Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

16-ТАРАУ

“Македонияға кел”

“Македонияға кел”

Тапсырмадан қашпау және қиындыққа қуанышпен төзу — батаның көзі

Елшілердің істері 16:6—40 негізделген

1—3. а) Киелі рух Пауыл мен оның серіктерін қалай бағыттады? ә) Қазір нені қарастырамыз?

 БІР ТОП әйел Македонияның Філіпі қаласынан шығып, Гангита өзенінің жағасына келді. Сол жерде олар әдеттері бойынша Исраилдің Құдайына дұға етіп отырды. Бұл Ехобаның назарынан тыс қалмады (Шеж. 2-ж. 16:9; Зәб. 65:2).

2 Сол аралықта Філіпінің шығысынан 800 шақырымдай жердегі Ғалатияның Листра қаласынан бірнеше ер адам жолға шығады. Біраз күннен кейін олар негізгі тас жолға түсіп, батыстағы халық ең көп шоғырланған Азия аймағына бет алады. Келе жатқандар Пауыл, Сыйлас, Тімөте еді. Олардың бар ойы — Ефес пен басқа қалалардағы мыңдаған адамға Мәсіх жайлы хабарды айтып жеткізу. Бірақ олар сапарларын бастамай тұрып-ақ киелі рух Азияда уағыздауға тыйым салады. Қалай екені Киелі кітапта айтылмаған. Бірақ неліктен киелі рух оларды тоқтатты? Иса киелі рухы арқылы Пауыл мен оның серіктерін Кіші Азия арқылы Эгей теңізінен өтіп, Гангита өзенінің жағасына бағыттағысы келді.

3 Исаның Пауыл мен оның серіктерін Македонияға қалай жетелеп апарғанынан біздің біліп-түйеріміз көп. Олай болса, б. з. 49 жылы басталған Пауылдың екінші миссионерлік сапарында болған кейбір оқиғаларға тоқталайық.

“Құдай бізді... шақырды” (Ел. іс. 16:6—15)

4, 5. а) Пауылдар Бітүнияға келгенде не болды? ә) Шәкірттер қандай шешім қабылдады және нәтижесі қандай болды?

4 Киелі рух Азияда уағыздауға тыйым салған соң, Пауыл мен қасындағылар Бітүния аймағындағы қалаларда уағыздау үшін солтүстікке қарай бұрылды. Олар Фригия мен Ғалатия арасындағы халық сирек орналасқан жерлерді аралай, шаңды жолдармен бірнеше күн жүрген болар. Бірақ Бітүнияға жете бергенде, Иса киелі рухы арқылы оларды тағы да тоқтатты (Ел. іс. 16:6, 7). Сол кезде үшеуі не болып жатқанын түсінбесе керек. Олар не жайында және қалай уағыздау керектігін білсе де, қай жерде уағыздау керектігін білмей дал. Бейнелеп айтқанда, олар Азияның есігін қақты, бірақ ашылмады. Кейін Бітүнияның есігін қақты, ол да ашылмады. Әйтсе де Пауыл ашылатын есік табылғанша еш берілмеді. Үшеуі ақылға қонымсыз көрінген бір шешімге келді: олар батысқа қарай бұрылды да, қалаларды артта қалдырып, 550 шақырымдай жаяу жүріп, портты қала Трояға жетті. Ол жерден Македонияға жүзіп кетуге болатын (Ел. іс. 16:8). Трояда Пауыл есікті үшінші рет қаққанда, есік айқара ашыла кетті!

5 Трояда Пауыл мен қасындағы достарына Лұқа қосылады. Ізгі хабарды жазған ол сол кезде не болғанын былай деп баяндайды: “Түнде Пауыл аян алып, македондық бір кісінің: “Македонияға келіп, бізге көмектесе көр”,— деп жалбарынып жатқанын көрді. Пауыл осы аянды көрісімен-ақ, Құдай бізді сол адамдарға ізгі хабарды жариялауға шақырды деген тұжырымға келіп, Македонияға баруға қам жасадық” a (Ел. іс. 16:9, 10). Пауыл қай жерде уағыздау керектігін ақыры білді-ау. Ол жарты жолдан қайтып кетпей, есіктерді қаға бергеніне риза болғаны сөзсіз! Сөйтіп, төртеуі сол заматта-ақ Македонияға жүзіп кетті.

“Троядан теңізге шығып кеттік” (Елшілердің істері 16:11)

6, 7. а) Пауылдың сапарында болған жағдайдан не үйренеміз? ә) Пауылмен болған жағдай бізге қандай сенімділік береді?

6 Осы жағдайдан не үйренеміз? Байқасаңыз, Пауыл Азияға аттанғанда ғана Құдайдың рухы араласты. Пауыл Бітүнияға жақындаған кезде ғана Иса оны тоқтатты. Кейін Пауыл Трояға жеткенде ғана Иса оны Македонияға бағыттады. Қауымның Басы Иса бүгінде де бізді осылай жетелеуі мүмкін (Қол. 1:18). Мысалы, біз ізашар болуды не жариялаушыларға қажеттілік бар жерге көшіп баруды ойлап жүрген шығармыз. Бірақ нақты қадамдар жасасақ қана Иса Құдай рухымен жетелейді. Неліктен бұлай дейміз? Мынадай бір мысал келтірейік: көлік жүргенде ғана, жүргізуші оны оңға не солға бұра алады. Сол сияқты біз қозғалғанда ғана, яғни әрекет жасағанда ғана, Иса қызметте бізді бағыттайды.

7 Ал егер қанша күш салсақ та, мұның нәтижесін бірден көрмесек ше? “Құдай мені рухымен бағыттап жатқан жоқ” деп көңіліміз сыну керек пе? Жоқ. Пауыл да мақсатына бірден қол жеткізбеген. Ол керекті есікті таппайынша күш сала берді. Біз де “қызмет етуге үлкен есік ашылғанша” талмай әрекеттене берсек, міндетті түрде мұның жемісін жинаймыз (Қор. 1-х. 16:9).

8. а) Філіпі қандай қала болған? ә) Пауыл “дұға ететін орында” уағыздағанда, қандай қызықты оқиға болды?

8 Македония аймағына жеткеннен кейін, Пауыл серіктерімен Філіпі қаласына барды. Ол жердің тұрғындары Рим азаматтары болғанын мақтан тұтатын. Філіпіде зейнетке шыққан Рим әскерлері тұрғандықтан, бұл қала Римге қатты ұқсайтын, тіпті оны кішігірім Италия деуге болатын. Миссионерлер қала қақпасынан шығып, “дұға ететін орын бар деген оймен” өзеннің жағасына барды b. Бұл Демалыс күні болғандықтан, олар сол жерде Құдайға ғибадат ету үшін жиналған бір топ әйелді көрді. Шәкірттер қастарына отырып, олармен сөйлесе бастады. Араларындағы Лүдия деген әйел “Пауылды тыңдап отырғанда, Ехоба оның жүрегін ашты”. Миссионерлерден естігендері Лүдияның жүрегін қозғағаны сонша — ол үй ішімен бірге шомылдыру рәсімінен өтті. Кейін Пауыл мен достарын үйіне шақырып, қонақ етті c (Ел. іс. 16:13—15).

9. Бүгінде көптеген бауырластар қалай Пауылға еліктеп жүр және олар қандай баталарға кенелуде?

9 Лүдия шомылдыру рәсімінен өткенде, Пауыл мен достарының қуаныштан көңілдері судай тасыды! “Македонияға кел” деген шақыруға құлақ асқанына және Құдайдан қорқатын сол әйелдердің дұғасына жауап беру үшін Ехоба өзін және серіктерін қолданғанына Пауыл дән риза болды. Бүгінде де көп бауырластар — жас-қарт, бойдақ я үйленген демей — қажеттілік бар жерге көшіп барып, қызмет етіп жатыр. Әрине, олардың қиындықтары жоқ емес, бар. Бірақ Лүдия сияқты шындықты қабылдап жатқан адамдарды көргенде, қуаныштары қиындықтарын ұмыттырып жібереді. Ендеше, сіз өзгерістер жасап, қажеттілік көп жерге көшіп баруға дайынсыз ба? Солай етсеңіз, батаға шомыласыз. Бұған шамамен 20 жасында Орталық Америкаға қызмет аясын кеңейтіп барған Ааронның мысалы дәлел. Қызмет аясын кеңейткен талайлар оның мына сөзіне қосылады: “Шетелде қызмет еткенім маған рухани өсуге, Ехобаға етене жақын болуға көмектесті. Мұнда қызметтің қызығына батасың. Менің сегіз зерттеу сабағым бар”.

Қалай біз де бейнелі мағынада “Македонияға келе” аламыз?

“Жиналған жұрт екеуіне қарсы шықты” (Ел. іс. 16:16—24)

10. Жындар Пауыл мен оның серіктеріне қалай кедергі жасағысы келді?

10 Шайтан мен жын-перілер осыған дейін еш қарсылықсыз тайраңдап жүрген өңірге ізгі хабар жеткенде, бұған қаһарлары қайнады. Сондықтан олар қарап қалмай, Пауыл мен оның серіктеріне тосқауыл жасауға тырысты. Бірде Пауыл мен оның серіктері дұға ететін орынға бара жатып, бойында жыны бар бір қызметші қызды кездестіреді. Бұл қыз көріпкелдікпен айналысып, қожайындарына көп табыс әкелетін. Ол Пауыл мен серіктерінің артынан қалмай: “Бұлар Алла Тағаланың құлдары. Олар құтқарылу жолын жариялап жүр!”— деп айқайлай берді. Зұлым рухтың осылай айтқызуының себебі — қыздың айтқандары мен Пауылдың уағыздап жүргендері бір Құдайдан келіп жатқандай етіп көрсеткісі келсе керек. Сонда адамдар Мәсіхтің шынайы ізбасарларын ажырата алмай қалар еді. Бірақ Пауыл қыздың бойынан жынды қуып шығарғанда, ол айғайлауын доғарды (Ел. іс. 16:16—18).

11. Қыздың бойынан жынды қуып шығарған соң, Пауыл мен Сыйлас қандай жағдайға тап болды?

11 Қызметші қыздың қожайындары табыс көзінен айырылып қалғандарын түсінгенде, ашуға мінді. Олар Пауыл мен Сыйласты базар алаңындағы жергілікті басшылардың алдына, яғни Рим үкіметінің қызметкерлерінің алдына сүйреп апарды. Қожайындар осы төрешілердің яһудилерді жек көретінін әрі ұлтжанды екенін білгендіктен, оларға: “Мына яһудилер қаланы дүрліктіріп, бізге, римдіктерге, қабылдауға... болмайтын дәстүрлерді үйретіп жүр”,— деді. Базарға “жиналған жұрт та екеуіне [Пауыл мен Сыйласқа] қарсы шықты. Жергілікті басшылар... [Пауыл мен Сыйласқа] дүре соғуды бұйырды”. Сосын түрмеге жауып тастады. Түрме бастығы қан жоса сабалған екеуін “ең түпкі бөлмеге қамап, аяқтарын бұғаулап тастады” (Ел. іс. 16:19—24). Есік жабылғанда, бөлменің іші көзге түрткісіз қараңғы болып кетті де, Пауыл мен Сыйлас бір-бірін көре алмай қалды. Бірақ Ехоба оларды көріп тұрды (Зәб. 139:12).

12. а) Мәсіхтің шәкірттері қудалауды қалай қабылдады және неге? ә) Бүгінде Шайтан мен оның сойылын соғушылар қалай қарсылық көрсетеді?

12 Осыдан бірнеше жыл бұрын Иса ізбасарларына: “Олар... сендерді қудалайды”,— деген еді (Жох. 15:20). Сондықтан Пауыл мен серіктері Македонияға келгенде қудалау көреміз деп күтті. Ал кезіккенде, олар мұны Ехобаның ықыласынан айырылып қалдық деп емес, Шайтанның ашуына іліктік деп білді. Бүгінде Шайтанның сойылын соғушылар да Філіпіде Пауылға қарсы шыққан адамдар сияқты әрекет етеді. Мысалы, арамза қарсыластар қуғын-сүргін отын тұтандыру үшін мектепте болсын, жұмыста болсын, біз жайлы жалған сөздер айтады. Ал кей елдерде діни қарсыластар сотта біздерді “Ехоба куәгерлері бізге қабылдауға болмайтын “дәстүрлі емес ілімдерді” үйретіп жүр” деп айыптап жатады. Ал тағы бір жерлерде бауырластарымызды ұрып-соғып, темір торға тоғытып жатыр. Бірақ Ехоба бәрін көріп тұр (Пет. 1-х. 3:12).

“Кідірместен... шомылдыру рәсімінен өтті” (Ел. іс. 16:25—34)

13. Түрме бастығының “құтқарылуым үшін не істеуім керек” деп сұрауына не түрткі болды?

13 Пауыл мен Сыйласқа сол күні болған оқиғалардан ес жиғанша, біраз уақыт кеткен болар. Олар түннің бір уағына қарай өздерін кішкене жақсы сезініп, “дұға етіп, Құдайды әнмен мадақтай бастайды”. Кенеттен жер қатты сілкініп, түрменің іргетасы шайқалып кетті! Сонда түрме бастығы оянып кетіп, есіктердің ашық тұрғанын көрді де, тұтқындар қашып кетті екен деп қорқып кетті. Бұл үшін өзінің қалай жазаланатынын білген ол “семсерін суырып алды да, өзін өлтірмек болды”. Алайда Пауыл сол кезде: “Өзіңе қол жұмсама, бәріміз де осындамыз!”— деп дауыстады. Дірілдеп-қалшылдап тұрған түрме бастығы: “Мырзалар, құтқарылуым үшін не істеуім керек?”— деп сұрады. Әрине, Пауыл да, Сыйлас та оны құтқара алмас еді, оны құтқаратын тек Иса еді. Сондықтан олар: “Иеміз Исаға сен. Сонда құтқарыласың”,— деді (Ел. іс. 16:25—31).

14. а) Пауыл мен Сыйлас түрме бастығына қалай көмектесті? ә) Қудалауға қуанышпен төзгені үшін Пауыл мен Сыйлас қалай жарылқанды?

14 Түрме бастығының сұрағы шын жүректен қойылған сұрақ па еді? Пауыл бұған титтей де күмәнданған жоқ. Түрме бастығы басқа ұлт адамы болғандықтан, Жазбалармен таныс емес-тін. Мәсіхші болу үшін оған алдымен Жазбалардағы негізгі шындықтарды біліп, қабылдау керек еді. Сондықтан Пауыл мен Сыйлас уақыт бөліп, оған “Ехобаның сөзін айтып берді”. Екеуі Жазбаларды беріліп түсіндіргені сонша — ауруларын ұмытып та кетсе керек. Олардың осылған арқасын байқаған түрме бастығы жараларын жуып берді. Сосын “кідірместен бүкіл үй ішімен бірге шомылдыру рәсімінен өтті”. Қудалауға қуанышпен төзген Пауыл мен Сыйлас үшін бұдан асқан сый бар ма?! (Ел. іс. 16:32—34).

15. а) Ехоба куәгерлерінің көбісі Пауыл мен Сыйластың үлгісіне қалай еліктеп жүр? ә) Неліктен учаскемізде тұратын адамдарға қайта-қайта барып тұрғанымыз маңызды?

15 Пауыл мен Сыйлас іспетті, Ехоба куәгерлерінің көбісі сенімдері үшін түрмеге отырғанда, ізгі хабарды уағыздаған, әрі бұлары жеміссіз болмаған. Мысалға, уағыз ісімізге тыйым салынған бір елде бүкіл Куәгерлердің 40 пайызы шындықты түрмеде естіген екен! (Ишая 54:17). Тағы бір ескеретіні, түрме бастығы жер сілкінісі болғаннан кейін көмек сұрады. Тап солай, бүгінде кейбір адамдар өмірлерінде “сілкініс болғанда”, яғни қиындыққа тап болғанда, Патшалық хабарына құлақ асуы мүмкін. Олар дайын болса, біз де дайын болу үшін, учаскеміздегі адамдарға қайта-қайта барудан еш талмайық.

“Ал енді жасырын түрде шығарып жібермекші ме?” (Ел. іс. 16:35—40)

16. Пауыл мен Сыйласқа дүре соғылған күннің ертеңіне жағдай қалай өзгерді?

16 Пауыл мен Сыйласқа дүре соғылғаннан кейінгі күні таңертең жергілікті басшылар екеуін босатуды бұйырды. Бірақ Пауыл: “Рим азаматтары болсақ та, олар еш сот жүргізбей, жұрттың көзінше дүре соқтырып, бізді түрмеге тастады. Ал енді жасырын түрде шығарып жібермекші ме? Жоқ, бізді өздері келіп шығарсын!”— деді. Жергілікті басшылар олардың Рим азаматтары екенін естігенде, “қорқып кетті”, себебі олар Пауыл мен Сыйластың құқығын бұзған еді d. Ойламаған жерден жағдай өзгеріп шыға келді: бұл басшылар шәкірттерді жұрттың көзінше ұрып-соққан еді, ал енді жұрттың көзінше кешірім сұрауға мәжбүр болды. Олар Пауыл мен Сыйластан Філіпіден кетуді өтінді. Екі шәкірт бұған келісті. Бірақ алдымен қанаты әлі қатая қоймаған жаңа шәкірттерді нығайтуды ойлады. Оларды нығайтқаннан кейін ғана жолға шықты.

17. Қуғынға төтеп берген Пауыл мен Сыйластан жаңа шәкірттер қандай маңызды сабақ алды?

17 Пауыл мен Сыйлас өздерінің Рим азаматтары екенін бірден айтқанда, бәлкім, ұрып-соғылмас па еді (Ел. іс. 22:25, 26). Бірақ солай еткенде, Філіпідегі шәкірттер Пауыл мен Сыйлас өз құқықтарын пайдаланып, Мәсіх үшін азап шегуден қашып жатыр деп ойлап қалуы мүмкін еді. Рим азаматы емес шәкірттердің сеніміне бұл қалай әсер етпек? Заң оларды дүре соғылудан қорғамайды ғой. Пауыл мен Сыйлас жазадан қашпай, оларға Мәсіхтің ізбасарлары қуғын-сүргінге қайыспай тұра алатындарын көрсетті. Оның үстіне, Пауыл мен Сыйлас кейіннен Рим азаматтары екенін айтқанда, жергілікті басшыларға заңсыз әрекет еткендерін мойындауға тура келді. Енді олар болашақта заңға мұқият болып, мәсіхшілерді беталды ұрып-соғып, құқықтарын таптаудан аяқ тартар еді.

18. а) Мәсіхші бақылаушылар Пауылға қалай еліктейді? ә) Біздің уақытымызда қалай ізгі хабарды қорғап, заңдастыруға тырысамыз?

18 Бүгінде де қауымдағы бақылаушылар бауырластарды өз үлгілерімен үйретеді. Олар бауырластардан нені күтсе, өздері де соны істейді. Пауылға ұқсап, біз де заңды құқықтарымызды қашан және қалай пайдаланатынымызды парасаттылықпен ойластырамыз. Ғибадатымызды заңмен қорғау үшін, қажет болса, жергілікті, жоғарғы, тіпті халықаралық соттарға жүгінеміз. Біздің мақсатымыз — қоғамда қандай да бір өзгеріс жасау емес, Пауыл айтпақшы, “ізгі хабарды қорғап, оны заңдастыру” (Філіп. 1:7). Пауыл бұл сөзді Філіпіде түрмеге отырғаннан кейін, арада шамамен 10 жыл өткен соң сондағы бауырластарға жазған еді. Сот қандай шешім шығармасын, біздің де Пауыл мен оның серіктері сияқты, Құдай рухы қайда бағыттаса, сонда “ізгі хабарды жариялауға” деген шешіміміз берік (Ел. іс. 16:10).

a 128-беттегі “ Елшілердің істері кітабын жазған Лұқа” деген қоршауды қараңыз.

b Філіпі қаласында ғибадатхананың болмауының екі себебі болғанға ұқсайды: 1) Рим әскерлері тұрғандықтан, яһудилерге ғибадатхана соғуға тыйым салынған болуы мүмкін. 2) Ғибадатхана соғу үшін, кем дегенде, он яһуди ер адам болу керек еді. Қалада осынша ер адам табылмаған көрінеді.

c 132-беттегі “ Күлгін зат сатушы Лүдия” деген қоршауды қараңыз.

d Рим заңы бойынша, Рим азаматы өзін тиісті түрде соттауды талап ете алатын және оны сотта кінәлі деп таппай тұрып жұрт алдында жазалауға болмайтын.