Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

18-ТАРАУ

“Құдайды “іздеп,...тауып алу”

“Құдайды “іздеп,...тауып алу”

Пауыл тыңдаушыларына бейімделіп, олармен сөйлесуге ортақ тақырып таба білді

Елшілердің істері 17:16—34 негізделген

1—3. а) Афинада елші Пауыл неге қатты ашуланды? ә) Пауылдың үлгісінен не үйренеміз?

 ПАУЫЛ ызадан жарыла жаздады. Ол Афинада (Грекия) кезінде Сократ, Платон және Аристотель сияқты пәлсапашылар тәлім берген білім ордасында тұр. Афина тұрғындары өте діншіл адамдар. Олар көптеген құдайларға табынатындықтан, Пауылдың айналасының бәрі — ғибадатханалар, алаңдар мен көшелер — пұттарға толы еді. Пауыл шынайы Құдай Ехобаның пұттар жайлы не ойлайтынын жақсы білетін (Мұс. 2-ж. 20:4, 5). Сондықтан оның өзі де Ехоба сияқты олардан жеркеніп тұр!

2 Пауыл әсіресе базар алаңына (агора) келгенде, одан сайын шошыды. Базар алаңының солтүстік батысындағы кіреберісте Гермес құдайының ұятсыз мүсіндері қаз-қатар тізіліп тұр. Алаңның ішінде не көп, ғибадат ететін орындар көп. Осындай пұтқа табынушылыққа белшеден батқан жерде ынта-жігерге толы Пауыл қалай уағыздамақ? Ол ашуына ерік бермей, өз-өзін ұстап, адамдардың тілін тауып сөйлесе алар ма екен? Бір адамға болса да шынайы Құдайды “іздеп, тауып алуға” көмектесе ала ма?

3 Елшілердің істері 17:22—31 тармақтарда Пауылдың Афинадағы білімдар адамдарға айтқан баяндамасы жазылған. Пауыл оларға шеберлікпен, ізеттілікпен әрі қырағылықпен сөйлеген. Бұл — біз үшін керемет үлгі. Біз Пауылдың үлгісін зерттей келе, адамдармен ортақ тақырып тауып, ой жүгіртудің қыр-сырын үйрене аламыз.

“Базар алаңында” тәлім берді (Ел. іс. 17:16—21)

4, 5. Афинада Пауыл қай жерде уағыздады және оның тыңдаушылары қандай адамдар болды?

4 Пауыл Афина қаласына шамамен б. з. 50 жылы екінші миссионерлік сапары кезінде барды a. Береядан Сыйлас пен Тімөтенің келуін күтіп жүргенде, ол әдеті бойынша “мәжілісханадағы яһудилермен... пікір алысып жүрді”. Сондай-ақ яһуди емес адамдарға уағыздау үшін “базар алаңына” барды (Ел. іс. 17:17). Акропольдің солтүстік батысында орналасқан бұл Афина базары 5 гектардай жерді алып жатты. Бұл тек сауда-саттыққа арналған жер емес, қаланың көпшілік жиналатын алаңы да еді. Бір еңбекке сай, “осы базар алаңы қаланың экономикалық, саяси және мәдени жүрегі” болған. Білімпаз адамдар сонда барып, оқыған-тоқығандары жайлы пікір таластырғанды ұнататын.

5 Базар алаңындағы Пауылдың тыңдаушылары анау-мынау адамдар емес еді. Олардың арасында эпикурлер мен стоиктер болды b. Олар өзара жарысқан философиялық мектептің мүшелері еді. Эпикурлер тіршілік өздігінен пайда болды дегенге сенген. Олар “Құдайдан қорқудың қажеті жоқ; өлгенде ешкім азап шекпейді; жақсылыққа қол жеткізуге болады; жамандыққа шыдауға болады” деген көзқарасты ұстанған. Ал стоиктер білім мен логиканы алға тартқан, Құдайдың тірі тұлға екеніне сенбеген. Эпикурлер де, стоиктер де Мәсіхтің шәкірттері үйретіп жүрген қайта тірілуге сенбеген. Бұл екі топтың философиялық көзқарастары Пауыл уағыздап жүрген асқақ шындықтарға мүлдем кереғар еді.

6, 7. Кейбір грек ойшылдары Пауылдың сөздеріне қалай қарады және бүгінде адамдар қалай қарайды?

6 Грек ойшылдары Пауылдың айтқандарына қалай қарады? Кейбіреулер оны “мылжың” деп атады. “Мылжың” деп аударылған грек сөзі сөзбе-сөз “тұқым теруші” дегенді білдіреді (Ел. іс. 17:18). Бір ғалым былай деген: “Алғашында бұл сөз дән терген шымшыққа қатысты қолданылған. Ал кейінірек ол базар алаңындағы қалған-құтқан тамақтар мен басқа да қалдықтарды жинайтын адамға қолданылған. Алайда бертін келе, бұл сөз бейнелі мағынада қолданылып, мәліметтерді әр жерден теріп, бірақ олардың басын қосып түсіндіріп бере алмайтын адамға қатысты айтылған”. Не керек, олар Пауылды әркімнен естігенін қайталайтын надан, топас дегісі келді. Бірақ алда көретініміздей, өзін мылжың дегенін Пауыл көңіліне де алған жоқ.

7 Бүгінде де солай. Адамдар бізді Ехоба куәгері болғанымыз және Киелі кітапқа сенгеніміз үшін жиі неше түрлі атпен мазақ етеді. Мысалы, кейбір мұғалімдер “эволюция — айғақ, ақылды болғың келсе, оған сенуің керек” деп жатады. Түптеп келгенде, олар эволюцияға сенбейтіндерді “қараңғы, надан” дейді. Мұндай оқымыстылар жұрттың біз туралы да солай ойлағанын қалайды. Себебі біз адамдармен сөйлескенде, бәрін жаратқан бір Жаратушының бар екеніне дәлелдер келтіреміз. Олар бізді қалай атамасын, бұған еңсемізді түсірмейміз. Қайта, жер бетіндегі тыныс-тіршілікті саналы Жаратушы Ехоба жаратқанын батыл айтып, қорғаймыз (Аян 4:11).

8. а) Пауылдың уағызын кейбіреулер қалай қабылдады? ә) Пауылды Ареопагқа ертіп барды деген нені білдіруі мүмкін? (142-беттегі сілтемені қараңыз.)

8 Базар алаңындағы кейбіреулер болса Пауылдың сөздерін басқаша қабылдады. “Ол бөтен құдайларды уағыздап жүрген сияқты”,— десті олар (Ел. іс. 17:18). Бірақ Пауыл шынымен де афиналықтарға бөтен құдайларды айтып жүрді ме? Егер бұл солай болса, онда Пауыл басын қатерге тіккені. Себебі содан бірнеше ғасыр бұрын Сократ деген пәлсапашы дәл осылай айыпталғандықтан, сотталып, өлім жазасына кесілген болатын. Сондықтан олар Пауылды Ареопагқа алып барып, афиналықтардың құлағына оғаш естілген ілімдер жайлы түсіндіріп беруді сұрады c. Пауыл Жазбалардан мүлдем бейхабар адамдардың алдында ізгі хабарды қалай қорғар екен?

“Афиналықтар, байқауымша...” (Ел. іс. 17:22, 23)

9—11. а) Пауыл тыңдаушылармен қалай ортақ тақырып табуға тырысты? ә) Қызметте біз қалай Пауылға еліктей аламыз?

9 Есіңізде болса, Пауыл пұтқа табынушылықты көргенде, қатты ызасы келген еді. Бірақ ол ашуға ерік беріп, бірден жалған ғибадаттың жағасынан алмай, сабырлық сақтады. Пауыл ортақ тақырып тауып, ізетпен адамдардың жүрегін жаулауға тырысты. Ол сөзін былай бастады: “Афиналықтар, байқауымша, сіздер өзгелерге қарағанда құдайлардан көбірек қорқатын сияқтысыздар” (Ел. іс. 17:22). Былайша айтқанда, ол “сіздер өте діндар екенсіздер” деген. Пауылдың оларды құдайшыл болғандары үшін мақтап алғаны өте дұрыс болды. Ол жалған діннің шырмауында жүргендердің арасында ақжүрек адамдар бар екенін білді. Себебі өзі де кезінде “сенімі болмағандықтан білместікпен осылай әрекет еткен” еді (Тім. 1-х. 1:13).

10 Сосын Пауыл афиналықтардың құдайшыл екенін айқын дәлелдейтін бір айғаққа назар аударды. Сол жерде “Белгісіз Құдайға” деген жазуы бар құрбандық орны бар еді. Пауыл осыны тілге тиек етіп, олармен ортақ тақырыпта сөйлесті. Бір мәлімет көзінде айтылғандай, “гректер мен өзгелер жиі белгісіз құдайларға арнап құрбандық орнын тұрғызатын. Себебі олар біз табынбай жүрген бір Құдай болса, ренжіп қалып жүрер деп қорқатын”. Осындай құрбандық орнын тұрғызуымен афиналықтар өздері білмейтін бір Құдайдың бар екенін мойындаған. Пауыл әңгімесіне осы құрбандық орнын арқау етіп, тыңдармандарының назарын ізгі хабарға бұрды. “Мен сіздерге өздеріңіз танымасаңыздар да ғибадат етіп жүрген осы Құдайды жариялап жатырмын”,— деді ол (Ел. іс. 17:23). Пауылдың сөзі сыпайы әрі өте әсерлі болды. Кейбіреулер айыптағандай, ол қандай да бір жаңа не бөтен Құдай туралы уағыздап тұрған жоқ еді. Пауыл оларға өздері ғибадат еткен сол белгісіз Құдай — шынайы Құдай екенін түсіндірді.

11 Қызметке қатысты Пауылдан қандай өнеге аламыз? Байқампаз болсақ, адамның құдайшыл екенін мойнына тағып алған немесе үйіндегі яки ауласындағы діни бұйымдарға қарап анықтай аламыз. Ондай адамға: “Сіз өте діндар адамға ұқсайсыз, мен сондай адамдармен сөйлесіп жүр едім”,— десек болады. Адамның неге сенетінін біліп алсақ, онымен ортақ тақырып тауып сөйлесе аламыз. Есіңізде болсын, адамның діни нанымдарына қарап ол жайында асығыс тұжырым жасамаған дұрыс. Бұрын шын жүректен жалған діннің ілімдерін ұстанған бауырластар аз емес.

Шындықты адамдарға жеткізу үшін ортақ тақырып табуға тырысыңыз

“Ол әрқайсысымыздан алыс емес” (Ел. іс. 17:24—28)

12. Пауыл тыңдаушыларына қалай бейімделді?

12 Пауыл ортақ тақырыптан ауытқымай, әрі қарай куәлік бере алды ма? Тыңдаушыларының грек философиясымен жақсы таныс екенін, бірақ Жазбалардан бейхабар екенін ескере отырып, Пауыл оларға барынша бейімделді. Біріншіден, Киелі кітап ілімдерін тікелей Жазбалардан келтірмей-ақ жеткізді. Екіншіден, сөзінің арасында “біз” деуімен өзін де солардың қатарына жатқызды. Үшіншіден, ол грек шығармаларынан үзінділер келтірді. Осылай оның үйретіп жатқандары сол еңбектердегі ойлармен ұштасатынын көрсетті. Қазір Пауылдың сол бір ғажап баяндамасына тоқталайық. Ол афиналықтарға өздері білмейтін Құдай жайлы қандай маңызды шындықтарды айтып берді?

13. Пауыл ғаламның пайда болуын қалай түсіндірді және ол нақты не айтқысы келді?

13 Ғаламды Құдай жаратты. “Дүниені және сондағының бәрін жаратқан Құдай, аспан мен жердің Иесі, адам қолымен соғылған ғибадатханаларда тұрмайды”,— деді Пауыл d (Ел. іс. 17:24). Иә, ғалам өздігінен пайда болған жоқ. Бәрін жаратқан — шынайы Құдай (Зәб. 146:6). Гректің әйел құдайы Афина мен өзге де тәңірлері атақ-даңққа бөлену үшін ғибадатханалар мен құрбандық орындарына мұқтаж болса, аспан мен жердің Иесі мұндай нәрселерге мүлдем мұқтаж емес (Пат. 1-ж. 8:27). Пауылдың не айтқысы келгені айдан анық еді: шынайы Құдай пенде жасаған ғибадатханаларда тұрған әрі пенденің қолынан шыққан пұттардан әлдеқайда ұлы (Ишая 40:18—26).

14. Құдай адам баласына зәру емес екенін Пауыл қалай көрсетті?

14 Құдай адам баласына зәру емес. Пұттарға табынатындар оларды әдемі киіммен сәндейді, қымбат-қымбат сый-тартулар жасайды, тамақ пен сусындар ұсынады. Өйткені пұттар осыған мұқтаж деп ойлайды. Алайда Пауылдың тыңдаушыларының арасында “Құдай адам баласынан ештеңені қажет етпейді” деп сенетін грек пәлсапашылары да болды. Олар Пауылдың “[Құдай] адам баласының өзіне қызмет етуіне де мұқтаж емес” деген сөзімен келіскен болар. Расында да, Жаратушымызға адамдардан ештеңе қажет емес! Қайта, оның өзі адамға “өмір, тыныс және қажетінің бәрін”, соның ішінде күн, жаңбыр мен құнарлы топырақты береді (Ел. іс. 17:25; Мұс. 1-ж. 2:7). Демек, бізге бәрін беретін Құдай біздің еш нәрсемізге зәру емес.

15. Өздерін басқа ұлттардан жоғары қойған афиналықтарды Пауыл қалай түзетті және бұл біз үшін қандай үлгі?

15 Адам баласын Құдай жаратты. Афиналықтар өздерін басқа халықтардан жоғары санаған. Бірақ өз ұлтын, өз нәсілін өзгелерден артық көру Киелі кітапқа қайшы (Мұс. 5-ж. 10:17). Сондықтан Пауыл тыңдармандарының сезімін ескере отырып, осы мәселені ізетпен, шеберлікпен қозғады. Ол: “[Құдай] бір адамнан күллі халықтарды шығарды”,— дегенде, тыңдап тұрғандар ойланып қалса керек (Ел. іс. 17:26). Пауыл Мұсаның 1-жазбасындағы бүкіл адамзаттың түп атасы Адам туралы айтып тұрған еді (Мұс. 1-ж. 1:26—28). Бәрі бір атадан тарағандықтан, ешкім ешкімнен жоғары емес. Пауылдың не айтқысы келгенін тыңдаушылары ұққан болар. Оның үлгісінен жүрекке түйіп алар бір маңызды жайтты білеміз: біз уағызда ілтипатты әрі парасатты болуға тырысамыз, әрине. Бірақ адамның құлағына жақсыншы деп Киелі кітап шындықтарын бұрмаламаймыз.

16. Құдай адамзатты қандай ниетпен жаратқан?

16 Құдай адамзатты өзіне жақындасын деген ниетпен жаратқан. Пауылды тыңдап тұрған пәлсапашылар адам баласының не үшін өмір сүріп жатқанын қанша талқыласа да, бұны көңіл толатындай түсіндіріп бере алмайтын. Пауыл болса Құдай адамзатты қандай ниетпен жаратқанын анық түсіндіріп, былай деді: “Құдай мұны адамдар өзін іздесін әрі сезініп, тауып алсын деп істеді. Бірақ шындығында ол әрқайсысымыздан алыс емес” (Ел. іс. 17:27). Демек, афиналықтарға бейтаныс Құдайды танып-білуге болатын еді. Шынында да, ол өзін іздеп тауып, ол жайлы білгісі келетіндерден алыс емес (Зәб. 145:18). Байқасақ, Пауыл “әрқайсысымыздан” деп өзін де Құдайды іздеп табу керек адамдардың қатарына қосқан.

17, 18. Адамдар неге Құдайға жақын болу керек? Тыңдаушыларының жүрегіне жол іздеген Пауылға қалай еліктей аламыз?

17 Адамдар Құдайға жақын болу керек. Пауыл айтқандай, Құдайдың арқасында “біз өмір сүріп, әрекет етіп, тірі жүрміз”. Кей ғалымдардың айтуынша, Пауыл мұнда б. з. б. VI ғасырда өмір сүрген әрі “Афина мәдениетінде ойып тұрып орын алған” крит ақыны Эпименидтің сөзін келтірген. Адамдар Құдайға тағы не үшін жақындау керектігін Пауыл былай түсіндірді: “Араларыңыздағы кейбір ақындар “біз оның балаларымыз” деген ғой” (Ел. іс. 17:28). Негізі, бүкіл адамзат тараған Адам атаны Құдай жаратқандықтан, Құдай біздің де Әкеміз, сондықтан оған жақын болуымыз керек. Тыңдаушыларының жүрегіне жол табу үшін Пауыл даналықпен олар бедел тұтқан грек шығармаларынан үзінділер келтірген e. Біз де Пауылға еліктеп, кейде қызметте тарихтан, энциклопедиялар мен басқа да еңбектерден үзінді келтірсек болады. Мысалы, орынды болса, Куәгер емес адамдарға қандай да бір діни салт-жораның я мейрамның қайдан шыққанын көрсету үшін беделді мәлімет көздеріне жүгінсек болады.

18 Осыған дейін Пауыл тыңдаушыларына ұтымды бейімделе отырып, Құдай туралы маңызды шындықтарды ашып берді. Ал енді олардан не күтеді? Мұны ол артынша-ақ түсіндірді.

“Жер-жерді мекендейтін адамдар өкіну керек” (Ел. іс. 17:29—31)

19, 20. а) Пұтқа табынудың күнә екенін Пауыл қалай ізетпен көрсетті? ә) Пауылдың тыңдаушылары қандай әрекет жасаулары керек еді?

19 Пауыл тыңдаушыларын іс-әрекетке талпындырғысы келді. Грек шығармаларынан айтқан үзіндіге қайтадан оралып, ол былай деді: “Ендеше, Құдайдың балалары болсақ, ол алтынға, күміске, тасқа не адамның ақыл-ойынан шыққан нәрселерге ұқсас деп ойламауымыз керек” (Ел. іс. 17:29). Шынымен де, егер адамдарды Құдай жаратқан болса, онда қалайша Құдай адамдар жасаған пұттарға ұқсайды деуге болады? Осылай Пауыл ізетпен ой жүгірте отырып, адамдар жасаған пұттарға табынудың қаншалықты ақылға қонымсыз екенін көрсетті (Зәб. 115:4—8; Ишая 44:9—20). Сондай-ақ Пауыл сөзі тыңдаушылардың көңіліне тиіп кетпесін деп, бұл жерде де “ойламауымыз керек” деп өзін қосып айтты.

20 Пауыл өзін тыңдап тұрғандарды нақты әрекетке шақырды: “Бір кездері Құдай адамдардың осылай білместік жасағанына [Құдай адамның пұтқа табынуын құптайды деп ойлағанына] назар аудармаған. Ал қазір ол жер-жерді мекендейтін адамдарға өкіну керектігін айтып жатыр” (Ел. іс. 17:30). Пауылды тыңдап тұрғандардың кейбірі өкіну керектігін естігенде, қатты таңғалса керек. Бірақ Пауылдың пәрменді сөздерінен олар өмірлері үшін Құдайға қарыздар екендері әрі оның алдында есеп беретіндері түп-түсінікті болды. Бұл үшін олар Құдайды іздеп, ол туралы шындықты біліп, өмірлерін сол шындыққа сай түзетулері керек еді. Демек, афиналықтар пұтқа табынушылықтың күнә екенін түсініп, одан бас тартулары керек-тін.

21, 22. Пауыл сөзін қалай түйіндеді және біз үшін оның қандай мәні бар?

21 Пауыл сөзін былай түйіндеді: “[Құдай] бүкіл жержүзін әділдікпен соттайтын күнді белгілеп, сотты жүргізетін кісіні тағайындап қойды және сол кісіні қайта тірілту арқылы барлық адамзатқа кепілдік берді” (Ел. іс. 17:31). Құдайдың күні келе жатқандықтан, оларға шынайы Құдайды іздеп табу өте маңызды еді. Пауыл сот жүргізушінің атын айтпады. Бірақ ол жайында бір таңғаларлық жайтты айтты: ол адам болып өмір сүріп, қайтыс болды, бірақ Құдай оны тірілтіп алды!

22 Пауылдың қорытынды сөздерінің біз үшін де мәні зор. Құдай тағайындаған Төреші қайта тірілген Иса Мәсіх екенін біз білеміз (Жох. 5:22). Сот күні көз ілеспес жылдамдықпен жақындап келе жатқаны әрі ол мың жылға созылатыны да бізге аян (Аян 20:4, 6). Біз ол күннен қорықпаймыз, өйткені сол кезде адал болып қалған жандар шетсіз, шексіз баталарға кенеледі. Құдай жасаған кереметтердің кереметі, яғни Иса Мәсіхтің қайта тірілгені, жарқын болашаққа деген үмітіміздің ақталатынына кепілдік береді.

“Кейбіреулер... Исаның ізбасары болды” (Ел. іс. 17:32—34)

23. Пауылдың сөздерін адамдар қалай қабылдады?

23 Пауылдың сөздерін әркім әртүрлі қабылдады. Қайта тірілу жайлы естігенде, кейбіреулер оны “келеке етті”. Ал басқалары сыпайылықпен: “Бұл туралы тағы бір жолы айтып берерсіз”,— деп кетіп қала салды (Ел. іс. 17:32). Алайда ізгі хабарға құлақ асқандары да болды. Киелі кітапта: “Кейбіреулер оған қосылып, Исаның ізбасары болды. Олардың арасында Ареопагтағы соттың мүшесі Дионис және Дамар есімді әйел де бар еді”,— делінген (Ел. іс. 17:34). Біздің күнімізде де ізгі хабарға әркім әртүрлі қарайды. Біреулер бізге күлсе, біреулер селқостық танытады, бірақ хабарымызға құлақ асып, Исаның ізбасары болып жатқандар да аз емес.

24. Пауылдың Ареопагта айтқан баяндамасынан не үйренеміз?

24 Пауылдың Ареопагта айтқан баяндамасында біз үшін көп сабақ жатыр. Мысалы, ойларды қисынды жеткізе білуді, сенімді дәлелдер келтіруді және тыңдаушыларға бейімделе білуді үйренеміз. Сондай-ақ жалған дін саналарын соқыр етіп тастаған адамдарға шыдамды болып, абайлап сөйлеуіміз керектігін ұқтық. Тағы бір маңызды сабақ: адамдарды ренжітіп алмайық деп Киелі кітаптағы шындықтарды бұрмалауға болмайды. Елші Пауылға қарап бой түзсек, қызметте шебер тәлімгер бола аламыз. Ал бақылаушылар қауымда шебер тәлімгер бола алады. Осылай өзгелерге Құдайды іздеп табуға көмектесуге сақадай сай боламыз (Ел. іс. 17:27).

a 142-беттегі “ Афина — ежелгі дүниедегі өркениет орталығы” деген қоршауды қараңыз.

b 144-беттегі “ Эпикурлер мен стоиктер” деген қоршауды қараңыз.

c Ареопаг Акропольдің солтүстік батысында орналасқан төбе болған. Ол жерде әдетте Афинаның жоғарғы соты жиналатын. “Ареопаг” деген сөз сол жоғарғы сотқа немесе төбенің өзіне нұсқауы мүмкін. Сондықтан кейбір ғалымдар Пауылды осы төбеге не соның маңына алып барды десе, өзге бір ғалымдар оны басқа бір жерге, бәлкім, базар алаңында жиналған соттың алдына алып барды дейді.

d Мұндағы “дүние” деп аударылған сөз грекше “космос”. Гректер бұл сөзді материалдық ғаламға қатысты қолданған. Олармен ортақ тақырып табу үшін Пауыл да “космос” сөзін осы мағынада қолданса керек. Бірақ Киелі кітапта бұл сөз әдетте адамдарға қатысты қолданылады.

e Пауыл стоик ақыны Аратустың “Ерекше құбылыстар” деп аталатын астрономиялық поэмасынан үзінді келтірген. Осындай сөздер басқа да грек шығармаларында кездеседі. Мысалы, стоик ақыны Клеанф жазған “Зевске арналған әнұран” деген еңбекте.