22-ТАРАУ
“Ехобаның қалауы болсын”
Құдай еркін орындауға мықтап бекінген Пауыл Иерусалимге бет алды
Елшілердің істері 21:1—17 негізделген
1—4. Пауыл Иерусалимге не үшін бара жатыр және сол жерде оны не күтіп тұр?
МИЛЕТТЕ Пауыл мен Лұқа жандарына жақын болып кеткен Ефес ақсақалдарымен қимай-қимай қоштасты. Екі миссионер кемеге көтерілді. Олар жолға керек-жарағының бәрін өздерімен алып алған. Дорбаларында Яһудеядағы мұқтаж бауырластарға арналған садақа да бар. Олар осы сый-тартуды Иерусалимге мұртын бұзбай жеткізгісі келеді.
2 Желкенді самал жел керіп, шулы айлақта тұрған кеме орнынан қозғала бастады. Пауыл, Лұқа және қасындағы жеті бауырлас жағалауда қалған жабырқаулы бауырластардан көз алмай қарап тұр (Ел. іс. 20:4, 14, 15). Бұл жолаушылар сол достарына көзден ғайып болғанша қол бұлғап тұра берді.
3 Пауыл Ефестегі ақсақалдармен үш жылдай қоян-қолтық қызметтескен еді. Бірақ енді ол киелі рухтың жетелеуімен Иерусалимге аттанып барады. Ол жақта өзін не күтіп тұрғаны оған біршама мәлім. Себебі алдында сол ақсақалдарға былай деген еді: “Мен киелі рухтың жетелеуімен Иерусалимге бара жатырмын. Ол жерде басыма қандай жайттар түсетінін білмеймін. Бар білетінім — мені түрме мен азаптар күтіп тұрғанын киелі рух әрбір қалада қайта-қайта білдіруде” (Ел. іс. 20:22, 23). Қауіп-қатерге қарамастан, Пауыл “киелі рух жетелегендіктен”, Иерусалимге баруға өзін міндетті сезінді әрі оған дайын болды да. Әрине, ол өмірін қымбат көрді, бірақ Құдайдың еркін орындау ол үшін одан да қымбат еді.
4 Сіз үшін де ең маңыздысы Құдай еркін орындау ма? Біз өмірімізді Ехобаға бағыштағанда, осылай етуге салтанатты түрде уәде береміз. Осы тарауда Пауылдың үлгісіне үңіліп, сабақ аламыз.
“Кипр аралының” қасынан өтті (Ел. іс. 21:1—3)
5. Пауыл мен серіктері Тирге қандай жолмен сапар шекті?
5 Пауыл мен серіктері отырған кеме “тура бағыт алып” жүзді, себебі жел қолайлы жақтан соғып тұрған еді. Осының арқасында олар сол күні-ақ Косқа жүзіп келді (Ел. іс. 21:1). Кеме сол жерде, шамасы, бір күн тоқтады да, ертесіне Родос пен Патараға жүзіп кетті. Кіші Азияның оңтүстік жағалауындағы Патарадан бауырластар үлкен жүк кемесіне отырды. Бұл кеме тікелей Финикиядағы Тирге апаратын. Жолда олар “Кипр аралын сол жақтарында қалдырды” (Ел. іс. 21:3). Жазушы Лұқа бұл ұсақ мәліметті не үшін айтып тұр?
6. а) Кипрді көргенде, неге Пауылдың рухы көтеріліп қалса керек? ә) Ехобаның баталары мен қолдауы жайлы ой жүгірткенде, не нәрсеге көзіңіз жетеді?
6 Бәлкім, Пауыл қолымен сол аралды көрсетіп, сонда басынан өткізген оқиғаларды айтып берген шығар. Пауыл Барнабамен және Жохан Марқамен бірге Кипрге осыдан тоғыз жылдай бұрын, бірінші миссионерлік сапарында барған еді. Ол жерде сиқыршы Елима уағыздарына қарсы шыққан (Ел. іс. 13:4—12). Пауыл сол аралды көріп, болған оқиғаларды есіне түсіргенде, рухы көтеріліп қалған болар. Бұл оған алдағы қиындықтарды еңсеруге іштей күш берген шығар. Біз де Ехоба бізді қалай жарылқағанын, сынақтардан өтуге қалай көмектескенін есімізге түсіріп, ой жүгіртейік. Сонда Дәуіттің келесі сөздерінің растығын көреміз: “Әділ жан қиындыққа көп кезігеді, Бірақ Ехоба соның бәрінен азат етеді” (Зәб. 34:19).
“Шәкірттерді іздеп таптық” (Ел. іс. 21:4—9)
7. Жолаушылар Тирге келгенде не істеді?
7 Пауыл бауырластармен бірге болып, араласқанды жоғары бағалаған. Тирге келген кезде, Лұқа “шәкірттерді іздеп тапқандарын” жазған (Ел. іс. 21:4). Тирде бауырластарының бар екенін білгендіктен, бұл жолаушылар оларды іздеп тауып, бірге уақыт өткізді. Шындықта болуымыздың ең керемет баталарының бірі — қай жерге барсақ та, бізді құшақ жая қарсы алатын бауырластарымыз бар. Құдайды жақсы көретін, оған ғибадат ететін достарымыз дүниенің түкпір-түкпірінен табылады.
8. Елшілердің істері 21:4-ті қалай түсінуге болады?
8 Жолаушылар Тирде жеті күн болды. Сол кезде Лұқа бір қарағанда түсініксіз көрінетін бір жайттың болғанын жазды: “Киелі рухтан хабар алған олар [Тирдегі бауырластар] Пауылдан Иерусалимге аяқ баспауын қайта-қайта өтінді” (Ел. іс. 21:4). Бұл Ехоба ойын өзгертті деген сөз бе? Енді ол Пауылдың Иерусалимге барғанын қаламай тұр ма? Жоқ. Киелі рух Пауылдың ол қалаға бармайтынын емес, сол жерде көп азап шегетінін білдірген еді. Тирдегі бауырластар киелі рухтың көмегімен Пауылдың Иерусалимде азап шегетінін түсінді. Сондықтан олар Пауыл үшін алаңдап, сол қалаға бармай-ақ қоюын өтінді. Олардың уайымын түсінуге болады, әрине. Бірақ Ехобаның еркін орындауды нық шешкен Пауыл Иерусалимге сапарын жалғастыра берді (Ел. іс. 21:12).
9, 10. а) Тирдегі бауырластардың уайымын көргенде, Пауылдың есіне қандай жағдай түссе керек? ә) Бүгінде көп адам қалай өмір сүргісі келеді, бірақ Иса не деген?
9 Бауырластардың уайымын көргенде, Пауыл Исаны есіне алса керек. Иса Иерусалимге барып, көп азап шегіп, өлтірілетінін айтқанда, Пауылдікіндей жағдайға кезіккен еді. Сол кезде Петір сезімге беріліп: “Мұндай нәрсе басыңызға түсе көрмесін!”— деп қарсылық білдірген болатын. Бірақ Иса оған: “Менен аулақ кет, Шайтан! Сен жолыма тосқауыл қойып жатырсың, өйткені Құдайдың емес, адамның ойын айтып тұрсың!”— деген (Мат. 16:21—23). Иса Ехобаның еркін орындау үшін тіпті жанын пида етуге даяр болған. Пауыл да сондай рух танытты. Әлбетте, Петірдікі сияқты Тирдегі бауырластардың да ниеті түзу болды, бірақ олар Құдайдың еркін толық түсінбеген еді.
10 Бүгінде көп адам “жеңілдің астымен, ауырдың үстімен” жүргісі келеді. Олар өздеріне ыңғайлы, көп талап қоймайтын дінді іздейді. Бірақ Иса мүлдем басқа нәрсеге шақырады. Ол шәкірттеріне: “Кім менің соңымнан ергісі келсе, өзінен бас тартып, азап бағанасын алып, ұдайы соңымнан еріп жүрсін”,— деген (Мат. 16:24). Исаның соңынан еру — ең дана, ең дұрыс жол, бірақ оңай жол емес.
11. Тирдегі шәкірттер Пауылды жақсы көретінін және қолдайтынын қалай көрсетті?
11 Пауыл, Лұқа мен қасындағылардың жолға аттанатын уақыты келіп жетті. Тирдегі бауырластардың олармен қалай қоштасқаны жанды тебірентіп жібереді. Олардың Пауылды сондай жақсы көретіндері әрі оның қызметін барынша қолдайтындары сезіліп тұрды. Барлығы — ерлер де, әйелдер мен балалар да — жолаушыларды жағаға дейін шығарып салды. Сол жерде бәрі бірге тізе бүгіп дұға еткен соң, қош айтысты. Сосын Пауыл мен Лұқа серіктерімен бірге басқа кемеге отырып, Птолемайға бет алды. Келген соң, бауырластармен жүздесіп, қастарында бір күн болды (Ел. іс. 21:5—7).
12, 13. а) Філіп қызметте қандай үлгі қалдырды? ә) Мәсіхші әкелер одан не үйрене алады?
12 Кейін Лұқа жазғандай, Пауыл мен қасындағылар Кесарияға бет алды. Қалаға жеткенде, олар “ізгі хабарды жариялаушы Філіптің үйіне түсіп, сонда қалды” a (Ел. іс. 21:8). Олар Філіпті көріп, арқа-жарқа болып қалса керек. Осыдан 20 жылдай бұрын Иерусалимде елшілер оны жас қауымға ас үлестіруге тағайындаған болатын. Філіп жылдар бойы қызметке деген оттай құлшынысын әлі де бәсеңдетпеген еді. Есіңізде болса, Иерусалимдегі қуғын-сүргіннен шәкірттер жан-жаққа шашырап кеткенде, Філіп Самарияға барып уағыздаған еді. Кейінірек ол эфиопиялық қызметкерге уағыздап, оны шомылдыру рәсімінен өткізді (Ел. іс. 6:2—6; 8:4—13, 26—38). Иә, Філіп адалдықпен қызмет еткен!
13 Бұл кезде Філіп Кесарияда тұрып жатты және ол қызметтен еш қол үзбей, әлі де белсенділік танытып жүрді. Өйткені Лұқа оны “ізгі хабарды жариялаушы” деп атаған. Філіптің төрт қызы бар еді, олар да әке жолын қуып, пайғамбарлық ететін b (Ел. іс. 21:9). Демек, Філіптің өз отбасына рухани тағылым беру үшін көп күш салғаны анық. Бүгінде мәсіхші әкелер де Філіптен үлгі алып, балаларын қызметке алып шығып, уағыз ісін жақсы көруге үйреткендері жөн.
14. Пауылдың бауырластарға барғанының нәтижесі қандай болды және бүгінде қандай мүмкіндіктер бар?
14 Пауыл қайда барса да, бауырластарды іздеп тауып, оларға көңіл бөлген. Ал жергілікті бауырластар Пауыл мен оның достарына құшақтарын кең жайып, қонақжайлылық танытқан. Осындай бас қосулардың арқасында олар “өзара жігерленген” (Рим. 1:11, 12). Бір-бірімізді жігерлендірудің мүмкіндігі бүгінде де көп. Мысалы, шаңырағымыз шағын болса да, аудандық бақылаушы мен оның жұбайына меймандостық танытар болсақ, көңіліміз асып-тасып қалады (Рим. 12:13).
“Өлуге де дайынмын” (Ел. іс. 21:10—14)
15, 16. Агаб қандай хабар әкелді және бұл бауырластарға қалай әсер етті?
15 Пауыл Філіптің үйінде отырғанда, Агаб деген тағы бір сыйлы кісі келді. Ол жерде отырғандардың барлығы Агабтың пайғамбар екенін білетін. Ол Клаудидің тұсында болған аштық туралы пайғамбарлық еткен еді (Ел. іс. 11:27, 28). Сол кезде Філіптің үйіне жиналғандар “Агаб не үшін келді екен? Қандай хабар әкелді екен?” деп ойлаған шығар. Сонда Агаб олардың көзінше Пауылдың ақша мен басқа да заттар салатын ұзын белбеуін алып, өзінің қолы мен аяғын байлады. Сосын адамның өне бойын дір еткізер хабар айтып, былай деді: “Киелі рух былай дейді: — Яһудилер осы белбеудің иесін Иерусалимде дәл осылай байлап, басқа ұлт адамдарының қолына ұстап береді” (Ел. іс. 21:11).
16 Бұл пайғамбарлық Пауылдың Иерусалимге баратынын тағы да растады. Сондай-ақ яһудилер оны “басқа ұлт адамдарының қолына ұстап беретінін” көрсетті. Мұны естігенде, бауырластар қатты мазасызданып кетті. Лұқа былай деп жазған: “Осыны естіген біз және сол жердегі бауырластар Пауылдан Иерусалимге бармауын өтіндік. Сонда Пауыл: “Бұларың не? Неге жылап, мені алған бетімнен қайтармақсыңдар? Мен Иеміз Исаның есімі үшін Иерусалимде қол-аяғымды байлатпақ түгіл, өлуге де дайынмын”,— деді (Ел. іс. 21:12, 13).
17, 18. Пауыл берік шешімін қалай көрсетті және бауырластар мұны қалай қабылдады?
17 Осы жағдайды елестетіп көріңізші. Бауырластар, оның ішінде Лұқа да, Пауылдан Иерусалимге бармауды өтініп жатыр. Жылап жатқандары да болды. Пауыл бауырластардың оған жаны ашып тұрғанын көріп, елжірей: “Мені алған бетімнен қайтармақсыңдар”, немесе кейбір грек аудармаларында айтылғандай, “жүрегімді қарс айырып жатырсыңдар” деді. Бірақ Пауыл Тирдегі бауырластарға айтқан шешіміне қалай берік болса, қазір де дәл солай берік. Ол бауырластарының жалынғанына да, көз жасына да қараған жоқ. Қайта, Иерусалимге не үшін бару керектігін түсіндіріп берді. Не деген ержүрек қайсар жан! Иса іспетті Пауыл да Иерусалимге барудан қорықпады (Евр. 12:2). Әрине, ол өз басына азапты өлім тілеп жатқан жоқ, бірақ солай болып жатса, Иса Мәсіхтің ізбасары ретінде өлуді абырой санады.
18 Бауырластар Пауылдың шешіміне қалай қарады? Құрметпен. Киелі кітаптан былай деп оқимыз: “Оны көндіре алмаған соң, біз тынышталып: “Ехобаның қалауы болсын”,— дедік” (Ел. іс. 21:14). Байқасақ, бауырластар Пауылға Иерусалимге “барма да барма” деп тұрып алмады. Олар Пауылды тыңдап, келісті. Ехобаның оған қатысты еркін қабылдау оңай болмаса да, көнді. Пауыл түбінде өлімге апаратын жолды таңдады. Егер жақсы көретін жандары ойынан айнытуға тырыспағанда, Пауылға әлдеқайда жеңіл болар еді.
19. Пауылмен болған жағдайдан қандай құнды сабақ аламыз?
19 Пауылмен болған жағдайдан біз құнды сабақ аламыз: Ехоба үшін өздерін құрбан етуге дайын бауырластарды ойларынан айнытпайық. Пауылдың осы үлгісін өлуге тура келетін жағдайларда ғана емес, өміріміздегі басқа да жағдайларда қолдана аламыз. Мысалы, мәсіхші ата-аналар балалары алысқа қызмет етуге тағайындалғанда, оларды қимаса да, шешімдерін қолдайды. Англияда тұратын Филлис жар дегенде жалғыз қызы Африкаға миссионер болып тағайындалғанда не сезінгенін айтып берді: “Сол кезде маған өте қиын болды. Қызымның менен жыраққа кететінін естігенде, жүрегім сыздап қоя берді. Бір жағынан, оны мақтан тұтсам, бір жағынан, көңілім түсті. Мен Құдайға көп дұға еттім. Бұл қызымның шешімі болғандықтан, оны ешқашан айнытуға тырысқан емеспін. Оған Патшалықты үнемі басты орынға қоюды үйреткен өзім ғой! Қызымның әртүрлі елдерде қызмет еткеніне отыз жыл болды. Мен оның адалдығы үшін Ехобаға әр күні алғыс айтамын”. Осындай жанқияр бауырластарымыздың арқасынан қағып, оларға тірек болғанға не жетсін!
Ел. іс. 21:15—17)
“Бауырластар бізді құшақ жая қарсы алды” (20, 21. Пауыл бауырластарымен бірге болғысы келгені неден көрінеді және не үшін олармен уақыт өткізгісі келген?
20 Жолға дайындалған соң, Пауыл сапарын жалғастырды. Оған Кесариядағы кейбір шәкірттер еріп шығып, шын жүректен қолдау көрсетті. Байқасақ, Иерусалимге барар жолда Пауыл мен серіктері жол-жөнекей бауырластарымен кездесудің орайын іздеп отырды. Мысалы, Тирде шәкірттерді іздеп тауып, қастарында жеті күн болды. Ал Птолемайда бауырластармен қауышып, олармен бір күн өткізді. Кесарияда болса Філіптің үйінде бірнеше күнге тоқтады. Кейін Кесариядағы кейбір шәкірттер Пауыл мен оның серіктеріне еріп, Иерусалимге қарай беттеді. Оларды алғашқы шәкірттердің бірі Мынасон қонақ етті. Иерусалимге келгенде, Лұқа жазғандай, бауырластар оларды “құшақ жая қарсы алды” (Ел. іс. 21:17).
21 Иә, Пауыл бауырластарымен бірге болғысы келген. Бүгінде бізге ұқсап, ол да бауырластармен аралас-құралас болып жігер алған. Бұл жігер оған өлімін көксеген зұлым қарсыластардан тайсалмауға күш бергені анық.
a 174-беттегі “ Кесария — Рим провинциясы Яһудеяның астанасы” деген қоршауды қараңыз.
b 177-беттегі “ Мәсіхші әйелдер тәлімгер бола ала ма?” деген қоршауды қараңыз.