Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

13-ТАРАУ

”Сөзге келіп, қатты айтысып қалды”

”Сөзге келіп, қатты айтысып қалды”

Сүндеттелу мәселесін басқарушы кеңес қарастырады

Елшілердің істері 15:1—12 негізделген

1—3. а) Ертедегі мәсіхшілер қауымының бірлігіне не нәрсе қауіп төндірді? ә) Осы оқиғаны қарастырғанымыз не үшін пайдалы?

 ПАУЫЛ мен Барнаба қуаныштары қойнына сыймай, жаңа ғана бірінші миссионерлік сапардан Сириядағы Антиохияға оралды. Ехоба “басқа ұлттардың сенімді қабылдауына жол ашқанына” олар қатты қуанды (Ел. іс. 14:26, 27). Иә, бір Антиохияның өзінде ізгі хабар жан-жаққа тарап, басқа ұлттан шыққан “көптеген адам” қауымға қосылып жатты (Ел. іс. 11:20—26).

2 Басқа ұлт адамдарының шындыққа келіп жатқаны туралы хабар көп ұзамай Яһудеяға да жетті. Алайда бұл хабарға ол жақтағылардың бәрі бірдей қуана қоймады. Олар басқа ұлт адамдарының сүндеттелуін талап ете бастады. Бұдан былай яһуди сенушілер мен яһуди емес сенушілердің қарым-қатынастары қандай болу керек? Яһуди емес сенушілер Мұса Заңына бағыну керек пе? Осы мәселенің үлкен дау-дамайға айналғаны сонша — қауымның бірлігіне қауіп төнді. Оны қалай шешуге болады?

3 Елшілердің істеріндегі осы оқиғаны қарастыра келе, өзіміз үшін көп құнды сабақ аламыз. Сонда қауымдағы бірлігіміздің қаймағын бұзатын мәселелер туындағанда, даналықпен әрекет ете аламыз.

“Сүндетке отырмасаңдар” (Ел. іс. 15:1)

4. Кейбір сенушілер қандай бұрыс көзқарасты алға тартты және бұдан қандай сұрақ туындайды?

4 Шәкірт Лұқа былай деп жазған: “Яһудеядан [Антиохияға] әлдебіреулер келіп, бауырластарға: “Мұса Заңы бойынша сүндетке отырмасаңдар, құтқарыла алмайсыңдар”,— деп үйрете бастады” (Ел. іс. 15:1). Бұл Яһудеядан келгендер мәсіхші болғанға дейін парызшыл болған ба, жоқ па — айтылмаған. Қалай болған күнде де, оларға заңдарға қатып қалған яһуди сектасы ықпал еткен көрінеді. Сондай-ақ олар Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдар жібермесе де, солардың атынан сөйлеп жүрді (Ел. іс. 15:23, 24). Осыдан 13 жыл бұрын елші Петір Құдайдың еркімен сүндеттелмеген басқа ұлт адамдарын мәсіхшілер қауымына қабылдаған еді ғой, онда неге бұл яһуди сенушілер әлі де сүндеттелуді алға тартып жүр? a (Ел. іс. 10:24—29, 44—48).

5, 6. а) Кейбір яһуди мәсіхшілердің сүндеттелуді талап етуіне не себеп болуы мүмкін? ә) Сүндеттелу келісімі Ыбырайыммен жасалған келісімге жатқан ба? Түсіндіріңіз. (Сілтемені қараңыз.)

5 Бұның себебі әртүрлі болуы мүмкін. Соның бірі — сүндеттелу рәсімін Ехобаның өзі енгізген әрі бұл онымен ерекше қарым-қатынастың белгісі болған. Құдай сүндеттелуді Заң келісіміне дейін, сонау Ыбырайымның заманына дейін енгізген b (Мұс. 3-ж. 12:2, 3). Ал кейінірек бұл рәсім Мұса Заңының бір бөлігіне айналды. Мұса Заңы бойынша, тіпті жатжерлік адам Құтқарылу мейрамының асын жеу сияқты шараларға қатыса алу үшін сүндеттелуге міндетті еді (Мұс. 2-ж. 12:43, 44, 48, 49). Расында да, сүндеттелу рәсімі яһудилердің қанына сіңіп кеткендіктен, сүндеттелмеген адамды олар таза емес, жеркенішті деп есептеген (Ишая 52:1).

6 Ендеше, жаңадан ашылған шындықты қабылдау үшін яһуди сенушілерге сенім мен кішіпейілділік қажет болды. Заң келісімі жаңа келісіммен ауысқандықтан, енді яһуди болып туылған адам бірден Құдай халқының мүшесі болмайтын. Сондықтан еврейлер шоғырланған жерлердегі яһуди мәсіхшілер мен Яһудеядағы сенушілерге Мәсіхті мойындау үшін және сүндеттелмеген басқа ұлт адамдарын қабылдау үшін таудай батылдық қажет болды (Ерм. 31:31—33; Лұқа 22:20).

7. Яһудеядан келген кейбіреулер қандай шындықты түсінбеді?

7 Әрине, Құдайдың нормалары еш өзгермейді. Бұған дәлел — жаңа келісім Мұса Заңының рухын, яғни оның астарында жатқан принциптерді қамтыды (Мат. 22:36—40). Мысалы, Пауыл кейінірек сүндетке қатысты былай деп жазды: “Нағыз яһуди — жан дүниесінде яһуди болған адам. Сол сияқты, шынайы сүндет — жазбаша заң арқылы емес, рух арқылы жүрекке жасалған сүндет” (Рим. 2:29; Мұс. 5-ж. 10:16). Яһудеядан келген кейбіреулер осы шындықты түсінбей, Құдай сүндеттелуге қатысты заңды алып тастамады деп жүрді. Олар ойларын өзгертер ме екен?

“Сөзге келіп, қатты айтысып қалды” (Ел. іс. 15:2)

8. Неліктен сүндеттелу мәселесін шешу үшін Иерусалимдегі басқарушы кеңеске жүгінуге тура келді?

8 Лұқа сөзін былай деп сабақтады: “Олар [Яһудеядан келгендер] Пауыл және Барнабамен сөзге келіп, қатты айтысып қалды. Содан шәкірттер осы мәселені шешу үшін екеуіне басқа бауырластарды қосып, Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдарға жібермек болды” c (Ел. іс. 15:2). “Сөзге келіп, қатты айтысып қалғанына” қарағанда, екі жақ та өз пікірлеріне нық сенімді болған көрінеді. Сондықтан да бұл мәселені Антиохиядағы қауым шеше алмас еді. Қауымның бірлік-ынтымағы бұзылмас үшін, ондағы ақсақалдар ақылмен әрекет етіп, бұл сұрақты “Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдарға”, яғни басқарушы кеңеске жіберді. Антиохиядағы ақсақалдардан біз не үйренеміз?

Кейбіреулер: “[Басқа ұлт сенушілерінен] Мұса Заңын ұстануды талап ету керек”,— деп тұрып алды

9, 10. Антиохиядағы бауырластар және Пауыл мен Барнаба бізге қандай үлгі қалдырды?

9 Алатын маңызды сабақ: біз де Антиохиядағы бауырластар іспетті Құдайдың ұйымына сенім артуымыз керек. Айта кететіні, олар басқарушы кеңестегілердің бәрі яһуди екенін білген. Сонда да антиохиялық бауырластар олардың сүндеттелу мәселесін шешу үшін Жазбаларға сүйенетініне сенімді болды. Иә, Ехоба осы мәселенің түйінін тарқатып беру үшін киелі рухы және қауымның басы Иса Мәсіх арқылы бағыт-бағдар беретініне олар еш күмәнданбады (Мат. 28:18, 20; Ефес. 1:22, 23). Біз де маңызды мәселе туындағанда, Антиохиядағы бауырластарға еліктеп, Құдайдың ұйымына және майланған мәсіхшілерден тұратын Басқарушы кеңеске сенім артайық.

10 Сондай-ақ бұл жағдайдан бізге кішіпейілділік пен шыдамдылық қажет екенін түсінеміз. Пауыл мен Барнаба басқа ұлттарға баруға киелі рухпен тағайындалса да, Антиохияда көтерілген сүндеттелу мәселесін шешуді өз қолдарына алған жоқ (Ел. іс. 13:2, 3). Пауыл кейін Иерусалимге “аян алғандықтан”, яғни Құдайдың басшылығымен барғанын айтқан (Ғал. 2:2). Бүгінде ақсақалдар қауымды жікке бөлуі мүмкін мәселелер туындағанда, Пауыл мен Барнаба секілді шыдамды әрі кішіпейіл болуға тырысады. Олар айтысып-тартыспай, Ехобаға жүгініп, Жазбаларды және адал құл беріп жатқан нұсқаулар мен басшылықтарды қарастырады (Філіп. 2:2, 3).

11, 12. Ехобаны күткеніміз неліктен маңызды?

11 Кейде бізге де Ехоба қандай да бір мәселені анық түсіндіргенше күту керек болатын шығар. Пауылдың кезіндегі бауырластарға Ехоба сүндеттелу мәселесін шешіп бергенше 13 жылдай күтуге тура келді, яғни б. з. 36 жылы Корнел майланғаннан бастап шамамен б. з. 49 жылына дейін. Неге бұл осыншама ұзақ уақытқа созылды? Бәлкім, Ехоба ақжүректі яһудилерге осы үлкен мәселеге қатысты көзқарастарын өзгерту үшін көбірек уақыт бергісі келген шығар. Қанша дегенмен, ардақтаған арғы аталары Ыбырайыммен жасасқан сүндеттелу келісімі бақандай 1900 жылға созылды ғой! (Жох. 16:12).

12 Бізді көктегі шыдамды да мейірімді Әкеміз тәрбиелеп, қалыптастырып жатқаны қандай жақсы! Бұл тек өзіміздің игілігіміз бен пайдамызға асады (Ишая 48:17, 18; 64:8). Сондықтан өркөкіректік танытып, өз ойларымызды алға тартудан аулақ болайық, яки ұйымда өзгерістер болғанда және Жазбаларға қатысты жаңа түсініктер келгенде, сын көзбен қарамайық (Уағ. 7:8). Егер бойыңызда осындай бейімділіктің тіпті кішкентай нышаны байқалса, Елшілердің істері 15-тараудағы әлі де құнын жоғалтпаған принциптер жайлы дұға ете отырып ойланыңыз d.

13. Қызметте қалай Ехоба сияқты шыдамды бола аламыз?

13 Кейде Киелі кітапты зерттеп жүрген адамға жанына жақын жалған ілімді немесе Жазбаларға қайшы келетін әдет-ғұрыпты тастау қиын болуы мүмкін. Осындай кезде шыдамдылық танытып, Құдай рухы оның жүрегіне әсер етуіне жеткілікті уақыт беруіміз керек (Қор. 1-х. 3:6, 7). Сондай-ақ бұл жайында дұға етсек болады. Ехоба өз уақытында, қандай да бір жолмен бізге дұрыс әрекет етуге көмектеседі (Жох. 1-х. 5:14).

Олар жігерлі оқиғаларды “егжей-тегжейлі айтып берді” (Ел. іс. 15:3—5)

14, 15. Антиохиядағы қауым Пауылды, Барнаба мен қасындағы серіктерін құрметтейтіндерін қалай көрсетті және бұл сапаршылар басқа бауырластарды қалай жігерлендірді?

14 Содан соң Лұқа былай деп жазды: “Бүкіл қауым болып шығарып салған соң, олар әрі қарай Финикия мен Самария арқылы жүрді. Олар басқа ұлт адамдарының Құдайға бет бұрғаны жөнінде егжей-тегжейлі айтып беріп, бауырластардың бәрін зор қуанышқа бөледі” (Ел. іс. 15:3). Қауымдағылар Пауылды, Барнаба мен қасындағы серіктерін шығарып салуымен оларды жақсы көретіндерін және құрметтейтіндерін, сондай-ақ Құдайдың батасын тілейтіндерін көрсетті. Бұл да біз үшін керемет үлгі-өнеге. Сіз де бауырластарға, “әсіресе Құдай Сөзін айтып, тәлім беруде аянбай еңбек ететін [ақсақалдарға]” құрмет көрсетесіз бе? (Тім. 1-х. 5:17).

15 Бұл сапаршылар Финикия мен Самарияны аралай жүріп, сол жердегі бауырластарға басқа ұлт адамдарының Құдайға бет бұрғаны жөнінде “егжей-тегжейлі” айтып, оларды қуантып тастады. Олардың арасында кезінде Степанның азапты өлімінен кейін сол жақтарға қашып кеткен яһуди сенушілер де болған сияқты. Қазіргі таңда да Ехобаның шәкірт дайындау ісіне қалай батасын беріп жатқанын көрсететін оқиғалар — бауырластар үшін, әсіресе қиындық көріп жүргендер үшін жігердің қайнары. Мұндай оқиғаларды сіз қауым кездесулерінде, конгрестерде ести аласыз және басылымдарымыздағы не jw.org сайтындағы өмірбаяндардан оқи аласыз. Солардың толықтай игілігін көріп жүрсіз бе?

16. Сүндеттелудің күрмелген мәселеге айналғаны неден көрінді?

16 Антиохиядан шыққан бауырластар оңтүстікке қарай 550 шақырымдай жол жүре отырып, діттеген жерлеріне келді. Содан кейін не болғаны жайында Лұқа былай деп жазды: “Иерусалимдегі қауым, елшілер мен ақсақалдар оларды құшақ жая қарсы алды. Олар болса Құдайдың өздері арқылы жасаған көптеген істерін айтып берді” (Ел. іс. 15:4). “Алайда кезінде парызшылдар сектасында болған кейбір бауырластар орындарынан тұрып: “Басқа ұлттық сенушілерден сүндеттеліп, Мұса Заңын ұстануды талап ету керек”,— деді” (Ел. іс. 15:5). Көріп тұрғанымыздай, яһуди емес мәсіхшілердің сүндеттелуі күрмелген мәселеге айналды. Оны шешпесе болмас еді.

“Елшілер мен ақсақалдар... бас қосты” (Ел. іс. 15:6—12)

17. Иерусалимдегі басқарушы кеңес кімдерден тұрды және не үшін олардың арасында ақсақалдар болды?

17 Нақыл сөздер 13:10-да: “Ақылдасатындар даналыққа ие болар”,— делінген. Осы принципке сай, “елшілер мен ақсақалдар [сүндеттелу мәселесін] қарастыру үшін бас қосты” (Ел. іс. 15:6). Бүгінгі Басқарушы кеңес сияқты, сол кезде “елшілер мен ақсақалдар” бүкіл қауымдардың игілігі үшін шешімдер қабылдаған. Неге елшілермен бірге “ақсақалдар” қызмет етті? Есіңізде болса, елші Жақып өлтірілген болатын, ал елші Петір біраз уақытқа түрмеге қамалған еді. Басқа елшілердің де басына осындай қиындықтар түскен шығар. Олай болса, мәсіхшілер қауымына дұрыс жетекшілік ету үшін рухани жетілген басқа да майланған бауырластардың көмегі қажет болды.

18, 19. Петір қандай әсерлі сөздер айтты және оның тыңдармандары қандай қорытындыға келу керек еді?

18 Лұқа сөзін былай деп жалғады: “Қызу талқылаудан кейін Петір орнынан тұрып, былай деді: “Бауырластар, басқа ұлт адамдары ізгі хабарды естіп, сенулері үшін Құдай араларыңнан ең алдымен мені таңдап алғанын жақсы білесіңдер. Жүректегіні білетін Құдай бізге берген киелі рухын оларға да беріп, сол адамдарды қабыл алғанын растады. Осылайша Құдай біздің олардан еш айырмашылығымыз жоқ екенін көрсетті, әрі олардың жүректерін сенімдері арқылы тазартты” (Ел. іс. 15:7—9). Бір еңбекке сай, 7-тармақтағы “қызу талқылау” деп аударылған грек сөзі “сұрақтар қойып, жан-жақты іздену, зерттеу” деген мағынаны да береді. Бұдан бауырластардың пікірі әртүрлі болса да, ойларын ашық айтып, ортаға салғанын білуге болады.

19 Петір сөзінде б. з. 36 жылы сүндеттелмеген басқа ұлт адамы Корнел мен оның отбасының киелі рухпен майланғанын өз көзімен көргенін айтып өтті. Ендеше, Ехобаның өзі яһуди мен басқа ұлт адамдарын бөлмей, тең қабылдаса, онда яһудилердің өзге ұлт адамдарын қабылдамауға қандай қақы бар? Оның үстіне, адамның жүрегі Мұса Заңы арқылы емес, “Мәсіхке деген сенімі арқылы” тазарады (Ғал. 2:16).

20. Сүндеттелуді жақтаушылар қалайша “Құдайды сынады”?

20 Құдай Сөзі мен киелі рухтың бұлтартпас дәлеліне сүйеніп, Петір: “Ендеше, неге шәкірттердің мойнына ата-бабаларымыз да, біз де көтере алмаған мойынтұрықты салып, Құдайды сынап жатырсыңдар? Қайта, басқа ұлт адамдары сияқты, біз де Иеміз Исаның рақымының арқасында құтқарылатынымызға сенеміз”,— деп сөзін аяқтады (Ел. іс. 15:10, 11). Сүндеттелуді жақтаушылар Құдайды, яғни оның шыдамын сынап жатқан еді. Яһудилер өздері толық орындай алмаған Мұса Заңын басқа ұлт адамдарына тықпыштап, оларды өлімге лайық еткісі келді (Ғал. 3:10). Бұдан гөрі олар Құдайдың Мәсіх арқылы көрініс тапқан рақымына риза болулары керек еді.

21. Барнаба мен Пауыл сүндеттелу мәселесін шешуге қандай үлес қосты?

21 Петірдің сөздері тыңдаушыларының жүрегін қозғап жіберсе керек, “бәрі үнсіз қалды”. Одан кейін Барнаба мен Пауыл “басқа ұлттар арасында Құдайдың өздері арқылы жасаған көптеген белгілері мен кереметтері жайлы баяндап берді” (Ел. іс. 15:12). Міне, енді елшілер мен ақсақалдар айғақтардың бәрін таразыға салып, сүндеттелу мәселесін Құдайдың еркіне сай шеше алар еді.

22—24. а) Бүгінде Басқарушы кеңес І ғасырдағы басқарушы кеңеске қалай еліктейді? ә) Қалай ақсақалдар теократиялық тәртіпке құрмет көрсетеді?

22 Бүгінде де Басқарушы кеңес бас қосқанда, басшылықты Құдай Сөзінен іздейді және киелі рух сұрап дұға етеді (Зәб. 119:105; Мат. 7:7—11). Басқарушы кеңестің әрбір мүшесі талқыланатын сұрақтарды алдын ала алып, дұға ете отырып ойланады (Нақ. с. 15:28). Ал кездесу барысында майланған осы бауырластар ойларын ашық әрі құрметпен жеткізеді. Талқылау кезінде олар Киелі кітапқа қайта-қайта жүгінеді.

23 Қауым ақсақалдары да осы үлгімен жүреді. Олар қандай да бір күрделі мәселені ақсақалдар кездесуінде талқылайды. Шешімі табылмаса, онда ақсақалдар кеңесі аудандық бақылаушылармен немесе жергілікті филиалмен ақылдасады. Ал филиал, қажет болып жатса, Басқарушы кеңеске жазады.

24 Ехоба теократиялық тәртіпті құрметтейтіндерді, кішіпейілділік, адалдық, шыдамдылық танытатындарды сөзсіз жарылқайды. Келесі тараудан білетініміздей, Құдайдың батасы — қауымдағы тыныштық, бірлік-ынтымақ және рухани өсім.

a 103-беттегі “ Иудаизмді жақтаушылар” деген қоршауды қараңыз.

b Сүндеттелу келісімі Ыбырайыммен жасасқан келісімге жатпайды. Ыбырайыммен жасасқан келісім әлі күнге дейін өз күшінде. Бұл келісім б. з. б. 1943 жылы Ыбырайым (Ыбрам) Қанаханға барар жолда, Евфрат өзенінен өткен кезде күшіне енді. Ол кезде Ыбырайым 75 жаста еді. Ал сүндеттелу келісімі кейінірек б. з. б. 1919 жылы жасалған. Ол кезде Ыбырайым 99 жаста болатын (Мұс. 1-ж. 12:1—8; 17:1, 9—14; Ғал. 3:17).

c Бұл топтың арасында грек мәсіхші Тит те болғанға ұқсайды. Ол кейіндеу Пауылдың сенімді серігі және өкілі болды (Ғал. 2:1; Тит. 1:4). Сүндеттелмеген басқа ұлт адамы болса да, Титтің киелі рухпен майланғаны — Құдайдың сүндеттелуді талап етпегеніне дәлел (Ғал. 2:3).

d 105-беттегі “ Ехоба куәгерлерінің ілімдері Киелі кітапқа негізделген” деген қоршауды қараңыз.