Қайсысы дұрыс?
Қатты қобалжыған Мәдидің маңдайынан шып-шып тер шықты. Бүгінгі сабақтың тақырыбы —эволюция теориясы. Оның құрмет тұтатын мұғалімі бұл ілімнің түрлі аңыз-әңгімелерге шек қойып, ғылымға зор ықпал еткенін айтып болды да, оқушыларын өз ойларымен бөлісуге шақырды.
Мәди өзін жолайрықта тұрғандай сезінді. Ата-анасы оған жер мен ондағы тіршілік атаулыны Құдай жаратты деп үйреткен еді. Олардың айтуынша, Киелі кітапта сипатталған жарату ісі — сенуге тұрарлық шындық, ал эволюция ілімі — жай ғана теория, яғни дәлелденбеген болжам. Мұғалімінің де, ата-анасының да ниеттері жақсы екенінде күмән жоқ. Алайда Мәди қайсысына сену керек?
Осыған ұқсас жағдайлар мектеп қабырғасында жыл сайын орын алып жатады. Сонда Мәдидікіндей жағдайға ұшыраған оқушылар не істеу керек? Әрине, алдымен оң мен солын танып алған соң, өздерінің нақты бір тоқтамға келгендері дұрыс. Иә, олардың эволюция мен жарату ісіне қатысты айғақтарды мұқият қарастырып, сосын, қайсысына сенетіндерін шешіп алғандары жөн.
Киелі кітап өзгелердің сөзіне көз жұмып сене бермеуге шақырады. Онда: “Аңғал кез келген сөзге нанар, есті қадамын байқап басар”,— делінген (Нақыл сөздер 14:15). Сондай-ақ “ақыл-ойымызды” қолданып, естіп-білгендеріміздің дұрыс-бұрыстығына көз жеткізіп отыруымыз керектігі де айтылған (Римдіктерге 12:1, 2 ЖД).
Бұл кітапша мектепте Жаратушы жайлы сөз қозғалғанын қалайтын діни топтарды қолдау үшін жазылған жоқ. Оның мақсаты — Киелі кітаптағы жарату ісін жоққа шығарып, тіршілік кездейсоқ пайда болды деп үйрететіндердің келтіріп жүрген дәлелдерін саралап шығу.
Жасуша әрбір тірі ағзаның негізі болып табылады, сол себепті әңгіме көбінше соның төңірегінде өрбиді. Брошюраны оқу барысында жасушаның құрылысына қатысты кейбір жайттарды біліп, таңғалуың әбден мүмкін. Сондай-ақ эволюция теориясына қатысты болжамдарды саралап көруге мүмкіндігің болады.
Ертелі-кеш әрбір адам “Тіршілік жаратылды ма, әлде эволюцияның нәтижесінде пайда болды ма?” деген сұрақпен бетпе-бет келеді. Бұл жайлы сен де ойланған боларсың. Осы брошюрада тіршіліктің Жаратушысы бар екеніне көп адамның көзін жеткізген дәлелдер келтіріледі.