1-СҰРАҚ
Тіршілік қайдан бастау алды?
Кішкентай кезіңде ата-анаңнан: “Бала қайдан пайда болады?”— деп сұрағансың ба? Сонда не деп жауап берген еді? Олар сенің жасыңды ескеріп, сұрағыңды жауапсыз қалдырған болар не ыңғайсызданып қалғандықтан қысқа ғана қайыра салған шығар. Бәлкім, ойдан шығарылған әңгіме айтып құтылған болар. Десе де әрбір бала есейе келе нәрестенің қалай дүниеге келетінін бәрібір білу қажет.
Ата-аналардың баланың осы бір сұрағына жауап беруден қашқақтайтыны сияқты, кейбір ғалымдар одан әлдеқайда маңызды сұрақты талқылаудан тартынады. Бұл — “Тіршілік қайдан бастау алды?” деген сұрақ. Осы сұраққа толыққанды жауап алғанымыз өмірге деген көзқарасымызға қатты әсер етуі мүмкін. Олай болса, бұл мәселенің анық-қанығына көз жеткізейік.
Көптеген ғалымдар не дейді? Эволюцияға сенетін көп адам жер бетіндегі тіршілік осыдан миллиардтаған жыл бұрын мұхит тұңғиығында не судың тасуы кезінде жағалауда пайда болды деп пайымдайды. Олардың айтуынша, осындай ортада дамыған химиялық қосылыстар оқыстан бірігіп, көпіршік тәріздес заттарға айналды. Олар күрделі молекулаларды құрап, көбейе бастады. Эволюционистер жер бетіндегі күллі тіршілік сол бір не бірнеше “қарапайым” жасушалардан пайда болды деп сенеді.
Алайда бұл пікірмен келіспейтін ғалымдар да бар. Олар алғашқы жасушалар не олардың негізгі бөліктері ғарыштан келіп түсті деп ойлайды. Неге? Өйткені көп күш жұмсалғанына қарамастан, тіршіліктің өлі молекулалардан пайда болуы мүмкін екені әлі күнге дейін дәлелденген жоқ. 2008 жылы биология ғылымының профессоры Александр Менеж осы мәселеге айрықша назар 1.
аударды. Оның айтуынша, соңғы 50 жылда “жер бетіндегі тіршілік кенеттен молекулалық сорпадан пайда болды деген болжамды ешқандай тәжірибе дәлелдемеді әрі бүгінгі ғылыми жетістіктер де оны растамайды”Айғақтар не дейді? Баланың ата-анадан пайда болатынын ешкім де дауға салмайды. Бұл — бәріне белгілі шындық. Тірі жан тірі жаннан пайда болады. Ал тіршілік бастау алғанда осы заңдылық неге бұзылды? Расында да, тіршіліктің өлі денеден кездейсоқ пайда болуы мүмкін бе? Мүмкін болса, бұған қаншалықты кепілдік беруге болады?
Зерттеулер көрсеткендей, жасуша, кем дегенде, үш күрделі молекуланың өзара байланысуының арқасында тіршілік етеді. Бұл молекулалар мыналар: ДНҚ (дезоксирибонуклеин қышқылы), РНҚ (рибонуклеин қышқылы) және ақуыз. Бүгінде тірі жасуша өлі денелердің оқыстан бірігуі нәтижесінде пайда болды дегенге сенетіндер кемде-кем. Десе де РНҚ-ның не ақуыздың кездейсоқ пайда болуы қаншалықты мүмкін екенін қарастырып көрейік *.
1953 жылы Стэнли Миллер жасаған алғашқы тәжірибе көп ғалымдарды тіршіліктің кездейсоқ пайда болуы мүмкін екендігіне сендірді. Ол тіршілік бастау алған кездегі атмосфераны бейнелеген газ қоспаларына электр разрядын жіберіп, ақуыздың негізгі элементі — аминқышқылдарының кейбір түрлерін алды. Кейіннен аминқышқылдары ғарыштан түскен метеориттің құрамынан да табылды. Осы ашылған жайттар тірі ағзаларды құрайтын негізгі бөлшектер кенеттен, еш қиындықсыз пайда бола алады дегенді білдіре ме?
Нью-Йорк университетінің химия ғылымының профессоры Роберт Шапиро былай дейді: “Кейбір ғалымдардың ойынша, жасушаны құрайтын негізгі бөліктердің барлығы Миллер жасаған тәжірибедегідей оп-оңай пайда бола алады және метеориттердің құрамында да кездеседі. Бірақ бұлай болуы екіталай”.2 *
Мысалға, РНҚ молекуласын алайық. Ол нуклеотид деп аталатын кішігірім молекулалардан тұрады. Нуклеотид аминқышқылдарынан өзгеше, күрделірек болып келеді. Шапироның айтуынша, “осы күнге дейін нуклеотидтің қандай да бір түрінің разряд жіберу арқылы алынғаны не метеориттерде кездесетіні жайлы ешқандай дерек тіркелген жоқ”3. Өз бетінше көбейе алатын РНҚ молекуласының химиялық қосылыстардан кездейсоқ “пайда болуы екіталай. Бұл тым болмағанда бір рет орын алса, нағыз ғажайыптың өзі болар еді”4.
Ал ақуыз жайлы не деуге болады? Ол бір-бірімен қатаң тәртіппен байланысқан 50-ден бірнеше мыңға дейінгі аминқышқылынан құралуы мүмкін. Қарапайым болып көрінетін жасушадағы ақуыз негізінен 200 аминқышқылынан
тұрады. Тіпті осындай жасушаның өзінде ақуыздың мыңдаған түрі кездеседі. Ғалымдардың есептеуінше, 100 аминқышқылынан тұратын бір ғана ақуыздың жер бетінде кездейсоқ пайда болуы квадриллион жағдайдың (1х1015) біреуінде ғана мүмкін.Зертханада күрделі молекулаларды түзу үшін ғалымның біліктілігі қажет болса, одан да күрделі молекулалар қалайша өздігінен пайда болды?
Эволюционист зерттеуші Хьюберт Йоки осы жайтты нықтай түсті. Ол: “Тіршіліктің ақуыздан бастау алуы мүмкін емес”,— дейді5. Ақуыз түзілу үшін РНҚ қажет, ал РНҚ түзілу үшін ақуыз қажет. Мүмкін екені екіталай болса да, ақуыз бен РНҚ молекулалары бір жерде және бір уақытта кездейсоқ пайда бола қалды делік. Бірақ олардың өзара байланысып, өз бетінше көбейе алатын дербес ағза түзе алғанына кім кепіл? НАСА-ның мүшесі ғалым Кэрол Клиленд * былай дейді: “Осы кездейсоқ жайттың орын алу ықтималдығы жоқтың қасы. Сөйтсе де ғалымдардың көпшілігі о бастағы табиғи ортада ақуыз бен РНҚ-ның қалай өз бетінше пайда болғанын біле алса, олардың өзара байланысу мәселесі өздігінен шешіліп кетеді деп ойлайды”. Тірі ағзалардың осы негізгі құрамдас бөліктерінің кездейсоқ пайда болуын түсіндіретін теорияларға қатысты Клиленд: “Олардың бірде біреуі мұның қалай болғанын толық түсіндіре алмады”6,— дейді.
Бұл айғақтардың қандай мәні бар? Тіршілік кездейсоқ пайда болды деп ойлайтын ғалымдардың қандай жағдайға түскенін ойлап көрші. Олар жасушаның құрамында кездесетін кейбір аминқышқылдарын алды, сондай-ақ қатаң бақылаумен және мұқият жүргізілген тәжірибелердің арқасында өзге де күрделірек молекулаларды жасап шығарды. Енді ғалымдар “қарапайым” жасуша түзуге қажетті бөліктердің барлығын алуға үміттенеді. Олардың жағдайын робот жасап шығарғысы келген адаммен салыстыруға болады. Ол табиғатта кездесетін элементтерді алады да, оларды болат, пластик, сым мен силиконға айналдырып, робот жасайды. Сөйтіп, оған өзі сияқты роботтар жасап шығаратын бағдарлама орнатады. Бұл кісі осылайша нені дәлелдейді? Ары кеткенде, саналы тұлғаның заманауи робот жасай алатынын дәлелдесе керек.
Ғалымдар түбінде жасуша жасап шығарса, бұл шынымен де таңғаларлық жайт болар еді. Алайда мұнысымен олар жасушаның кездейсоқ пайда бола алатынын дәлелдер ме еді? Қайта,
сырттан біреу қадағаламаса, мұның мүмкін емес екенін көрсетпей ме?!Сен не ойлайсың? Бүгінгі күнге дейін жүргізілген зерттеулердің барлығы да тірі жанның тек тірі жаннан пайда болатынын айқын көрсетеді. Қарапайым болып көрінген жасушаның өзі өлі денелерден кездейсоқ пайда болды дегенге нану үшін зор сенім қажет.
Айғақтарды елемей, осыған сенгенің дұрыс болар ма еді? Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, жасушаның құрылысын егжей-тегжейлі қарастырып көрейік. Осының арқасында кейбір ғалымдардың тіршіліктің пайда болуына қатысты теориялары дұрыс па, әлде кейбір ата-аналардың баланың қайдан пайда болатынын түсіндіру үшін айтатын ертегілері іспетті жалған ба, соған көз жеткіземіз.
^ 8-абзац ДНҚ-ның кездейсоқ пайда болу ықтималдығы 3-бөлімде (“ДНҚ-дағы нұсқаулар қайдан пайда болды?”) қарастырылады.
^ 10-абзац Шапиро тіршіліктің жаратушысы бар дегенге сенбейді. Оның ойынша, тіршілік әлі біз танып білмеген жолмен кездейсоқ пайда болған. 2009 жылы Манчестер университетінің (Англия) ғалымдары зертханада нуклеотидтің біраз мөлшерін ала алғандарын мәлімдеді. Алайда Шапироның пікірінше, “олардың қолданған әдістері ешқашан РНҚ әлеміне апармайды”.
^ 13-абзац Кэрол Клиленд жарату ісіне сенбейді. Ол тіршілік әлі біз танып білмеген жолмен кездейсоқ пайда болды деп ойлайды.