3-ТАРАУ
“Киелі рухқа кенелді”
Елуінші күн мейрамында киелі рух төгілгеннен соң болған оқиғалар
Елшілердің істері 2:1—47 негізделген
1. Елуінші күн мейрамы кезін сипаттап беріңіз.
ИЕРУСАЛИМ көшелері қыз-қыз қайнауда a. Ғибадатханадағы құрбандық ошағынан аспанға түтін көтеріліп жатты. Ол жақтан леуіліктердің Халлел, яғни Ехобаны мадақтау жырларын (Зәбүр 113—118) шырқап жатқан дауыстары естіледі. Көшелер әртүрлі өңірден келген адамдарға лық толы. Олар сонау Елам, Месопотамия, Кападокия, Понт, Мысыр және Римнен келген b. Не үшін? Елуінші күн мейрамын тойлау үшін. Бұл “алғашқы өнім” мейрамы деп те аталған (Мұс. 4-ж. 28:26). Жыл сайын өтетін осы мейрам арпа орағы бітіп, бидай орағы басталғанын көрсетеді. Бұл — қуаныш пен шаттыққа толы күн!
2. Б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында қандай таңғажайып оқиға болды?
2 Б. з. 33 жылы көктемнің осы жаймашуақ күні таңғы тоғыздарда Исаның 120 шақты шәкірті бір үйде жиналып отырды. Сол кезде тарихта өшпес із қалдырған бір таңғажайып оқиға болды. “Кенеттен қатты жел соққандай көктен шу естіліп, бүкіл үйдің іші жаңғырып кетті” (Ел. іс. 2:2). Сөйтіп, оларға тілге ұқсаған от жалындары көрінді де, әрқайсысының үстіне бір-бірден қонды. Шәкірттер “киелі рухқа кенеліп, әртүрлі тілдерде сөйлей бастады”! Сосын олар үйден шықты. Иерусалимнің көшелерінде жүрген қонақтар шәкірттердің “олардың тілдерінде сөйлеп жатқанын” көріп, қайран қалды (Ел. іс. 2:1—6).
3. а) Неліктен б. з. 33 жылғы Елуінші күн мейрамы шынайы ғибадаттың тарихында елеулі кезең болды? ә) Петірдің сөйлеген сөзінің Патшалықтың “кілттерімен” қандай байланысы болды?
3 Өте әсерлі осы оқиға шынайы ғибадаттың тарихындағы елеулі кезең болды. Дәл сол кезде рухани Исраил халқы, яғни майланған мәсіхшілер қауымы құрылды (Ғал. 6:16). Бұл ғана емес, сол кезде Петір жиналған қалың жұртқа сөз сөйлегенде, өзіне тапсырылған Патшалықтың үш “кілтінің” бірін қолданды. Бұл кілттер әртүрлі топ адамдарына ерекше баталарға есік ашатын еді (Мат. 16:18, 19). Бірінші кілт яһуди мен яһуди дінін қабылдағандарға ізгі хабарды естіп, Құдайдың киелі рухымен майлануға мүмкіндік берді c. Сонда олар рухани Исраилге қосылып, Мәсіхтің Патшалығында патшалар мен діни қызметкерлер ретінде билік ету үмітіне ие болар еді (Аян 5:9, 10). Уақыт өте осындай мүмкіндік самариялықтарға және одан кейін басқа ұлт адамдарына да берілді. Б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында болған сол бір көңіл тебірентер оқиғалардан бүгінгі мәсіхшілер не үйренеді?
“Бәрі бір үйге жиналды” (Ел. іс. 2:1—4)
4. Б. з. 33 жылы құрылған қауым мен бүгінгі мәсіхшілер қауымының арасында қандай ұқсастық бар?
4 Мәсіхшілер қауымы киелі рухпен майланған 120-дай шәкірттен бастау алды. Олардың “бәрі бір үйге жиналған” еді (Ел. іс. 2:1). Сол күннің аяғына қарай мыңдаған адам шомылдыру рәсімінен өтіп, қауымға қосылды. Содан бері Ехобаның ұйымы сан жағынан көбейген үстіне көбейіп келеді! Шынында да, Құдайдан қорқатын ерлер мен әйелдерден тұратын бүгінгі мәсіхшілер қауымы “Патшалық жайлы ізгі хабарды” осы заманның соңы келмей тұрып, бүкіл жер бетіндегі барлық халықтарға уағыздауда (Мат. 24:14).
5. Мәсіхшілер қауымының І ғасырда қандай пайдасы болды және қазіргі уақытта қандай пайдасы бар?
5 Мәсіхшілер қауымы сондай-ақ рухани жігердің қайнар көзі болмақ еді: майланғандар үшін де, кейінірек қосылатын “басқа қойлар” үшін де (Жох. 10:16). Пауыл римдіктерге жазған хатында қауымдағылардың оның өзін де, бір-бірін де нығайтып жүргеніне алғыс білдіріп, былай деген: “Сендерді көруге құштармын: рухани сыймен бөлісіп, өздеріңді нығайтсам, дәлірек айтқанда, бір-біріміздің сенімімізді көріп, өзара жігерленсек екен деймін” (Рим. 1:11, 12).
6, 7. Мәсіхшілер қауымы Исаның “барлық халықтарға уағыздаңдар” деген тапсырмасын қалай орындап жүр?
6 І ғасырдағы мәсіхшілер қандай мақсаттарды көздесе, бүгінгі мәсіхшілер қауымы да соны көздейді. Иса шәкірттеріне қызығы мен шыжығы қатар жүретін іс тапсырған. Ол былай деген: “Барлық халықтардан шәкірттер дайындап, оларды Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атынан шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, әрі мен сендерге бұйырғандардың бәрін ұстануды үйретіңдер” (Мат. 28:19, 20).
7 Бұл уағыз ісі бүгінде Ехоба куәгерлерінің қауымдары арқылы іске асуда. Әрине, әртүрлі тілде сөйлейтін адамдарға ізгі хабар айтудың қиындығы жоқ емес, бар. Соған қарамай, Ехоба куәгерлері Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді 1000-нан көп тілде басып шығаруда. Егер сіз де мәсіхшілер қауымына қосылып, уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне белсене атсалысып жүрсеңіз, онда қуануыңызға себеп бар. Өйткені сізге Ехобаның есімі жайлы түбегейлі куәлік ету тапсырылып, үлкен құрметке бөлендіңіз! Мұндай құрметке екінің бірі ие бола бермейді.
8. Мәсіхшілер қауымы біз үшін қандай бата?
8 Осындай қиын-қыстау заманда табанды болып, қуанышыңызды жоғалтпау үшін Ехоба сізге дүниежүзілік бауырластықты сыйлады. Пауыл еврей мәсіхшілерге былай деп жазған еді: “Сүйіспеншілікке және игі істерге талпындыру үшін, бір-бірімізге көңіл бөлейік. Кейбіреулер сияқты жиналыстарға бармай қалуды әдетке айналдырмайық, қайта, бір-бірімізді жігерлендіре берейік. Сол күннің жақын қалғанын білгендіктен, бұларды бұрынғыдан да көбірек істейік” (Евр. 10:24, 25). Ехоба мәсіхшілер қауымын басқаларды рухтандырып, жігер беруіміз үшін және өзіміз де жігер алу үшін ойластырды. Сондықтан рухани бауырластарыңызбен біте қайнасып, жақын болыңыз. Қауым кездесулерін еш қалдырмаңыз!
“Олардың тілдерінде сөйлеп жатқанын естіді” (Ел. іс. 2:5—13)
9, 10. Шет тілде сөйлейтіндерге уағыздау үшін кей жариялаушылар не істеуде?
9 Б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында яһудилер мен яһуди дінін қабылдағандар қалай шат-шадыман болғанын елестетіп көріңізші! Келгендердің көбісі грек я еврей тілінде жақсы сөйлей алған көрінеді. Ал енді әрқайсысы “шәкірттердің олардың тілдерінде сөйлеп жатқанын естіп” тұр (Ел. іс. 2:6). Олар ізгі хабарды өз ана тілінде естігенде, жүректері аттай тулап кеткен болар. Әрине, бүгінде мәсіхшілерге керемет түрде басқа тілде сөйлеу қабілеті берілмейді. Сөйтсе де көптеген жариялаушылар ізгі хабарды басқа ұлт өкілдеріне жеткізіп жүр. Қалай? Кейбіреулері жаңа тілді үйреніп, өз еліндегі я басқа елдердегі шет тілді қауымдарда қызмет етуде. Адамдар олардың ана тілінде сөйлеу үшін күш салып жатқанымызды көргенде, мәз болып қалады.
10 Қазір Кристин деген әйел бауырластың мысалын көрейік. Ол жеті Куәгермен бірге арнайы курсқа барып, гуджарат тілін үйренеді. Бірде ол жұмысында гуджарат тілінде сөйлейтін әйелмен соның тілінде амандасады. Бұған қатты қайран қалған ол Кристиннен неге өте қиын гуджарат тілін үйреніп жүргенін сұрайды. Кристин оған жақсы куәлік береді. “Демек, сенің хабарың аса маңызды болғаны ғой”,— дейді ол.
11. Басқа тілде сөйлейтіндерге ізгі хабарды қалай жеткізе аламыз?
11 Әлбетте, бәріміз бірдей жаңа тілді үйрене алмайтын шығармыз. Десе де Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарды әртүрлі тілде сөйлейтін адамдарға жеткізе аламыз. Қалайша? Мысалы, JW Language® қосымшасын пайдаланып, өзіміз тұратын жердегі тілдерде амандасуды үйреніп алсақ болады. Сондай-ақ адамдардың ізгі хабарға қызығушылығын оятатын кейбір тіркестерді жаттап ала аламыз. Оларға jw.org сайтынан солардың тіліндегі видеолар мен әдебиеттерді көрсете аламыз. Қызметте осындай құралдарды пайдалансақ, І ғасырда шеттен келгендерге “олардың тілдерінде” уағыздап, қуанышқа кенелген мәсіхшілер секілді біз де қуанамыз.
“Петір... тұрды” (Ел. іс. 2:14—37)
12. а) Жоел пайғамбар Елуінші күн мейрамында болған керемет оқиғаға қатысты алдын ала не айтқан? ә) Неге Жоелдің пайғамбарлығы І ғасырда орындалу керек еді?
12 “Петір... тұрып”, жиналған түрлі ұлт адамдарының алдында сөз сөйледі (Ел. іс. 2:14). Ол дүйім жұртқа әртүрлі тілде сөйлеу қабілетін Ехобаның өзі дарытқанын, осылай Жоелдің “мен әрбір адамға рухымды төгемін” деген пайғамбарлығы орындалғанын түсіндіріп берді (Жоел 2:28). Көкке көтерілмес бұрын, Иса да шәкірттерінің киелі рухқа кенелетінін айтып: “Мен Әкемнен өтінемін, сонда ол сендерге өздеріңмен мәңгі бірге болатын басқа көмекшіні береді”,— деген еді (Жох. 14:16, 17).
13, 14. Петір адамдардың жүрегіне қалай жол тапты және біз оған қалай еліктей аламыз?
13 Петір сөзінің соңында: “Бүкіл Исраил үйі мынаны жақсылап біліп алсын: Құдай өздеріңіз бағанаға ілген Исаны Иеміз әрі Мәсіх етті”,— деп ашық айтты (Ел. іс. 2:36). Петірді тыңдап тұрған басым көпшіліктің Исаның азап бағанасында өлуіне тікелей қатысы жоқ еді. Әйткенмен олар бұған халық ретінде жауапты болатын. Сонда да Петір ұлттастарына құрметпен, жылы-жылы сөйледі. Оның мақсаты айыптау емес, оларды өкінуге талпындыру болды. Петірдің сөзі тыңдармандардың көңіліне тиді ме? Жоқ. Қайта, бұл олардың жүрегін қозғап, олар: “Енді біз не істеуіміз керек?”— деп сұрады. Иә, Петірдің осылай ізетпен сөйлегені тыңдармандарына жақсы әсер етіп, өкінуге талпындырды (Ел. іс. 2:37).
14 Біз де Петірге еліктеп, адамдардың жүрегіне жол іздеуіміз керек. Кейде уағызда үй иесінен Киелі кітапқа қайшы келетін пікірлерді естіп жатамыз. Ондайда адамның қате пікіріне қадалып, оны бірден түзете жөнелмей, екі жақ та келісетін тақырыпта сөйлескен жөн. Сонда Құдай Сөзіндегі шындықты ізетпен түсіндіріп бере аламыз. Ортақ тақырып тауып сөйлескенде, жүрегі ақ адамдар жиі хабарымызға құлақ асып жатады.
“Әрбіріңіз... шомылдыру рәсімінен өтіңіз” (Ел. іс. 2:38—47)
15. а) Петір не деп айтты және адамдар оны қалай қабылдады? ә) Елуінші күн мейрамында ізгі хабарды естіген мыңдаған адам неліктен сол күні шомылдыру рәсімінен өте алды?
15 Елуінші күн мейрамында елші Петір сөзіне құлақ асқан яһудилер мен яһуди дінін қабылдағандарға: “Өкініп, әрбіріңіз... шомылдыру рәсімінен өтіңіз”,— деді (Ел. іс. 2:38). Нәтижесінде, 3000-дай адам Иерусалимде не оған жақын жердегі тоғандарда болса керек, шомылдыру рәсімінен өтті d. Мұны олар сезімге беріліп істеді ме? Бұл оқиғадан Киелі кітапты зерттеп жүргендер мен Куәгерлердің балалары дайын болмаса да, шомылдыру рәсімінен өтуі керек деп тұжырымдауға бола ма? Жоқ, мүлдем олай емес. Есте ұстайтын жайт: б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында шомылдыру рәсімінен өткен яһудилер мен яһуди дінін қабылдағандар Құдай Сөзін тыңғылықты зерттеген, әрі олар Ехобаға бағышталып қойған халыққа жатқан. Мұның үстіне, олар осы жылдық жиынға алыстан ат шаптырып келуімен ғибадатқа деген зор құлшыныстарын дәлелдеген. Иса Мәсіхтің Құдайдың ой-ниетіндегі маңызды рөлі жайлы шындықтарды қабылдаған соң, олар Құдайға енді Мәсіхтің шомылдыру рәсімінен өткен ізбасары ретінде қызмет етуге дайын болды.
16. І ғасырдағы мәсіхшілер қалай жанқиярлық танытқан?
16 Ехобаның сол ізбасарларға батасын беріп жатқаны анық еді. Бұл туралы Жазбаларда былай делінген: “Исаның ізбасары болғандардың барлығы бірге жиналып, қолда барларын ортақ ұстады, әрі өз меншіктерін сатып, түскен қаражатты әркімге қажетіне қарай үлестірді” e (Ел. іс. 2:44, 45). Бұл барлық мәсіхшілер үшін сүйіспеншілік пен жанқиярлық танытудың керемет үлгісі!
17. Адам шомылдыру рәсімінен өту үшін қандай қадамдарды жасау керек?
17 Бағышталып, шомылдыру рәсімінен өту үшін адам Жазбаларға негізделген бірнеше қадам жасауы тиіс. Алдымен, Құдай Сөзі жайлы білім алу керек (Жох. 17:3). Сосын, сенім танытуы және бұрынғы істеріне шын өкінуі қажет (Ел. іс. 3:19). Кейін, теріс жолдан қайтып, Құдайдың еркіне сай дұрыс істерді істеуі керек (Рим. 12:2; Ефес. 4:23, 24). Осы қадамдарды жасаған соң, ол дұғада Құдайға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өте алады (Мат. 16:24; Пет. 1-х. 3:21).
18. Мәсіхтің шомылдыру рәсімінен өткен шәкірттері қандай мәртебеге ие болады?
18 Сіз бағышталып, шомылдыру рәсімінен өткен Иса Мәсіхтің шәкіртісіз бе? Олай болса, ерекше мәртебеге иесіз. I ғасырдағы шәкірттер сияқты, сіз де керемет жолмен түбегейлі куәлік беріп, Ехобаның еркін орындай аласыз!
a 23-беттегі “ Иерусалим — иудаизмнің орталығы” деген қоршауды қараңыз.
b 24-беттегі “ Рим — империя астанасы”; 25-беттегі “ Месопотамия мен Мысырдағы яһудилер”; 26-беттегі “ Понттағы мәсіхшілер” деген қоршауларды қараңыз.
c 27-беттегі “ Яһуди дінін қабылдағандар” деген қоршауды қараңыз.
d Осыған ұқсас жағдай 1993 жылы 7 тамызда Ехоба куәгерлерінің Киевте (Украина) өткен халықаралық конгресінде болды. Алты бассейнде 7402 адам шомылдыру рәсімінен өтті. Бұған бас-аяғы 2 сағат 15 минут кетті.
e Бұл рухани нығаю үшін Иерусалимде қалып қойған қонақтардың қажетін қамтамасыз ету үшін уақытша ұйымдастырылған шара еді. Олар қолда барларын өз еріктерімен берген. Сондықтан бұны коммунизммен шатастырмау керек (Ел. іс. 5:1—4).