9-ТАРАУ
“Құдай ешкімді алаламайды”
Ізгі хабар сүндеттелмеген басқа ұлт адамдарына жетті
Елшілердің істері 10:1—11:30 негізделген
1—3. Петір қандай аян алды және оның мәнін түсіну неге біз үшін маңызды?
Б. З. 36 жылының күзі. Күн ашық. Петір портты қала Иоппедегі теңіз жағасындағы бір үйдің төбесінде дұға етіп отыр. Оның осы үйде қонақта жүргеніне бірнеше күн болды. Бұл үйде тоқтағанынан Петірдің адамдарды бөліп-жара бермейтіні байқалады. Өйткені үйдің қожайыны Шимон тері илеумен айналысатын. Ал бұндай адамның үйіне кез келген яһуди тоқтай бермейтін a. Десе де Петір бұл үйде Ехобаның ешкімді бөліп-жармайтынына қатысты маңызды сабақ алмақ еді.
2 Петір дұға етіп отырғанда, аян алады. Мұндай аян көрсе, кез келген яһудидің төбе шашы тік тұрар еді. Ол аспаннан үлкен зығыр матаға ұқсас нәрсенің түсіп келе жатқанын көреді. Онда Мұса Заңы бойынша арам деп саналған жануарлар бар екен. Петір көктен “Сойып же!” деген дауысты естігенде: “Арам, таза емес нәрсені ешқашан жеген емеспін”,— деп жауап береді. Бірақ оған “Құдай тазалағанды енді арам деп айтпа” деген сөз бір емес үш рет айтылады (Ел. іс. 10:14—16). Бұл аяннан соң Петір аңтарылып тұрып қалады. Бірақ көп ұзамай оның мәнін түсінеді.
3 Петір алған аянның мәні неде еді? Мұны білгеніміз өте маңызды. Себебі аянның астарында Ехобаның адамдарға қалай қарайтынына қатысты терең шындық жатты. Біз де, шынайы мәсіхшілер, Құдайдың адамдарға деген көзқарасына еліктемесек, Құдай Патшалығы жайлы түбегейлі куәлік бере алмаймыз. Қазір Петір көрген аянның мәнін білмес бұрын, сол кезде болған әсерлі оқиғаларға тоқталайық.
“Құдайға үнемі жалбарынып дұға ететін” (Ел. іс. 10:1—8)
4, 5. Корнел кім болған және ол дұға етіп жатқанда не болды?
4 Иоппенің солтүстігінде 50 шақырымдай жерде орналасқан Кесария қаласында Корнел деген кісі де аян алған еді. Бірақ Петір бұдан бейхабар болатын. Корнел Рим әскерінің жүзбасы әрі “Құдайдан қорқатын” адам еді b. Сондай-ақ ол жақсы отағасы болған, өйткені оның “бүкіл үй іші Құдайдан қорқатын діншіл адамдар” еді. Бірақ Корнел яһуди дінін қабылдамаған, сүндеттелмеген басқа ұлт адамы еді. Сонда да мұқтаждық көрген яһудилерге көп жақсылық жасайтын, әрі бұл ақпейіл адам “Құдайға үнемі жалбарынып дұға ететін” (Ел. іс. 10:2).
5 Корнел күндізгі үштер шамасында дұға етіп отырғанда аян алды. Періште оған: “Сенің дұғаларың мен қайырымды істерің көкке жетіп, Құдай оларды ескерді”,— деді (Ел. іс. 10:4). Періштенің айтуымен ол Петірді шақырту үшін адамдарын жіберді. Сүндеттелмеген басқа ұлт адамы Корнелдің алдынан бұрын жабық болған есік ашылғалы жатты: ол құтқарылу жайлы хабарды естімек.
6, 7. а) Құдай өзі жайлы білгісі келетіндердің дұғасына жауап беретініне мысал келтіріңіз. ә) Бұндай оқиғалардан қандай тұжырым жасаймыз?
6 Құдай өзі жайлы шындықты білгісі келетін ақжүрек адамдардың дұғасына құлақ түре ме? Міне, Албанияда бір әйелмен болған оқиға: бауырластар оған “Күзет мұнарасын” ұсынады. Оның ішінде бала тәрбиесіне қатысты бір мақала бар екен c. Сол кезде әлгі әйел үйіне келген бауырластарға: “Айтсам сенбейтін шығарсыздар, мен Құдайға қыздарымды тәрбиелеуге көмектесші деп дұға етіп жүр едім. Ол маған сіздерді жіберіпті. Сіздер маған дәл қажетті мәліметті бердіңіздер!”— дейді. Сөйтіп, бұл әйел қыздарымен бірге зерттей бастайды, кейінірек оларға күйеуі де қосылады.
7 Мұндай мысалдар жетіп артылады. Дүниенің шартарабында жиі болатын бұндай жағдайларды жай кездейсоқтық дей алмайсың. Бұдан қандай тұжырым жасаймыз? Біріншіден, Ехоба өзін іздеген жүрегі таза адамдардың дұғаларын естиді (Пат. 1-ж. 8:41—43; Зәб. 65:2). Екіншіден, уағыз ісінде бізге періштелердің өзі қолдау көрсетеді (Аян 14:6, 7).
“Петір... аң-таң болды” (Ел. іс. 10:9—23а)
8, 9. Киелі рух Петірге нені ашты және ол қалай әрекет етті?
8 Үй төбесіндегі Петір “бұл аян нені білдіруі мүмкін деп, аң-таң болып тұрғанда”, Корнел жіберген хабаршылар үй алдына келіп қалады (Ел. іс. 10:17). Мұса Заңында арам саналған тағамдарды жеуден үш рет бас тартқан Петір мына кісілермен еріп барып, басқа ұлт адамының үйіне кірер ме екен? Осы мәселеге қатысты киелі рухтың өзі Құдайдың еркін білдіріп, Петірге: “Міне, сені үш кісі іздеп келді. Орныңнан тұрып, төмен түс те, еш күмәнданбай сол адамдарға ер, өйткені оларды мен жібердім”,— деді (Ел. іс. 10:19, 20). Иә, көрген аяны Петірді киелі рухтың жетекшілігіне мойынсұнуға дайындады.
9 Петір өзін Корнел Құдайдың білдіруімен шақыртқанын білгенде, келген басқа ұлт адамдарын “үйге кіргізіп, қонақ қылды” (Ел. іс. 10:23а). Мойынсұнғыш елші Петір көзқарасын Құдайдың ашылған еркіне сай өзгертуге әзір болды.
10. Ехоба өз халқын қалай жетелейді әрі біз қандай сұрақтар жайлы ойланғанымыз жөн?
10 Бүгінде де Ехоба халқына өз еркін біртіндеп ашады (Нақ. с. 4:18). Ол киелі рухы арқылы “адал да ақылды құлды” жетелейді (Мат. 24:45). Ара-тұра бізге Құдай Сөзіндегі шындықтарға қатысты жаңа түсініктер беріледі және ұйымдағы шараларға қатысты өзгерістер болып тұрады. Сондай кезде: “Оларды қалай қабылдаймын? Осы мәселелерге қатысты киелі рухтың жетекшілігіне бағынамын ба?”— деп ойланғанымыз жөн.
Петір оларға “шомылдыру рәсімінен өтуді бұйырды” (Ел. іс. 10:23ә—48)
11, 12. Кесарияға келгенде, Петір не істеді және ол нені түсінді?
11 Аян алған күннің ертеңінде Петір мен тоғыз кісі — Корнелдің үш хабаршысы мен Иоппедегі алты яһуди бауырлас — Кесарияға жол жүріп кетті (Ел. іс. 11:12). Петірді күтіп отырған Корнел “туыстары мен жақын достарын жинады”, олардың бәрі басқа ұлт адамдары болған секілді (Ел. іс. 10:24). Осында келген соң Петір өмірінде істемегенді істеді: ол сүндеттелмеген басқа ұлт адамының үйінің табалдырығын аттады! Петір мұнысын былай түсіндірді: “Сіздер яһудидің басқа ұлт адамына жақындауына не араласуына заңымыз тыйым салатынын жақсы білесіздер. Алайда Құдай маған ешбір адамды арам не таза емес санамауым керектігін білдірді” (Ел. іс. 10:28). Петір көрген аяны тағамның түріне ғана қатысты емес екенін түсінді. Ол “ешбір адамды [тіпті басқа ұлт адамын да] арам не таза емес санамауы керектігін” ұқты.
12 Жиналғандардың бәрі Петірді тыңдауға асық. “Барлығымыз Ехоба сізге нені айтуды бұйырса, соның бәрін тыңдауға оның алдында жиналып отырмыз”,— деді Корнел (Ел. іс. 10:33). Қызығушыңыздың аузынан осындай сөз естісеңіз, не сезінер едіңіз? Петір өз сөзін мынадай пәрменді оймен бастады: “Құдай ешкімді алаламайтынын енді шынымен біліп алдым. Ол өзінен қорқатын және әділ әрекет ететін әрбір адамды, қай ұлттан шықса да, қабыл алады” (Ел. іс. 10:34, 35). Иә, Петір Құдайдың адамдарға қалай қарайтынын түсінді. Құдай адамдарды нәсіліне, ұлтына немесе сырт келбетіне қарап бөлмейді. Әрі қарай Петір Исаның қызметі, өлімі мен қайта тірілуі жайлы куәлік бере бастады.
13, 14. а) Б. з. 36 жылы басқа ұлт адамдарының мәсіхші болғаны нені білдірді? ә) Неге адамдардың сыртынан тон пішпеуіміз керек?
13 Сол кезде бір таңғажайып жайт болды. Петір әлі сөйлеп тұрғанда, “киелі рух басқа ұлт адамдарына төгілді” (Ел. іс. 10:44, 45). Бұл — адамдардың шомылдыру рәсімінен өтпей тұрып киелі рухқа кенелгенін көрсететін Жазбалардағы жалғыз оқиға. Мұны Құдай басқа ұлт адамдарын қабыл алды деп түсінген Петір “оларға [басқа ұлт адамдарының тобына] шомылдыру рәсімінен өтуді бұйырды” (Ел. іс. 10:48). Б. з. 36 жылы осы басқа ұлт адамдарының мәсіхші болғаны Құдайдың яһудилермен ерекше қарым-қатынасы үзілгенін көрсетті (Дан. 9:24—27). Петір оларға куәлік бергенде, Патшалықтың үшінші әрі соңғы “кілтін” қолданды (Мат. 16:19). Бұл кілт сүндеттелмеген басқа ұлт адамдарына киелі рухпен майланған мәсіхшілер болуға есік ашты.
14 Бүгінде Патшалықты жариялап жүрген біздер “Құдай ешкімді алаламайтынын” жақсы түсінеміз (Рим. 2:11). “Ол әртүрлі адамдардың құтқарылғанын... қалайды” (Тім. 1-х. 2:4). Сондықтан біз ешқашан адамдардың сыртынан тон пішпеуіміз керек. Біздің міндетіміз Құдай Патшалығы жайлы тыңғылықты куәлік беру болғандықтан, ұлтына, нәсіліне, түріне я дініне қарамай, бәріне бірдей уағыздаймыз.
“Олар тынышталып... Құдайды мадақтады” (Ел. іс. 11:1—18)
15, 16. Яһуди мәсіхшілердің кейбірі Петірді не үшін жазғырды және ол өз әрекетін қалай түсіндірді?
15 Петір көрген-білгенін айтып беру үшін Иерусалимге асыққан шығар. Бірақ ол жақтағылар сүндеттелмеген басқа ұлт адамдарының “Құдай сөзін қабыл алғанын” Петір келмей тұрып естіген көрінеді. Петір Иерусалимге келген соң, “сүндеттелу рәсімін жақтаушылар” оны жазғырып: “Сен сүндеттелмеген адамдардың үйіне барыпсың, олармен дастарқандас болыпсың”,— деді (Ел. іс. 11:1—3). Негізі, бұл яһудилер басқа ұлт адамдарының Мәсіхтің ізбасары болуына қарсы емес еді. Бірақ олар басқа ұлт адамдары Ехобаға дұрыс ғибадат ету үшін Мұса Заңын ұстануы, сүндеттелуі керек деп талап етті. Бұдан яһуди шәкірттердің кейбірі Мұса Заңымен қош айтысқысы келмегені байқалады.
16 Петір оларға өз әрекетін қалай түсіндірді? Елшілердің істері 11:4—16 тармақтарға сай, ол мұның бәрі Құдайдың басшылығымен болғанын көрсету үшін төрт дәлел келтірді: 1) Құдайдан алған аяны (4—10 тармақтар); 2) Құдай рухының берген бұйрығы (11, 12-тармақ); 3) Корнелге періштенің көрінуі (13, 14-тармақ); 4) басқа ұлт адамдарына киелі рухтың төгілуі (15, 16-тармақ). Соңында ол ойландыратын сұрақ қойып: “Егер Құдай осы сыйын Иеміз Иса Мәсіхке сенген бізге [яһудилерге] бергендей, оларға да [басқа ұлт адамдарына] беріп жатса, бұған тосқауыл болатындай мен кіммін?!”— деді (Ел. іс. 11:17).
17, 18. а) Петірдің сөзінен кейін яһуди мәсіхшілер қалай сыналды? ә) Қауымның бірлігін не бұзуы мүмкін және қандай сұрақтар жайлы ойлануымыз керек?
17 Петірдің сөзінен кейін яһуди мәсіхшілердің басқа ұлт адамдарына деген көзқарасы сыналды. Олар алалаушылықтан арылып, жаңадан шомылдыру рәсімінен өткен басқа ұлт адамдарын бауырластарымыз деп қабылдай ала ма? Жазбаларда былай делінген: “Осыны естігенде, олар [елшілер мен басқа да яһуди мәсіхшілер] тынышталып: “Құдай басқа ұлт адамдарына да өкініп, өмірге ие болуға мүмкіндік берген екен ғой”,— деп Құдайды мадақтады” (Ел. іс. 11:18). Олардың бұл жақсы көзқарастары қауымның ауызбіршілігін сақтады.
18 Бүгінде Құдай қызметшілерінің арасындағы бірлікті сақтау оңай болмауы мүмкін. Өйткені бауырластар “әрбір ұлттан, рудан, халықтан және тілден шыққан” (Аян 7:9). Қауымдарда ұлты, мәдениеті мен тәрбиесі әртүрлі бауырластар қызмет етеді. Сондықтан өзімізден: “Алалаушылықты жүрегімнен түптамырымен алып тастадым ба? Ұлтшылдық, рушылдық, мәдениетке мақтану сияқты жікке бөлетін нәрселердің бауырластарыма деген көзқарасыма ықпал етуіне жол бермеймін бе?”— деп сұрағанымыз абзал. Басқа ұлт адамдары алғаш рет Исаның ізбасары болғаннан кейін бірнеше жылдан соң Петірмен (Кефа) не болғанын көрейік. Ол адамдардың бәрін тең көрмейтін кейбіреулердің ықпалына беріліп, басқа ұлттан шыққан мәсіхшілерден қашқақтай бастаған. Сонда Пауыл оны түзетті (Ғал. 2:11—14). Олай болса, біреуді біреуден артық көріп, адамдарды алалаудан сақ болайық.
“Көптеген адам Иемізге сенді” (Ел. іс. 11:19—26а)
19. Антиохиядағы яһуди мәсіхшілер кімдерге уағыздай бастады және нәтижесі қандай болды?
19 Осыдан кейін Исаның ізбасарлары сүндеттелмеген өзге ұлт адамдарына уағыздай бастады ма? Сириядағы Антиохияда не болғанын қарастырайық d. Бұл қалада өте көп яһуди тұрған. Бірақ яһудилер мен басқа ұлт адамдарының арақатынасы жақсы болған. Сондықтан Антиохия басқа ұлт адамдарына уағыздауға өте қолайлы жер еді. Дәл осы қалада яһуди шәкірттер ізгі хабарды “грекше сөйлейтін адамдарға” жариялай бастаған (Ел. іс. 11:20). Олар тек грекше сөйлейтін яһудилерге ғана емес, сүндеттелмеген басқа ұлт адамдарына да уағыздады. Олардың қызметіне Ехоба жар болып, “көптеген адам Иемізге сенді” (Ел. іс. 11:21).
20, 21. Барнаба қалай қарапайымдылық танытты және біз де қызметте осы қасиетті қалай таныта аламыз?
20 Антиохияда егін пісіп, оруға дайын тұрғандықтан, Иерусалимдегі қауым ол жаққа Барнабаны жіберді. Ол жерде ізгі хабарға құлақ асып жатқандардың көп болғаны сонша — бұл іске жалғыз Барнабаның шамасы жетпес еді. Осы істе қолғабыс етуге Саул таптырмас көмекші болар еді. Себебі ол басқа халықтарға жіберілген елші болатын (Ел. іс. 9:15; Рим. 1:5). Бірақ Барнаба оны бақталас деп көрді ме? Жоқ. Қайта, ол шама-шарқын ескеріп, қарапайымдылық танытты. Ол өзі Саулды іздеп Тарсқа барды да, оны Антиохияға ертіп келді. Екеуі бір жыл бойы сол жердегі қауымды нығайтып жүрді (Ел. іс. 11:22—26а).
21 Біз қызметте қалай қарапайымдылық таныта аламыз? Қарапайымдылық дегеніміз — әл-шамамызды білу. Әрқайсысымыздың мықты жағымыз бен әртүрлі қабілетіміз бар. Мысалы, кейбіреулер бейресми я үйме-үй жақсы куәлік бергенмен, қайта бару мен зерттеу сабағын бастауға қиналуы мүмкін. Қызметте жақсаратын тұстарыңыз болса, басқалардан көмек сұрауға еш қысылмаңыз. Сонда қызметіңіз берекелі, қуанышыңыз шаш етектен болады (Қор. 1-х. 9:26).
“Бауырластарына жәрдем жіберді” (Ел. іс. 11:26ә—30)
22, 23. Антиохиядағы мәсіхшілер бауырластарын жақсы көретінін қалай көрсетті және бүгінде Құдай халқы оларға қалай еліктейді?
22 Дәл осы Антиохия қаласында “шәкірттер Құдайдың басшылығымен алғаш рет мәсіхшілер деп аталды” (Ел. іс. 11:26ә). Құдайдың өзі мақұлдаған бұл атау Исаның шәкірттеріне өте жарасты, себебі олар Мәсіхті үлгі тұтып өмір сүруге тырысатын. Мәсіхші болған басқа ұлт адамдары мен яһуди мәсіхшілер бір-бірін туған бауырлардай жақсы көрді ме? Мұны білу үшін шамамен б. з. 46 жылы Яһудея аймағын қатты ашаршылық жайлағанда не болғанын көрейік e. Ежелгі уақытта аштықтан әсіресе ақшадан, тамақтан тарығатын кедей-кепшіктер қатты жапа шеккен. Яһудеядағы аштық кезінде сонда тұратын бауырластар, көпшілігі кедей болса керек, көмекке мұқтаж болды. Сол кезде Антиохиядағы мәсіхшілер, оның ішінде басқа ұлттан шыққандары да бар, “Яһудеяда тұратын бауырластарына жәрдем жіберді” (Ел. іс. 11:29). Бауырластарды шын сүю, міне, осы дерсіз!
23 Бүгінде Құдай халқының арасында да тап осындай сүйіспеншілік бар. Басқа елдегі я өз еліміздегі бауырластардың мұқтаждық көріп жатқанын естігенде, біз оларға қол ұшын берудің жолын іздейміз. Мысалы, филиал комитеттері тез арада Төтенше жағдайлар комитеттерін құрып, сұрапыл дауыл, жер сілкінісі, цунами секілді табиғи апаттан зардап шеккен бауырластарға жәрдемдеседі. Мұндай іс-шаралар бауырластардың арасында шын сүйіспеншіліктің бар екенін айғақтайды (Жох. 13:34, 35; Жох. 1-х. 3:17).
24. Петір көрген аянның мәнін ұғып алғанымызды қалай көрсетеміз?
24 Біз Петірдің сонау I ғасырда алған аянының мәнін жүрек қалтамызға салып аламыз. Біз сиынатын Құдай ешкімнің бет-жүзіне қарамайды. Ол біздің ұлтына, руына, әлеуметтік жағдайына қарамай, баршаға Құдай Патшалығы жайлы түбегейлі куәлік бергенімізді қалайды. Ендеше, ізгі хабарды тыңдағысы келген әрбір адамды одан құралақан қалдырмайық (Рим. 10:11—13).
a Кейбір яһудилер тері илеушілерге жоламаған. Өйткені олар жануарлардың өлігі мен терісін ұстаған және тері илеу үшін иттің нәжісі сияқты жеркенішті нәрселерді пайдаланған. Таза емес деп есептелгендіктен, оларға ғибадатханаға келуге болмайтын, жұмыс орындары да қаладан, кем дегенде, 20 метр алыста орналасу керек еді. Шимонның үйі “теңіз жағасында” болғаны да содан болар (Ел. іс. 10:6).
b “ Корнел және Рим әскері” деген қоршауды қараңыз.
c “Бала өсіруге қатысты сенімді кеңестер” деген мақала 2006 жылы 1 қарашадағы “Күзет мұнарасының” 4—7 беттерінде жарық көрген.
d 73-беттегі “ Сириядағы Антиохия” деген қоршауды қараңыз.
e Яһуди тарихшысы Иосиф Флавий бұл “қатты аштық” император Клауди билік еткенде (б. з. 41—54) болған деп мәлімдейді.