтпаса да түсінікті. Ысқақпен болған сол жағдайда Ехоба құрбандықты қандай жолмен ұсыну керектігін тәптіштеп түсіндірген еді (Мұс. 1-ж. 22:1, 2). Ыбырайым Ехобаның айтқан нұсқауын басынан аяғына дейін орындауға дайын болды. Бірақ Ехоба оны тоқтатып, ұлын өлтіртпеді (Мұс. 1-ж. 22:9—12). Ыбырайымның ниеті таза болғандықтан, Ехоба оның ғибадатын қабыл алды. Елші Пауыл: “Ыбырайым Ехобаға сенді, сондықтан ол әділ деп саналды”,— деп жазған (Рим. 4:3).

Жақып отбасына үлгі болды (19, 20-абзацты қараңыз)

19, 20. Жақып таза ғибадаттың төрт талабын қалай орындады?

19 Жақып ғұмырының басым бөлігін Қанахан жерінде, яғни Ехоба Ыбырайым мен оның ұрпағына уәде еткен жерде өткізген (Мұс. 1-ж. 17:1, 8). Қанахан халқы жалған ғибадатқа белшесінен батқаны сонша, Ехоба: “Жер оларды құсып тастайды”,— деген (Мұс. 3-ж. 18:24, 25). Жақып 77 жасында Қанахан жерінен кетіп қалды. Кейін үйленіп, үбірлі-шүбірлі болып, Қанаханға қайта оралды (Мұс. 1-ж. 28:1, 2; 33:18). Сол жерде оның үй ішінің кейбірі жалған ғибадаттың әсеріне берілді. Бірақ Ехоба оған Бетелге барып, құрбандық орнын тұрғызуды айтқанда, ол батылдықпен іске кірісті. Жақып алдымен отбасына: “Қолдарыңдағы жалған құдай мүсіндерінен арылып, өздеріңді тазартыңдар”,— деп бұйырды. Содан кейін Ехобадан алған нұсқауын бұлжытпай орындады (Мұс. 1-ж. 35:1—7).

20 Жақып Уәде етілген жерде қанша құрбандық орнын тұрғызбасын, барлық кезде ғибадатын тек Ехобаға арнады (Мұс. 1-ж. 35:14; 46:1). Оның құрбандықтарының сапасы да, Құдайға ғибадат ету жолы да, ниеті де таза ғибадаттың талаптарына сай болды. Киелі кітапта Жақыптың мінсіз, яғни Құдайға ұнамды адам деп атанғаны да сондықтан (Мұс. 1-ж. 25:27). Жақып өмірінің соңына дейін өзінен тарайтын Исраил халқына үлгі боларлықтай ғұмыр кешті (Мұс. 1-ж. 35:9—12).

21. Таза ғибадат етудің үлгісін қалдырған әулетбасылардан не үйренеміз?

21 Таза ғибадат етудің үлгісін қалдырған бұл әулетбасылардан не үйренеміз? Жан-жағымыздағы адамдар, кейде тіпті отбасымыз да бізді Ехобаға адал қызмет етуден алаңдатуы мүмкін. Солардың ырқына беріліп қалмас үшін, Ехобаға деген және оның әділ нормаларының асқақтығына деген сенімімізді қайрай түсуіміз керек. Мұндай сенімді Ехобаға мойынсұну арқылы, уақытымызды, күшіміз бен қолда барымызды оған қызмет етуге арнау арқылы көрсетеміз (Мат. 22:37—40; Қор. 1-х. 10:31). Ехобаға ең жақсымызды беріп, оған ұнамды жолмен әрі таза ниетпен ғибадат ететін болсақ, ол бізге әділ адам деп қарайды. Мұны білгеніміз бойымызға жігер құяды емес пе?! (Жақып 2:18—24 оқыңыз).

Таза ғибадат еткен халық

22—24. Ехоба берген Заңнан сый-тартулар кімге, қандай сапада, қандай жолмен ұсынылу керектігі қалай көрінген?

22 Ехоба Жақыптың ұрпақтарынан нені талап ететінін анық білдіру үшін, оларға Заң берді. Олар Ехобаға мойынсұнса, оның “ерекше меншігі” әрі “қасиетті халқы” болмақ еді (Мұс. 2-ж. 19:5, 6). Қазір сол Заңнан таза ғибадаттың төрт талабы қалай айқын көрінгеніне назар аударайық.

23 Ехоба Исраил халқына: “Менен басқа құдайларың болмасын”,— деп, кімге ғибадат етулері керектігін анық көрсетті (Мұс. 2-ж. 20:3—5). Ал олардың құрбандықтарының сапасына келсек, ол өте жоғары болуы тиіс еді. Мысалы, құрбандыққа әкелінген мал сау, кем-кетіксіз болу керек еді (Мұс. 3-ж. 1:3; Мұс. 5-ж. 15:21; Малахи 1:6—8 салыстырыңыз). Исраилдің Ехобаға әкелген сый-тартуынан үлес алатын леуіліктер де өз аттарынан Ехобаға сый-тарту ұсынатын. Олар “өздеріне тарту етілгендердің ең жақсысын” беруге міндетті еді (Мұс. 4-ж. 18:29). Исраилдіктердің қандай жолмен ғибадат ету керектігі жайында айтсақ, Ехоба оларға қандай құрбандықты, қай жерде, қалай әкелу керектігіне қатысты нақты нұсқаулар берген. Оларға бас-аяғы 600-ден астам заң берілді және “Сендер Ехоба Құдайларың қалай бұйырса, бәрін тап солай орындаңдар. Оңға да, солға да бұрылмаңдар” деп бұйырылды (Мұс. 5-ж. 5:32).

24 Исраилдіктердің құрбандықты қай жерде шалатыны Ехоба үшін маңызды болды ма? Иә. Ехобаның нұсқауымен тұрғызылған киелі шатыр сол заманда таза ғибадаттың ордасы болды (Мұс. 2-ж. 40:1—3, 29, 34). Сондықтан Ехоба киелі шатырға әкелінген сый-тартуларды ғана қабыл алатын * (Мұс. 5-ж. 12:17, 18).

25. Құрбандық әкелуде ең маңызды жайт не еді? Түсіндіріңіз.

25 Бәрінен де маңыздысы, исраилдіктердің сый-тарту әкелудегі ниеті еді! Олар құрбандықты Ехобаны және оның нормаларын бар жүрегімен сүйгендіктен әкелу керек болған (Мұсаның 5-жазбасы 6:4—6 оқыңыз). Егер олар Ехобаны сүйгендіктен емес, жай міндет санағандықтан ғибадат етсе, Ехоба олардың құрбандығын қабыл алмаған (Ишая 1:10—13). Ол мұндай бос ғибадатқа алданбайтынын көрсетіп Ишая пайғамбар арқылы: “Мына халық [мені] тілдерімен ғана дәріптейді, Ал жүректері менен алшақ”,— деген (Ишая 29:13).

Ғибадатханадағы ғибадат

26. Сүлеймен соққан ғибадатхананың негізгі мақсаты қандай еді?

26 Исраил халқы Уәде етілген жерге қоныс тепкеннен кейін жүздеген жыл өткен соң, Сүлеймен патша зәулім ғибадатхана тұрғызды. Аса сәулетті бұл ғимарат киелі шатырдың орнын басып, таза ғибадаттың жаңа ордасына айналды (Пат. 1-ж. 7:51; Шеж. 2-ж. 3:1, 6, 7). Мұнда әкелінген құрбандықтардың бәрі алғашында тек Ехобаға арнап шалынатын. Сүлеймен патша мен халық сапасы ең жоғары құрбандықтарды Құдай Заңында айтылған жолмен көптеп ұсынды (Пат. 1-ж. 8:63). Алайда халықтың ғибадатын құнды еткен алтынмен апталып, күміспен күптелген ғибадатхана немесе үйіп-төгіп әкелінген құрбандықтар емес, халықтың ниеті еді! Ғибадатхананың бағышталуы кезінде Сүлеймен осыған ерекше назар аударып: “Сендер қазір орындап жүргендеріңдей, әрі қарай да Құдайымыз Ехобаның жарлықтары мен өсиеттерін орындап, оған бар жүректеріңмен қызмет етіңдер”,— деді (Пат. 1-ж. 8:57—61).

27. Исраил патшалары мен қол астындағы халық қандай күйге жетті және Ехоба қалай әрекет етті?

27 Өкінішке қарай, исраилдіктер патшаның ақылына құлақ аспай, таза ғибадаттың төрт талабын бұза бастады. Жүректері бүлінген Исраил патшалары мен қол астындағы халық Ехобадан алшақтап, оның әділ нормаларын аяқасты етті. Ехоба оларға пайғамбарларын сан мәрте жіберіп, ақылға шақырып, жаман істерінің ащы салдарынан сақтандыруға тырысты (Ерм. 7:13—15, 23—26). Сол пайғамбарлардың арасында адал пайғамбар Езекиел де болған. Ол таза ғибадаттың тарихындағы қараңғы кезеңде өмір сүрді.

Таза ғибадаттың арамдалуы

28, 29. Бізге Езекиел туралы не белгілі? (“Езекиелдің өмірі мен заманы” деген қоршауды қараңыз.)

28 Езекиел Сүлейменнің тұсында бой көтерген ғибадатханадағы ғибадаттың қыр-сырын жақсы білген. Оның әкесі діни қызметкер болған әрі ғибадатханада қызмет атқарып жүрген (Езек. 1:3). Езекиелдің балалық шағы бақытты өтсе керек. Әкесі оған кішкентайынан Ехоба туралы, оның Заңы туралы үйреткен. Бір ескеретін жайт, “Заң кітабы” ғибадатханадан шамамен Езекиел туылған кезде табылған *. Сол уақытта тақта отырған әділ Жосия патша Заңда не жазылғанын естігенде, таза ғибадатты өркендетуге одан сайын құлшына кірісті (Пат. 2-ж. 22:8—13).

Әкесі Езекиелге Ехоба мен оның Заңы туралы үйретті (28-абзацты қараңыз)

29 Өзіне дейін өмір сүрген адал адамдар сияқты Езекиел де таза ғибадаттың төрт талабына сай ғибадат еткен. Біз Езекиел кітабына үңілгенде, оның жалғыз Ехобаға бар жүрегімен беріле қызмет еткенін, қашанда қолда барының ең жақсысын бергенін, Ехоба тапсырған істі мойынсұнғыштықпен әрі оған ұнамды жолмен атқарғанын байқаймыз. Мұның бәрін ол сенімге толы жүрекпен, таза ниетпен атқарды. Ал оның замандастарының басым көпшілігі туралы бұлай дей алмаймыз. Бірақ Еремия пайғамбар өсіп келе жатқан Езекиелге жақсы үлгі болды. Қызметін б. з. б. 647 жылы бастаған бұл адал пайғамбар Ехобаның үкім хабарын құлшына жариялаған.

30. а) Езекиел жазған пайғамбарлықтар нені аян етеді? ә) Пайғамбарлық деген не және Езекиелдің пайғамбарлықтарын қалай түсінген жөн? (“Езекиелдің пайғамбарлықтарын түсіну” деген қоршауды қараңыз.)

30 Киелі рухтың жетелеуімен жазылған Езекиел кітабы халықтың Құдайдан қаншалықты алшақтап кеткенін аян етеді (Езекиел 8:6 оқыңыз). Ехоба Яһуда халқын жөнге салуды бастағанда, Бабылға айдалғандардың ішінде Езекиел де болды (Пат. 2-ж. 24:11—17). Бірақ бұл ол да Ехобаның жазасына ұшырады дегенді білдірген жоқ. Керісінше, Ехобаның осы адал қызметшісі үшін ойластырған тапсырмасы бар еді. Езекиел жүрек толқытарлық аяндар мен пайғамбарлықтар жазып, таза ғибадаттың Иерусалимде қайта қалпына келетінін айтты. Бірақ бұл пайғамбарлықтардың бұдан да терең мәні бар: таза ғибадат тек Исраил халқы үшін емес, Ехобаны сүйетін барша жандар үшін болашақта бүкіл жержүзінде қалпына келеді!

31. Бұл әдебиеттің көмегі қандай?

31 Осы әдебиеттің алдағы бөлімдерінде Ехобаның көктегі тұрағына көз тастаймыз. Сондай-ақ таза ғибадаттың қалайша түгел арамдалғанын, Ехоба таза ғибадатты қалай қалпына келтіргенін әрі өз халқын қалай қорғағанын білеміз және болашақта әрбір адам Ехобаға ғибадат ететін уақытқа көз жібереміз. Ал келесі тарау Езекиел көрген алғашқы аян туралы болмақ. Ехобаны және оның ұйымының көктегі бөлігін көз алдымызға елестеткенде, таза ғибадатқа неге жалғыз Ехоба ғана лайық екенін түсінеміз.

^ 4-абзац Әбіл Адам мен Хауа Едем бағынан қуылғаннан кейін көп ұзамай туылса керек (Мұс. 1-ж. 4:1, 2). Мұсаның 1-жазбасы 4:25-те Құдай “Әбілдің орнына” Сетті бергені айтылады. Әбілдің өлімінен кейін Сет туылғанда Адам атаның жасы 130-да болған (Мұс. 1-ж. 5:3). Соған қарағанда, Әбіл өлтірілгенде, оның жасы шамамен 100-де болған.

^ 15-абзац Мұсаның 1-жазбасы 4:26-да Адам атаның немересі Еностың кезінде “адамдар Ехобаның есімін шақыра бастады” делінген. Алайда олар Құдай есімін лайықсыз түрде қолданған, тіпті пұттарды Ехобаның атымен атаған болуы мүмкін.

^ 17-абзац Нанна тәңірінің Син деген де есімі болған. Ур қаласының тұрғындары көп тәңірге сиынғанымен, қаладағы құрбандық орындары мен ғибадатханалар негізінен Наннаға бағышталған еді.

^ 24-абзац Қасиетті келісім сандығы киелі шатырдан әкетілгеннен кейін, Ехоба киелі шатырдан өзге жерлерде де ұсынылған құрбандықтарды қабыл алғанға ұқсайды (Сам. 1-ж. 4:3, 11; 7:7—9; 10:8; 11:14, 15; 16:4, 5; Шеж. 1-ж. 21:26—30).

^ 28-абзац Б. з.б. 613 жылы Езекиел пайғамбарлық ете бастағанда жасы 30-да болғанға ұқсайды. Демек, ол шамамен б. з. б. 643 жылы дүниеге келген (Езек. 1:1). Жосия патша билігін б. з. б. 659 жылы бастаған. Ал Заң кітабы (түпнұсқа болса керек) патшаның билік ете бастағанына шамамен 18 жыл болғанда, яғни б. з. б. 642—641 жылдары табылған.