Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

28-ТАРАУ

“Жердің қиыр шетіне дейін”

“Жердің қиыр шетіне дейін”

Ехоба куәгерлері I ғасырдағы Исаның ізбасарлары бастаған істі әрі қарай жалғастыруда

1. Ертедегі мәсіхшілер мен бүгінгі Ехоба куәгерлерінің қандай ұқсастықтары бар?

 ОЛАР үлкен ынта-ықыласпен уағыздады. Киелі рухтың көмегі мен бағыт-бағдарын шын жүрекпен қабылдады. Қуғын-сүргін де олардың аузына қақпақ бола алмады. Құдайдың оларға төккен батасын айтсаңызшы! Осының бәрін ертедегі мәсіхшілер бастарынан өткізді. Бүгінгі Ехоба куәгерлері туралы да дәл осылай дей аламыз.

2, 3. Елшілердің істері кітабы несімен ерекше?

2 Қызықты оқиғаларға толы Елшілердің істері кітабы сіздің сеніміңізді бір қатайтып тастаған болар. Бұл — ерекше кітап. Себебі осы кітапта ғана алғашқы мәсіхшілердің тарихы баяндалады.

3 Елшілердің істерінде 95 адамның, 32 жердің, 54 қала мен 9 аралдың атауы кездеседі. Кітапта қарапайым халық, тәкаппар діни жетекшілер, атаққұмар саясаткерлер мен озбыр қуғындаушылар туралы сөз етілген. Ал ең маңыздысы, бұл кітап І ғасырдағы сіздің бауырластарыңыз жайында. Олар отқа да, суға да түсе жүріп, ізгі хабарды ыстық ықыласпен жариялай берді.

4. Елші Пауыл, Табита және басқа да ертедегі адал куәгерлермен арамызды не жалғап тұр?

4 Кеудесінде оты бар елшілер Петір мен Пауылдың, сүйікті дәрігер Лұқаның, жаны жомарт Барнаба мен жүрекжұтқан Степанның, мейірімі мол Табита мен қонақшыл Лүдияның және басқа да адал куәгерлердің заманынан бері 2000 жылдай уақыт өтті. Бірақ олармен арамызды жалғап тұрған бір іс бар. Ол — Иса тапсырған шәкірт дайындау ісі (Мат. 28:19, 20). Бізде осы іске үлескер болу құрметі бар!

“Жердің қиыр шетіне дейін” (Елшілердің істері 1:8)

5. Исаның ертедегі ізбасарлары уағыз ісін қай жерден бастады?

5 Исаның ізбасарларына берген тапсырмасы жайлы ойланып көрейікші. Ол: “Өздеріңе киелі рух қонғанда күш-қуатқа ие болып, Иерусалимде, бүкіл Яһудея мен Самарияда және жердің қиыр шетіне дейін мен жайлы куәлік етесіңдер”,— деген (Ел. іс. 1:8). Алдымен, киелі рух шәкірттерге “Иерусалимде” уағыздауға күш берді (Ел. іс. 1:1—8:3). Содан кейін киелі рухтың жетелеуімен “бүкіл Яһудея мен Самарияда” куәлік етті (Ел. іс. 8:4—13:3). Ал сосын олар ізгі хабарды “жердің қиыр шетіне дейін” жариялай бастады (Ел. іс. 13:4—28:31).

6, 7. Уағыз ісінде алғашқы шәкірттерге қарағанда, бізде қандай артықшылық бар?

6 Біле білсек, І ғасырдағы бауырластарымыз уағыздағанда, қолдарында Киелі кітап болмаған. Матайдың Ізгі хабары, кем дегенде, б. з. 41 жылы ғана жазылып біткен. Ал Пауылдың кейбір хаттары шамамен б. з. 61 жылы Елшілердің істері кітабы аяқталмай тұрып жазылған. Алғашқы шәкірттердің қолында толық Киелі жазбалары да, қызығушы адамдарға қалдыратын әдебиеттері де болмаған. Исаның шәкірті болмай тұрып, яһуди мәсіхшілер Еврей жазбаларын мәжілісханаларда естіген (Қор. 2-х. 3:14—16). Олар Жазбаларды құлақтарына құйып алуы керек еді, себебі қызметте жазба орындарын адамдарға жатқа айтатын.

7 Бүгінде көпшілігіміздің жеке Киелі кітабымыз бар және Киелі кітапқа негізделген әдебиеттеріміз де көл-көсір. Біз ізгі хабарды уағыздап, көптеген тілде, 240 ел мен аумақта шәкірт дайындап жүрміз.

Бізді киелі рух қуаттайды

8, 9. а) Киелі рухтың көмегімен Исаның шәкірттері не істеді? ә) Киелі рухтың көмегімен адал құл нендей дүниелер шығарып жатыр?

8 Иса шәкірттеріне куәлік етуді тапсырғанда: “Өздеріңе киелі рух қонғанда күш-қуатқа ие боласыңдар”,— деген болатын. Құдай рухының бағыттауымен Исаның ізбасарлары, түптің түбінде, бүкіл жер бетіне куәлік беру керек еді. Осы киелі рухтың арқасында Петір мен Пауыл ауруларды сауықтырды, жындарды қуып шығарды, тіпті қайтыс болғандарды тірілтті! Бірақ киелі рух оларға одан да маңызды себеппен берілді. Елшілер мен басқа да шәкірттер осы рухтың арқасында адамдарға мәңгілік өмірге жетелейтін тура білімді айтып жеткізе алды (Жох. 17:3).

9 Б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында Исаның шәкірттері “рухтың дарытуымен әртүрлі тілдерде сөйлей бастады”. Осылай олар көп тілде “Құдайдың ғажап істері жайлы” жариялады (Ел. іс. 2:1—4, 11). Әрине, біз таңғажайып түрде әртүрлі тілде сөйлеп кетпейміз. Алайда киелі рухтың көмегімен адал құл түрлі тілдерде Киелі кітап әдебиеттерін шығарып жатыр. Мысалы, “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналының ай сайын миллиондаған данасы басылады. Ал jw.org веб-сайтымызда Киелі кітап әдебиеттері мен видеолар 1000-нан аса тілде жарық көреді. Осының арқасында әрбір ұлттан, рудан және тілден шыққан адамдарға “Құдайдың ғажап істері” жайлы айтып жүрміз (Аян 7:9).

10. 1989 жылдан бері Киелі кітап аудармасына қатысты қандай еңбек атқарылуда?

10 1989 жылдан бері адал құл “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасының” көп тілге аударылуына айрықша мән беріп келеді. Осы Киелі кітап қазірдің өзінде 200-ден астам тілге аударылды әрі 10 миллиондаған данасы басып шығарылды. Алдағы уақытта бұл сан көбеймесе, азаймайды. Бұл еңбек тек Құдай мен киелі рухтың арқасында ғана атқарылуда.

11. Әдебиеттер аударылу үшін не істелініп жатыр?

11 Әдебиеттерімізді мыңдаған ерікті бауырлас 150-ден астам ел мен аумақта аударып жатыр. Біз бұған таңғалмаймыз, себебі дүниежүзі бойынша Ехоба Құдай, көкте орнаған Патшалық пен оның Патшасы жайлы “түбегейлі куәлік берілу” үшін ұйымды киелі рухтың өзі жетелеп келеді. Ал жер бетінде басқа мұндай ұйым жоқ! (Ел. іс. 28:23).

12. Пауыл мен басқа да мәсіхшілер ненің арқасында уағыздай алды?

12 Пауыл Писидиядағы Антиохияда яһудилер мен басқа ұлт адамдарына уағыздағанда, “мәңгі өмірге ыңғай танытқандардың барлығы Исаның ізбасары болды” (Ел. іс. 13:48). Лұқа Елшілердің істері кітабының соңында жазғандай, Пауыл “батылдықпен әрі еш бөгетсіз Құдай Патшалығы туралы уағыздаған” (Ел. іс. 28:31). Ол қай жерде уағыздады? Сол кездегі дүниежүзілік империяның астанасы Римде! Расында да, Исаның алғашқы шәкірттері баяндама айтса да не басқа тәсілдерді қолданса да, куәлік беру ісінің бәрін киелі рухтың көмегімен және бағыттауымен атқара алды.

Қуғынға қарамай уағыздай береміз

13. Қуғындалып жатсақ, не себепті дұға айтуымыз керек?

13 Алғашқы шәкірттер қуғын-сүргінге ұшырағанда, Ехобадан жалбарынып батылдық сұраған. Сонда олар киелі рухқа кенеліп, Құдай сөзін тайсалмай жариялай бастады (Ел. іс. 4:18—31). Қуғынға қарамастан уағыздай беру үшін біз де Ехобадан даналық пен күш сұрауымыз керек (Жақ. 1:2—8). Құдай киелі рухын беретіндіктен, Патшалық туралы хабарды уағыздай береміз. Бұл істі ештеңе де тоқтата алмайды: қатты қарсылық та, аяусыз қуғын да. Біз қудаланып жатсақ, ізгі хабарды жариялау үшін міндетті түрде киелі рух, даналық пен батылдық сұрауымыз қажет (Лұқа 11:13).

14, 15. а) “Степанның өлімінен кейін басталған қуғын-сүргін” қандай нәтиже әкелді? ә) Біздің күнімізде Сібірдегі көптеген адам шындықты қалай естіді?

14 Ержүрек Степан жау қолынан өлгенге дейін керемет куәлік берген (Ел. іс. 6:5; 7:54—60). Содан кейін “қатты қуғын” болып, елшілерден басқа шәкірттердің бәрі Яһудея мен Самария аймағына бытырап кетті. Бірақ бұл уағыз ісін ауыздықтай алмады. Мысалы, Філіп Самарияға барып, “Мәсіх жайлы уағыздады” және мұның жемісі керемет болды (Ел. іс. 8:1—8, 14, 15, 25). Сондай-ақ Киелі кітапта былай делінген: “Степанның өлімінен кейін басталған қуғын-сүргін кезінде жан-жаққа бытырап кеткен шәкірттер сонау Финикия, Кипр мен Антиохияға дейін жетіп, хабарды тек яһудилерге ғана айтумен болды. Алайда олардың ішіндегі кипрлік және күренелік кейбір кісілер Антиохияға келді де, грекше сөйлейтін адамдармен әңгімелесіп, оларға Иеміз Иса туралы ізгі хабарды жариялай бастады” (Ел. іс. 11:19, 20). Иә, сол кезде қуғын-сүргін Патшалық жайлы хабардың өрісін кеңейтуге сеп болды.

15 Біздің заманымызда да бұрынғы Кеңес Одағында осыған ұқсас жағдай болған. Әсіресе 1950 жылдары мыңдаған Ехоба куәгері Сібірге айдалды. Олар Сібірдің әр түрлі жеріне айдалғандықтан, ізгі хабар сол байтақ өлкеде кең құлаш жайды. Соншама көп Куәгердің 10 000 шақырымдай жерге барып уағыздау үшін қаражат табуы екіталай еді. Ал үкімет оларды өздері тегін жіберді. Бір бауырлас айтпақшы, “биліктегілердің өзі Сібірдегі мыңдаған ақжүрек адамның шындықты білуіне мұрындық болды”.

Ехоба көл-көсір батасын төкті

16, 17. Елшілердің істері кітабы Ехоба уағыз ісіне батасын бергенін қалай айғақтайды?

16 Алғашқы мәсіхшілерді Ехоба сөзсіз жарылқады. Пауыл мен өзгелер егіп, суарса, “өсіріп жатқан — Құдай” еді (Қор. 1-х. 3:5, 6). Елшілердің істері кітабы уағыз ісінің Ехобаның батасымен өркендегенін айғақтайды. Мысалы, “Құдай сөзі кеңінен тарап, Иерусалимде шәкірттердің саны барған сайын көбейе берді” (Ел. іс. 6:7). Мәсіхшілер көп жерде уағыздағандықтан, “бүкіл Яһудея, Ғалилея мен Самария өңіріндегі қауымдар тыныш күндерді бастан кешіріп, сенімдері нығая түсті. Барлығы Ехобаны қастерлегендіктен әрі киелі рух арқылы жігерленгендіктен қатарлары көбейе берді” (Ел. іс. 9:31).

17 Сириядағы Антиохияда яһудилер мен грекше сөйлейтін адамдар өжет куәгерлерден шындықты естіді. “Ехоба оларға жар болғандықтан, көптеген адам Иемізге сеніп, оған бет бұрды”,— дейді Киелі кітап (Ел. іс. 11:21). Сол қалада тағы қандай өсім болғаны жайлы былай деп оқимыз: “Ехобаның сөзі одан әрі тарап, сенушілердің саны көбейе берді” (Ел. іс. 12:24). Пауыл мен өзгелер басқа ұлт адамдарына табан аудармай уағыздағандықтан, “Ехобаның сөзі зор қарқынмен тарап, ықпалы арта берді” (Ел. іс. 19:20).

18, 19. а) Ехобаның бізге “жар болып” жатқанына неге сенімдіміз? ә) Ехоба өз халқын қолдайтынына мысал келтіріңіз.

18 Бүгінде Ехоба бізге де “жар болып” келеді. Сондықтан да талайлар шындықты қабылдап, өмірлерін Құдайға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өтуде. Бұған қоса, тек Ехобаның көмегі мен батасының арқасында ғана біздер қатты қарсылықтар мен қуғын-сүргінге төтеп беріп келеміз. Сондай-ақ қызметімізді Пауыл мен басқа да алғашқы шәкірттер сияқты әлі де сәтті атқарып жүрміз (Ел. іс. 14:19—21). Ехоба бізге көмек қолын созуға әрдайым асық. Тар қыспақ көрген кезіміздің бәрінде Ехоба бізді “мәңгі қолымен” сүйеп, демейді (Мұс. 5-ж. 33:27). Сондай-ақ ол ұлы есімі үшін халқын ешқашан тастамайды (Сам. 1-ж. 12:22; Зәб. 94:14).

19 Осыған бір мысал: Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде немістер Харольд Абт бауырласымызды уағыздағаны үшін Заксенхаузен концлагеріне жібереді. 1942 жылы мамырда гестапо оның үйіне барады да, әйелі Эльзаны тұтқындап, ал кішкентай қызын тартып алады. Эльза түрлі концлагерлерде отырып шығады. Ол былай деді: “Концлагерлерде отырған жылдары мен мына бір маңызды шындықты түсіндім: толарсақтан саз кешіп, қиындық көрген сәтте Ехобаның рухы айрықша күш береді екен! Тұтқынға алынғанға дейін бір әйел бауырластың хатын оқыған едім. Ол ауыр сынақта Ехобаның рухы жүрегіңе тыныштық ұялататынын жазған еді. Сонда “әй, мына бауырлас әсірелеп айтып жатыр-ау” деп ойладым. Бірақ басыма қиын күн туғанда, шын айтамын, бұл сөздердің растығына жүз пайыз көзім жетті. Сол кезде жүрегімде қандай тыныштық болғанын сөзбен жеткізе алмаймын. Өз басыңнан өтпейінше, бұған сену қиын”.

Түбегейлі куәлік беруден жалықпаңыз!

20. Пауыл үйқамақта отырғанда не істеді және бұл кейбір бауырластарымызды қалай жігерлендіреді?

20 Елшілердің істері кітабы Пауылдың құлшыныспен “Құдай Патшалығы туралы уағыздап” жатқанымен аяқталады (Ел. іс. 28:31). Ол үйқамақта отырғандықтан, Римде үйден үйге жүріп уағыздай алмады. Әйткенмен өзіне келгендердің бәріне жаппай куәлік берді. Бүгінгі таңда кейбір ардақты бауырластарымыз, бәлкім, төсекке таңылғандықтан болар, үйден шыға алмайды немесе қарттар үйінде тұрады. Бірақ олардың Ехобаға деген сүйіспеншілігі мен куәлік етуге деген ықыластары оттай ыстық. Біз көктегі Әкемізге дұға етіп, шындыққа сусап жүрген әрі Құдайдың керемет ниеттері жайлы білгісі келетін адамдарды сол бауырластарға жолықтыршы деп сұраймыз.

21. Неге уағыз ісін шұғыл түрде атқаруымыз керек?

21 Бірақ көпшілігіміз үйден үйге жүру мен қызметтің басқа да түрлеріне қатыса аламыз. Ендеше, әрбіріміз Патшалықтың жариялаушылары ретінде міндетімізді атқарып, “жердің қиыр шетіне дейін” куәлік беру үшін алдымызға жан салмайық. Бұл — шұғыл атқарылатын маңызды іс, себебі Мәсіхтің осында болуының “белгісі” алақанға салғандай анық көрініп тұр (Мат. 24:3—14). Біз бір секундты да құр жіберіп алғымыз келмейді. Өйткені дәл қазір “Иеміздің ісінде” атқаратын жұмыс көп (Қор. 1-х. 15:58).

22. Ехобаның күнін күте жүріп, не істеуге бекінейік?

22 “Ехобаның ұлы да ғаламат күнін” күте жүріп, адалдықпен және қайсарлықпен әрі қарай да куәлік беруге мықтап бекінейік (Жоел 2:31). Береялықтар сияқты, “Құдай сөзін зор ықыласпен қабыл алатын” талай жанды әлі кездестіреміз (Ел. іс. 17:10, 11). Сол себепті “Жарайсың, жақсы да адал құл!” деген сөзді естігенше, куәлік беруден талмайық! (Мат. 25:23). Егер шәкірт дайындау ісіне білек түре қатыссақ және Ехобаға деген адалдығымыздан ешқашан айнымасақ, Құдай Патшалығы жайлы “түбегейлі куәлік беруге” атсалысқанымыз үшін мәңгі бақи қуанып шаттанамыз!