Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

17-ТАРАУ

“Жазбалардың негізінде пікір алысты”

“Жазбалардың негізінде пікір алысты”

Жақсы тәлімгер болудың сыры; береялықтардың жақсы үлгісі

Елшілердің істері 17:1—15 негізделген

1, 2. Філіпіден Салоникаға сапар шегіп бара жатқан кімдер және олар не жайында ойлап келе жатса керек?

 РИМДІК шебер құрылысшылар салған тас жол тау қыраттары арқылы өтіп жатыр. Жол бойында ара-тұра есектердің ақырғаны, тас жолмен келе жатқан арбалардың сақыр-сұқыры, сондай-ақ гу-гу әңгімелесіп келе жатқан сарбаздардың, саудагерлер мен ұсталардың дауыстары естіледі. Бұл жолмен Пауыл, Сыйлас және Тімөте де келе жатыр. Үшеуі Філіпіден 130-дан астам шақырым жердегі Салоникаға бет алып барады. Бұл сапар әсіресе Пауыл мен Сыйласқа оңай түсіп тұрған жоқ. Олардың Філіпіде дүреден алған жаралары әлі жазыла қоймаған еді (Ел. іс. 16:22, 23).

2 Қажытарлық ұзақ жолды қысқарту үшін олар не істеді? Жол-жөнекей әңгіме-дүкен құрып барғаны анық. Пауыл мен Сыйлас Філіпідегі түрме бастығы мен оның үй ішінің шындықты қалай қабылдағанын айтып келе жатса керек. Сол оқиғадан кейін бұл жолаушылардың Құдай сөзін уағыздауға деген шешімі күшеймесе, әлсіреген жоқ. Алайда теңіз жағалауындағы Салоника қаласына жақындаған сайын, көңілдеріне “ондағы яһудилер бізді қалай қабылдар екен” деген уайым ұялай бастаған шығар. Олар да філіпіліктер сияқты қарсы шығып, ұрып-соғар ма екен?

3. Пауылдың үлгісі бізге қызметте батыл болуға қалай көмектеседі?

3 Пауылдың сол кезде не сезінгенін кейінірек Салоникадағы мәсіхшілерге жазған хатынан білеміз: “Алдымен Філіпіде азап шегіп, қорлық көрдік, мұны өздерің де білесіңдер. Сөйтсе де қатты қарсылық көргенімізге қарамай, сендерге ізгі хабарды айту үшін Құдайдың арқасында батылдыққа ие болдық” (Сал. 1-х. 2:2). Бұдан Пауылдың әсіресе Філіпіде болған жағдайдан кейін Салоникаға баруға жасқанғаны көрінеді. Оның сезімі сізге де таныс па? Сізге кейде ізгі хабарды жариялау қиын ба? Пауыл Ехобаға арқа сүйеп, қажетті батылдыққа ие болды. Оның үлгісін зерттесеңіз, сіз де Құдайдың арқасында батылдыққа ие бола аласыз (Қор. 1-х. 4:16).

“Жазбалардың негізінде пікір алысты” (Ел. іс. 17:1—3)

4. Неліктен Пауыл Салоникада үш аптадан көбірек болған дей аламыз?

4 Елшілердің істерінде Пауыл Салоникада қатарынан үш Демалыс күні уағыздағаны айтылған. Сонда ол Салоникада үш-ақ апта болды ма? Бұлай деп кесіп айта алмаймыз. Ол бұл қалаға келген соң, мәжілісханаға бірінші рет қашан барғаны белгісіз. Оның үстіне, Пауылдың хаттарынан көрінетіндей, Салоникада болғанда ол серіктерімен бірге шығындарын жабу үшін жұмыс істеген (Сал. 1-х. 2:9; Сал. 2-х. 3:7, 8). Сондай-ақ осы жерде жүргенде ол Філіпідегі бауырластардан екі рет қажетті көмек алған (Філіп. 4:16). Демек, Пауыл Салоникада үш аптадан көбірек аялдаған сыңайлы.

5. Пауыл үйретіп жатқандарының шындық екенін дәлелдеу үшін не істеді?

5 Пауыл бар батылдығын жинап, мәжілісханада жиналғандарға уағыздай бастады. Әдеті бойынша “Жазбалардың негізінде пікір алысты. Ол Мәсіхтің азап шегуі және қайта тірілуі керек болғанын түсіндіріп, Жазбалардан дәлел келтірді де: “Мен сіздерге жариялап жүрген Иса — сол Мәсіхтің өзі”,— деді (Ел. іс. 17:2, 3). Байқасаңыз, Пауыл адамдардың құр сезімдеріне әсер етуге тырысқан жоқ, қайта, ақыл-саналарын қосып, ойлануға талпындырды. Ол мәжілісханаға жиналғандардың Жазбалармен таныс екенін әрі оны құрметтейтінін білген. Десе де оларға түсінік жетіспейтін. Міне, сондықтан Пауыл олармен бірге ой жүгіртіп, пікір алысып, түсіндірді. Ол Назареттен шыққан Исаның уәде етілген Мәсіх екенін Жазбалармен дәлелдеп берді.

6. Иса Жазбалардың негізінде қалай пікір алысқан және нәтижесі қандай болған?

6 Пауыл Исаның ізімен жүрген. Иса әрдайым тәлімдерін Жазбаларға негіздейтін. Мысалы, ол көпшілік алдында тәлім бергенде, Жазбаларға сай, Адам Ұлының азап шегіп, өлтіріліп, кейін қайта тірілетінін айтқан (Мат. 16:21). Білетініміздей, ол қайта тірілгеннен кейін шәкірттеріне көрінді. Осының өзі Иса әрқашан шындықты айтқанын растады. Бірақ ол мұнымен шектелген жоқ. Оның кейбір шәкірттеріне қалай тәлім бергені жайлы былай деп оқимыз: “Бұдан кейін ол Мұса мен бүкіл пайғамбарлардан бастап Жазбалардың бәрінде өзі жайлы айтылғандарды түсіндіріп берді”. Нәтижесі қандай болды? Шәкірттер бір-біріне: “Ол жолшыбай бізбен сөйлесіп, Жазбалардың мәнін толығымен ашып бергенде, жүрегіміз жалындап кеткен жоқ па еді?”— десті (Лұқа 24:13, 27, 32).

7. Неліктен тәлімімізді толықтай Жазбаларға негіздеуіміз керек?

7 Құдай Сөзіндегі хабардың әсері күшті (Евр. 4:12). Бүгінде мәсіхшілер Иса, Пауыл және басқа елшілер сияқты тәлімдерін Құдай Сөзіне негіздейді. Біз де уағыздағанда адамдармен бірге ой жүгіртіп, пікір алысамыз, Жазбалардың мәнін түсіндіреміз және үй иесіне айтып жатқанымыз Құдай Сөзінен екенін дәлелдеп, Киелі кітаптан ашып көрсетеміз. Өйткені айтып жатқан хабар біздікі емес қой. Біздің Киелі кітапты жиі ашатынымызды көргенде, адамдар өз ойымызды емес, Құдайдың ілімдерін айтып жатқанымызды байқайды. Өзіміз де айтып жатқан хабарымыз толықтай Құдай Сөзіне негізделгенін ұмытпауымыз керек. Ол жүз пайыз сенім артуға тұрарлық. Осыны ойда тұтқанымыз Пауыл іспетті хабарды батыл жариялауға сенімділік береді.

“Кейбірі... Исаның ізбасары болды” (Ел. іс. 17:4—9)

8—10. а) Салоникадағы адамдар ізгі хабарды қалай қабылдады? ә) Неге кейбір яһудилер Пауылды көре алмады? б) Яһуди қарсыластар қандай әрекетке барды?

8 Исаның мына сөздерінің рас екеніне Пауылдың әлдеқашан көзі жеткен: “Құл қожайынынан үлкен емес. Олар мені қудаласа, сендерді де қудалайды. Ал егер менің сөздерімді ұстанса, сендердікін де ұстанады” (Жох. 15:20). Пауылмен Салоникада дәл солай болды: кейбіреулері хабарға құлақ асса, өзгелері қарсы шықты. Жақсы қабылдағандары жайлы Лұқа былай деген: “Сонда отырғандардың кейбірі [яһудилер], сондай-ақ Құдайға ғибадат ететін көптеген гректер мен беделді әйелдердің біразы Исаның ізбасары болып, Пауыл мен Сыйласқа қосылды” (Ел. іс. 17:4). Бұл жаңа шәкірттер көздері ашылып, Жазбаларды түсіне алғанына қуанғаны шүбәсіз.

9 Кей адамдар Пауылдың сөзін қабылдағанмен, оған тіс қайрап жатқандар да жоқ емес еді. Салоникадағы кейбір яһудилер Пауылдың сөзіне “көптеген гректердің” құлақ асып жатқанын көре алмады. Өйткені сол яһудилер гректерге яһуди дінін қабылдату үшін, оларға Еврей жазбаларын үйрететін және оларды өздерінің шәкірттері деп есептейтін. Ал енді Пауыл келіп, гректерді олардан тапа-тал түсте ұрлап әкеткендей болды. Басқа жерде емес, дәл мәжілісханада! Сондықтан бұл яһудилер ызаға булықты.

“Пауыл мен Сыйласты қалың тобырдың алдына апармақ болды” (Елшілердің істері 17:5)

10 Әрі қарай не болғанын Лұқа былай деп сипаттайды: “Мұны көре алмаған яһудилер базар алаңында сандалып жүрген кейбір бұзақыларды өздеріне қосып алды да, тобыр ұйымдастырып, қаланы дүрліктірді. Сондай-ақ Пауыл мен Сыйласты қалың тобырдың алдына апармақ болып, Ясонның үйіне баса-көктеп кірді. Оларды таппаған соң, Ясон мен кейбір бауырластарды қала әкімдеріне сүйреп апарып: “Бүкіл жержүзін шулатып жүрген адамдар енді осында келіпті. Ал Ясон оларды үйіне қонақ етті. Бұлардың бәрі Иса деген басқа патша бар деп, императордың жарлықтарына қарсы шығып жүр”,— деп айқай салды (Ел. іс. 17:5—7). Бұл бұзақы тобырдың әрекеттері Пауыл мен оның серіктеріне қалай әсер етті?

11. Яһудилер Пауыл мен оның серіктеріне қандай екі айып тақты және оларға қарсы қандай заңды қолданғысы келді? (Сілтемені қараңыз.)

11 Долданған тобырдың қолына түсуді басқа сала көрмесін! Олар құдды бір жолындағысын жайпап салатын тасқын судай еді. Яһудилер дәл осы тобырды айдап салып, Пауыл мен Сыйластан құтылғысы келді. Олар “қаланы дүрліктіргеннен” кейін, басшыларды Пауыл мен серіктері ауыр қылмыс жасады дегенге сендіруге тырысып бақты. Шәкірттерге тағылған бірінші айып — олар “бүкіл жержүзін шулатып жүр”. Бірақ олар Салоникада ешқандай шу көтермеген еді. Ал екінші айып одан да салмақты болды. Яһудилер бұл миссионерлерді императордың заңын таптап, Иса деген басқа патшаны жариялап жүр деді a.

12. Салоникадағы мәсіхшілерге тағылған жала неге бей-жай қарайтын айып емес еді?

12 Есімізде болса, діни жетекшілер Исаға да дәл осындай жала жапқан еді. Олар Пилатқа: “Біз мына кісінің халқымызды бүлдіріп,...өзін Мәсіх патшамын деп жүргенін анықтадық”,— деген (Лұқа 23:2). Сол кезде Пилат Рим императоры “мені өзіне сатқындық жасағалы жатыр деп ойлап қалар” деп қорыққан болар, Исаны өлімге кесті. Салоникадағы мәсіхшілерге тағылған айыптардың да арты қайғылы болуы мүмкін еді. Бір еңбекте осыған қатысты былай делінген: “Императорға сатқындық жасағалы жатыр деген күдікке ілінген адамның өзі жиі өлімге кесілетін. Сондықтан бұл анау-мынау айып емес еді”. Пауылдың қарсыластары көздеген мақсатына жетер ме екен?

13, 14. а) Неге тобыр уағыз ісін тоқтата алмады? ә) Пауыл қалайша Иса сияқты сақ болды және біз оған қалай еліктей аламыз?

13 Қанша тырысып бақса да, жиналған тобыр Салоникадағы уағыз ісін тоқтата алмады. Неліктен? Себебі олар Пауыл мен Сыйласты таба алмай қалды. Оның үстіне, қала басшыларының Пауыл мен Сыйластың айыпты екеніне көздері жете қоймаған көрінеді. Олар алдарына әкелінген Ясон мен өзге бауырластардан “ақшалай кепілдік” алған соң, оларды бостандыққа шығарды (Ел. іс. 17:8, 9). Пауыл Исаның “жыландай сақ, көгершіндей ақпейіл болыңдар” деген кеңесіне құлақ асып, басын қатерге тікпей, басқа жерде уағыздау үшін кетіп қалды (Мат. 10:16). Иә, Пауыл батыл болумен қатар, сақ болу керектігін де жақсы түсінген. Бүгінде мәсіхшілер оған қалай еліктей алады?

14 Бүгінде де дінбасылары адамдарды Ехоба куәгерлеріне қарсы айдап салады. Олар “Куәгерлер үкіметке қарсы шығады, отанын сатады” деп билеушілердің басын айналдырып, бізге қарсы қояды. Бұның бәрін олар I ғасырдағы қудалаушылар іспетті бізді көре алмағаннан істейді. Әрине, шынайы мәсіхшілер сау басына сақина тілемейді. Біз жағдайды ушықтырмай, ізгі хабарды тыныш уағыздай алу үшін ашушаң, парықсыз адамдармен дауласпаймыз.

“Дұрыс көзқарас ұстанады екен” (Ел. іс. 17:10—15)

15. Береялықтар ізгі хабарды қалай қабылдады?

15 Пауыл мен Сыйластың қауіпсіздігін ойлап, бауырластар оларды 65 шақырымдай жердегі Береяға аттандырды. Осында келген соң, Пауыл мәжілісханаға барып, жұртқа сөз сөйледі. Ізгі хабарды тыңдауға асық жұртты көргенде, ол сондай қуанып кетсе керек! Береядағы яһудилер жайлы Лұқа былай деп жазған: “Мұндағылар салоникалықтарға қарағанда дұрыс көзқарас ұстанады екен. Олар естіген нәрселерінің растығына көздерін жеткізу үшін Жазбаларды күн сайын мұқият зерттеп, Құдай сөзін зор ықыласпен қабыл алды” (Ел. іс. 17:10, 11). Бұл сөздер Салоникадағы шындықты қабылдағандардың көзқарасы дұрыс емес болды дегенді білдіре ме? Жоқ, әрине. Неге десек, Пауыл кейіннен оларға: “Бізден естіген Құдай сөзін адамның емес, Құдай сөзі ретінде — шынымен де бұл солай — қабылдағандарың үшін үнемі Құдайға алғыс айтамыз. Ол сендерге, сенушілерге, әсер етіп те жатыр”,— деп жазған (Сал. 1-х. 2:13). Сонда Береядағы яһудилердің көзқарасы қай жағынан дұрыс болды?

16. Неге береялықтар дұрыс көзқараста болды дей аламыз?

16 Береялықтар жаңа нәрсе естіп тұрса да, бұған күдікпен қарап, дауласпады. Сөйткенмен көз жұмып, сене салған да жоқ. Алдымен, Пауылды құлақ қойып тыңдап алды. Сонан соң, оның түсіндіргендерін Жазбалармен салыстырып, растығына көз жеткізді. Одан қалса, Құдай Сөзін тек Демалыс күндері емес, күнде-күнде мұқият зерттеді. Олар мұны “зор ықыласпен” істеді. Иә, олар білген жаңа нәрселері Жазбалармен қаншалықты үйлесетінін түсіну үшін арнайы уақыт бөлді. Сондай-ақ кішіпейілділік танытып, өмірлерін өзгертті, өйткені Жазбада “көбісі Исаның ізбасары болды” делінген (Ел. іс. 17:12). Демек, Лұқаның олар туралы “дұрыс көзқарасты ұстанды” дейтініндей-ақ бар екен!

17. Не үшін береялықтарға еліктеуіміз керек және шындықта қанша жүрсек те, неге бұл маңызды?

17 Сол береялықтар ізгі хабарға деген жақсы көзқарастары туралы бізге үлгі ретінде Құдай Сөзінде жазылады деп ойламаған шығар. Пауыл мен Ехоба олардан нені күтсе, олар дәл соны істеді. Біз де адамдарды сенімдерінің іргетасы Құдай Сөзіне берік қалану үшін оны тыңғылықты зерттеуге талпындырамыз. Әлбетте, шындықты қабылдағаннан кейін де, береялықтар сияқты жақсы көзқарас ұстана беруіміз керек. Уақыт өткен сайын Ехобаның тәлім-тәрбиесін алуға және білгендерімізді қолдануға деген ынтамыз арта түсу қажет. Сонда ғана Ехоба бізді өз еркіне сай қалыптастыра алады (Ишая 64:8). Осылай көктегі Әкемізге пайдалы боламыз әрі оның көңілінен шығамыз.

18, 19. а) Пауыл Береядан неге кетті, бірақ ол не істей берді және бізге қандай үлгі қалдырды? ә) Пауыл енді қай жерде және кімге уағыздамақ?

18 Пауыл Береяда ұзақ қала алмады. Біз былай деп оқимыз: “Салоникадағы яһудилер Пауылдың Құдай сөзін Береяда да уағыздағанын білген соң, жұртты дүрліктірмек болып сол жерге барды. Сонда бауырластар Пауылды дереу теңіз жағасына жөнелтіп жіберді, ал Сыйлас пен Тімөте Береяда қала берді. Шығарып салушылар Пауылмен Афинаға дейін барып, одан Сыйлас пен Тімөте мүмкіндігінше тезірек келсін деген нұсқау алғаннан кейін, кері қайтып кетті” (Ел. іс. 17:13—15). Ізгі хабардың бұл қас жаулары алған бетінен қайтар емес! Пауылды Салоникадан қуып шыққандары аздай, енді Береяға келіп, дәл сондай пәле шығарды. Бірақ бұларынан түк шыққан жоқ. Пауылдың уағыздайтын аймағы жетіп артылатын, сондықтан басқа жерге барып уағыздай берді. Бүгінде біз де ешкімнің уағызымызға бөгет болуына жол бермейміз!

19 Пауыл Салоника мен Береядағы яһудилерге түбегейлі куәлік еткенде, ізгі хабарды еш жүрексінбей айтудың және Жазбалардың негізінде пікір алысудың өте маңызды екенін түсінді. Біз де түсінеміз. Пауылды енді басқа тыңдаушылар, Афинадағы басқа ұлт адамдары, күтіп тұрды. Олар Пауылды қалай қабылдар екен? Келесі тарауға сөз берейік.

a Бір ғалымның айтуынша, сол кездері Рим императоры “болашақ патша не патшалық жайлы айтуға, әсіресе императорды орнынан құлататын не соттайтын патшалық жайлы айтуға” тыйым салатын заң шығарған. Жаулары Пауылға “осы заңды бұзып жатыр” деген жала жапқан болуы мүмкін. (137-беттегі “ Елшілердің істері кітабындағы императорлар” деген қоршауды қараңыз.)