Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

23-ТАРАУ

“Өзімді қорғау үшін айтатын сөздеріме құлақ салыңыздар”

“Өзімді қорғау үшін айтатын сөздеріме құлақ салыңыздар”

Пауыл ашулы тобырдың және Жоғарғы кеңестің алдында шындықты қорғайды

Елшілердің істері 21:18—23:10 негізделген

1, 2. Пауыл Иерусалимге не үшін келді және басына қандай сынақтар түсті?

 ПАУЫЛ Иерусалимнің тар, халық сапырылысқан көшелерімен келе жатыр. Ғасырлар бойы бұл қала Ехобаға арналған ғибадаттың орталығы болып келді. Тұрғындары қаланың осы бай тарихы мен өз ұлтын мақтан тұтады. Мұндағы мәсіхшілердің көбі Ехобаның ашылып жатқан ниетіне ілесудің орнына, ескінің сарқыншағы болған ғибадатқа әлі де көп мән беретіндерін Пауыл жақсы біледі. Сондықтан ол Ефестен осы ұлы қалаға бауырластарына тек материалдық жағынан ғана емес, рухани жағынан да көмектесуді көздеп келді (Ел. іс. 19:21). Пауыл өміріне қауіп төнгеніне де қарамады.

2 Иерусалимде Пауылдың басына қандай сынақтар түсті? Бір сынақ Пауыл жайлы алыпқашпа сөздерге сеніп қалған Мәсіхтің ізбасарларының тарапынан болды. Ал одан да қиын сынақ Мәсіхтің жауларының тарапынан келді. Олар Пауылға жалған айыптар тағып, ұрып-соғып, өлтірмекші болды. Осы дүрбелең оқиғалар кезінде Пауылға өзін қорғап сөйлеудің сәті туды. Осындай қысылтаяң кезеңде Пауыл кішіпейілділік, өжеттілік пен таудай сенім танытты. Біз де Пауылға қарап бой түзей аламыз. Қалай екенін білейік.

“Олар Құдайды мадақтады” (Ел. іс. 21:18—20а)

3—5. а) Пауыл Иерусалимде қандай кездесуге қатысты және ол жерде не талқыланды? ә) Пауылдың ақсақалдармен кездесуінен не түйеміз?

3 Пауыл мен оның серіктері Иерусалимге келген күннің ертеңіне қауымдағы жауапты ақсақалдарға жолықты. Сол кездегі көзі тірі елшілер жайлы ештеңе айтылмағанына қарағанда, бұл кезде олар басқа жақта қызмет етіп жүрген көрінеді. Алайда Исаның бауыры Жақып Иерусалимде еді (Ғал. 2:9). Пауыл мен “барлық ақсақалдар жиналып отырған” кездесуде Жақып төрағалық еткен секілді (Ел. іс. 21:18).

4 Пауыл ақсақалдармен “амандасқан соң, өзінің қызметі арқылы Құдайдың өзге ұлт адамдарының арасында не істегенін егжей-тегжейлі айтып берді” (Ел. іс. 21:19). Бұл оқиғалар жайлы естігенде, бауырластардың көңілдері судай тасығаны талассыз. Өзге елдерде уағыз ісі үлкен қарқынмен тарап жатқаны жайлы естігенде, біздің де төбеміз көкке жетеді (Нақ. с. 25:25).

5 Сөз арасында Пауыл Еуропадан алып келген садақа жайлы да айтқан болар. Жырақтағы бауырластарының қамқорлығы жайлы білгенде, олардың жүректері лүпілдеп қоя берді. Пауылдың оқиғаларын “естіген олар [ақсақалдар] Құдайды мадақтады” (Ел. іс. 21:20а). Біз де табиғи апаттан зардап шеккен не ауыр дертке шалдыққан бауырластарға дер кезінде қол ұшын беріп, жылы сөзімізбен жандарын жылытсақ, көңілдері тасып, мәз болып қалады.

Көпшілігі әлі де “Мұса Заңын қатаң ұстанды” (Ел. іс. 21:20ә, 21)

6. Пауыл қандай мәселе жайлы білді?

6 Сонан соң ақсақалдар Пауылға Яһудеядағы бауырластардың арасында оған қатысты бір мәселе туындағанын айтты. Олар: “Бауырым, сен мыңдаған яһудидің Иеміздің ізбасары болғанын білесің. Олардың барлығы Мұса Заңын қатаң ұстанады. Бірақ олар сен жайлы әр нәрсе естіп жүр. Атап айтқанда, сен өзге ұлт адамдарының арасында тұратын яһудилерді балаларын сүндеттемеуге, әдет-ғұрыптарды орындамауға және Мұса Заңын ұстанбауға үйретіп жүр екенсің”,— деді a (Ел. іс. 21:20ә, 21).

7, 8. а) Яһудеядағы көптеген мәсіхшілер қандай жаңсақ пікірде болды? ә) Яһуди сенушілердің осындай жаңсақ пікірде болғаны оларды мәсіхші болуға лайықсыз етті ме?

7 Мұса Заңы күшін жоғалтқанына 20 жылдан асса да, неге соншама көп мәсіхші әлі де сол Заңды қатаң ұстанып жүр? (Қол. 2:14) Б. з. 49 жылы Иерусалимде бас қосқан елшілер мен ақсақалдар қауымдарға хат жолдап, басқа ұлттан шыққан мәсіхшілерге сүндеттелудің және Мұса Заңын ұстанудың қажеті жоқ деген болатын (Ел. іс. 15:23—29). Бірақ хатта яһуди мәсіхшілер жайлы ештеңе айтылмағандықтан, олардың көбісі бұдан былай Мұса Заңына бағынудың қажет еместігін түсінген жоқ.

8 Яһуди сенушілердің осындай жаңсақ пікірде болғаны оларды мәсіхші болуға лайықсыз етті ме? Жоқ, өйткені олар мәсіхші болғанға дейін де, кейін де жалған тәңірлерге табынбаған, жалған діннің әдет-ғұрыптарын да ұстанбаған. Яһуди сенушілер қастерлеген Мұса Заңын әу баста Ехобаның өзі берген еді. Бұл Заңда дұрыс емес не жын-перілермен байланысты еш нәрсе болмады. Бірақ ол Заң көне келісіммен байланысты еді, ал мәсіхшілер жаңа келісім бойынша өмір сүретін. Таза ғибадат ету үшін енді мәсіхшіге Заң келісіміне бағынудың қажеті жоқ-тын. Ехоба өзіне қалай дұрыс ғибадат етуді мәсіхшілер қауымы арқылы ашып жатты. Ал Мұса Заңын қатаң ұстанып жүрген еврей мәсіхшілер мұны түсінген де, сенім артқан да жоқ. Оларға көзқарастарын жаңа ашылып жатқан шындықтарға сай өзгерту керек еді b (Ерм. 31:31—34; Лұқа 22:20).

“Сен туралы естігендері жалған” (Ел. іс. 21:22—26)

9. Пауыл Мұса Заңына қатысты нені түсіндірген?

9 Пауыл “өзге ұлт адамдарының арасында тұратын яһудилерді балаларын сүндеттемеуге, әдет-ғұрыптарды орындамауға үйретіп жүр” деген қауесет жайлы не деуге болады? Пауыл басқа ұлт адамдарына жіберілген елші болған, әрі оларға Мұса Заңын ұстанудың қажеті жоқ деген шешімді түсіндірген. Сондай-ақ басқа ұлт адамдарын сүндетке отырғызып, Мұса Заңына бағындырғысы келген яһудилерді әшкерелеген (Ғал. 5:1—7). Пауыл барған қалаларындағы яһудилерге де уағыздаған. Ол, сөз жоқ, хабарына құлақ асқан яһудилерге Исаның өлімі Мұса Заңының күшін жойғанын және адам Мұса Заңының емес, сенімнің арқасында әділ деп табылатынын түсіндірген (Рим. 2:28, 29; 3:21—26).

10. Пауыл Мұса Заңы мен сүндеттелуге қатысты қандай байсалды көзқараста болды?

10 Дегенмен Пауыл Демалыс күні жұмыс істемеу, кей тағамдарды жемеу сияқты яһуди дәстүрін ұстанып жүргендерді айыптаған жоқ (Рим. 14:1—6). Сүндеттелуге қатысты да ереже орнатпады. Ол тіпті әкесі грек болған Тімөтені яһудилер қабылдамай жүрмес үшін сүндетке отырғызды (Ел. іс. 16:3). Сүндетке отыру-отырмауды әркім өзі шешетін. Пауыл ғалаттықтарға: “Маңыздысы — сүндеттелу не сүндеттелмеу емес, сүйіспеншілік арқылы әрекет ететін сенім”,— деген (Ғал. 5:6). Ал кімде-кім Заңды орындау үшін және Ехобаға ұнамды болу үшін сүндеттелу шарт деп ойласа, демек, оның сенімі болмағаны.

11. Ақсақалдар Пауылға қандай кеңес берді және Пауыл не істемеген? (Сілтемені де қараңыз.)

11 Пауыл жайлы естігендері қауесет болса да, бұл сенуші яһудилерді алаңдатты. Сол себепті ақсақалдар Пауылға мынадай кеңес берді: “Арамызда ант берген төрт кісі бар, соларды ертіп алып, бірге тазару рәсімін жасаңдар. Сондай-ақ шаштарын алдырулары үшін шығындарын төле. Сонда бәрі сен туралы естігендері жалған екенін, қайта, Мұса Заңын ұстанып, дұрыс жүріп-тұратыныңды білетін болады” c (Ел. іс. 21:23, 24).

12. Пауыл ақсақалдармен қалай қызметтесе білді?

12 Пауыл мәселенің түпкі себебі өзі жайлы тараған қауесетте емес, Мұса Заңын ұстану керек деп тұрып алған яһуди сенушілерінің көзқарасында екенін айтса болар еді. Бірақ ол Құдайдың принциптеріне қайшы келмеген кездерде иліге білген. Осыған дейін ол: “Заңды ұстанатындарды әкелу үшін, өзім сол заңды ұстанбасам да, оны ұстанатындар іспетті болдым”,— деп жазған (Қор. 1-х. 9:20). Осы жағдайда Пауыл ақсақалдармен қызметтесіп, “заңды ұстанатындар іспетті” болды. Мұнысымен бізге жақсы өнеге қалдырды. Біз де өз дегенімізде тұрып алмай, ақсақалдармен қызметтесеміз (Евр. 13:17).

Жазбалардағы принциптер бұзылмаған кезде, Пауыл иліккен. Ал сіз ше?

“Бұл адам жер басып жүруге лайық емес!” (Ел. іс. 21:27—22:30)

13. а) Неліктен кейбір яһудилер ғибадатханада шу көтерді? ә) Пауыл қалай аман қалды?

13 Ғибадатханада істің арты насырға шапты. Ант бергендердің тазару рәсімінің күндері аяқталып қалғанда, Азиядан келген яһудилер Пауылды көріп қалды да, “басқа ұлт адамдарын ғибадатханаға кіргізіп жүр” деп жала жауып, елді дүрліктірді. Егер Рим әскерінің мыңбасы араласпағанда, олар Пауылды ұрып өлтірер еді. Мыңбасы оны тұтқынға алды. (Сол тұтқындалғаннан Пауыл азаттыққа 4 жылдан асқан соң бір-ақ шығады.) Әйтсе де оған төніп тұрған қауіптің беті қайта қойған жоқ. Мыңбасы яһудилерден неліктен Пауылға жабылып жатқандарын сұрағанда, әркім әр нәрсені айтып, айқайлай бастады. Бұл айқай-шудан мыңбасы ештеңе түсінбеді. Ақырында сарбаздарға Пауылды ашулы тобырдың арасынан көтеріп алып кетуге тура келді. Сарбаздар Пауылды әскерлер жатақханасына кіргізбек болғанда, Пауыл мыңбасына: “Маған халыққа арнап сөз сөйлеуге рұқсат етуіңізді өтінемін”,— деді (Ел. іс. 21:39). Мыңбасы рұқсат бергенде, Пауыл сенімін өжеттікпен қорғай бастады.

14, 15. а) Пауыл яһудилерге нені түсіндірді? ә) Яһудилердің Пауылға не себепті ашулы екенін анықтау үшін мыңбасы не істеді?

14 Пауыл сөзін: “Өзімді қорғау үшін айтатын сөздеріме құлақ салыңыздар!”— деп бастады (Ел. іс. 22:1). Оның еврейше сөйлеп жатқанын естігенде, жұрт тыныштала түсті. Ол неліктен өзінің Мәсіхтің ізбасары болғанына нақты-нақты дәлелдер келтірді. Пауылдың айтқандарын яһудилер егер қаласа тексеріп, дұрыстығына көз жеткізе алар еді. Кезінде Пауыл атақты Гамалиелдің өзінен білім алған және Мәсіхтің ізбасарларын қудалаған еді, сол жердегі кейбіреулер бұл жайтты білсе керек. Бірақ кейінірек Дамаскіге барар жолда қайта тірілген Мәсіх оған көрініп, онымен сөйлеседі. Қасындағы серіктері жарқыраған сәулені көріп, дауысты естігенмен, не айтылып жатқанын түсінбейді (Ел. іс. 9:7; 22:9). Сосын жарқыраған сәуледен көзі көрмей қалған Пауылды серіктері Дамаскіге дейін жетелеп апарады. Сол жақта яһудилер жақсы танитын Анани деген кісі керемет жасап, Пауылдың көзін ашады.

15 Әрі қарай Пауыл Иерусалимге оралғанда, өзіне ғибадатханада Иса көрінгенін айтты. Сонда яһудилер қайтадан ашуға мініп: “Бұл адам жер басып жүруге лайық емес! Оның көзін құртыңдар!”— деп айқай салды (Ел. іс. 22:22). Сонда Пауылды аман алып қалу үшін мыңбасы оны сарбаздар жатақханасына алып баруды тапсырды. Яһудилердің Пауылға неге сонша ашулы екенін анықтау үшін мыңбасы сарбаздарға оны сабап, жауап алуды бұйырды. Сол кезде Пауыл өзінің Рим азаматы екенін және олардың бұл ісі заңға қайшы екенін айтты. Бүгінде де Ехоба куәгерлері өз сенімдерін қорғау үшін заңдарға жүгінеді. (184-беттегі “ Рим заңы мен Рим азаматтары” және осы беттегі “ Бүгіндегі сот жеңістері” деген қоршауларды қараңыз.). Пауылдың Рим азаматы екенін естігенде, мыңбасы одан жауап алудың басқа жолын іздеді. Ертесіне ол Жоғарғы кеңестің мүшелерін жинап, Пауылды яһудилердің осы жоғарғы сотына алып барды.

“Мен парызшылмын” (Ел. іс. 23:1—10)

16, 17. а) Пауыл Жоғарғы кеңестің алдында тұрып сөйлей бастағанда не болды? ә) Пауылды ұрып жібергенде, ол кішіпейіл екенін қалай көрсетті?

16 Жоғарғы кеңестің алдында Пауыл өзін қорғап, былай деді: “Ағайындар, мен осы күнге дейін Құдай алдында кіршіксіз таза ар-ұжданмен өмір сүріп келдім” (Ел. іс. 23:1). Аузын ашқаны сол-ақ еді, “бас діни қызметкер Анани Пауылдың жанында тұрғандарға оның аузынан ұрып жіберуді бұйырды” (Ел. іс. 23:2). Не деген оңбағандық, не деген алалаушылық! Бас діни қызметкер Пауылдың дәлелін тыңдамай жатып, оны өтірікшіге шығарды. Сондықтан Пауыл оған: “Әктелген қабырға, сені Құдай ұрады. Мені Мұса Заңы бойынша соттау үшін келіп отырсың, ал енді сол Заңды өзің бұзып, мені ұрғызғаның қалай?”— деді (Ел. іс. 23:3).

17 Сол жердегі кейбіреулердің көздері шарасынан шыға жаздады, Пауылды ұрғанына емес, оның не дегеніне. “Құдайдың бас діни қызметкеріне тіл тигізгенің не?”— деді олар. Сонда Пауыл бірден кішірейіп, Заңды құрметтейтінін көрсетті. “Ағайындар, оның бас діни қызметкер екенін білмедім. Киелі жазбада “халқыңның басшысына тіл тигізбе” делінген ғой”,— деді жиналғандарға d (Ел. іс. 23:4, 5; Мұс. 2-ж. 22:28). Енді Пауыл басқа тәсілге көшті. Жоғарғы кеңестің мүшелері парызшылдар мен саддукейлер екенін байқаған ол: “Ағайындар, мен парызшылмын, парызшылдардың ұрпағынанмын. Мен өлгендердің қайта тірілетініне сенгенім үшін сотталып жатырмын”,— деді (Ел. іс. 23:6).

Пауыл сияқты біз де түрлі діннің өкілдерімен сөйлескенде, ортақ тақырып іздейміз

18. Неліктен Пауыл өзін “парызшылмын” деді және біз қалай Пауыл сияқты адамдармен ортақ тақырып тауып сөйлессек болады?

18 Пауыл неліктен өзін “парызшылмын” деді? Өйткені ол “парызшылдардың ұрпағынан” еді, яғни оның әулеті парызшылдар сектасына жататын. Сондықтан көбісі оны әлі де парызшыл деп санайтын e. Бірақ парызшылдар қайта тірілуге қатысты жалған ілімдерге сенеді ғой, қалай Пауыл өзін “парызшылмын” дейді? Парызшылдар адам өлгенімен, оның жаны өлмейді әрі жақсы адамдардың жаны қайтадан адам болып өмір сүреді дегенге сенген. Әрине, Пауыл мұндай жалған ілімдерге сенбеген. Ол Иса үйреткен қайта тірілуге сенген (Жох. 5:25—29). Десе де Пауыл парызшылдармен өлген адам үшін қандай да бір үміт бар екенімен келіскен. Ал саддукейлер қайта тірілуге мүлдем сенбеген. Біз де аумағымызда басқа дінді ұстанатын адамдармен сөйлескенде, ортақ тақырып табуға тырыссақ болады. Мысалы, мұсылмандармен сөйлескенде, біз де олар сияқты жалғыз Алла Тағалаға сенетінімізді айтсақ болады.

19. Неге Жоғарғы кеңестің мәжілісі айқай-шуға ұласып кетті?

19 Пауылдың сөздері Жоғарғы кеңесті екіге бөліп жіберді. “Жиналыс айқай-шуға ұласты. Парызшылдардың арасынан шыққан кейбір дін мұғалімдері орындарынан тұрып, қызу айтыса кетті де: “Біз бұл адамнан еш кінә таппадық. Ал оған рухани жаратылыс не періште сөйлеген болса, онда...”— десті” (Ел. іс. 23:9). “Періште” деген сөзді естігенде, саддукейлердің жандары шығып кете жаздады, себебі олар періштелерге сенбейтін! (“ Саддукейлер мен парызшылдар” деген қоршауды қараңыз.). Талас-тартыстың күшейіп кеткені соншалық — мыңбасыға елшіні құтқарып қалу үшін тағы араша түсуге тура келді (Ел. іс. 23:10). Бірақ Пауылға әлі де қауіп төніп тұрды. Онымен не болар екен? Келесі тарауға сөз берейік.

a Яһуди мәсіхшілер өте көп болғандықтан, қауымдар да көп болғанға ұқсайды. Олар бауырластардың үйлерінде жиналған.

b Бірнеше жылдан кейін елші Пауыл еврейлерге жазған хатында жаңа келісімнің артықшылықтарын түсіндіріп берді. Ол хатында жаңа келісім көне келісімнің күшін жойғанын анық көрсетті. Пауылдың келтірген иланымды айғақтарын олар яһуди қарсыластарға жауап беру үшін қолдана алар еді. Сондай-ақ бұл айғақтар Мұса Заңына көп мән беретін кейбір мәсіхшілердің де сенімін нығайтты (Евр. 8:7—13).

c Кейбір ғалымдардың айтуынша, бұл ер кісілер назир антын берген (Мұс. 4-ж. 6:1—21). Мұса Заңы бойынша, адам осындай ант бере алатын. Бірақ бұл Заңның күші жойылған еді. Әйткенмен Пауыл бұл төрт кісінің Ехобаға берген анттарын орындағанында тұрған ештеңе жоқ деп ойласа керек. Сондықтан Пауылдың олармен еріп барып, шығындарын төлегені қате емес еді. Олардың нақты қандай ант бергендері белгісіз. Егер бұл назир анты болған болса, олар назирлер сияқты құрбандықты күнәдан тазару үшін шалар еді. Бірақ Пауылдың мұндай құрбандықты құптауы екіталай, өйткені ол Мәсіхтің құрбандығы ғана адамды күнәларынан тазарта алатынын жақсы білген. Қалай болған күнде де, Пауыл ар-ұжданына қайшы ештеңе істемегеніне біз толық сенімдіміз.

d Кейбіреулердің айтуынша, Пауылдың көзі жақсы көрмегендіктен бас діни қызметкерді танымай қалған. Немесе Пауыл Иерусалимде ұзақ уақыт болмағандықтан, сол кездегі бас діни қызметкердің кім екенін білмеген болуы мүмкін. Я болмаса қалың тобырдың арасынан оны ұруды кім бұйырғанын көрмей қалған шығар.

e Б. з. 49 жылы елшілер мен ақсақалдар басқа ұлт адамдары Мұса Заңына бағыну керек пе деген мәселені шешуге бас қосқанда, араларындағы кей мәсіхшілер жайлы “кезінде парызшылдар сектасында болған бауырластар” делінген (Ел. іс. 15:5). Демек, парызшылдар сектасынан шыққандықтан, олар әлі де солай аталып жүрген көрінеді.