25-ТАРАУ
”Императордың сотын талап етемін!”
Пауыл ізгі хабарды қорғау жағынан керемет үлгі қалдырды
Елшілердің істері 25:1—26:32 негізделген
1, 2. а) Пауыл қандай жағдайда еді? ә) Пауылдың императордың сотын талап еткені қандай сұрақ туындатады?
КЕСАРИЯДА сақшылар Пауылды мықтап күзетіп тұр. Екі жыл бұрын Пауыл Яһудеяға келгенде, яһудилер бірнеше күннің ішінде оны үш рет өлтірмек болды (Ел. іс. 21:27—36; 23:10, 12—15, 27). Әзірге бұларынан түк шықпады. Бірақ олар алған беттерінен қайтар емес. Пауыл сол яһудилердің қолына қайтадан түсіп қалуы мүмкін екенін түсінгенде, Рим әміршісі Фестке: “Императордың сотын талап етемін!”— деді (Ел. іс. 25:11).
2 Ехоба Пауылдың осы шешімін қолдады ма? Бұл сұрақтың жауабын білгеніміз аса маңызды. Неге десеңіз, біз де соңғы күндері Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды түбегейлі уағыздап жүрміз. Сондықтан “ізгі хабарды қорғап, оны заңдастыру” жағынан Пауыл бізге қандай үлгі қалдырғанын білгеніміз абзал (Філіп. 1:7).
“Төрелік орны алдында тұр” (Ел. іс. 25:1—12)
3, 4. а) Яһудилер Пауылды Иерусалимге қандай оймен алдыртпақ болды және ол өлімнен қалай аман қалды? ә) Ехоба Пауылды демегеніндей, бүгінгі қызметшілерін қалай демейді?
3 Яһудеяның жаңа әміршісі Фест билікке келгеніне үш күн болғанда, Иерусалимге барды a. Ол жерде Фест жоғарғы діни қызметкерлер мен яһуди жетекшілерінің Пауылға таққан ауыр айыптарын тыңдады. Олар жаңа әміршінің өздерімен де, бүкіл яһудилермен де жақсы қарым-қатынаста болуы керектігін білген. Сондықтан әміршіден жақсылық жасап, Пауылды соттау үшін Иерусалимге жіберуін сұрады. Бірақ олардың арам ойы болды. Олар Кесариядан Иерусалимге барар жолда қалтарыстан тап беріп, Пауылды мерт қылғылары келді. Бірақ Фест олардың өтінішінен бас тартып: “Бұл кісінің қандай да бір кінәсі болса, араларыңда билігі барлар менімен бірге [Кесарияға] жүріп, тағатын айыптарын сол жерде айтсын”,— деді (Ел. іс. 25:5). Осылай Пауыл өлімнен тағы да аман қалды.
4 Қиын шақтарда Ехоба Пауылды Иса Мәсіх арқылы демеп отырды. Мысалы, есіңізде болса, Иса елшісіне: “Батыл бол!”— деген еді (Ел. іс. 23:11). Бүгінде де Құдайдың қызметшілері қарсылықтар мен қуғын-сүргінге кезігеді. Әрине, Ехоба бізді әрбір қиындықтан қалқаламайды. Бірақ төзе алуымыз үшін даналық пен күш дарытады. Біз қамқор Құдайымыздың әрқашан “адам күшінен асқан күш” беретініне сенімді бола аламыз (Қор. 2-х. 4:7).
5. Фест Пауылдың ісін қалай қарастырды?
5 Біраз күн өткен соң, Фест Кесарияда “төрелік орнына отырды” b. Оның алдына Пауыл мен оны айыптаушылар келді. Олардың айыптары негізсіз екенін көрсетіп, Пауыл: “Мен не яһудилердің Заңына, не ғибадатханаға, не императорға қарсы ешқандай күнә жасаған жоқпын”,— деп айтты. Расымен де, елшінің ешқандай кінәсі болмаған, сондықтан оны босату керек еді. Фест қандай шешім шығарар екен? Яһудилерге жаққысы келген ол Пауылдан: “Сен осы айыптар бойынша Иерусалимге барып сотталғың келе ме?”— деп сұрады (Ел. іс. 25:6—9). Не деген ақымақ ұсыныс! Егер Пауыл Иерусалимге барса, оны айыптаушылар соттап, міндетті түрде өлімге кеседі. Фест әділ сот жүргізудің орнына, халықтың көңілінен шығуды ойлады. Ертеректе әмірші Понти Пилат Исаны соттағанда, дәл осылай еткен болатын (Жох. 19:12—16). Бүгінде де көп соттар өзгелердің көңілінен шығуды ойлап, әділетсіз шешім шығарып жатады. Сондықтан біз соттардың келтірілген айғақтарға қарамай, Құдай халқына қарсы шешім шығаратынына таңғалмауымыз керек.
6, 7. Неліктен Пауыл императордың сотын талап етті және мәсіхшілерге қандай үлгі қалдырды?
6 Фест яһудилерге жағамын деп жүргенде, Пауыл өліп кетпек еді. Сол себептен Пауыл Рим азаматы ретінде құқықтарын пайдаланды. Ол Фестке: “Мен императордың төрелік орны алдында тұрмын, осы жерде сотталуым керек. Яһудилерге еш жамандық жасаған жоқпын. Мұны өзіңіз де жақсы білесіз... Императордың сотын талап етемін!”— деді. Мұндай талап әдетте екі етпей орындалу керек болған. Сондықтан Фест: “Императордың сотын талап етсең, императорға барасың”,— деді (Ел. іс. 25:10—12). Пауыл жоғары тұрған сот инстанциясына шағымдануымен бүгінгі мәсіхшілерге жақсы үлгі қалдырды. Қарсыластар “заңды пайдаланып пәлеге ұшыратуды ойлағанда”, Ехоба куәгерлері ізгі хабарды қорғау үшін соттарға жүгінеді c (Зәб. 94:20).
7 Ешқандай қылмыс жасамаса да, екі жылдан аса түрмеде отырған Пауылға Римде өзін қорғап сөйлеудің сәті туды. Бірақ Римге бармай тұрып, онымен басқа бір билеуші сөйлескісі келді.
“Мойынсұндым” (Ел. іс. 25:13—26:23)
8, 9. Агриппа патша Кесарияға не себептен келді?
8 Фест Пауылдың император сотын талап еткенін естігеннен бірнеше күн өткен соң, Агриппа патша әпкесі Берникемен жаңа әміршіге “қошемет көрсету үшін” Кесарияға келді d. Римдіктердің заманында жаңа әміршілер тағайындалғанда, бір-бірін құттықтап бару үрдісі болған. Агриппа Фестті құттықтап баруымен бір оқпен екі қоянды атқысы келді. Ол болашағын ойлап, әміршімен саяси және жеке достығын нығайтып алуды да көздеді (Ел. іс. 25:13).
9 Фест патшаға Пауыл жайлы айтып бергенде, Агриппа қызығып кетеді. Сөйтіп, келесі күні екі билеуші төрелік орнына келіп отырады. Екі патшаның билігі мен сән-салтанаты сонда отырғандарды қаншалықты тамсандырмасын, бұлары алдарындағы тұтқынның айтқан сөздерінің көлеңкесінде қалып қойды (Ел. іс. 25:22—27).
10, 11. Пауыл Агриппаға қалай құрметпен сөйледі және оған өткен өмірі жайлы не айтты?
10 Пауыл Агриппа патшаға яһудилердің барлық әдет-ғұрыптары мен даулы мәселелерін жақсы білетінін айтып, оның алдында өзін қорғап сөйлеуге мүмкіндік бергеніне құрметпен ризашылық білдірді. Сосын өзінің бұрынғы өмірі жайлы айтып: “Парызшыл ретінде дініміздің ең қатал ағымын ұстандым”,— деді (Ел. іс. 26:5). Парызшыл ретінде ол Мәсіхтің келетініне үміттенген болатын. Ал қазір мәсіхші ретінде сол уәде етілген Мәсіхтің Иса екенін батыл айтып жүр. Пауыл өзі де, айыптаушылары да сенген Құдайдың сол уәдесі орындалып жатқанын уағыздап жүргені үшін сотталып тұр. Оның сөздері Агриппаны одан сайын қызықтырып жіберді e.
11 Бұрын мәсіхшілерді қалай аяусыз қудалағанын есіне түсіріп, Пауыл былай деді: “Кезінде мен назареттік Исаның есіміне көп қарсылық көрсетуім керек деп ойладым... Ашуға булыққаным сонша — [Мәсіхтің ізбасарларын] басқа қалаларға да барып қудаладым” (Ел. іс. 26:9—11). Пауыл асыра сілтеп айтып тұрған жоқ еді. Оның кезінде мәсіхшілерді қалай қуғындағанын көп адам білетін (Ғал. 1:13, 23). Агриппа “мұндай адамның өзгеруіне не түрткі болды екен?” деп ойласа керек.
12, 13. а) Пауыл мәсіхші болғанын қалай сипаттап берді? ә) Пауыл қалай “үшкір таяққа қарсыласты”?
12 Агриппаның сұрағына мына сөздер жауап болды: “Мен жоғарғы діни қызметкерлерден тапсырма мен өкілеттік алып, Дамаскіге бара жатқанмын. Сонда тал түсте маған және серіктеріме көктен күн нұрынан да жарық сәуле түсті. Бәріміз жерге құлай кеттік. Сонда бір дауыс шығып, еврей тілінде: — Саул, Саул, мені неге қудалап жүрсің? Үшкір таяққа қарсыласа берсең, өзіңе зақым келтіресің,— дегенін естідім. Бірақ мен: — Сіз кімсіз?— дегенімде, ол: — Мен өзің қудалап жүрген Исамын,— деді” f (Ел. іс. 26:12—15).
13 Осы керемет орын алғанға дейін Пауыл, бейнелеп айтқанда, “үшкір таяққа қарсыласып жатқан” еді. Айдағанға көнбей, үшкір таяққа қарсыласып, өзін жарақаттайтын жануар іспетті, Пауыл да Құдайдың еркіне қарсы шығып, рухани күйіне зақым келтірді. Бірақ қайта тірілген Иса Дамаскіге барар жолда Пауылға көрініп, осы ақжүрек, бірақ адасып жүрген адамның ойын өзгертті (Жох. 16:1, 2).
14, 15. Пауыл өміріндегі өзгерістер жайлы не деді?
14 Пауыл өмірін күрт өзгерткенін айтып, Агриппаға былай деді: “Көктен келген аянға мойынсұнып, бірінші, Дамаскідегілерге, сосын, Иерусалим тұрғындарына, кейін бүкіл Яһудея аймағы мен өзге ұлттарға барып, олардың өкінуі әрі бұны іс жүзінде көрсетулерімен Құдайға бет бұрулары керектігін жарияладым” (Ел. іс. 26:19, 20). Иә, жылдар бойы Пауыл Исаның “тал түсте” берген тапсырмасын орындап жүрді. Бұның нәтижесі қандай болды? Пауылдың айтып жүрген хабарына құлақ асқан жандар өздерінің азғын, арам істеріне өкініп, Құдайға бет бұрды. Осылай олар елдің заңы мен тәртібіне бағынып, қоғамға пайдасын тигізетін жақсы азаматтарға айналды.
15 Бірақ Пауылдың айтқан хабары адамдарды осылай жақсартып жатқанына яһуди қарсыластар пысқырмады да. “Яһудилер мені осы үшін ғибадатханада ұстап алып, өлтірмек болды. Алайда Құдайдың көмегімен ұлықтарға да, кішіктерге де осы күнге дейін куәлік етіп келемін”,— деді Пауыл (Ел. іс. 26:21, 22).
16. Төрешілер мен билеушілердің алдында сеніміміз жайлы айтқанда, Пауылға қалай еліктей аламыз?
16 Шынайы мәсіхшілер ретінде біз сенімімізді “қорғап сөйлеуге әрдайым дайын болуымыз” керек (Пет. 1-х. 3:15). Сеніміміз жайлы төрешілер мен билеушілердің алдында айтқанда, Пауылдың Агриппа мен Фестке қалай сөйлегеніне еліктей аламыз. Оларға Киелі кітап шындықтары өзіміздің де, хабарымызға құлақ асқан адамдардың да өмірін қалай жақсы жаққа өзгертіп жатқанын құрметпен айтып берсек болады. Бұл олардың жүректерін жібітуі мүмкін.
Ел. іс. 26:24—32)
“Мені мәсіхші болуға иландырмақсың ғой” (17. Пауыл өзін қорғап сөйлегенде, Фест не деді және бүгінде көбісі біз туралы не дейді?
17 Пауылдың соқырға таяқ ұстатқандай айғақтары екі билеушіге әсер етпей қоймады. Киелі кітап былай дейді: “Пауыл өзін қорғап, осыларды айтып жатқанда, Фест қатты дауыстап: “Пауыл, сенің есің дұрыс емес! Көп білгенің сені есіңнен адастырды!”— деді” (Ел. іс. 26:24). Қазір де Фест сияқты айтатын адамдарды көп көріп жүрміз. Олар Киелі кітап шындықтарын үйрететіндерді “фанатиктер” дейді. Осы дүниенің оқыған-тоқыған білімділеріне қайта тірілу ілімін қабылдау қиын.
18. Пауыл Фестке қалай жауап берді және оның сөздері Агриппаға қалай әсер етті?
18 Бірақ Пауыл әміршіге былай жауап берді: “Менің есім дұрыс, жоғары мәртебелі Фест. Мен шындық пен естіліктің сөздерін айтып тұрмын. Өзім алдында еркін сөйлеп тұрған патша бұларды жақсы біледі... Агриппа патша, пайғамбарларға сенесіз бе? Сенетініңізді білемін”. Сонда Агриппа: “Аз уақыттың ішінде мені мәсіхші болуға иландырмақсың ғой”,— деді (Ел. іс. 26:25—28). Агриппаның бұл сөзі шын жүректен шықты ма, жоқ па, әйтеуір, Пауылдың куәлігі оған қатты әсер еткені білінеді.
19. Фест пен Агриппа Пауылға қатысты қандай шешімге келді?
19 Кейін Агриппа мен Фест сот тыңдауы аяқталғанын білдіріп, орындарынан тұрды. Сол жерден шығып бара жатып, олар өзара: “Бұл адам өлімге кесілетіндей не бұғауланатындай ештеңе жасап жүрген жоқ”,— десті. Агриппа Фестке: “Егер ол императордың сотын талап етпегенде, босатып жіберуге болар еді”,— деді (Ел. іс. 26:31, 32). Екеуі де Пауылдың сүттен ақ, судан таза екенін білген. Бәлкім, осыдан кейін олар мәсіхшілерге оң көзбен қарай бастаған шығар.
20. Пауылдың билік басындағыларға берген куәлігі қандай нәтиже әкелді?
20 Бұл екі мықты билеуші де Патшалық хабарын қабылдамаған секілді. Бірақ елшінің олардың алдында өзін қорғап сөйлегенінің пайдасы болды ма? Әрине, болды. Пауыл Яһудеядағы “патшалар мен билеушілердің алдына әкелінбегенде”, бәлкім, Рим әміршілері ешқашан ізгі хабар жайлы естімес еді. Басқалай олармен кездесу оңай емес-тін (Лұқа 21:12, 13). Бұдан бөлек, Пауылдың осындай сынақтарда адалдығынан таймағаны бауырластарының да сенімін қатайтып тастады (Філіп. 1:12—14).
21. Ізгі хабарды талмай уағыздай берсек, қандай оң нәтижесін көруіміз мүмкін?
21 Бүгінде де дәл солай. Қиындықтар мен қарсылықтарға қарамастан, ізгі хабарды қайтпай уағыздай берсек, көптеген жақсы нәтижесін көруіміз мүмкін. Біз ізгі хабар жете бермейтін билік басындағыларға куәлік бере аламыз. Сондай-ақ сынақтарда адалдық пен табандылық танытқанымыз бауырластарымыздың жігерін қайрайды. Сонда олар Құдай Патшалығы жайлы түбегейлі куәлік беруге одан сайын батылдана түседі.
a 199-беттегі “ Рим әміршісі Порси Фест” деген қоршауды қараңыз.
b “Төрелік орны” — биік мінбедегі төрешіге арналған орындық. Бұл орынның жоғары орналасқаны төрешілердің шешімінің салмағы бар екенін және ол соңғы шешім екенін білдірген. Пилат Исаның ісін қарастырғанда, осындай төрелік орнында отырған.
c 200-беттегі “ Шынайы ғибадатты қорғау үшін соттарға жүгінеміз” деген қоршауды қараңыз.
d 201-беттегі “ II Ирод Агриппа патша” деген қоршауды қараңыз.
e Мәсіхші ретінде Пауыл Исаны уәде етілген Мәсіх деп қабылдады. Ал Исаны қабылдамаған яһудилер Пауылды жолдан тайған деп есептеді (Ел. іс. 21:21, 27, 28).
f Пауылдың “тал түсте” сапар шеккені туралы бір ғалым былай деді: “Егер ісі өте шұғыл болмаса, жолаушы әдетте тал түсте демалып алатын. Пауылдың тал түсте де сапар шеккеніне қарап, мәсіхшілерді қудалауға жан сала кіріскенін көруге болады”.