2-ТАРАУ
“Мен жайлы куәлік етесіңдер”
Иса елшілерін уағыз ісіне жетекшілік етуге дайындады
Елшілердің істері 1:1—26 негізделген
1—3. Иса шәкірттерінің қасынан қалай кетті және қандай сұрақтар туындайды?
СОҢҒЫ бірнеше апта елшілер үшін өте қуанышты күндер болды. Олар бұл күндер бітпесе екен деді. Исаның қайта тірілгені елшілердің жүрегіндегі қайғы-мұңды қуанышқа айналдырды. Иса соңғы 40 күн бойы елшілеріне қайта-қайта көрініп, тәлім беріп, жігерлендіріп жүрді. Ал енді бүгін Иса оларға соңғы рет көрініп тұр.
2 Зәйтүн тауында тұрғанда елшілер Исаның айтқан әрбір сөзін құлақтарына құйып алып жатты. Иса сөзін аяқтағанда, бұл уақыт шәкірттер үшін қас қағым сәтте өте шыққандай болды. Сосын Иса қолын кең жайып, шәкірттеріне батасын берді де, жерден көкке көтеріле бастады. Ал ізбасарлары оған көз алмай қарап тұрды. Бір кезде Исаны бұлт жауып, көрінбей қалды. Бірақ елшілер сонда да аспанға қарап тұра берді (Лұқа 24:50; Ел. іс. 1:9, 10).
3 Бұл Исаның елшілерінің өмірін күрт өзгерткен оқиға болды. Енді олар не істемек, өйткені Иелері Иса Мәсіх көкке көтеріліп кетті ғой? Әрине, Иса оларды өзі бастаған іске дайындап кетті. Сонда оларды бұл маңызды іске қалай дайындады? Ізбасарлары бұл істі қалай атқарды? Ал бүгіндегі мәсіхшілерге бұның қандай қатысы бар? Елшілердің істері 1-тарауда бұл сұрақтарға көңілге жігер құятын жауаптар бар.
“Көптеген сенімді дәлелдер” (Ел. іс. 1:1—5)
4. Елшілердің істері кітабын Лұқа қалай бастайды?
4 Лұқа сөзін Теофил деген кісіге арнап бастайды. Ол Ізгі хабарын да осы кісіге жолдаған болатын a. Бұл кітап соның жалғасы екенін көрсету үшін Лұқа Ізгі хабардың соңындағы оқиғаларды бір шолып өтеді. Тек басқа сөз оралымдарын қолданады және жаңа қосымша жайттарды келтіреді.
5, 6. а) Исаның ізбасарларына сенімдерін мықты етуге не көмектеседі? ә) Неге бүгінгі мәсіхшілердің сенімі “көптеген сенімді дәлелдерге” негізделген дей аламыз?
5 Исаның ізбасарларына сенімдерін мықты етуге не көмектеседі? Елшілердің істері 1:3-те: “Иса... көптеген сенімді дәлелдер арқылы өзінің тірі екенін көрсетті”,— делінген. Киелі кітапта “сенімді дәлелдер” деген тіркесті “сүйікті дәрігер” Лұқа ғана қолданған (Қол. 4:14). Бұл тіркес медициналық еңбектерде кездескен, әрі ол айғақтардың бұлтартпас, күмән келтірмейтін, нанымды екенін білдірген. Исаның өзі дәл осындай дәлелдер берген. Ол қайта тірілгеннен кейін ізбасарларына көп рет көрінді. Бірде бір не екі адамға көрінсе, бірде барлық елшілеріне көрінген. Тіпті 500-ден астам шәкіртке көрінген кезі де болған (Қор. 1-х. 15:3—6). Сенімді дәлелдер деп осыны айтыңыз!
6 Қазіргі таңда да шынайы мәсіхшілердің сенімі “көптеген сенімді дәлелдерге” негізделген. Исаның жерде өмір сүріп, біздің күнәларымыз үшін өліп, қайта тірілгеніне айғақтар бар ма? Бар болғанда қандай! Киелі рухтың жетелеуімен жазылған Құдай Сөзінде бұны өз көздерімен көргендердің иланымды оқиғалары жазылған. Оларды дұға ете отырып зерттейтін болсақ, сеніміміз өседі. Есіңізде болсын, бұлтартпас дәлелге негізделген шынайы сенімнің соқыр сенімнен айырмашылығы бар. Шынайы сенім ғана адамды мәңгі өмірге жеткізеді (Жох. 3:16).
7. Иса уағыздау мен тәлім беру ісінде шәкірттеріне қандай үлгі қалдырды?
7 Сонымен қатар Иса “Құдай Патшалығына қатысты жайттарды” да айтқан. Мысалы, ол Мәсіхтің азап шегіп өлуі керектігі жайында пайғамбарлықтарды түсіндірген (Лұқа 24:13—32, 46, 47). Ол өзінің Мәсіх ретіндегі рөлін түсіндіргенде, Құдай Патшалығына баса назар аударған, өйткені Иса оның болашақ Патшасы еді. Ол үнемі сол Патшалық жайлы уағыздады. Оның бүгіндегі ізбасарлары да Құдай Патшалығы жайлы айтып жүр (Мат. 24:14; Лұқа 4:43).
“Жердің қиыр шетіне дейін” (Ел. іс. 1:6—12)
8, 9. а) Исаның елшілері қандай екі қате пікірде болды? ә) Иса елшілерінің ойын қалай түзетті және бұдан қандай сабақ аламыз?
8 Елшілер Зәйтүн тауына жиналғанда, Исамен соңғы рет кездесті. Сонда олар білгісі келіп: “Ием, Исраилге патшалықты қазір қайта орнатасыз ба?”— деп сұрады (Ел. іс. 1:6). Осы бір сұрағынан елшілердің екі қате пікірі аян болды. Біріншісі, олар Құдай Патшалығы сол кездегі Исраилде орнайды деп ойлады. Екіншісі, олар уәде етілген Құдай Патшалығы “қазір”, яғни бірден билігін бастайды деп күтті. Иса олардың ойын қалай түзетті?
9 Иса олардың бірінші көзқарасы көп ұзамай-ақ түзелетінін білген. Себебі олар 10 күннен кейін жаңа халықтың, яғни рухани Исраилдің туылатынына куә болмақ еді! Осылай Құдайдың кәдімгі Исраилмен қарым-қатынасы үзілгелі жатты. Ал елшілердің екінші пікіріне келсек, Иса: “Әкенің құзырындағы уақыттар мен мерзімдерді сендерге білудің қажеті жоқ”,— деп тағы да естеріне салды (Ел. іс. 1:7). Ехоба — уақытты белгілейтін Ұлы Құдай. Иса өлер алдында “күн мен сағатты” тіпті өзі де білмейтінін, тек “Әкесі ғана білетінін” айтқан (Мат. 24:36). Біз де осы дүниенің соңы қашан келеді деп жөнсіз уайымдай берсек, онда, бізге білудің қажеті жоқ нәрсеге бас қатырғанымыз.
10. Елшілердің қөзқарасына қалай еліктей аламыз және неліктен?
10 Әйтсе де елшілер қателесті екен деп, оларды айыптамауымыз керек, өйткені олар керемет сенім танытқан. Исаның түзетуін кішіпейілділікпен қабылдай білген. Негізі, олардың қате пікірлерінен жақсы көзқарастарын да аңғаруға болады. Кезінде Иса оларға: “Сергек болыңдар!”— деп қайта-қайта айтқан еді (Мат. 24:42; 25:13; 26:41). Елшілер шынымен де сергек жүріп, Ехобаның қашан әрекет ететінін көрсететін оқиғаларға мұқият болды. Біздің де көзқарасымыз сондай болу керек. Осы “соңғы күндердің” соңы таяп қалған уақытта бізге сергек болу әсіресе маңызды (Тім. 2-х. 3:1—5).
11, 12. а) Иса шәкірттеріне қандай тапсырма берді? ә) Иса уағыздауды тапсырғанда, киелі рух жайлы айтқаны неге орынды болды?
11 Иса елшілеріне бар ойлары неде болу керек екенін естеріне салып, былай деді: “Өздеріңе киелі рух қонғанда күш-қуатқа ие болып, Иерусалимде, бүкіл Яһудея мен Самарияда және жердің қиыр шетіне дейін мен жайлы куәлік етесіңдер” (Ел. іс. 1:8). Иса Иерусалимде өлтірілгендіктен, оның қайта тірілгені жайлы алдымен сол жерде жариялану керек-тін. Ал кейін бұл хабар бүкіл Яһудеяға, сосын Самарияға және одан әрі тарай беру керек еді.
12 Исаның алдымен киелі рухты уәде етіп, кейін уағыздау тапсырмасын бергені өте құба-құп болды. Негізі, Елшілердің істері кітабында “киелі рух” деген сөз түпнұсқада 40-тан астам рет кездеседі. Киелі кітаптың осы бір қызықты кітабы Ехобаның ісін киелі рухтың көмегінсіз атқара алмайтынымызды шегелей түседі. Ендеше, біз де үнемі киелі рух сұрап, дұға етейік! (Лұқа 11:13). Біз оған аса мұқтажбыз, онсыз тасымыз өрге домаламайды.
13. Бүгінде Құдай халқына тапсырылған уағыз ісінің ауқымы қандай және неге оны білек түре атқаруымыз керек?
13 Сол уақыттан бері “жердің қиыр шетіне дейін” деген сөздің аясы кеңейді. Алдыңғы тараудан көргеніміздей, бүгінде Ехоба куәгерлері Патшалық жайлы хабарды жержүзі бойынша бар ынтасымен айтып жүр. Өйткені олар Құдай әртүрлі адамдардың құтқарылғанын қалайтынын жақсы түсінеді (Тім. 1-х. 2:3, 4). Сіз құтқарылу ісіне білек түре атсалысып жүрсіз бе? Мына әлемде бұдан артық қанағат сыйлайтын мағыналы істі таппайсыз! Оны атқаруға Ехобаның өзі күш береді. Осы орайда Елшілердің істері кітабы сіз үшін таптырмас көмек болады. Одан қызметіңіз өнімді болу үшін қандай әдістерді қолдануға болатынын, қандай көзқарас дамыту керектігін білесіз.
14, 15. а) Исаның қайтып келуі жайлы періштелер не деді және бұл нені білдірді? (Сілтемені де қараңыз.) ә) Қай мағынада Иса “қалай көтерілсе, дәл солай қайтып келді”?
14 Тараудың басында айтылғандай, Иса көкке көтеріліп, көзден ғайып болды, ал 11 елші көкке көз алмай қарап тұра берді. Сосын екі періште пайда болып, оларға: “Ғалилеялықтар, неменеге көкке көз алмай қарап тұрсыңдар? Көкке алынған Иса сендердің көздеріңше қалай көтерілсе, дәл солай қайтып келеді”,— деді (Ел. іс. 1:11). Кейбір діндерде үйрететіндей, періштелер Иса дәл сол денеде қайтып келеді деп айтқысы келді ме? Жоқ, әрине. Оны қайдан білеміз?
15 Періштелер Исаның дәл сол денеде емес, “дәл солай қайтып келетінін” айтқан b. Олар елшілерге сөйлеп жатқанда, Иса әлдеқашан көзден ғайып болған еді. Оның жерден көтеріліп, көктегі Әкесіне кетіп бара жатқанын тек сол бірнеше елші ғана көрді. Мәсіх көкке қалай көтерілсе, дәл солай қайтып келмек еді. Бұл солай болды да. Бүгінде рухани түсінігі барлар ғана Исаның Патша ретінде тақта отырғанын ұғады (Лұқа 17:20). Біз оның билік етіп жатқанының белгісін байқай білуіміз керек және уақыттың аз қалғанын басқаларға айтып жеткізуіміз қажет.
Ел. іс. 1:13—26)
“Қайсысын таңдағаныңды бізге білдіре көр” (16—18. а) Елшілердің істері 1:13, 14-тен мәсіхшілердің жиындары туралы не білеміз? ә) Исаның анасы Мәриямнан қандай үлгі аламыз? б) Мәсіхшілер қауымы неліктен маңызды?
16 Сол кездесуден кейін шәкірттердің “зор қуанышпен Иерусалимге қайтқандары” түсінікті (Лұқа 24:52). Бірақ олар Мәсіхтің нұсқауларын қалай орындамақ еді? Елшілердің істері 1:13,14-тен олардың бір “үйдің екінші қабатына” жиналғаны айтылған. Осы жерден қызықты мәліметтерді білуге болады. Сол уақытта Палестинадағы үйлердің жоғарғы қабаты болған және оларға сыртта тұрған сатымен көтерілген. Бәлкім, бұл Елшілердің істері 12:12-де айтылған Марқаның анасының үйі болған шығар. Біз нақты білмейміз. Қалай болған күнде де, бұл Мәсіхтің ізбасарларына жиналуға ыңғайлы, қарапайым жер болған. Бірақ сол жерге кімдер жиналды және олар не істеді?
17 Жиналғандардың арасында тек елшілер не ер адамдар ғана болмаған. Әйелдер де болған, соның ішінде Исаның анасы Мәриям да бар. Мәриямның есімі Киелі кітапта осы жерде соңғы рет айтылады. Ол өзіне атақ-дәреже іздеген жоқ, қайта, кішіпейілділік танытып өзге де рухани бауырларымен Ехобаға ғибадат етуге жиналды. Бұл — біз үшін жақсы үлгі. Иса жерде болғанда, оның соңынан ермеген төрт ұлының енді осы жолға түскеніне Мәриямның көңілі шаттанған шығар (Мат. 13:55; Жох. 7:5). Ағалары қайта тірілгеннен кейін, олар өмірлерін өзгертті (Қор. 1-х. 15:7).
18 Ал енді, бұл шәкірттердің тағы не үшін жиналғанына назар аударайық. “Барлығы ниеттес көңілмен дұға етіп жүрді”,— делінген Киелі кітапта (Ел. іс. 1:14). Осындай бас қосулар ғибадаттың қашанда маңызды бөлігі болып келген. Жиындарда біз бір-бірімізді қайраттандырамыз, тәлім-тәрбие, ақыл-кеңес естиміз. Ал, ең бастысы, бәріміз бірге көктегі Әкеміз Ехобаға ғибадат етеміз. Жиналыста айтылатын дұғаларымыз бен мадақ әндеріміз Ехобаға өте ұнамды әрі біз үшін де маңызды. Ендеше, осындай қасиетті, көңіл сергітетін жиындарды ешқашан қалдырмайық! (Евр. 10:24, 25).
19—21. а) Петірдің қауымда жетекшілікті қолға алғанынан не білеміз? ә) Яһуданың орнына неге басқа біреуді таңдау керек болды және осы мәселенің қалай шешілгенінен не түйеміз?
19 Сол кезде Исаның ізбасарларына бір маңызды мәселені шешу керек болды. Бұл істе жетекшілікті елші Петір қолға алды (15—26 тармақтар). Қожайынынан үш рет танған Петірдің бірнеше аптаның ішінде өзгеріп, осындай жауапкершілік алғанын білгеніміз бойымызға жігер құяды (Мар. 14:72). Біз де күнәға біртабан жақынбыз. Егер қандай да бір күнә жасап, бірақ артынан шын өкінсек, Ехобаның “ізгі әрі кешіруге дайын” екенін ұмытпайық (Зәб. 86:5).
20 Петір Исаны сатып кеткен Яһуданың орнына басқа біреуді таңдау керектігін түсінді. Бірақ кімді? Таңдалатын адам Исаның көзі тірісінде соңынан еріп жүрген әрі қайта тірілгеніне куә болған адам болу керек еді (Ел. іс. 1:21, 22). Бұл Исаның мына уәдесіне сай болды: “Менің соңымнан ерген сендер 12 таққа отырып, Исраилдің 12 руын соттайтын боласыңдар” (Мат. 19:28). Ехоба Исаның жердегі қызметі кезінде оның соңынан ерген 12 елшіні болашақта жаңа Иерусалимнің “12 іргетасы” етуді ниет етсе керек (Аян 21:2, 14). Ол Петірге “бақылаушы міндетін басқа біреу алсын” деген пайғамбарлықтың Яһудаға қатысты екенін түсінуге көмектесті (Зәб. 109:8).
21 Он екінші елші қалай таңдалды? Жеребе тастау арқылы. Киелі кітап заманында жеребе тастау кеңінен таралған еді (Нақ. с. 16:33). Жеребе тастау туралы Киелі кітапта осы жерде соңғы рет айтылады. Ехоба киелі рухын төккеннен кейін, бұл әдістің қажеті болмай қалған көрінеді. Сонымен, олар жеребені не үшін қолданды? Бұл елшілердің мына дұғасынан көрінеді: “Уа, Ехоба, сен әркімнің жүрегінде не барын білесің. Осы екі адамның қайсысын таңдағаныңды бізге білдіре көр” (Ел. іс. 1:23, 24). Демек, олар жаңа елшіні Ехобаның өзі таңдағанын қалады. 12 елшінің бірі болып Матия таңдалды (Ел. іс. 6:2). Ол Иса уағыздауға жіберген 70 шәкірттің біреуі болса керек c.
22, 23. Қауымда жетекшілікті қолға алғандарға не үшін мойынсұнып, бағынуымыз керек?
22 Бұл жағдайдан Құдай халқы ұйымдасқан түрде әрекет ету керектігін түсінеміз. Күні бүгінге дейін қауымдарда жауапты ер бауырластар бақылаушы болып қызмет етуге тағайындалып келеді. Ақсақалдар оларды тағайындағанда, Жазбалардағы талаптарды мұқият қарастырады және киелі рухтың басшылығын сұрап дұға етеді. Сондықтан қауымдағылар оларға киелі рухпен тағайындалған бауырластар деп қарайды. Ал біз сол бақылаушылардың жетекшілігіне мойынсұнып, бағынсақ, қауымның ынтымақ-бірлігіне үлес қосамыз (Евр. 13:17).
23 Исаның қайта тірілгенін және ұйымдастыруға байланысты өзгерістерді көргеннен кейін шәкірттердің сенімі қатайып қалды. Енді олар алдағы оқиғаға толықтай даяр еді. Сол маңызды оқиға туралы келесі тарауда әңгімеленеді.
a Лұқа Ізгі хабарында бұл кісіге сөзін “аса қадірлі Теофил” деп бастаған. Бұдан оның лауазымы жоғары, беделді кісі болғаны, бірақ әлі мәсіхші емес екені көрінеді (Лұқа 1:3). Ал Елшілердің істерінде Лұқа оған жай ғана “құрметті Теофил” деп айтқан. Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, Теофил Лұқаның Ізгі хабарын оқығаннан кейін мәсіхші болған. Сондықтан, олардың айтуынша, Лұқа оны мәртебелі лауазыммен атамай, сөзін бауырласына жолдағандай жазған.
b Киелі кітапта бұл жерде гректің “тропос” сөзі қолданылған, ол Исаның түріне емес, қалай қайтып келетініне нұсқайды. Егер бұл сөз Исаның түріне нұсқаған болса, онда гректің “морфе” сөзі қолданылар еді.
c Пауыл кейінірек басқа ұлттарға жіберілген елші болып тағайындалған, бірақ ешқашан 12 елшінің қатарына жатпаған (Рим. 11:13; Қор. 1-х. 15:4—8). Өйткені ол Иса жер бетінде қызмет еткенде, оның соңынан ермеді. Сондықтан бұл мәртебеге ие болмады.