27-ТАРАУ
“Түбегейлі куәлік береміз”
Римде түрмеде отырған Пауыл ізгі хабарды уағыздай береді
Елшілердің істері 28:11—31 негізделген
1. Пауыл мен қасындағылар не нәрсеге сенімді?
ШАМАМЕН б. з. 59 жылы. Пауыл, Лұқа және Арыстарқ Жерорта теңізінде Мальта аралынан Италияға бара жатқан астық кемесімен жүзіп келеді (Ел. іс. 27:2). Кеме тұмсығында “Зевс ұлдары” деген таңба бар. Пауыл әлі де тұтқын болғандықтан, бір сақшы оны күзетіп тұр. Кемедегі теңізшілер грек құдайы Зевстің егіз ұлдары Кастор мен Полукстан қорғаныш іздесе, ізгі хабардың бұл үш жариялаушысы оларға үміт артпайды (Ел. іс. 28:11). Себебі олар Ехоба Құдайға қызмет етеді. Ал Ехоба оларға Пауылдың Римге барып куәлік ететінін және патшаның алдында тұратынын айтқан (Ел. іс. 23:11; 27:24).
2, 3. Пауыл мінген кеме қандай жолмен жүрді және оған әу бастан кім жар боп жүрді?
2 Үш күннен кейін олар Сиракуздағы кемежайға тоқтады. Бұл — Афина мен Римнен кем түспейтін Сицилияның көрікті қаласы. Сосын кеме Италияның оңтүстігіндегі Региге келді. Региден 320 шақырым жерде Италияның Путеол порты орналасқан еді (қазіргі Неаполға жақын жер). Кеме оңтүстіктен соққан желдің арқасында Путеолға екінші күні-ақ жетіп келді (Ел. іс. 28:12, 13).
3 Бұл — Пауылдың Римге жасаған сапарының соңғы бөлігі. Сол жерде ол император Неронның алдында тұрмақ. Сапарының басынан аяғына дейін Пауылға “жұбаныш атаулының қайнар көзі” Ехоба жар болып келеді (Қор. 2-х. 1:3). Осы тараудан көретініміздей, Ехоба Пауылды қолдауын доғармайды, Пауыл да миссионер ретінде құлшынысын еш бәсеңдетпейді.
“Пауыл... Құдайға ризашылық білдіріп, жігерленіп қалды” (Ел. іс. 28:14, 15)
4, 5. а) Бауырластар Пауыл мен қасындағыларды Путеолда қалай қарсы алады және ол мұндай еркіндікті қалай алса керек? ә) Түрмеде отырса да, мәсіхшілер жақсы жүріс-тұрыстарының қандай пайдасын көруі мүмкін?
4 Путеолға келгенде, Пауыл мен серіктері “бауырластарды тапты”. Бауырластар олардан жеті күнге қалуды өтінді (Ел. іс. 28:14). Қонақжайлылықтың неткен ғажап үлгісі! Олардың бұл қонақжайлылығы өздеріне екі есе болып қайтты. Өйткені Пауыл мен қасындағылар бауырластарды әбден рухани нығайтып тастады. Тұтқындағы Пауыл мұндай еркіндікті қайдан алды? Жақсы жүріс-тұрысының арқасында елші Рим сарбаздарының толық сеніміне ие болса керек.
5 Бүгінде де концлагерлерде, түрмелерде Ехобаның қызметшілері жақсы жүріс-тұрыстарының арқасында қандай да шамада еркіндік, жеңілдіктер алып жатады. Мысалы, ұрлық жасағаны үшін 75 жылға қамалған Румыниядағы бір кісі Киелі кітапты зерттеп, өмірін толық өзгертті. Оның қатты өзгергенін байқаған түрме басшылары оған ешкімнің күзетуінсіз-ақ қалаға шығып, түрмеге заттар сатып әкеп тұруды тапсырған. Біздің жақсы жүріс-тұрысымыз, бәрінен де бұрын, Ехобаны асқақтатады (Пет. 1-х. 2:12).
6, 7. Римдік бауырластар қалай ерекше сүйіспеншілік танытты?
6 Путеолдан шыққан Пауыл мен серіктері, бәлкім, 50 шақырымдай жаяу жүріп, Римге апаратын Аппи жолымен Капуаға келді. Үлкен-үлкен лава тастары төселген бұл әйгілі жолмен жүргенде, Италияның көрікті ауылдарын тамашалауға болатын және әр-әр жерінен Жерорта теңізі көрініп тұратын. Бұл жол Римнен 60 шақырымдай жердегі Понт батпағынан және Аппи базарынан өтетін. Лұқа жазғандай, Пауылдардың келе жатқанын естіп, Римдегі бауырластар Аппи базарына дейін келді. Ал қалғандары Римнен 50 шақырымдай жердегі Үш қонақүйде күтті. Паһ, шіркін, не деген сүйіспеншілік! (Ел. іс. 28:15).
7 Жолдан сілікпесі шыққан жолаушы Аппи базарында жарытып тыныға алмайтын. Рим ақыны әрі сатиригі Горацийдің жазуынша, бұл базарда “теңізшілер мен өрескел қонақүй иелері көп болған”. Сондай-ақ “ол жердің суы ішуге жарамсыз, лас болған”. Гораций Аппи базарында тіпті тамақ жеуге жеркенген! Осындай нашар жағдайға қарамай, Римнен келген бауырластар Пауыл мен серіктерін Римге аман-есен жеткізу үшін оларды осы жерде қуана-қуана күтіп алды.
8. Бауырластарды көргенде, Пауыл не үшін Құдайға “ризашылық білдірді”?
8 Киелі кітапта: “Пауыл оларды көргенде, Құдайға ризашылық білдіріп, жігерленіп қалды”,— делінген (Ел. іс. 28:15). Осы ардақты бауырластарын көргеннің өзі Пауылдың бойына қуат құйып, жұбаныш сыйлады. Кейбірін Пауыл жеке таныса керек. Пауыл не үшін Құдайға ризашылық білдірді? Себебі ол осы риясыз сүйіспеншілік киелі рухтың жемісі екенін білген (Ғал. 5:22). Бүгінде де киелі рух мәсіхшілерді бір-бірі үшін жанын аямауға, қажет кезде бір-бірін жұбатуға қозғау салады (Сал. 1-х. 5:11, 14).
9. Пауылды қарсы алған бауырластарға қалай еліктесек болады?
9 Мысалы, киелі рух көңілдері дарқан бауырластарды аудандық бақылаушыларға, миссионерлер мен өзге де толық уақытты қызметшілерге қонақжайлылық танытуға талпындырады. Бұл бауырластардың көбісі Ехобаға толық уақыт қызмет ету үшін көп құрбандықтарға барып жүр. Былай ойланып көріңізші: “Аудандық бақылаушы келгенде, оған және үйленген болса, әйеліне қалай көбірек қолдау көрсете аламын? Олармен қызметке жазылуды жоспарлай аламын ба?” Осылай етсеңіз, мұның мол батасын көресіз. Пауыл мен серіктері қызметте болған қызықты оқиғаларын айтып бергенде, римдік бауырластар қалай қуанып қалды десеңізші! (Ел. іс. 15:3, 4).
“Барлық жерде жаманатты” (Ел. іс. 28:16—22)
10. Пауылдың Римде жағдайы қандай болды және келген соң көп ұзамай не істеді?
10 Бір топ жолаушы ақыры Римге келіп жетті. “Пауылға оны күзететін сарбазбен бірге жалға алынған үйде тұруға рұқсат берілді” (Ел. іс. 28:16). Сол уақыттары үйқамақта отырған тұтқынды қашып кетпес үшін күзетшіге шынжырмен байлап қоятын. Бірақ ешқандай шынжыр Пауылға Патшалық жайлы құлшына жариялауға бұғау бола алмады. Ол үш күндей тынығып алғаннан кейін, өзін таныстыру үшін және куәлік беру үшін Римдегі яһуди жетекшілерін шақыртты.
11, 12. Римдегі яһудилер сөзіне құлақ түру үшін Пауыл оларға не деді?
11 Пауыл оларға былай деді: “Ағайындар, халыққа да, ата-бабамыздың әдет-ғұрпына да қарсы ештеңе істемесем де, мені Иерусалимде тұтқындап, римдіктердің қолына ұстап берді. Бұлар болса мені тергеп, өлімге кесетіндей еш себеп таппаған соң, босатып жібергілері келді. Алайда яһудилер наразылық білдіргендіктен, императордың сотын талап етуге мәжбүр болдым. Бірақ мұнымен өз халқымды айыптайын деген жоқпын” (Ел. іс. 28:17—19).
12 Яһудилерді “ағайындар” деп атауымен Пауыл өзі де солардың бірі екенін көрсеткісі келді, әрі олардың өзіне қандай да бір теріс көзқарасы болса, соны түзеткісі келді (Қор. 1-х. 9:20). Сондай-ақ ол яһуди бауырларын айыптау үшін емес, императордың алдында тұру үшін келгенін айтты. Пауылдың император сотын талап еткенінен жергілікті яһудилер бейхабар еді (Ел. іс. 28:21). Бір еңбекте Яһудеядағы яһудилердің Римдегі яһудилерге Пауыл туралы не үшін айтпағаны былай деп түсіндіріледі: “Пауыл мінген кеме қыс біткен соң Италияға келген алғашқы кемелердің бірі болса керек. Сондықтан бұл кезде Иерусалимнен Пауыл жайлы ешкім хат әкелмеген көрінеді”.
13, 14. Пауыл Патшалық тақырыбын қалай қозғады және біз оған қалай еліктей аламыз?
13 Сосын Пауыл Патшалық тақырыбын қозғап, өзіне келген яһудилердің әуесін оятатын мынадай сөздер айтты: “Мені Исраилдің үміті үшін осылай шынжырмен бұғаулағандықтан, сіздермен жолығып сөйлесуді сұрадым” (Ел. іс. 28:20). Бұл үміт, әрине, мәсіхшілер жариялап жүрген Мәсіхпен және оның Патшалығымен байланысты еді. Сонда яһуди ақсақалдары оған: “Біз осы сектаның барлық жерде жаманатты екенін білсек те, сенің пікіріңді тыңдағанымыз дұрыс деп ойладық”,— деді (Ел. іс. 28:22).
14 Уағыздауға мүмкіндік туғанда, біз де Пауыл сияқты тыңдаушыны қызықтырып жіберетін сұрақ қойсақ болады немесе ойландырып тастайтын сөздер айтсақ болады. Бұған қатысты жақсы кеңестерді “Теократиялық қызмет мектебінде білім аламыз”, “Оқу мен тәлім беру қабілетін шыңдайық” әдебиеттері мен “Жұмыс дәптерінен” таба аласыз. Сіз осы әдебиеттерді кәдеңізге жаратып жүрсіз бе?
Ел. іс. 28:23—29)
“Түбегейлі куәлік берудің” үлгісі (15. Пауылдың куәлігінен қандай төрт жайтты байқауға болады?
15 Белгіленген күн келгенде, Пауыл тұрып жатқан үйге яһудилер “алғашқысынан да көп болып келді”. Пауыл мәселенің мән-жайын түсіндіріп, “оларды Исаға сендіру үшін, Мұса Заңы мен пайғамбарлар жазбаларын қолдана отырып, Құдай Патшалығы туралы ертеден кешке дейін түбегейлі куәлік берді” (Ел. іс. 28:23). Пауылдың куәлігінен төрт жайтты түртіп алуға болады. Біріншіден, ол Құдай Патшалығына назар аударды. Екіншіден, тыңдаушыларын сендіретіндей етіп сөйледі. Үшіншіден, сөзін дәлелдеу үшін Жазбаларды қолданды. Төртіншіден, жанқиярлық танытып, “ертеден кешке дейін уағыздады”. Неткен тамаша үлгі! Оның түбегейлі куәлігінің нәтижесі қандай болды? “Кейбіреуі айтылғандарға сенсе, өзгелері сенбеді”. Лұқа баяндағандай, “олар өзара келісе алмай тарай бастады” (Ел. іс. 28:24, 25а).
16—18. Римдегі яһудилердің хабардан бас тартқанына Пауыл неге таңғалмады және адамдар хабарымызға құлақ аспай жатса, біз бұны қалай қабылдауымыз керек?
16 Кейбіреулердің тыңдамағанына Пауыл таңғалған жоқ. Өйткені бұл жайлы Киелі кітап пайғамбарлығында алдын ала айтылған. Пауылдың өзі де мұндайды бірінші рет көріп тұрған жоқ (Ел. іс. 13:42—47; 18:5, 6; 19:8, 9). Сондықтан тыңдамай кетіп бара жатқандарға Пауыл былай деді: “Киелі рух ата-бабаларыңызға Ишая пайғамбар арқылы келесі сөздерді дәл айтқан: —Мына халыққа барып, былай де: “Естисіңдер, бірақ ештеңе ұқпайсыңдар. Қарайсыңдар, бірақ көрмейсіңдер. Өйткені бұл халықтың жүрегі сезімсіз болып қалған” (Ел. іс. 28:25ә—27). “Жүрегі сезімсіз болып қалған” деген тіркес түпнұсқада “май басып қалған” жүректі білдіреді. Сондықтан Патшалық хабары олардың жүректерінен өтпейді (Ел. іс. 28:27). Әттең-ай, әттең!
17 Сөзінің соңында Пауыл яһудилерге қарағанда “өзге ұлттар” ізгі хабарға сөзсіз құлақ асатынын айтты (Ел. іс. 28:28; Зәб. 67:2; Ишая 11:10). Елші бұл жайлы ауыз толтырып айта алды, себебі қаншама басқа ұлт адамының ізгі хабарды қабылдағанын өз көзімен көрген! (Ел. іс. 13:48; 14:27).
18 Адамдар ізгі хабардан бас тартқанда, Пауыл іспетті, мұны көңілімізге алмайық. Қанша дегенмен, өмірге апаратын жолды табатындар көп болмайды ғой (Мат. 7:13, 14). Ал егер адам шындықтың жағына шығып жатса, шын жүректен қуанып, оны құшақ жая қарсы алайық (Лұқа 15:7).
“Құдай Патшалығы туралы уағыздау” (Ел. іс. 28:30, 31)
19. Пауыл қамауда отырған кезін қалай ұтымды пайдаланды?
19 Лұқа жазбасын жағымды және жылы сөздермен аяқтап: “Жалдаған үйінде ол [Пауыл] толық екі жыл тұрып, келгендердің барлығын жылы қарсы алды. Оларға батылдықпен әрі еш бөгетсіз Құдай Патшалығы туралы уағыздап, Иеміз Иса Мәсіх жайлы тәлім берді”,— деді (Ел. іс. 28:30, 31). Қонақжайлылық, сенім мен құлшыныс танытудың үлгісі деп осыны айтыңыз!
20, 21. Пауылдың Римде қызмет еткені кімдерге пайдалы болды?
20 Пауыл жылы қарсы алған адамдардың ішінде Онисым есімді Қолостан қашып кеткен құл болды. Пауыл Онисымға мәсіхші болуға көмектесті. Ал Онисым болса Пауылдың “адал да сүйікті бауырласына” айналды. Пауыл оны жақсы көргені сонша — “баламдай болған Онисым” деген (Қол. 4:9; Флм. 10—12). Иә, Онисым Пауылдың рухын көтеріп тастады! a
21 Пауылдың үлгісі басқаларға да жақсы әсер етті. Мұны філіпіліктерге айтқан сөзінен көреміз: “Басыма түскен жағдайдың ізгі хабардың кең таралуына септігін тигізіп жатқанын білсеңдер екен деймін. Мұнда патшаның бүкіл күзетші жасағына және басқаларға да менің Мәсіхке қызмет еткенім үшін бұғауда отырғаным мәлім болды. Сондай-ақ бұғауда отырғаным Иемізге қызмет етіп жүрген бауырластардың басым көпшілігіне сенімділік берді. Олар батылдана түсіп, Құдай сөзін қорықпай айтып жүр” (Філіп. 1:12—14).
22. Пауыл Римде үйқамақта отырған уақытын қалай босқа жібермеді?
22 Пауыл Римде үйқамақта отырған уақытын босқа жібермей, Мәсіхшілердің грек жазбаларына кірген маңызды хаттарын жазды b. Пауылдың бұл хаттары І ғасырдағы мәсіхшілерге қаншалықты пайдалы болса, бізге де соншалықты пайдалы. Себебі киелі рухтың жетелеуімен жазылған ондағы кеңестер әлі күнге дейін құндылығын жоғалтпаған (Тім. 2-х. 3:16, 17).
23, 24. Әділетсіз қамалса да, бүгінде көптеген мәсіхшілер Пауыл сияқты қалай жақсы көзқарас танытып жүр?
23 Елшілердің істерінде жазылмағанмен, Пауыл төрт жылдан кейін бостандыққа шықты. Ол екі жыл Кесарияда, екі жыл Римде үйқамақта отырды c (Ел. іс. 23:35; 24:27). Әйтсе де ол қуанышын жоғалтпай, жақсы көзқарас сақтады. Ехобаға қызмет ету үшін қолынан келгеннің бәрін істеді. Бүгінде де көптеген Ехобаның қызметшілері сенімдері үшін әділетсіз түрмеге жабылуда, бірақ олар қуаныштарын сөндірмей, уағыздарын жалғастыра беруде. Бейтараптығы үшін Испанияда түрмеге түскен Адольфоның мысалын көрейік. Бір офицер оған былай деген екен: ”Біз саған қайран қаламыз. Сенің өміріңді қанша қиындатсақ та, сен одан сайын күлімдеп, жылы сөздер айтасың”.
24 Уақыт өте түрмедегілер Адольфоға сенім артқаны сонша — оның есігін ашық қалдыратын болды. Сақшылар келіп, одан Киелі кітап туралы сұрастыратын. Тіпті біреуі Адольфоның камерасына кіріп, Киелі кітап оқып жүрді. Ал Адольфо оны күзетіп тұратын. Елестетіп көріңізші, тұтқын сақшыны “күзетіп” тұр! Осындай адал Куәгерлердің үлгісі бізді “батылдана түсіп, Құдай сөзін қорықпай айта беруге” талпындырғай, тіпті қиын кезде де!
25, 26. Пауыл 30 жыл өтер-өтпес, қандай пайғамбарлықтың орындалғанын көрді және бүгінде сол пайғамбарлық қалай орындалып жатыр?
25 Елшілердің істері кітабы “ізгі хабарды уағыздау” үшін қолдан келгеннің бәрін істеген мәсіхшілердің әсерлі оқиғаларына тұнып тұр. Бұл кітап үйқамақта отырып, өзіне келгендерге Құдай Патшалығы туралы уағыздай берген Пауылдың жігерлі оқиғасымен бітеді. Бірінші тарауда Исаның ізбасарларына “өздеріңе киелі рух қонғанда күш-қуатқа ие болып, Иерусалимде, бүкіл Яһудея мен Самарияда және жердің қиыр шетіне дейін мен жайлы куәлік етесіңдер” деген тапсырмасы жайлы оқыған едік (Ел. іс. 1:8). Содан 30 жыл өтер-өтпес, Патшалық жайлы хабар “барлық жерде уағыздалды” d (Қол. 1:23). Бұны Құдай рухының құдіреті демегенде, не дейсіз?! (Зәк. 4:6).
26 Бүгінде дәл сол Құдай рухы Мәсіхтің бауырларына және “басқа қойларға” 240 ел мен аумақта “Құдай Патшалығы туралы... түбегейлі куәлік беруге” күш дарытуда (Жох. 10:16; Ел. іс. 28:23). Сіз осы іске толық атсалысып жүрсіз бе?
a Пауыл Онисымды қасында қалдырғысы келді. Бірақ бұл Рим заңына қайшы еді және Онисымның қожайыны мәсіхші Філімонның құқығына қол сұққандық болар еді. Сондықтан ол Онисымды Філімонға қайтарып, хат жазып жіберді. Хатында ол Філімоннан құлын сүйікті бауырласы ретінде қабылдауын сұрады (Флм. 13—19).
b 212-беттегі “ Пауылдың алғаш рет Рим қамауында жазған бес хаты” деген қоршауды қараңыз.
c 214-беттегі “ Пауылдың б. з. 61 жылынан кейінгі өмірі” деген қоршауды қараңыз.
d “ Ізгі хабар “барлық жерде уағыздалды” деген қоршауды қараңыз.