Не нәрсеге сенетініңіз бәрібір ме?
Қалай ойлайсыз, өмірдің мағынасы бар ма? Эволюционист Уильям Провайн былай дейді: “Эволюция ілімінен үйренгендеріміз өмірдің мағынасына қатысты көзқарасымызға қатты әсер етті”. Қалайша? Уильям: “Мен өмірдің нақты мақсаты жоқ деген ойға келдім”,— деп түсіндірді32.
Осы сөздердің мәніне үңілейікші. Өмірдің түпкі мақсаты шынымен болмаса, адам баласының небәрі игі істер жасап, ұрпақтарына өз генетикалық ерекшеліктерін қалдыру үшін ғана өмір сүргені. Ал өлген соң, ол тіршілік етуін мәңгіге доғармақ. Оның өмірдің мән-мағынасы жайлы ойлануға талпындыратын ой-санасы небәрі табиғаттағы соқыр кездейсоқтықтың салдары болғаны.
Тағы бір жайтқа назар аударайық. Эволюцияға сенетін көп адамдар: “Құдай жоқ немесе ол бар болса, адам баласының істеріне араласпайды”,— деп ойлайды. Олай болса, біздің болашағымыз саяси қайраткерлер, ғалымдар мен дінбасылардың қолында болғаны. Ал олардың жасаған шаралары, тарих көрсеткендей, айтарлықтай жеңілдік әкелмеді. Демек, адамзат қоғамында тәртіпсіздік, қақтығыстар мен жемқорлық әрі қарай да жалғаса бермек. Сондай-ақ эволюция ілімі рас болса, бізде “Бүгін ішіп-жеп тойып алайық, ертең бәрібір өлеміз” деген қағиданы мойындаудан басқа амал қалмас еді (Қорынттықтарға 1-хат 15:32).
Алайда Киелі кітап керісінше үйретеді. Онда Жаратушы Құдай “өмірдің қайнары” деп аталған (Забур 35:10). Осы сөздердің астарында терең мән жатыр.
Киелі кітаптың сөздеріне сенсек, өмірдің шын мағынасы бар деуге толық негіз болады. Сүйіспеншілігі мол Жаратушымыз еркін орындағысы келетін барлық адамдарға керемет өмір беруді уәде етеді (Екклесиаст 12:13). Сол кез келгенде жер бетінде тәртіпсіздік, қақтығыстар мен жемқорлық түптамырымен жойылып, тіпті өлім де болмайды (Ишая 11:9; Аян 21:4).
Дүниежүзіндегі миллиондаған адам Құдай жайлы білім алып, оған мойынсұну өмірге нағыз мән-мағына беретініне кәміл сенеді (Жохан 17:3). Бұл жай қалаудан туған сенім емес. Оның берік негізі бар: бүкіл дүниені Құдай жаратқаны анық.