Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

5-ТАРАУ

“Билеуші ретінде... Құдайға мойынсұнуымыз керек”

“Билеуші ретінде... Құдайға мойынсұнуымыз керек”

Елшілер барлық шынайы мәсіхшілер үшін үлгі қалдырды

Елшілердің істері 5:12—6:7 негізделген

1—3. а) Елшілер Жоғарғы кеңестің алдына не үшін апарылды және олар қандай таңдау жасау керек еді? ә) Елшілердің қандай көзқараста болғаны не үшін бізді қызықтыру керек?

 ЖОҒАРҒЫ КЕҢЕСТІҢ мүшелері қаһары қайнап, ашудан жарылайын деп отыр a. Алдарында Исаның елшілері тұр. Не үшін? Жоғарғы кеңестің басшысы әрі бас діни қызметкер Жүсіп Қаяпа оларға: “Біз сендерге бұл кісінің атынан тәлім бермеңдер деп қатаң ескерткен едік қой!”— деді. Ашуға булыққан басшының тіпті Исаның атын атауға аузы бармады. “Ал сендер тәлімдеріңді бүкіл Иерусалимге тараттыңдар, әрі бұл кісінің қанын біздің мойнымызға артпақсыңдар!”— деді ол (Ел. іс. 5:28). Сонда оның айтпағы: уағыздауды тоқтатыңдар, әйтпесе сазайларыңды тартқызамыз!

2 Енді елшілер не істейді? Оларға уағыздау ісін тапсырған Иса, ал оған билікті берген Құдайдың өзі ғой (Мат. 28:18—20). Елшілер адамдардан қорқып, уағыздамай қоя ма, әлде жалғастыра бере ме? Басқаша айтқанда, олар Құдайды тыңдай ма, әлде адамдарды ма? Сол кезде елші Петір барлық елшінің атынан сөйледі. Ол сөзін нық-нық әрі анық жеткізді.

3 Біз де Мәсіхтің ізбасары болғандықтан, елшілердің сес көрсеткен Жоғарғы кеңеске қалай жауап бергенін білгіміз келеді. Өйткені уағыз ісі біздерге де тапсырылған. Құдай тапсырған істі атқарғанда, біз де қарсылықтарға кезігіп жатамыз (Мат. 10:22). Қарсыластар ісімізге шектеу қойып не тыйым салуы мүмкін. Сол кезде не істейміз? Осы орайда елшілердің қандай көзқараста болғанын және Жоғарғы кеңестің алдына не үшін апарылғанын қарастырғанымыз пайдалы.

“Ехобаның періштесі түрме есіктерін ашты” (Ел. іс. 5:12—21а)

4, 5. Қаяпа мен саддукейлер неге “қызғанышқа булықты”?

4 Петір мен Жоханға уағыздауға алғаш рет тыйым салған кезде, олардың не дегені есіңізде ме? “Біз көріп-естігеніміз жайлы үнсіз қала алмаймыз”,— деп еді ғой (Ел. іс. 4:20). Жоғарғы кеңестен шыққан соң, Петір мен Жохан басқа елшілермен бірге ғибадатханада уағыздай берді. Елшілер таңғажайып кереметтер жасап, ауруларды сауықтырды, жындарды қуып шығарды. Тіпті Петірдің көлеңкесі түскен науқастардың өзі сауығып жатты! Елшілер бұл кереметтерді ғибадатхананың шығысындағы “Сүлеймен бағаналары” деп аталатын үсті жабық бастырмада жасады. Бұл жерде яһудилер көптеп жиналатын. Ауруларынан сауыққандардың көбісі Құдай Сөзіндегі шындықты қабылдап, рухани да сауығып жатты. Осылай “көптеген ерлер мен әйелдер Иемізге сеніп, шәкірттердің қатарына қосылып отырды” (Ел. іс. 5:12—15).

5 Саддукейлер мен сол сектаның мүшесі Қаяпа “қызғанышқа булығып”, елшілерді түрмеге жауып тастады (Ел. іс. 5:17, 18). Саддукейлердің соншама ашулануына не себеп? Өйткені елшілер Исаның қайта тірілгені жайлы уағыздап жүрді. Ал саддукейлер қайта тірілуге сенбейтін. Бұдан бөлек, елшілер Исаға сенсе ғана адам құтқарылатынын айтып жүрді. Ал саддукейлер егер халық Исаны Басшымыз деп мойындаса, римдіктерден таяқ жейміз деп қорқатын (Жох. 11:48). Сондықтан олар елшілердің аузын жауып тастауға тастүйін бекінді.

6. Бүгінде Ехобаның қызметшілерінің қуғындалуына негізінен кімдер түрткі болады және неге біз бұған таңғалмаймыз?

6 Бүгінде де Ехоба куәгерлерінің қуғындалуына негізінен діни жетекшілер түрткі болып жатады. Олар уағыз ісін тоқтату үшін жиі үкімет басындағыларға, бұқаралық ақпарат құралдарына ықпал етуге тырысады. Бұған таңғалмауымыз керек, себебі біздің хабарымыз жалған діндерді әшкерелейді. Шындықты қабылдаған соң, әдетте ақжүректі адамдар Киелі кітапқа қайшы ілімдер мен діни жоралардан бас тартады (Жох. 8:32). Ендеше, біздің хабарымыз не үшін діни жетекшілердің ішін күйдіріп, ызасын келтіретіні айтпай-ақ түсінікті.

7, 8. Періштенің бұйрығы елшілерге қалай әсер етті және біз қандай сұрақ жайлы ойланғанымыз абзал?

7 Түрмеде сот шешімін күтіп отырған елшілер “осымен бәрі бітті, жауларымыз бізді азаптап өлтіретін шығар” деп ойласа керек (Мат. 24:9). Бірақ түн ортасында күтпеген бір жағдай болды. “Ехобаның періштесі түрме есіктерін ашты” b (Ел. іс. 5:19). Періште оларға нақты нұсқау беріп: “Ғибадатханаға барып... айтуды жалғастыра беріңдер”,— деді (Ел. іс. 5:20). Бұл бұйрық елшілердің дұрыс нәрсені істеп жатқанына сенімділік берді. Оған қоса, періштенің сөздері қандай жағдай болмасын, елшілерге алған беттерінен қайтпауға талпыныс берді. Осылай бойына мықты сенім мен қайрат жинаған елшілер таң ата “ғибадатханаға кіріп, тәлім бере бастады” (Ел. іс. 5:21).

8 Біз де былай ойланып көрсек болады: “Елшілер сияқты жағдайда болсам, менің де уағыз ісін әрі қарай атқара беруге сенімім мен батылдығым жете ме?” Уағыз ісінде бізге де періштелер бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетеді. Осыны білгеніміз “Құдай Патшалығы туралы... түбегейлі куәлік беруге” күш бергей! (Ел. іс. 28:23; Аян 14:6, 7).

“Билеуші ретінде бірінші кезекте адамға емес, Құдайға мойынсұнуымыз керек” (Ел. іс. 5:21ә—33)

“Олар елшілерді Жоғарғы кеңестің алдына әкелді” (Елшілердің істері 5:27)

9—11. Жоғарғы кеңес уағыздауға тыйым салғанда, елшілер не деді және олар шынайы мәсіхшілер үшін қандай үлгі қалдырды?

9 Қаяпа мен Жоғарғы кеңестің басқа да төрешілері елшілерді соттауға дайын отыр. Түрмеде болған жағдайдан бейхабар сот сақшыларды қамауда жатқан елшілерді алып келуге жіберді. Тұтқындардың орнында жоқ екенін көргенде, сақшылардың көзі шарасына шыға жаздаған шығар! Олар қайда кетуі мүмкін? “Түрме қақпалары мықтап жабылған, аузында сақшылар тұр” ғой (Ел. іс. 5:23). Көп күтпей-ақ, ғибадатхананың бас сақшысы елшілердің ғибадатханада Иса Мәсіх туралы куәлік беріп жатқанын естиді. Бұлар дәл осы істері үшін түрмеге жабылмап па еді?! Сонда бас сақшы қасына адамдарын ертіп, тездетіп ғибадатханаға барды да, тұтқындарды ұстап, Жоғарғы кеңестің алдына алып келді.

10 Осы тараудың басында айтылғандай, зығырданы қайнаған діни жетекшілер елшілерге уағыздамаңдар деп нақты айтқан еді. Бұған елшілердің жауабы қандай болды? Петір өжеттілікпен елшілердің атынан: “Билеуші ретінде бірінші кезекте адамға емес, Құдайға мойынсұнуымыз керек”,— деді (Ел. іс. 5:29). Осылай елшілер шынайы мәсіхшілер үшін керемет үлгі қалдырды. Биліктегілер кейде Құдай бізден талап ететін нәрсеге тыйым салуы немесе Құдай тыйым салған нәрсені істеуді талап етуі мүмкін. Бірақ біз олардың айтқанын істей алмаймыз. Егер “билік басындағылар” уағыздауға тыйым салса, оны тоқтата алмаймыз, өйткені бұл істі бізге Құдай тапсырған (Рим. 13:1). Мұндай жағдайда парасаттылықпен жолын тауып, Құдай Патшалығы жайлы тыңғылықты куәлік ете береміз.

11 Елшілердің тайсалмай айтқан бұл сөздері онсыз да зығырданы қайнап тұрған төрешілердің ашуын одан бетер қоздырды. Олар елшілерді “өлтіріп”, көзін құртқысы келді (Ел. іс. 5:33). Жүрекжұтқан әрі жалындап тұрған куәгерлерге бұл жолы азапты өлімнен қашып құтылу мүмкін еместей көрінді. Бірақ олар өздері күтпеген жерден көмек алды.

“Мұны құрта алмайсыңдар” (Ел. іс. 5:34—42)

12, 13. а) Гамалиел өз әріптестеріне қандай кеңес берді және олар не істеді? ә) Бүгінде Ехоба өз халқын қалай қорғауы мүмкін, ал егер “әділдік үшін қасірет шегуімізге” жол берсе, не нәрсеге сенімдіміз?

12 Жоғарғы кеңестің алдына “ел құрметіне бөленген Заң мұғалімі, Гамалиел” деген кісі шығып сөйледі c. Оның сөз алғанына және “елшілерді сыртқа шығара тұруды бұйырғанына” қарағанда, әріптестерінің алдында өте сыйлы, қадірлі заңгер болғанға ұқсайды (Ел. іс. 5:34). Ол бұрын бүлік шығарған, бірақ көсемдері қайтыс болған соң тез-ақ басылып қалған топтарды мысалға келтірді. Сосын Гамалиел сотқа Көсемдері Иса жақында ғана қайтыс болған елшілерге шыдамдылық пен төзімділік таныта тұруды айтты. Ол мынадай қисынды сөздер айтты: “Бұл адамдарды жайына қалдырыңдар. Өйткені бұл тәлім не іс адамдардікі болса, құрып кетеді, ал Құдайдікі болса, мұны құрта алмайсыңдар. Байқаңдар, Құдайдың өзіне қарсыласып жүрмеңдер” (Ел. іс. 5:38, 39). Сот оның кеңесіне құлақ асты. Әйтсе де олар елшілерді шақыртып, дүре соқтырды да, “бұдан былай Исаның атынан сөйлемеуді бұйырды” (Ел. іс. 5:40).

13 Қазіргі таңда да Ехоба өз халқын қорғау үшін Гамалиел секілді беделді адамдарды қолдануы мүмкін (Нақ. с. 21:1). Ехоба киелі рухымен ықпалды билеушілерге, соттарға я заң шығарушыларға өз еркіне сай әрекет етуге әсер ете алады (Нех. 2:4—8). Бірақ ол кейде “әділдік үшін қасірет шегуімізге” де жол береді (Пет. 1-х. 3:14). Сондай кезде екі нәрсеге сенімді болайық. Біріншіден, Ехоба бәріне шыдауға қажетті күш береді (Қор. 1-х. 10:13). Екіншіден, қарсыластар Құдайдың ісін ешқашан “құрта алмайды” (Ишая 54:17).

14, 15. а) Дүре соғылғанда, елшілер не сезінді және неге? ә) Ехобаның халқы қиындыққа қуанышпен төзетініне мысал келтіріңіз.

14 Таяқ жегендеріне елшілердің рухы жығылып, ынтасы басылып қалды ма? Жоқ! “Жоғарғы кеңестен шыққан елшілер... қуанды” (Ел. іс. 5:41). Не үшін қуанды? Әрине, қорлық көргендері үшін емес, Ехобаға мінсіздік сақтағандары үшін, сондай-ақ өздері үлгі тұтқан Иса іспетті қудаланып жатқандары үшін (Мат. 5:11, 12).

15 Біз де I ғасырдағы мәсіхшілерге еліктеп, ізгі хабар үшін қиындық көргенде, қуанышпен төземіз (Пет. 1-х. 4:12—14). Әлбетте, біз қоқан-лоқы көріп, қудаланғанымызға не түрмеге жабылғанымызға қуанбаймыз. Десе де мінсіздігімізден таймағанымыз көңілімізді хош етеді. Мысалы, Хенрик Дорник бауырласты алайық. Ол тотаритарлық режим кезінде жылдар бойы аяусыз қорлық көрген. 1944 жылы тамыз айында билік басындағылар ағасы екеуін концлагерге жіберді. Қудалаушылар былай деді: “Оларды еш нәрсеге көндіре алмайсың. Азап шеккеннен олар тіпті рақат табатын сияқты”. Ал Дорник бауырластың өзі былай деді: “Әрине, мен азап шегуді қалаған жоқпын, бірақ Ехобаға адалдық сақтау үшін қиын жағдайда еңсемді тік ұстап, қайтпас қайсарлық танытқаныма қуандым” (Жақ. 1:2—4).

Елшілер іспетті біз де “үйден үйге жүріп” уағыздаймыз

16. Елшілер тиянақты куәлік беруге бел буғандарын қалай көрсетті және біз елшілердің уағыздау тәсіліне қалай еліктейміз?

16 Жоғарғы кеңестен шыққан соң, елшілер уақытты зая кетірмей, уағыздауға кірісіп кетті. “Олар күн сайын ғибадатханада, сондай-ақ үйден үйге жүріп, Мәсіх туралы ізгі хабарды жариялауды және тәлім беруді доғармады” d (Ел. іс. 5:42). Бұл ынталы жариялаушылар тиянақты куәлік беруге бекем бел буған еді. Байқасақ, олар Иса Мәсіх бұйырғандай, ізгі хабарды адамдардың үйлеріне барып айтты (Мат. 10:7, 11—14). Сондықтан да тәлімдерін бүкіл Иерусалимге тарата алды. Бүгінде Ехоба куәгерлері сол елшілердің тәсілін қолданып, үйден үйге уағыздайды. Біз де әрбір үйдің тұрғынына ізгі хабарды жеткізіп, түбегейлі куәлік беруге тырысамыз. Үйден үйге жүріп уағыздап жатқанымызға Ехоба батасын беріп жатыр ма? Бергенде қандай! Осы соңғы күндері миллиондаған адам ізгі хабарға құлақ асуда, әрі олардың көбісі алғаш рет осы хабарды үйлеріне келген Куәгерлерден естіген.

Талапқа сай бауырластар “маңызды іске тағайындалды” (Ел. іс. 6:1—6)

17—19. Қауымда іріткі салуы мүмкін қандай мәселе туындады, оны шешу үшін елшілер не істеді?

17 Жаңа құрылған қауымға бірден көзге түспейтін іштей қауіп төніп тұрды. Қандай дейсіз ғой? Есіңізде болса, енді шомылдыру рәсімінен өткендердің дені сенімдері жайлы көбірек білу үшін Иерусалимде біраз уақытқа қалып қойған еді. Ал сонда тұратын шәкірттер оларды аспен және басқа да керегімен қамтамасыз ету үшін қолдағы қаражаттарымен шын жүректен бөлісті (Ел. іс. 2:44—46; 4:34—37). Алайда сол кезде бір қиын мәселе туындады. “Күнделікті ас үлестіру кезінде” грекше сөйлейтін жесірлер “елеусіз қалып жүрді” (Ел. іс. 6:1). Ал еврейше сөйлейтін жесірлер болса елеп-ескерілді. Бұл мәселе, әсте, алалаушылықтан туындады. Ал мұндай жағдай қауымға іріткі салып, бірлігін бұзады.

18 Сол уақытта күн санап өсіп жатқан қауымда басқарушы кеңес ретінде қызмет атқарған елшілер “Құдай Сөзін үйретуді ысырып қойып, ас үлестірумен айналысқаны” дұрыс болмайтынын түсінді (Ел. іс. 6:2). Сол себептен бұл мәселені шешу үшін олар шәкірттерге араларынан “даналық пен киелі рухқа кенелген” жеті адамды таңдауды тапсырды. Елшілер оларды “осы маңызды іске” тағайындамақ еді (Ел. іс. 6:3). Бұл іске қойылған талаптарға сай келетін кісілер қажет болды. Себебі олар тамақ үлестіруден бөлек, түскен ақшаны бөліп беруі, азық-түлік сатып алуы және есеп-қисап жүргізіп отыруы керек еді. Таңдалған ер кісілердің бәрінің есімдері грекше болды. Соған қарағанда, оларды ренжіп қалған жесірлерге жеңіл болсын деп әдейі таңдаған сияқты. Елшілер шәкірттердің ұсынысын дұға ете отырып мұқият қарастырған соң, әлгі жеті кісіні “осы маңызды іске” тағайындады e.

19 Бұл жетеуі ас үлестіруге тағайындалғандықтан, ізгі хабарды уағыздау жауапкершілігінен босатылды ма? Мүлдем олай емес! Мысалы, олардың арасында Степан да болған. Ол қайсар рухымен әрі ізгі хабарды жан сала уағыздағанымен белгілі (Ел. іс. 6:8—10). Сондай-ақ олардың ішінде Філіп те бар еді. Киелі кітапта ол “ізгі хабарды жариялаушы” деп аталған (Ел. іс. 21:8). Бұдан көрінетіндей, осы жеті кісі Патшалық туралы әрі қарай да құлшына уағыздай берген.

20. Бүгінде Құдай халқы елшілерден қандай өнеге алады?

20 Ехобаның халқы бүгінде елшілердің үлгісін өнеге тұтады. Қауымдағы жауапкершіліктерді алуға ұсынылған ер кісілердің көктен келген даналыққа ие екені әрі киелі рухтың басшылығымен жүретіні анық көрініп тұруы тиіс. Киелі кітаптағы талаптарға сай келетін ер бауырластар Басқарушы кеңестің басшылығымен қауымда ақсақал не қызмет көмекшісі болып тағайындалады f (Тім. 1-х. 3:1—9, 12, 13). Талаптарға сай келетіндіктен, оларды киелі рухпен тағайындалды деуге болады. Бұл еңбекқор жандар “маңызды істерді” атқаруға көп күш салады. Мысалы, ақсақалдар шынымен көмекке мұқтаж адал қарт бауырластарға жәрдемдесуді ұйымдастырады (Жақ. 1:27). Кейбір ақсақалдар Патшалық сарайларын соғуға қатысады, конгрестерді ұйымдастырады немесе жергілікті Ауруханалармен байланыс комитетімен қызметтеседі. Ал қызмет көмекшілері болса бақташылық сапармен не тәлім берумен тікелей байланысы жоқ көптеген міндеттер атқарады. Бұл бауырластардың бәрі таразы басын тең ұстап, қауымдағы және ұйымдағы істерді Құдай тапсырған уағыз ісімен қатар алып жүруі керек (Қор. 1-х. 9:16).

“Құдай сөзі кеңінен тарады” (Ел. іс. 6:7)

21, 22. Ехоба жаңадан құрылған қауымды жарылқағаны неден көрінеді?

21 Ехобаның көмегімен жаңа құрылған қауым сырттан келген қуғын-сүргінге төтеп берді және қауым ішінде туындаған мәселені де шеше алды. Ехоба оларды жарылқағаны айдан анық еді. Өйткені Киелі кітапта былай деп жазылған: “Құдай сөзі кеңінен тарап, Иерусалимде шәкірттердің саны барған сайын көбейе берді. Тіпті көптеген діни қызметкерлер де сене бастады” (Ел. іс. 6:7). Бұл — Елшілердің істері кітабындағы қауымның өсімі жайлы айтылған мысалдардың бірі ғана (Ел. іс. 9:31; 12:24; 16:5; 19:20; 28:31). Бүгінде біз де Патшалық ісінің төрткіл дүниеге өркен жайып жатқаны туралы есепті естігенде, бір марқайып қаламыз.

22 I ғасырдағы Исаның ізбасарларына тісін қайраған діни жетекшілердің берілер түрі жоқ еді. Алда шәкірттер үсті-үстіне қуғын-сүргін көрмек еді. Келесі тараудан көретініміздей, дінбасылары нысанаға алған шәкірт Степан аяусыз қуғынға душар болды.

a 39-беттегі “ Жоғарғы кеңес — яһудилердің жоғарғы соты” деген қоршауды қараңыз.

b Елшілердің істерінде періштелер туралы шамамен 20 рет кездеседі. Бұл — соның алғашқысы. Осыған дейін Елшілердің істері 1:10-да періштелер жайлы “ақ жамылған екі кісі” деп жанама түрде айтылған.

c 41-беттегі “ Гамалиел — раввиндер арасында ең сыйлы адам” деген қоршауды қараңыз.

d 42-беттегі “ Үйден-үйге жүріп” уағыздау” деген қоршауды қараңыз.

e Бұл өте жауапты іс болғандықтан, таңдалған ер адамдар ақсақалдарға қойылатын талаптарға сай келгені анық. Алайда Киелі жазбаларда ер кісілердің қашаннан бастап ақсақал я бақылаушы болып тағайындала бастағаны нақты айтылмаған.

f I ғасырда лайықты бауырластарға ақсақалдарды тағайындауға құзыр берілген (Ел. іс. 14:23; Тім. 1-х. 5:22; Тит. 1:5). Бүгінде Басқарушы кеңес аудандық бақылаушыларды тағайындайды. Ал аудандық бақылаушылар ақсақалдар мен қызмет көмекшілерін тағайындайды.