19-ТАРАУ
“Үнсіз қалмай айта бер”
Пауыл өзін қамтамасыз ете жүріп, қызметті төрге шығарды
Елшілердің істері 18:1—22 негізделген
1—3. Елші Пауыл Қорынт қаласына не үшін келді және ол қандай қиындыққа тап болды?
БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ 50 жылының соңы. Елші Пауыл гректер, римдіктер және яһудилер көптеп шоғырланған сауда-саттық орталығы — Қорынт қаласына келді a. Ол бұл бай қалаға бірдеңе сатуға я сатып алуға немесе жұмыс іздеп келген жоқ. Келген басты мақсаты — Құдай Патшалығы жайлы түбегейлі куәлік беру. Енді Пауылға тұрақтайтын жер керек. Ол басқаларға масыл болып, ауыртпалық салғысы келмейді. “Құдай сөзін уағыздағаным үшін адамдар мені қаржылай қолдау керек” деген сыңай таныту оның ойында да жоқ. Ол не істер екен?
2 Пауылдың қолынан шатыр жасау келеді. Бұл оңай іс болмаса да, ол өз-өзін қамтамасыз ету үшін қажырлы еңбек етуден қашпайды. Пауыл ығы-жығы, сапырылысқан қаладан жұмыс таба ала ма? Ал тұратын үй ше? Осындай қиындықтары болса да, ол назарын ең маңызды ісінен, уағыздау ісінен, тайдырып алған жоқ.
3 Алда білетініміздей, Пауыл Қорынтта біраз уақытқа қалады, әрі оның қызметі өте өнімді болады. Пауылдың Қорынтта атқарған қызметі бізге өз аумағымызда Құдай Патшалығы туралы хабарды түбегейлі куәлік беруге қалай көмектеседі?
“Кәсіптері шатыр жасау еді” (Ел. іс. 18:1—4)
4, 5. а) Пауыл Қорынтта кімнің үйінде тоқтады және қандай кәсіппен айналысты? ә) Пауыл шатыр жасауды қайдан үйренген?
4 Қорынтқа келген соң көп ұзамай Пауыл өте қонақжай бір ерлі-зайыптымен танысты. Олар — яһудилік Ақила мен әйелі Прискила (не Приска). Император Клауди “барлық яһудилерге Римнен кетуді бұйырған” кезде, екеуі осы Қорынт қаласына көшіп келген еді (Ел. іс. 18:1, 2). Ақила мен Прискила Пауылға баспана да, жұмыс та берді. “Кәсіптері бір болғандықтан, [Пауыл] сонда тұрып, олармен бірге жұмыс істеді. Ал кәсіптері шатыр жасау еді”,— деп оқимыз Киелі кітаптан (Ел. іс. 18:3). Пауыл Қорынтта қызмет еткен уақыттың бәрінде осы меймандос, мейірімді жандардың үйінде тұрақтады. Ол Киелі кітапқа енген хаттарының кейбірін осы Ақила мен Прискиланың үйінде жазса керек b.
5 “Гамалиелдің өзінен білім алған” Пауыл шатыр жасауды қайдан үйренген? (Ел. іс. 22:3). I ғасырдағы яһудилер балаларына қосымша білім берсе де, оларды қолөнерге баулуды ұят санамаған. Пауыл Киликиядағы Тарс қаласынан еді. Ал ол өңір шатыр жасайтын киликиум деген мата шығарумен танымал. Сондықтан Пауыл осы кәсіпті бала кезінде меңгеріп алса керек. Ал шатыр қалай жасалған? Шатыр жасау үшін әлгі қатты матаны қырқу және тігу керек болатын. Кәсіпкерлер кейде сол матаның өзін де тоқыған. Бұл оңай шаруа емес еді.
6, 7. а) Пауыл өз кәсібіне қалай қараған? Ақила мен Прискила ше? ә) Мәсіхшілер Пауылға, Ақила мен Прискилаға қалай еліктейді?
6 Пауыл шатыр жасауды өмірлік ісім деп ойламаған. Қайта, осы кәсіп арқылы өзін қажетімен қамдап, Құдай жайлы ізгі хабарды “еш ақысыз” жеткізе алған (Қор. 2-х. 11:7). Ал Ақила мен Прискила шатыр жасауға қалай қараған? Олар үшін де бұл өмірлік іс болмаған. Оны қайдан білеміз? Б. з. 52 жылы Пауыл Қорынт қаласынан кетіп, Ефеске барғанда, Ақила мен Прискила да өз кәсіптерін тастап, оның соңынан ерген. Ефесте олардың үйінде қауым кездесулері өткен (Қор. 1-х. 16:19). Кейін олар Римге қайтып, сосын қайтадан Ефеске оралған. Бұл оттай жалындаған ерлі-зайыпты Құдай ісін өмірлерінің төріне шығарған әрі бауырластары үшін жанын беруге дайын болған. “Басқа ұлт қауымдарының бәрі” оларға алғыс айтып жүргені де, міне, сондықтан (Рим. 16:3—5; Тім. 2-х. 4:19).
7 Бүгінде Пауылға, Ақила мен Прискилаға еліктейтін бауырластар санасаң, сан жетпейді. Жалындап тұрған олар өзгелерге “ауыртпалық салмау үшін” тер төгуден қашпайды (Сал. 1-х. 2:9). Мысалы, көптеген ізашарлар қызметтерін атқара алу үшін аптасына бірнеше күндік не мерзімдік жұмыстарды істейді. Осындай жанқияр бауырластарды қалай мақтамайсың?! Сондай-ақ Ақила мен Прискила сияқты көңілі дарқан бауырластарымыз аудандық бақылаушыларға үйлерінің есігін айқара ашады. “Әрдайым қонақжай болып” жүргендер “кең болса, кем болмайтындарын” жақсы түсінеді (Рим. 12:13).
“Көптеген қорынттықтар да сенді” (Ел. іс. 18:5—8)
8, 9. Пауыл уағызына қарсы болған яһудилерге не деді, сосын ол қай жерде уағыздады?
8 Пауыл шатыр жасау кәсібімен өзін асырау үшін ғана айналысып жүргені Сыйлас пен Тімөте келгенде тағы анық болды. Олар Македониядан қажетін жабатын мол сыйлық алып келген еді (Қор. 2-х. 11:9). Сол кезде Пауыл кідірместен “өзін толығымен Құдай сөзін уағыздауға арнады” (Ел. іс. 18:5). Бірақ уағыз ісіне білек сыбана кіріскен Пауылға яһудилер қарсылық көрсете бастады. Қанша айтса да, өмірді құтқаратын Мәсіх жайлы хабарға құлақ қоймаған бірбеткей яһудилерге Пауыл киімін қақты да: “Өз қандарың өз мойындарыңда. Мен кінәлі емеспін. Енді басқа ұлттарға бет бұрамын”,— деді. Осылай олардың шешімдеріне жауапты емес екенін көрсетті (Ел. іс. 18:6; Езек. 3:18, 19).
9 Енді Пауыл қай жерде уағыздамақшы? Титий Иуст есімді кісі (ол яһуди дінін қабылдаған басқа ұлт адамы болса керек) өз үйін Пауылға берді. Оның үйі мәжілісханаға іргелес тұрған еді. Сондықтан Пауыл мәжілісханадан кетіп, уағызын Иусттың үйінде жалғастырды (Ел. іс. 18:7). Пауыл Қорынтта болғанда Ақила мен Прискиланың үйінде тұрып жүрді де, ал Иусттің үйінде уағыздады.
10. Пауыл тек басқа ұлт адамдарына ғана уағыздамағанын қайдан білеміз?
10 Пауыл “енді басқа ұлттарға бет бұрамын” дегенде, араларында ақжүректі адамдар болса да, яһуди мен яһуди дінін қабылдағандарға мүлдем уағыздамай қойды ма? Бұлай деуге келмес. Себебі Киелі кітапта: “Мәжілісхана жетекшісі Крисіп бүкіл үй ішімен Иемізге сенді”,— делінген. Мұны көргенде мәжілісханадағы біраз яһуди де Крисіпке қосылғанға ұқсайды. Өйткені әрі қарай: “Ізгі хабарды естіген көптеген қорынттықтар да сеніп, шомылдыру рәсімінен өтті”,— деп оқимыз (Ел. іс. 18:8). Осылай Қорынтта жаңа қауым құрылып, олар әлгі Титий Иусттің үйінде жиналатын болды. Егер Лұқаның оқиғалар желісін рет-ретімен жазатынын ескерсек, бұл яһуди не яһуди дінін қабылдаған кісілер Пауыл киімін қаққаннан кейін Иемізге сенген. Бұл жағдай елші Пауылдың бейімделіп, тыңдағысы келген адамдардың бәріне уағыздағанын растайды емес пе?!
11. Қалай бүгінде Ехоба куәгерлері Пауылға еліктеп, өздерін мәсіхші санайтын адамдарға ізгі хабарды уағыздап жүр?
11 Бүгінде көп елдерде өздерін мәсіхші санайтындардың шіркеулері кең етек жайған. Дінбасылары өз сенушілерінен айырылып қалмаудың бар амалын жасайды. Олар миссионерлерін түрлі елдерге, аралдарға жіберіп, адамдарды өз діндеріне тарту үшін көп күш салған. Мәсіхшіміз дейтіндер кезіндегі Қорынттағы яһудилер сияқты салт-дәстүрлерге жабысып қалған. Бірақ Пауыл секілді Ехоба куәгерлері оларға да уағыздап, Жазбалардан оқығандарын дұрыс түсінуге көмектеседі. Тіпті олар бізге қарсы шықса да, діни жетекшілері қуғындаса да, үмітімізді сөндірмей оларға уағыздай береміз. Себебі “Құдайға құлшына қызмет етіп жүрген, бірақ тура білімдері жоқ” адамдардың арасында шындықты іздеп тапқысы келетін момын адамдар болуы мүмкін (Рим. 10:2).
“Бұл қалада менің адамдарым көп” (Ел. іс. 18:9—17)
12. Пауыл қандай аян алды?
12 Егер Пауыл әрі қарай Қорынтта уағыздауым керек пе, жоқ па деп ойласа, бұл күмәні тез-ақ сейілді. Өйткені Иесі Иса оған аян беріп, былай деді: “Қорықпа, үнсіз қалмай айта бер. Мен саған жар боламын. Ешкім де саған зиян келтіре алмайды, өйткені бұл қалада менің адамдарым көп” (Ел. іс. 18:9, 10). Пауылға сенімді болу үшін бұдан артық не керек?! Исаның өзі оны қорғайтынына сендіріп, сол қалада шындықты естігісі келетін адамдар көп екенін айтып тұр ғой. Пауыл осы сөздерден кейін не істеді? Киелі кітаптан: “Пауыл бір жарым жыл бойы сол жерде болып, Құдай сөзін үйретті”,— деп оқимыз (Ел. іс. 18:11).
13. Төрелік орнына келгенде, Пауылдың ойына не түссе керек, бірақ ол не нәрсеге сенімді болды?
13 Қорынтта жүргеніне бір жылдай болғанда, Пауыл өзіне Исаның жар болып жатқанына одан сайын көзі жетті. Сол уақытта “яһудилер бірігіп, Пауылға қарсы шықты. Оны төрелік орнына апарды” (Ел. іс. 18:12). Кейбіреулердің айтуынша, бұл төрелік орны (бема) — өрнектелген ақ-көк түсті мәрмәр тастардан биіктеу әрі тегіс етіп салынған мінбе. Сондай-ақ бұл орын Қорынттағы базар алаңына жақын жерде орналасса керек. Төрелік орнының маңы қалың жұрт жинала алатындай кең болған. Археологиялық қазбаларға сүйенсек, төрелік орны — мәжілісханадан бір-екі адым жерде болған. Демек, бұл жер Иусттің үйіне де тиіп тұрған. Пауыл осы орынға келгенде, кезінде азапты өліммен өлген алғашқы мәсіхші Степанды есіне алған шығар. Сол кезде Саул деген атпен де танымал болған Пауыл оны “өлтіргендерді құптап тұрған” (Ел. іс. 8:1). Енді Пауыл да Степанның кебін киер ме екен? Жоқ, себебі Иса оған: “Ешкім де саған зиян келтіре алмайды”,— деп уәде берген еді (Ел. іс. 18:10).
14, 15. а) Яһудилер Пауылға қандай айып тақты және Галлион неге істі тоқтатты? ә) Состенмен не болды әрі сол жағдай оған қалай әсер етсе керек?
14 Пауылды төрелік орнына алып келгенде не болды? Ол жерде төреші Галлион деген кісі еді. Ол Ахаяның аймақ әміршісі әрі римдік философ Сенеканың ағасы болатын. Яһудилер Пауылды: “Мына адам халықты заңға қайшы жолмен Құдайға ғибадат етуге үгіттеп жүр”,— деп айыптады (Ел. іс. 18:13). Олардың сөзі Пауыл заңсыз жолмен яһудилерді өз дініне тартып жатыр дегенге сайды. Бірақ Галлион Пауылдың ешбір “жаман іс” не “ауыр қылмыс” жасамағанын түсінді (Ел. іс. 18:14). Сондықтан яһудилердің таластарына араласқысы келмеді. Пауыл өзін қорғау үшін аузын ашпай тұрып-ақ, Галлион істі тоқтатып тастады! Бұны көргенде яһудилердің ызасы келіп, бар ашуларын, сірә, Крисіптің орнына мәжілісхана жетекшісі болған Состенге төкті. Яһудилер оны ұстап алып, “төрелік орнының алдында ұра бастады” (Ел. іс. 18:17).
15 Неге Галлион соққының астында қалған Состенді қорғамады? Бәлкім, ол Состенді Пауылға қарсы шыққан топтың басшысы, сондықтан сазайын тартып жатыр деп ойлаған шығар. Қандай болған күнде де, бұл жағдайдың арты жақсы аяқталғанға ұқсайды. Себебі араға бірнеше жыл салып, Пауыл қорынттықтарға алғашқы хатын жазғанда, Состен деген кісіні “бауырлас” деп атаған (Қор. 1-х. 1:1, 2). Бұл әлгі таяқ жеген Состен болуы мүмкін бе? Егер солай болса, ол басынан өткен сол ащы оқиғадан кейін мәсіхші болған секілді.
16. Исаның “үнсіз қалмай айта бер, мен саған жар боламын” деген сөздері бізді қызметте қалай қайрайды?
16 Есімізде болса, яһудилер Пауылдың хабарынан бас тартқаннан кейін, Иса оған: “Қорықпа, үнсіз қалмай айта бер. Мен саған жар боламын”,— деп еді (Ел. іс. 18:9, 10). Біз де осы сөздерді әсіресе адамдар хабарымыздан теріс айналғанда жадымызда ұстайық. Ехоба адамдардың жүрегін көретінін және ақпейіл жандарды өзіне жақындатып тартатынын ұмытпайық (Сам. 1-ж. 16:7; Жох. 6:44). Осы ой біздің қызметке деген ынта-жігерімізді қамшылай бергей! Жылына жүз мыңдаған адам, күніне жүздеген адам, шомылдыру рәсімінен өтуде. Исаның: “Барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындар”,— деген бұйрығына құлақ асып жүргендерге ол: “Мен осы заман аяқталғанша, әр күні сендермен біргемін”,— деп уәде береді (Мат. 28:19, 20).
Ел. іс. 18:18—22)
“Ехобаның еркіне сай болса” (17, 18. Пауыл Ефеске жүзіп бара жатып не жайлы ойланса керек?
17 Осыдан кейін Қорынттағы жас қауым тыныш уақытты бастан кешіргенге ұқсайды, бірақ бұған Галлионның Пауылға қатысты шешімі мұрындық болды деп кесіп айта алмаймыз. Қайткен күнде де, Пауыл Қорынттағы бауырластармен қош айтыспай тұрып, “сол жерде біраз күн болды”. Ол б. з. 52 жылының көктемінде Қорынттың шығысындағы 11 шақырым жердегі Кенхрея портынан Сирияға жүзіп кетуді жоспарлады. Бірақ Кенхреядан кетпес бұрын, “берген антына сай... шашын алғызды” c (Ел. іс. 18:18). Содан кейін Ақила мен Прискиланы ертіп, Кіші Азиядағы Ефеске Эгей теңізі арқылы жүзіп кетті.
18 Пауыл Кенхреядан жүзіп бара жатқан кезде, Қорынтта өткізген күндері жайлы ойланса керек. Жадында көңіл тебірентерлік көптеген естеліктер қалды. Оның 18 айлық қызметі жеміс бермей қоймады. Қорынтта алғаш рет қауым пайда болып, Иусттің үйінде жиналатын болды. Исаға сенгендердің арасында Иуст, Крисіп пен оның үй іші және өзге де адамдар бар еді. Өзі мәсіхші болуға көмектескен бұл жандар Пауыл үшін өте қымбат. Кейінірек жазған хатында Пауыл оларды жүрегіне жазылған “кепілдеме хат” деп атады. Біз де шындыққа келуге көмектескен адамдарымызды ерекше жақсы көреміз. Жүрегімізге жазылған “кепілдеме хат” іспетті олар бізді де орасан зор шаттыққа бөлейді! (Қор. 2-х. 3:1—3).
19, 20. Пауыл Ефеске келгенде не істеді және рухани мақсаттар қойғанда оған қалай еліктей аламыз?
19 Пауыл Ефеске келгенде, дереу “мәжілісханаға барды да, яһудилермен Жазбалардың негізінде пікір алысты” (Ел. іс. 18:19). Бұл жолы ол Ефесте ұзақ уақыт тұрақтамады. Бауырластар қанша қал десе де, көнбей: “Ехобаның еркіне сай болса, сендерге қайта келермін”,— деп, қоштасып кетті (Ел. іс. 18:20, 21). Әрине, Пауыл әлі де Ефесте көп адамға уағыздау керектігін түсінді, сондықтан да қайта келуді жоспарлады. Бірақ ол мұны Ехобаның еркіне қалдырды. Бұл біз үшін жақсы үлгі емес пе? Біз де рухани мақсаттар қойып, оларға жетуге күш саламыз. Десе де біз әрдайым Ехобаның басшылығына жүгініп, оның еркіне сай әрекет етуге тиіспіз (Жақ. 4:15).
20 Пауыл Ақила мен Прискиланы Ефесте қалдырып, өзі Кесарияға жүзіп кетті. Сол жерден ол “Иерусалимге барып”, қауымға сәлем берді (Ел. іс. 18:22). Кейін тоқтап жүрген үйі Сириядағы Антиохияға жол тартты. Осылай оның екінші миссионерлік сапары сәтті аяқталды. Ал оны соңғы миссионерлік сапарында не күтіп тұр екен?
a 149-беттегі “ Екі порттың басын қосқан — Қорынт” деген қоршауды қараңыз.
b 150-беттегі “ Пауылдың жігерді қайрайтын хаттары” деген қоршауды қараңыз.
c 152-беттегі “ Пауылдың анты” деген қоршауды қараңыз.