20-ТАРАУ
Қарсылыққа қарамай, “Ехобаның сөзі зор қарқынмен тарады”
Аполлос пен Пауыл ізгі хабардың өркен жаюына еңбек сіңірді
Елшілердің істері 18:23—19:41 негізделген
1, 2. а) Ефесте Пауыл мен оның серіктері қандай қауіпті жағдайға тап болды? ә) Осы тарауда не туралы білеміз?
ЕФЕС жұрты көшені бастарына көтеріп айғайлап, ары-бері жүгіріп дүрлігуде. Бір елірген тобыр бүлік шығара бастады! Олар Пауылдың екі серігін ұстап алып, амфитеатрға қарай сүйреп барады. Қаз-қатар дүкендер тұрған негізгі көшедегі жұрт та сол тобырдың артынан ере жөнелді. Осылай көше тез-ақ босап қалды. Олар бет алған амфитеатр 25 000 адам сыятындай үлкен еді. Жұрттың көбісі ашулы тобырдың не үшін бүлік шығарып жатқанын түсініп те тұрған жоқ. Бірақ олар не де болса ғибадатханамызға және сүйікті тәңіріміз Артемидаға қауіп төніп тұр екен ғой деген ойда. Сондықтан олар: “Ефестіктердің Артемидасы құдіретті!”— деп айқайға басты (Ел. іс. 19:34).
2 Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабар тарамас үшін, Шайтан аласұрған тобырды пайдаланатынын тағы да көріп тұрмыз. Бірақ бұл оның жалғыз әдісі емес. Осы тарауда I ғасырдағы мәсіхшілердің уағыз ісін тоқтату үшін және араларындағы бірліктің қаймағын бұзу үшін Шайтан қандай тәсілдерді қолданғанын білеміз. Ал ең бастысы, Шайтанның бұл тәсілдерінің ешқайсысы өрге баспай, “Ехобаның сөзі зор қарқынмен тарап, ықпалы арта бергенін” көреміз (Ел. іс. 19:20). Сол мәсіхшілердің уағыз ісінің сәтті болуына не себеп? Әрине, бұл тек Ехобаның арқасында болды. Біз де қызметімізді Ехобаның арқасында атқарып жүрміз. Бірақ ертедегі мәсіхшілер сияқты өз тарапымыздан күш салуымыз қажет. Бойымызда Құдай рухының көмегімен жемісті қызмет етуге септігін тигізетін қасиеттерді тәрбиелегеніміз маңызды. Осы ретте Аполлостың мысалына тоқталып өтейік.
Ел. іс. 18:24—28)
“Ол Жазбаларды жақсы білетін” (3, 4. Ақила мен Прискила Аполлостан не байқады және оған қалай көмектесті?
3 Пауыл үшінші миссионерлік сапарымен Ефеске бара жатқанда, сол қалаға Мысырдың аты шулы қаласы Александрияда туып-өскен Аполлос есімді яһуди келді. Оның бойында ерекше қасиеттері болды. Ол “сөзге шешен” болған әрі “Жазбаларды жақсы білген”. Бұған қоса, ол “рухпен жалындап” тұрған. Құлшынысы асып-тасыған Аполлос мәжілісханада яһудилердің алдында батыл сөз сөйлейді (Ел. іс. 18:24, 25).
4 Аполлостың сөзін Ақила мен Прискила да естіді. Олар Аполлостың “Иса жайлы тура сөйлеп, дұрыс тәлім беріп” жатқанын көріп, таңдай қақса керек. Оның Иса туралы айтқандарының бәрі тура болса да, олар Аполлостың білімінде бір ақаулық бар екенін байқады: “ол тек Жақияның шомылдыру рәсімін ғана біледі” екен. Шатыр жасап күн көріп жүрген бұл кішіпейіл жұп Аполлостың сөзге шешен, білгір болғанына қарап, аяқ тартқан жоқ. Қайта, оны “өздерімен бірге алып кетіп, Құдай жолын дәлірек түсіндіріп берді” (Ел. іс. 18:25, 26). Ал білімді, қызыл тілді Аполлос бұны қалай қабылдады? Ол мәсіхшілер үшін ең маңызды қасиет — кішіпейілділік танытты.
5, 6. Ненің арқасында Аполлос одан сайын Ехобаның кәдесіне жарады және біз одан не үйрене аламыз?
5 Аполлос Ақила мен Прискиланың көмегін қабыл алғандықтан, қызметте шеберлігі артып, одан сайын Ехобаның кәдесіне жарады. Ол Ахаяға барып, сондағы бауырластарға “көп көмек көрсетті”. Сондай-ақ Исаны Мәсіх деп қабылдамаған яһудилерге де керемет куәлік берді. Лұқаның баяндауынша, “ол Исаның Мәсіх екенін Жазбалардан көрсетіп, яһудилердің жаңылысып жүргенін зор құлшыныспен жұрт алдында жан-жақты дәлелдеді” (Ел. іс. 18:27, 28). Иә, Аполлос қауым үшін баға жетпес тарту болды! “Ехобаның сөзі” қарқындап таралуына ол үлкен үлес қосты. Аполлостан біз не үйренсек болады?
6 Кішіпейілділік — әрбір мәсіхші дамытуы керек асыл қасиет. Әрқайсысымызда туа біткен қабілет, өмірлік тәжірибе және білім бар. Бірақ кішіпейілділік бұлардың бәрінен басым тұру керек. Әйтпесе артықшылықтарымыз кемшіліктерге айналып кетеді. Қабілеттерімізге бола тәкаппарланып кетуіміз мүмкін (Қор. 1-х. 4:7; Жақ. 4:6). Егер шын кішіпейіл болсақ, өзгелерді өзімізден артық санаймыз (Філіп. 2:3). Біреу бізді түзетіп жатса, ашуланбаймыз, ал үйретіп жатса, қарсы болмаймыз. Сондай-ақ көзқарасымыз киелі рухтың басшылығына қайшы келіп жатса, өркөкіректеніп, өз дегенімізде тұрып алмаймыз. Тек кішіпейіл болып қалсақ қана, Ехоба мен оның Ұлының кәдесіне жарап, қызмет ете аламыз (Лұқа 1:51, 52).
7. Пауыл мен Аполлостың кішіпейілділігінен не үйренеміз?
7 Нағыз кішіпейілділік бар жерде бақталастық болмайды. Шайтан ертедегі мәсіхшілердің арасына іріткі салуды көксеген шығар. Қауымның бетке ұстар тәжірибелі мүшелері Аполлос пен Пауыл бір-бірін көре алмай, “мен мықтымын” деп жарысып жатса, Шайтан бұған шапалақ ұрып, мәз болар еді. Аполлос пен Пауыл ондай жағдайға оп-оңай түсіп қалуы мүмкін еді. Себебі Қорынттағы кейбір мәсіхшілер: “Мен Пауылдың шәкіртімін”,— десе, ал өзгелері: “Мен Аполлостікімін”,— деп жүрді. Пауыл мен Аполлос олардың осылай бөлінгенін қалады ма? Әрине, жоқ! Пауыл Аполлостың уағыз ісіне сіңірген еңбегін кішіпейілділікпен мойындап, оған көптеген мәртебелі жауапкершіліктер тапсырды. Ал Аполлос болса Пауылдың нұсқауларына құлақ асты (Қор. 1-х. 1:10—12; 3:6, 9; Тит. 3:12, 13). Мұны кішіпейілділікпен қызметтесе білудің ғажап үлгісі дерсіз!
“Құдай Патшалығы туралы... пікір алысты” (Ел. іс. 18:23; 19:1—10)
8. Пауыл Ефеске қандай жолмен барды және неге?
8 Пауыл өз уәдесінде тұрып, Ефеске қайтып келді a (Ел. іс. 18:20, 21). Бірақ оның бұл жерге қандай жолмен келгеніне назар аударыңызшы. Соңғы рет ол Сириядағы Антиохияда болатын. Ефеске бару үшін ол жақын жердегі Селеукияға барып, сол жерден кемемен тіке жүзіп кетсе болар еді. Бірақ ол “теңізден шалғай жатқан аймақтарды аралап” барды. Елшілердің істері 18:23 пен 19:1-де баяндалған Пауылдың сапары шамамен 1600 шақырымға созылған! Неге Пауыл мұндай ұзақ әрі қиын жолды таңдады екен? Себебі оның мақсаты “барлық шәкірттерді жігерлендіру” болды (Ел. іс. 18:23). Пауылдың үшінші миссионерлік сапары да алдыңғы екі сапары сияқты оңайға соққан жоқ. Бірақ ол бұған титтей де өкінбеді. Бүгінгі таңда аудандық бақылаушылар мен әйелдері Пауыл секілді жанқиярлық танытады. Сол үшін оларды қатты қадірлейміз.
9. Неге кейбір шәкірттерге қайтадан шомылдыру рәсімінен өту керек болды және біз олардан не үйренеміз?
9 Ефеске келгенде, Пауыл шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның 12 шәкіртін кездестірді. Олар Жақияның шомылдыру рәсімінен өткен еді, бірақ бұл рәсімнің күші жоғалған болатын. Оның үстіне, олар киелі рух туралы аса ештеңе білмейтін. Сонда Пауыл оларға Исаның атынан шомылдыру рәсімінен өтудің маңыздылығын айтып түсіндірді. Олар Аполлос сияқты кішіпейіл болып, жаңа нәрсені білуге асық болды. Исаның атынан шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін, олар киелі рухқа және оның кейбір сыйларына ие болды. Бұдан көретініміздей, Ехобаның ұйымынан келетін жаңа нұсқауларды қабылдауға әзір болсақ, міндетті түрде жарылқанамыз (Ел. іс. 19:1—7).
10. Пауыл неге мәжілісханадан дәрісханаға көшті және уағызда біз оған қалай еліктей аламыз?
10 Содан көп ұзамай тағы бір жағдай орын алды. Пауыл үш ай бойы мәжілісханаға барып, батылдықпен уағыздап жүрді. Ол “Құдай Патшалығы туралы бұлтартпас дәлелдер келтірсе” де, “кейбіреулер сенгілері келмей қасарысып, ...осы Жолды қаралай бастады”. Пауыл олармен сөз таластыруға уақытын кетірмей, Тиранның дәрісханасына барып уағыздады (Ел. іс. 19:8, 9). Рухани өскісі келетіндер енді мәжілісханаға емес, дәрісханаға бару керек-тін. Біз де қызметте адамның тыңдағысы келмей тұрғанын не құр дауласқысы келіп тұрғанын байқасақ, Пауылға ұқсап кетіп қаламыз. Хабарымызды естігісі келетін момақан адамдар көп-ақ!
11, 12. а) Пауыл қалай қажырлы әрі икемделгіш екенін көрсетті? ә) Біз одан қандай үлгі аламыз?
11 Пауыл дәрісханада күнде шамамен күндізгі сағат 11:00-ден 16:00-ге дейін тәлім бергенге ұқсайды. Бұл күннің ең ыстық әрі ең тыныш уақыты болса керек. Себебі осы кезде адамдар жұмыстарын тоқтатып, тамақ ішіп, тынығып алатын. Егер Пауыл күнде-күнде осылай уағыздаған болса, онда екі жылда 3000-нан көп сағат уағыздаған b. Құдай сөзінің зор қарқынмен таралуына бұл да бір себеп болған. Иә, Пауыл қажырлы болған және кестесін өзгертіп, адамдарға икемделе білген. Нәтижесінде, “Азия аймағында тұратындардың бәрі: яһудилер де, гректер де — Иеміздің сөзін естіді” (Ел. іс. 19:10). Түбегейлі куәлік беру деген осы емес пе!
12 Ехоба куәгерлері де қызметте қажырлық танытады, басқаларға бейімделе біледі. Біз адамдар көп жүретін кезде, көп жүретін жерде уағыздауға тырысамыз. Мысалы, көшеде, базарда және басқа да қоғамдық орындарда. Сондай-ақ адамдарға телефонмен хабарласамыз я хат жазамыз. Ал учаскеге адамдар үйлерінде болады-ау деген уақытта баруға күш саламыз.
Зұлым рухтарға қарамай, “Ехобаның сөзі зор қарқынмен тарады” (Ел. іс. 19:11—22)
13, 14. а) Ехоба Пауылға қандай құдірет дарытты? ә) Скеуаның ұлдары қандай қателік жасады және бүгінде христиан әлеміндегілер қандай жаңсақ пікірде?
13 Әрі қарай Елшілердің істері кітабынан Ехоба Пауыл арқылы “зор құдіретті істер жасағанын” оқимыз. Тіпті оның беторамалы мен алжапқышын науқастарға апарғанда, олар айығып жатты, ал бойында жыны барлар оларынан құтылып жатты c (Ел. іс. 19:11, 12). Бұны көргенде, жұрттың көбісі таңғалысты, бірақ бәрі бірдей қуана қойған жоқ.
14 Пауылдың кереметін қайталағысы келіп, “ел аралап, адамдардан жындарды шығарып жүрген яһудилер де” бар еді. Олардың кейбірі Иса мен Пауылдың атынан бұйырып, жындарды шығармақшы болды. Мысалы, Лұқа “Скеуа есімді яһудилердің жоғарғы діни қызметкерінің жеті ұлы да осылай еткенін” айтқан. Бірақ жын оларға: “Исаны білемін, Пауылды да танимын, ал сендер кімсіңдер?”— деген. Бойында жыны бар адам сол алаяқтарға жыртқыш аңдай атылады да, олар жарақаттанып, жалаңаш күйі қаша жөнеледі (Ел. іс. 19:13—16). Бұдан Ехоба құдіретті күшін жалған діннің өкілдеріне емес, Пауылға бергені анық көрінді. Осылай “Ехобаның сөзі” жеңіске жетті. Бүгінде Құдайға жағу үшін “Исаның атын айтсам не мәсіхші аталсам болды” деп ойлайтындар өте көп. Бірақ Исаның өзі айтқандай, оның Әкесінің еркін орындайтындар ғана нұрлы болашаққа үміттене алады (Мат. 7:21—23).
15. Бұрын спиритизммен айналысқан ефестіктердің үлгісіне қалай еліктей аламыз?
15 Скеуа ұлдарының масқара болғанын көргенде, көп адам Құдайдан қорқып, Исаның ізбасары болды және спиритизммен айналысуды тоқтатты. Ефесте сиқырлық кең етек жайған еді. Неше түрлі сиқырлық заттар, тұмарлар, сиқырлық туралы кітаптар бар еді. Ефестегі сиқырлықпен айналысқан көп адам кітаптарын әкеліп, жұрттың көзінше өртеп жіберді. Олардың құны бүгінгі күнгі ақшаға шаққанда он мыңдаған доллар тұрған d. Лұқа былай деп жазды: “Осылайша Ехобаның сөзі зор қарқынмен тарап, ықпалы арта берді” (Ел. іс. 19:17—20). Расында да, шындықтың мерейі жалған дін мен сиқырлықтан үстем түсті! Сол адал жандар — біз үшін өнеге. Біз де спиритизм терең тамыр жайған дүниеде өмір сүріп жатырмыз. Егер онымен байланысты бір нәрсеміз бар екенін байқасақ, ефестіктер секілді дереу құтылайық. Қанша қымбат болса да, оның көзін құртып, мұндай жеркенішті істерге жоламайық.
“Үлкен толқу болды” (Ел. іс. 19:23—41)
16, 17. а) Деметір елді қалай дүрліктіріп жібергенін айтып беріңіз. ә) Ефестіктер өздерінің ессіз екендерін қалай көрсетті?
16 Лұқа Шайтанның тағы қандай тәсілді пайдаланғанын былай деп сипаттады: “Осы Жолға байланысты үлкен толқу болды”. Бұл өте қауіпті жағдай еді e (Ел. іс. 19:23). Бұл толқуға түрткі болған — күміс зергері Деметір. Алдымен, ол басқа зергерлерге пұттарды жасап сатқандарының арқасында табыс тауып жүргендерін айтты. Сосын, мәсіхшілер пұттарға табынбайтындықтан, Пауылдың айтып жүрген хабары кәсіптеріне зиян тигізетінін айтты. Кейін, тыңдаушыларының намысы мен ұлтшылдығын оятып, құдіретті әйел тәңірлері Артемида мен оның әлемге әйгілі ғибадатханасының “беделі түсіп” кететінін ескертті (Ел. іс. 19:24—27).
17 Деметірдің сөзі өтімді болды. Зергерлерді ашу кернеп, олар “Ефестіктердің Артемидасы құдіретті!”— деп айқайға басты. Содан, осы тараудың басында айтылғандай, бүкіл қала дүрлігіп, жұрт аласұрған ессіз тобырға қосылды f. Сонда жүрекжұтқан Пауыл амфитеатрға барып, жұртқа сөйлегісі келді. Бірақ шәкірттер оған басын қатерге байлауына жол бермеді. Сонда Ескендір деген бір кісі тобырдың алдына шығып, сөйлемекші болды. Ол яһуди болғандықтан, яһудилердің басқа, мәсіхшілердің басқа екенін түсіндіргісі келген шығар. Бірақ оны ешкім тыңдайын деп тұрған жоқ еді. Ескендірдің яһуди екенін білгенде, тобыр оған сөйлеуге мұрша бермей: “Ефестіктердің Артемидасы құдіретті!”— деп, екі сағаттай айғайлап тұрды. Қазіргі күнде де соларға ұқсайтын діни фанаттар бар. Солардың кесірінен адамдар ессіз әрекеттерге барады (Ел. іс. 19:28—34).
18, 19. а) Қала әкімі Ефестегі елірген тобырды қалай тыныштандырды? ә) Билік басындағылар кейде Ехобаның халқын қалай қорғап жатады және біз бұған қалай ықпал ете аламыз?
18 Бұл елірген тобырды қала әкімі ғана тыныштандыра алды. Осы ақылды билеуші тобырды олардың ғибадатханасына да, әйел тәңіріне де мәсіхшілер еш қауіп төндіріп тұрмағанына сендірді. Содан соң ол Пауыл мен серіктері Артемида ғибадатханасына қатысты ешқандай қылмыс жасамағанын айтты. Егер біреулердің Пауыл мен достарына тағар айыбы болса, онда аймақ әміршілеріне барсын деді. Бірақ оның ең өтімді сөзі мынау болса керек: тобырдың бұл бүлігі заңсыз, Рим үкіметінің ашуын тудырады. Осыны айтып, қала әкімі жиналған жұртты таратып жіберді. Оның ақылға қонымды сөздерінен кейін, тобыр басында қалай тез ашу шақырған болса, солай тез басылды (Ел. іс. 19:35—41).
19 Бұл — билік басындағы есті де парасатты кісілердің Ехобаның халқын қорғаған алғашқы да, соңғы да жағдай емес. Негізі, елші Жохан осындай көмек жайлы аян алған. Аянда “жер”, яғни қоғамдағы парасатты адамдар, “өзенді жұтып қоятыны”, яғни Шайтанның мәсіхшілерге жасаған қуғын-сүргінін тоқтататыны сипатталған (Аян 12:15, 16). Бұл шынымен солай болды. Осы дүниедегі парасатты заңгерлер Ехоба куәгерлерінің қауым кездесулерін өткізу мен ізгі хабарды уағыздауға қатысты құқықтарын қорғаған жағдайлар аз емес. Әрине, мұндай жеңістерге жетуге жүріс-тұрысымыз да едәуір ықпал етеді. Пауыл да өзінің жақсы жүріс-тұрысының арқасында Ефестегі кей билеушілердің құрметіне ие болса керек. Сондықтан да олар Пауылдың қауіпсіздігін ойлады (Ел. іс. 19:31). Біз де адал жүріс-тұрысымызбен, сый-құрметімізбен кездестірген адамдарға жақсы әсер қалдыруға тырысайық. Кім білсін, мұнымыз оң нәтиже берер.
20. а) Ехобаның сөзі I ғасырда және біздің уақытымызда зор қарқынмен тарап жатқаны жайлы не ойлайсыз? ә) Ехобаның жеңісі көбейе беру үшін не істеуге бекіндіңіз?
20 I ғасырда “Ехобаның сөзі зор қарқынмен тарап, ықпалы арта бергені” жан жүрегімізді қалай тебірентсе, бүгінде Ехоба өз халқына осындай жеңістер сыйлап жатқаны да дәл солай тебірентеді. Осы іспетті жеңістерге аз да болса өз үлесіңізді қосқыңыз келер ме еді? Онда осы тарауда қарастырылған мысалдардан үйреніңіз: кішіпейіл болыңыз, Ехобаның ұйымымен ілесіп жүріңіз, қызметте қажырлы болыңыз, спиритизмнен аулақ жүріңіз және адал жүріс-тұрысыңызбен, өзгелерді сыйлауыңызбен жақсы куәлік беруге ұмтылыңыз.
a 161-беттегі “ Ефес — Азия астанасы” деген қоршауды қараңыз.
b Пауыл Ефесте болғанда Қорынттықтарға арналған 1-хатты да жазған.
c Пауыл беторамалды терлегенде, тері көзіне кіріп кетпес үшін басына орап жүрген болса керек. Пауылдың алжапқыш таққанынан оның қызметтен бос кезінде, бәлкім, таңертең ерте, шатыр жасаумен айналысқанын білуге болады (Ел. іс. 20:34, 35).
d Лұқа кітаптардың құны 50 000 күміс ақша болғанын айтқан. Егер Лұқа динар туралы айтып тұрған болса, жұмысшы аптасына 7 күн жұмыс істеді деген күнде, бұл ақшаны табу үшін 50 000 күн немесе 137 жылдай жұмыс істеу керек еді.
e Кейбіреулер Пауыл қорынттықтарға “тірі қаламыз деп үміттенбедік” деп жазғанда, осы жағдай туралы айтқан деп ойлайды (Қор. 2-х. 1:8). Алайда ол бұдан да қауіпті жағдайды ойда тұтқан болуы мүмкін. Пауыл оларға “Ефесте жабайы аңдармен күрескенін” айтқан. Бұл жерде ол аренада жыртқыш аңдармен күрескенін немесе өзіне қарсы шыққан адамдармен күрескенін айтқан болса керек (Қор. 1-х. 15:32). Бұл сөзді тура мағынада да, бейнелі мағынада да түсінуге болады.
f Мұндай топтардың, яғни одақтардың ықпалы күшті болған. Мысалы, бір ғасырдай өткен соң, наубайшылар тобы Ефесті дүрліктіріп, осындай бүлік шығарған.