Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

4-ТАРАУ

“Арнайы білімі жоқ қарапайым адамдар”

“Арнайы білімі жоқ қарапайым адамдар”

Елшілер батыл әрекет етіп, Ехобаның батасын көрді

Елшілердің істері 3:1—5:11 негізделген

1, 2. Ғибадатхана қақпасының қасында Петір мен Жохан қандай керемет жасады?

 ТҮСТЕН кейінгі мезгіл. Күн шаңқайып тұр. Құдайды қастерлейтін яһудилер мен Мәсіхтің шәкірттері ғибадатхана ауласына жиналуда. Көп ұзамай “дұға ететін уақыт” болады a (Ел. іс. 2:46; 3:1). Қалың жұртпен бірге Петір мен Жохан ғибадатхананың “Көрікті” деп аталатын қақпасына қарай беттеп келеді. Гу-гу әңгіме айтып, тыпырлай жүріп бара жатқан адамдар арасынан туылғаннан жүре алмайтын орта жасар қайыршының дауысы естіледі (Ел. іс. 3:2; 4:22).

2 Петір мен Жохан қасына келгенде, қайыршы өзінің жаттанды сөздерін айтып, қайыр сұрады. Оның қайыр-садақа дәметкен түрін көрген елшілер тоқтады да, Петір оған: “Менде күміс те, алтын да жоқ. Бірақ нем бар, сонымды берейін: назареттік Иса Мәсіхтің атынан айтамын, түрегел де, жүріп кет!”— деді. Сөйтіп, Петір оны қолынан ұстап тұрғызды. Бұл кісі өмірінде бірінші рет аяғына тік тұрды! (Ел. іс. 3:6, 7). Сол кезде жұрттың қалай таңғалғанын елестетіп көріңізші! Қайыршы сауыққан аяқтарынан көз алмай, аяғын тәй-тәй басып, алғашқы қадамдарын жасап көрді. Сосын қуанғанынан біресе жүріп, біресе асыр сала секіріп, Құдайды бар дауысымен мадақтады!

3. Аяғы сауыққан кісі мен жиналған халық қандай қымбат сыйға ие бола алар еді?

3 Мұны көргенде, халық өз көздеріне өздері сенбей, “Сүлеймен бағаналары” деп аталатын жерде тұрған Петір мен Жоханға жүгіріп келді. Кезінде Иса дәл осы жерде тұрып, тәлім берген болатын. Петір оларға болған жағдайдың түп мәнін түсіндірді (Жох. 10:23). Ол халыққа және аяғы сауыққан кісіге күмістен де, алтыннан да қымбат сыйға ие бола алатындарын айтты. Осы сыйдың арқасында олар өкініп, күнәлары кешіріліп, Ехоба тағайындаған “өмір беретін Бас жетекшінің”, Иса Мәсіхтің, ізбасарлары бола алар еді. Иә, бұл — тәндік сауығудан әлдеқайда артық сый! (Ел. іс. 3:15).

4. а) Жүре алмайтын кісінің сауыққаны неге әкеп соқты? ә) Қандай екі сұраққа жауап аламыз?

4 Бұл не деген ғажап күн! Жүре алмайтын адам сауығып, жүріп кетті. Ал мыңдаған адамға рухани сауығып, Құдайдың алдында таза жүріп-тұруға мүмкіндік берілді (Қол. 1:9, 10). Бірақ осы оқиғалардан кейін қолында билігі барлар Исаның адал шәкірттеріне тістерін қайрап, қарсы шықты. Олар шәкірттерге Исаның “Патшалық туралы уағыздаңдар” деген тапсырмасын орындауға кедергі жасауға тырысты (Ел. іс. 1:8). “Арнайы білімі жоқ қарапайым адамдар” Петір мен Жоханның қалай уағыздағанынан және қызметке деген көзқарасынан не үйренеміз? b (Ел. іс. 4:13) Ал олардың және басқа да шәкірттердің қарсылық көргенде қалай әрекет еткенінен ше?

“Өз күшіміздің арқасында” емес (Ел. іс. 3:11—26)

5. Петірдің халыққа қалай сөйлегенінен не үйренеміз?

5 Халықтың алдында тұрған Петір мен Жохан олардың арасында Исаны өлтіруді талап еткен адамдар болуы мүмкін екенін білген (Мар. 15:8—15; Ел. іс. 3:13—15). Соған қарамастан Петір таудай батылдық танытып, әлгі жүре алмаған кісіні Исаның атымен сауықтырғанын айтты. Ол еш жасқанбай, халықтың Мәсіхтің өліміне кінәлі екенін ашық айтты. Бірақ Петір оларды жек көрмеді, өйткені олар мұны “білместікпен жасаған” еді (Ел. іс. 3:17). Оларды “ағайындар” деп атады, әрі Патшалық туралы хабардың жақсы тұстарына көңіл бұрды. Егер өкініп, Мәсіхке сенім артатын болса, олар үшін “Ехобаның қайта нығайтатын уақыты келер еді” (Ел. іс. 3:19). Біз де Құдайдың үкімін батыл әрі тіке айтудан қорықпауымыз керек. Бірақ адамдарға дөрекілік танытып, соттамауымыз керек. Мұның орнына, Петір сияқты оларға болашақ бауырларымыз деп қарап, Патшалық хабарының жақсы тұстарына назар аударғанымыз дұрыс.

6. Петір мен Жохан қалай кішіпейілділік пен қарапайымдылық танытты?

6 Елшілер қарапайым әрі кішіпейіл болған. Олар кереметті өзіміз жасадық демеген. Қайта, Петір халыққа: “Бұл адам өз күшіміздің не Құдайға шын берілгеніміздің арқасында жүріп кеткендей, несіне бізге тесіле қарайсыздар?”— деді (Ел. іс. 3:12). Петір мен өзге елшілер қызметте жеткен әрбір жетістігі өздерінің емес, Құдайдың күшінің арқасында екенін мойындаған. Осылай олар кішіпейілділікпен бар мадақты Ехоба мен Исаға жаудырған.

7, 8. а) Біз адамдарға қандай сый ұсына аламыз? ә) “Барлық нәрселер қалпына келеді” деген уәде қалай орындалуда?

7 Ізгі хабарды уағыздағанда, біздің де кішіпейіл болғанымыз маңызды. Әрине, бүгінде Құдай рухы бізге керемет түрде сауықтыру қабілетін дарытпайды. Десе де біз адамдарға Құдайға және Мәсіхке сенім танытуға көмектесе аламыз. Біз де оларға кезінде Петір тыңдаушыларына ұсынған сыйды, яғни күнәлары кешіріліп, Құдайдың ықыласына ие болу мүмкіндігін, ұсына аламыз. Осы сыйды қабыл алып, жыл сайын жүз мыңдаған адам шомылдыру рәсімінен өтіп, Мәсіхтің шәкірті болуда.

8 Біз Петір айтқан “барлық нәрселер қалпына келетін уақытта” өмір сүріп жатырмыз. “Ежелде Құдайдың қасиетті пайғамбарлары арқылы айтқан” осы сөздері жүзеге асып, 1914 жылы көкте Патшалық орнады (Ел. іс. 3:21; Зәб. 110:1—3; Дан. 4:16, 17). Содан көп ұзамай, Мәсіх жердегі рухани қалпына келтіру ісіне жетекшілік ете бастады. Нәтижесінде, миллиондаған адам рухани жұмаққа келіп, Құдай Патшалығының азаматтары болды. Олар “ескі болмыстарынан арылып, Құдайдың еркіне сай жаратылған... жаңа болмысқа ие болды” (Ефес. 4:22—24). Қайыршының сауыққаны іспетті, бұл ғаламат іс те адамның емес, Құдайдың рухының арқасында жүзеге асуда. Өзгелерге тәлім бергенде біз де Петір сияқты Құдай Сөзін батыл әрі ұтымды қолдануымыз керек. Адамдарға Мәсіхтің шәкірті болуға көмектессек, бұл өзіміздің емес, Құдай рухының арқасында екенін ұмытпайық.

“Үнсіз қала алмаймыз” (Ел. іс. 4:1—22)

9—11. а) Петір мен Жоханның айтқандары яһуди жетекшілеріне қалай әсер етті? ә) Елшілер не істеуге бекінді?

9 Петірдің баяндамасын естігенде және сауыққан қайыршының секіріп, қуанып жүргенін көргенде, жұрт біраз дүрлікті. Сонда не болып жатқанын білу үшін ғибадатхананың қауіпсіздігіне жауапты бас сақшы мен жоғарғы діни қызметкерлер жетіп келді. Бұл кісілер саддукейлер болғанға ұқсайды. Саддукейлер римдіктермен ымырада болуға тырысқан бай әрі саяси ықпалы күшті секта болған. Олар парызшылдардың жаны сүйген ауызша заңдарын мойындамаған және қайта тірілу ілімін келеке-мазақ еткен c. Ендеше, Исаның қайта тірілгені туралы еш тайсалмай айтып тұрған Петір мен Жоханға олардың неге ызасы келгені түсінікті-ақ!

10 Ашуға мінген қарсыластар Петір мен Жоханды түрмеге жапты да, келесі күні яһудилердің жоғарғы сотына сүйреп апарды. Өздерін білімдар санаған бұл билеушілердің көзінде Петір мен Жохан “арнайы білімі жоқ қарапайым адамдар” еді. Олардың ойынша, ешқандай беделді діни мектепте оқымағандықтан, бұл екеуінің ғибадатханада білім беруге құқы жоқ. Дегенмен олардың зор сеніммен, батыл әрі ашық сөйлеп тұрғандары сотты қайран қалдырды. Петір мен Жоханға осылай сөйлеуге не көмектесті? Оның бір себебі — олар кезінде “Исамен бірге жүрген” (Ел. іс. 4:13). Ал Ұстаздары Иса “дін мұғалімдері сияқты емес, билігі бар адамдай тәлім берген” (Мат. 7:28, 29).

11 Сот елшілерге уағыздауға тыйым салды. Сол қоғамда соттың шешімі бұлжытпай орындалатын. Бірнеше апта бұрын Иса дәл осы соттың алдында тұрғанда, олар: “Ол өлімге лайық!”— деп еді (Мат. 26:59—66). Бірақ бұл Петір мен Жоханның үрейін ұшырмады. Олар дәулетті, білімдар, ықпалды осы адамдарға еш сескенбей, бірақ ізетпен былай деді: “Құдайды емес, сіздерді тыңдағанымыз оның алдында жөн болар ма екен? Мұны өздеріңіз ойлап көріңіздер. Ал біз көріп-естігеніміз жайлы үнсіз қала алмаймыз” (Ел. іс. 4:19, 20).

12. Батылдығымызды қамшылап, сенімділігімізді арттыруға не көмектеседі?

12 Сіз де елшілер сияқты уағызда батыл бола аласыз. Қызметте бай, білімді, беделді адамдарды кездестіргенде, уағыздаудан тартынасыз ба? Үй ішіңіздегілер, сыныптастарыңыз, әріптестеріңіз сеніміңізді мазақ еткенде, не сезінесіз? Қорқып қаласыз ба? Солай болса, сіз қорқынышыңызды жеңе аласыз. Иса жерде болғанда елшілеріне сенімдерін қайсарлықпен және құрметпен қорғауды үйреткен (Мат. 10:11—18). Ол қайта тірілгеннен кейін шәкірттеріне “осы заман аяқталғанша әр күні” олармен бірге болатынын уәде етті (Мат. 28:20). Исаның басшылығымен бүгінде “адал да ақылды құл” бізге сенімімізді қалай қорғауды үйретуде (Мат. 24:45—47; Пет. 1-х. 3:15). Бұны олар “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” сияқты қауым кездесулері, Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер мен jw.org сайтындағы “Киелі кітап. Сұрақтар мен жауаптар” сияқты материалдар арқылы үйретіп жатыр. Сіз осы шаралардың толық пайдасын көріп жүрсіз бе? Осылай етсеңіз, батылдығыңыз қамшыланып, сенімділігіңіз күшейеді. Сонда елшілердің жағдайындағыдай, сізді де естіп-білген рухани асыл шындықтарды айтудан ешкім тоқтата алмайды.

Естіп-білген рухани асыл шындықтарыңызды ештеңеге қарамай айта беріңіз

“Бәрі бірге Құдайға... дауыстап дұға етті” (Ел. іс. 4:23—31)

13, 14. Қарсылық көргенде не істеуіміз керек және неге?

13 Тұтқыннан босай сала, Петір мен Жохан қауымдағы бауырластармен кездесті. Бәрі бірге “Құдайға дауыстап дұға етіп”, уағызды тоқтатпау үшін батылдық сұрады (Ел. іс. 4:24). Басқа-басқа, Петір Құдайдың еркін орындағанда өз күшіне сену қаншалықты ақымақтық екенін жақсы білген. Себебі осыдан бірнеше-ақ апта бұрын ол Исаға: “Басыңызға түскен жағдайға бола бәрі тастап кетсе де, мен сізді ешқашан тастамаймын!”— деген еді өз-өзіне тым сенімді болып. Алайда Иса айтқандай-ақ, ол адамдардан қорқып, досын әрі ұстазын тастап кетті. Бірақ Петір бұл қателігінен үлкен сабақ алды (Мат. 26:33, 34, 69—75).

14 Мәсіх жайлы куәлік беру үшін құр құлшыныстың өзі жеткіліксіз. Қарсыластар сеніміңізді сындырғысы не уағызыңызды доғартқысы келгенде, Петір мен Жоханға ұқсап, Ехобадан күш сұрап, дұға етіңіз. Қауымнан қолдау іздеңіз. Ақсақалдар мен басқа да рухани толысқан бауырластарға қиындықтарыңыз жайлы айтып беріңіз. Олар сіз үшін дұға етеді. Ал әділ адамның дұғасының әсері орасан зор (Ефес. 6:18; Жақ. 5:16).

15. Бір кездері уағыздауды тоқтатып қойғандар неге еңселерін түсірмеу керек?

15 Егер бір кездері қысымды көтере алмай, біраз уақыт уағыздамай қойсаңыз, рухыңыз жығылмасын. Есіңізде болса, Иса қайтыс болғаннан кейін, елшілері уағызды тоқтатып қойған еді. Бірақ көп ұзамай қайтадан қолға алды (Мат. 26:56; 28:10, 16—20). Бұрынғы қателіктеріңізді ойлап, еңсеңіз езіле бермесін. Одан гөрі сол жағдайдан сабақ алып, оны басқаларды нығайту үшін қолданыңыз.

16, 17. Иерусалимдегі шәкірттер айтқан дұғадан үйренеріміз бар ма?

16 Билік басындағылар қысым көрсеткенде, не деп дұға етуіміз керек? Шәкірттерді еске алыңызшы, олар Құдайдан сынақтарынан құтқаруды сұраған жоқ. Себебі олар Исаның: “Олар мені қудаласа, сендерді де қудалайды”,— деген сөзін ойда ұстаған (Жох. 15:20). Бұл адал шәкірттер бәрін Ехобаға тапсырып, қарсыластардың “қоқан-лоқысына назар салшы” деп дұға еткен (Ел. іс. 4:29). Негізі, олар жағдайға кеңінен қарай алған: бұл қудалаулар пайғамбарлықтың орындалуы екенін жақсы түсінген. Иса үйреткен дұғадан олар жұмыр басты билеушілер не айтып, не қоймасын, Құдайдың еркі ештеңеге қарамай “жер бетінде де орындалатынын” білген (Мат. 6:9, 10).

17 Құдайдың еркін орындау үшін шәкірттер Ехобаға былай деп дұға етті: “Құлдарыңа сөзіңді батыл жариялай беруге күш дарыта көр”. Ехоба олардың бұл өтінішін бірден орындады. “Олар жиналып отырған үй сілкініп кетті. Барлығы киелі рухқа кенеліп, Құдай сөзін батылдықпен жариялай бастады” (Ел. іс. 4:29—31). Иә, Құдай еркінің жүзеге асуына ештеңе кесе көлденең тұра алмайды (Ишая 55:11). Қандай қиындық болмасын, қарсыластарымыз қаншалықты күшті болмасын, Ехобаға жалбарынып дұға етсек, ол бізге өз Сөзін тайсалмай уағыздай беруге күш дарытады. Бұған еш күмәніңіз болмасын.

“Адамдарға емес, Құдайдың өзіне өтірік айтты” (Ел. іс. 4:32—5:11)

18. Иерусалимдегі қауым мүшелері бір-біріне қалай көмектесті?

18 Иерусалимде жаңа құрылған қауымның мүшелерінің саны аз уақыт ішінде 5000-нан асып жығылды d. Шәкірттер түрлі ортадан шыққан болса да, “ой-ниеті бір болды” (Ел. іс. 4:32; Қор. 1-х. 1:10). Олар Ехобадан қызметтеріне бата сұрап қана қойған жоқ. Бір-бірін рухани жағынан нығайтып, қажет болса, материалдық жағынан да көмектесіп жүрді (Жох. 1-х. 3:16—18). Мысалы, елшілер Барнаба деп атап кеткен Жүсіп деген шәкірт өз жерін сатып, түскен ақшаның бәрін садақа етті. Бұл қаражат алыстан келіп, жаңа сенімдері жайлы көбірек білу үшін Иерусалимде қалып қойған адамдардың мұқтажына жаратылмақ еді.

19. Ехоба Анани мен Зәпираны неге өлімге ұшыратты?

19 Анани мен Зәпира есімді ерлі-зайыпты да меншігіндегі жерін сатып, түскен ақшаны алып келді. Олар барлық ақшаны бергендей сыңай танытты. Бірақ “түскен ақшаның бір бөлігін жасырып қойған” еді (Ел. іс. 5:2). Ехоба оларды өлімге ұшыратты. Неге? Олар жеткілікті ақша бермегендіктен емес, ниеттері жаман болғандықтан және алдағандықтан. Иә, екеуі “адамдарға емес, Құдайдың өзіне өтірік айтты” (Ел. іс. 5:4). Иса айыптаған екіжүзділер сияқты, Анани мен Зәпира Құдайдың ықыласына ие болудан гөрі жұрт көзіне түсуді ойлады (Мат. 6:1—3).

20. Ехобаға бергенде, ниетіміз қандай болу керек?

20 Иерусалимдегі жүрегі жомарт, қолы ашық шәкірттерге еліктеп, бүгінде миллиондаған Ехоба куәгері дүниежүзілік уағыз ісіне садақаларымен қолдау көрсетеді. Бұл іске “осынша уақытыңды бер, осынша ақша бер” деп ешкім мәжбүрлемейді. Өйткені Ехоба біздің “еш қиналмай, зорлықсыз бергенімізді” қалайды (Қор. 2-х. 9:7). Расымен де, Ехоба үшін қанша бергеніміз емес, қандай ниетпен бергеніміз маңызды (Мар. 12:41—44). Біз Ехобаға қызмет еткенде жұрт көзіне түсуді я атымызды шығаруды ойлап, Анани мен Зәпира сияқты болғымыз келмейді. Қайта, Петірге, Жохан мен Барнабаға еліктегіміз келеді. Олар сияқты бізді де Ехобаға қызмет етуге Құдайға және адамдарға деген сүйіспеншілік талпындырғай! (Мат. 22:37—40).

a Ғибадатханада таңғы және кешкі құрбандықтар ұсынылған кезде дұға айтылатын. Кешкі құрбандық “тоғызыншы сағатта”, яғни түстен кейінгі үштер шамасында ұсынылған.

b 30-беттегі “ Бұрын балықшы болған Петір жігерлі елшіге айналды” және 33-беттегі “ Жохан — Исаның жақсы көрген шәкірті” деген қоршауларды қараңыз.

c 34-беттегі “ Бас діни қызметкер мен жоғарғы діни қызметкерлер” деген қоршауды қараңыз.

d Б. з. 33 жылы Иерусалимде небәрі 6000-дай парызшыл болса керек. Ал саддукейлердің саны азырақ болған көрінеді. Бұл осы екі топтың Исаның тәлімдеріне неге соншалықты қарсы болғанының тағы бір себебі болуы мүмкін.