8-ТАРАУ
”Қауымдар тыныш күндерді бастан кешірді”
Озбыр қудалаушы Саул оттай жалындаған қызметшіге айналды
Елшілердің істері 9:1—43 негізделген
1, 2. Саул Дамаскіге не үшін бара жатты?
БЕТ-ЖҮЗДЕРІ қара бұлттай түнерген жолаушылар зымиян ниеттерін іске асыру үшін Дамаск қаласына жақындап келеді. Олар өздері жек көретін Исаның шәкірттерін үйлерінен күштеп шығарып, қол-аяқтарын байлап, қорлап, Иерусалимге Жоғарғы кеңестің алдына сүйреп алып келмекші.
2 Бұл топтың жетекшісі — онсыз да қолы қанға малынған Саул a. Жақында ғана ол өзі сияқты фанаттардың Исаның адал шәкірті Степанды таспен атқылап өлтіргенін мақұлдап, қарап тұрды (Ел. іс. 7:57—8:1). Ол Исаның Иерусалимдегі ізбасарларын қудалағанды аз көріп, қуғын-сүргінді басқа жерлерде де өршітуді көздеді. Ол “Жол” деп аталатын қауіпті сектаның көзін құртқысы келді (Ел. іс. 9:1, 2; 61-беттегі “ Саулдың алған өкілеттігі” деген қоршауды қараңыз).
3, 4. а) Саулмен қандай жағдай болды? ә) Біз қандай сұрақтарды талқылаймыз?
3 Кенет көктен сәуле түсіп, Саулдың айналасын жарқыратып жіберді. Қасындағы серіктері жарықты көргенде, қорқып кеткендері сонша — тілдері байланып сөйлей алмай қалды. Ал Саулдың көзі көрмей қалып, жерге құлап түсті. Сол кезде көктен: “Саул, Саул, мені неге қудалап жүрсің?”— деген дауысты естіді. Саул не болып жатқанын түсінбей: “Сіз кімсіз?”— деп сұрады. “Мен өзің қудалап жүрген Исамын” деген жауапты естігенде, оның төбесіне жай түскендей болды (Ел. іс. 9:3—5; 22:9).
4 Исаның Саулға айтқан алғашқы сөздерінен не білеміз? Саул Исаның шәкірті болғанда орын алған оқиғалардан қандай сабақ аламыз? Сол жағдайдан кейін орнаған тыныш күндерді қауымдар қалай пайдаланды және біз бұдан не үйренеміз?
Ел. іс. 9:1—5)
“Мені неге қудалап жүрсің?” (5, 6. Исаның Саулға айтқан сөзінен не білеміз?
5 Иса Саулды Дамаскіге барар жолда тоқтатқанда, ол “неге менің шәкірттерімді қудалап жүрсің?” деп емес, “неге мені қудалап жүрсің?” деп айтты (Ел. іс. 9:4). Демек, шәкірттері жапа шеккенде, Иса өзі жапа шеккендей болады (Мат. 25:34—40, 45).
6 Егер Мәсіхке сенгеніңіз үшін қиындық көріп жүрсеңіз, бір нәрсеге сенімді болыңыз: Ехоба мен Иса сіздің жағдайыңызды жақсы біледі (Мат. 10:22, 28—31). Бәлкім, қиындықтарыңыз әзірге өзгеріссіз қала беретін шығар. Бірақ есте ұстаңыз, Иса Степанның өлімін Саул қалай құптап тұрғанын, Иерусалимдегі шәкірттерді үйлерінен қалай сүйреп шығарғанын — бәрін-бәрін көріп тұрды (Ел. іс. 8:3). Әйткенмен ол шәкірттеріне араша түскен жоқ. Бірақ Ехоба Мәсіх арқылы Степанға және басқа да шәкірттерге адал болып қалуға күш берді.
7. Қуғын-сүргінге төтеп беру үшін не істеуіңіз керек?
7 Сіз де қуғын-сүргінге төтеп бере аласыз. Ол үшін былай істеңіз: 1) Қандай жағдай болмасын, адалдық сақтауға тастүйін бекініңіз. 2) Ехобадан көмек сұраңыз (Філіп. 4:6, 7). 3) Кек алуға тырыспаңыз, оны Ехобаға тапсырыңыз (Рим. 12:17—21). 4) Ехоба қиындығыңыздан құтқарғанға дейін, оған төзуге күш беретініне сеніңіз (Філіп. 4:12, 13).
“Бауырласым Саул, ...Иеміз Иса мені жіберді” (Ел. іс. 9:6—17)
8, 9. Анани тапсырма алғанда, не сезінсе керек?
8 Иса Саулдың “сіз кімсіз?” деген сұрағына жауап бергеннен кейін, оған: “Тұр да, қалаға бар. Не істеуің керек екені саған сол жерде айтылады”,— деді (Ел. іс. 9:6). Сонда қасындағылар көзі көрмей қалған Саулды Дамаскіге жетектеп барды. Ол сол жерде үш күн бойы ораза тұтып, дұға етті. Сол аралықта Иса Дамаскідегі “яһудилердің бәрі мақтап жүретін” Анани деген шәкіртке Саул туралы айтып берді (Ел. іс. 22:12).
9 Сол кезде Анани не күлерін, не жыларын білмей қалған шығар. Қауымның Басы, қайта тірілген Иса Мәсіхтің өзі онымен сөйлесіп, арнайы тапсырма беріп тұр. Бұл, әрине, асқақ мәртебе болғанмен, оңай тапсырма емес-тін. Саулмен сөйлесу керектігін білгенде, Анани: “Ием, бұл кісінің Иерусалимдегі қасиеттілеріңізге талай қастандық жасағанын көп адамнан естідім. Ол мұнда сіздің атыңызды атап шақырғандарды тұтқындауға жоғарғы діни қызметкерлерден өкілеттік алып келіпті”,— деді (Ел. іс. 9:13, 14).
10. Исаның Ананимен қалай сөйлескенінен не түйеміз?
10 Анани өз уайымын айтқанда, Иса оны жазғырған жоқ. Қайта, оған не істеу керектігін анық түсіндірді. Иса Ананиге осындай ерекше тапсырманы не үшін беріп жатқанының себебін айтып, оған құрмет көрсетті. Саул туралы ол мынаны айтты: “Мен оны өз атымды басқа халықтарға, патшаларға және Исраил ұлдарына жариялау үшін таңдап алдым. Оған өз атым үшін қанша азап шегуі тиіс екенін білдіремін” (Ел. іс. 9:15, 16). Анани бірден Исаның айтқанын істеп, қудалаушы Саулды іздеп тапты. Сөйтіп, оған: “Бауырласым Саул, көзің ашылып, киелі рухқа кенелуің үшін саған жолда көрінген Иеміз Иса мені жіберді”,— деді (Ел. іс. 9:17).
11, 12. Иса, Анани және Саул үшеуімен болған жағдайдан не үйренеміз?
11 Иса, Анани және Саул үшеуімен болған жағдайдан бірнеше жайтты аңғарамыз. Мысалы, Иса өзі уәде еткендей, уағыз ісіне белсенді түрде жетекшілік етуде (Мат. 28:20). Әлбетте, бүгінде ол бізбен тікелей сөйлесіп, басшылық бермейді. Бірақ “адал да ақылды құл” арқылы ол әлі де уағыз ісін басқарып келеді (Мат. 24:45—47). Басқарушы кеңес Мәсіх жайлы көбірек білгісі келетіндерді іздеп табу үшін жариялаушылар мен ізашарларды жібереді. Алдыңғы тараудан білгеніміздей, Құдайдан көмек сұрап дұға еткендердің көбісі Ехоба куәгерлерін кездестірген (Ел. іс. 9:11).
12 Анани мойынсұнып, берілген тапсырманы орындады, сол үшін жарылқанды. Ал сіз қорқып, қобалжысаңыз да, түбегейлі куәлік беру тапсырмасын бойсұнушылықпен атқарасыз ба? Кейбіреулер үйден үйге жүріп, бейтаныс адамдармен сөйлесуге қорқады. Ал тағы біреулер үшін жұмыста, көшеде, телефонмен не хатпен уағыздау қиын. Анани қорқынышын жеңе білгендіктен, Саулға киелі рухты иемденуге көмектесе алды b. Анани ненің арқасында тапсырмасын сәтті орындай алды? Ол Исаға сенім артты және Саулға бауырлас деп қарады. Біз де уағыз ісіне Иса жетекшілік етіп жатқанына сенім артсақ, адамдарға жанашырлық танытсақ және қызметте сес көрсеткендердің өзіне болашақ бауырлас деп қарасақ, Анани сияқты қорқынышымызды сабырға жеңдіре аламыз (Мат. 9:36).
“Исаның Құдай Ұлы екенін уағыздай бастады” (Ел. іс. 9:18—30)
13, 14. Киелі кітапты зерттеп, бірақ әлі шомылдыру рәсімінен өтпеген болсаңыз, Саулдан қандай үлгі ала аласыз?
13 Саул дереу білгеніне сай әрекет етті. Ол жанары қалпына келген соң, шомылдыру рәсімінен өтіп, Дамаскідегі шәкірттермен қоян-қолтық араласты. Мұнымен шектелмей, “бірден мәжілісханаларда Исаның Құдай Ұлы екенін уағыздай бастады” (Ел. іс. 9:20).
14 Егер сіз Киелі кітапты зерттеп, бірақ әлі шомылдыру рәсімінен өтпеген болсаңыз, Саул сияқты білгендеріңізге сай дереу әрекет етесіз бе? Әрине, Саул Мәсіхтің керемет жасағанын өз көзімен көрді, әрі бұл оны іс-әрекетке талпындырды. Бірақ Исаның кереметтерін көрген жалғыз ол емес еді. Мысалы, бір топ парызшыл Исаның қолы семіп қалған адамды сауықтырғанын көрді. Сондай-ақ көптеген яһудилер Исаның Елазарды тірілткеніне куә болды. Сонда да Исаның бұл кереметтеріне олардың жүректері селт етпеді, тіпті оған қарсы шықты (Мар. 3:1—6; Жох. 12:9, 10). Ал Саул болса теріс жолдан қайтып, өзгерді. Себебі ол адамнан емес, Құдайдан қорықты және Исаның көрсеткен рақымын жоғары бағалады (Філіп. 3:8). Сіздің де көзқарасыңыз Саулдікіндей болса, уағызға қатысудан, шомылдыру рәсімінен өтуден еш тартынбайсыз.
15, 16. Саул мәжілісханаларда не істеді және Дамаскідегі яһудилер оның айтқан хабарын қалай қабылдады?
15 Саулдың Иса туралы мәжілісханаларда уағыздай бастағанын көргенде, кейбірі таңғалса, кейбірі жағасын ұстады. Бұған ашуы келгендер де болды. “Мынау Иерусалимде осы есімді атағандарға қырғидай тиген кісі емес пе?”— десті олар (Ел. іс. 9:21). Саул “Исаның Мәсіх екенін қисынды түрде дәлелдеп”, оған не үшін сенгенін түсіндіріп берді (Ел. іс. 9:22). Бірақ қанша жерден қисынды дәлел келтіргенмен, жұрттың бәрін бірдей сендіре алмайсың. Егер адам салт-дәстүрге жабысып қалған болса яки кеудесіне нан піскен өркөкірек болса, қисынды дәлеліңе пысқырып та қарамайды. Алайда Саул алған бетінен қайтқан жоқ.
16 Арадан үш жыл өтсе де, Дамаскідегі яһудилер әлі де Саулға қарсыласып жатты. Ақыр соңында, олар Саулды өлтіруге сөз байласты (Ел. іс. 9:23; Қор. 2-х. 11:32, 33; Ғал. 1:13—18). Бұл жайлы біліп қойғанда, Саул парасаттылық танытып, қаладан кетпек болды. Шәкірттері оны түн ішінде қала қабырғасындағы терезеден себетпен төмен түсіріп жіберді (Ел. іс. 9:25). Лұқа “шәкірттері” деп айтқанына қарағанда, Дамаскідегілердің кейбірі Саулдың хабарына құлақ асып, Мәсіхтің ізбасары болған.
17. а) Киелі кітаптағы шындықтарды адамдар қалай қабылдап жатады? ә) Біз не істей беруіміз керек және неге?
17 Бәлкім, сіз Киелі кітаптағы қисынды шындықтарды үй ішіндегілеріңізге, достарыңыз бен басқа да адамдарға айтқанда, бәрі жақсы қабылдайды деп ойлаған шығарсыз. Қабылдағандары да бар шығар, бірақ көбісі олай етпеген болар. Тіпті туғандарыңыз сізді қас дұшпандай көрген шығар (Мат. 10:32—38). Алайда Жазбаларды жақсылап түсіндіруді үйрене берсеңіз әрі жүріс-тұрысыңыз мәсіхшіге сай болса, қарсы болғандардың өзі келе-келе ойын өзгертуі мүмкін (Ел. іс. 17:2; Пет. 1-х. 2:12; 3:1, 2, 7).
18, 19. а) Барнаба Саулға қалай көмектесті және мұның нәтижесі қандай болды? ә) Барнаба мен Саулға қалай еліктесек болады?
18 Саул Иерусалимге келгенде, шәкірттер оның Исаның ізбасары болғанына сене қоймады. Бұл түсінікті де. Бірақ Барнаба Саулдың шынымен шәкірт болғанына көздерін жеткізгенде, елшілер оған сенді. Сөйтіп, Саул олармен біраз уақыт болды (Ел. іс. 9:26—28). Саул қырағы, парасатты болған, бірақ ізгі хабарды айтудан ұялмаған (Рим. 1:16). Ол Иерусалимде, яғни бұрын өзі Иса Мәсіхтің шәкірттерін қатты қудалаған жерде тайсалмай уағыздады. Сенген күрескерлері Мәсіхтің ізбасары болып кеткенін естігенде, Иерусалимдегі яһудилердің жаны шыға жаздады. Содан оны өлтірмек болды. “Бұны біліп қойған бауырластар оны Кесарияға апарып, әрі қарай Тарсқа аттандырды” (Ел. іс. 9:30). Саул Исаның қауым арқылы берген басшылығына мойынсұнған. Мұның пайдасы өзіне де, қауымға да тиді.
19 Байқасаңыз, Барнаба Саулға өзі көмекке келді. Нәтижесінде, Ехобаның осы екі жалынды қызметшісі керемет дос болып кетті. Барнаба секілді, сіз де қауымдағы жаңа жариялаушылармен уағызға шығып, олардың рухани өсуіне көмектесесіз бе? Осылай етсеңіз, батаға көмілесіз. Ал енді жариялаушы болсаңыз, Саул іспетті көмекті қабылдайсыз ба? Тәжірибелі жариялаушылармен қызметтессеңіз, уағыздау шеберлігіңізді шыңдайсыз, қуанышыңызды еселейсіз және өмірлік достар табасыз.
“Көптеген адам Иемізге сенді” (Ел. іс. 9:31—43)
20, 21. Құдайдың бұрынғы және қазіргі қызметшілері “тыныш күндерді” қалай пайдаланды?
20 Саул мәсіхші болғаннан кейін және Иерусалимнен аман-есен кеткен соң, “бүкіл Яһудея, Ғалилея мен Самария өңіріндегі қауымдар тыныш күндерді бастан кешірді” (Ел. іс. 9:31). Шәкірттер осы “қолайлы” уақытты қалай пайдаланды? (Тім. 2-х. 4:2). Елшілердің істерінде қауымдардың “сенімдері нығая түскендері” айтылған. Елшілер мен басқа да жауапты бауырластар шәкірттердің сенімін қатайтқандықтан және жетекшілікті қолға алғандықтан, қауымдар “Ехобаны қастерледі әрі киелі рух арқылы жігерленді”. Мысалы, Петір сол уақытта Сарон жазығындағы Лидда қаласына барып, шәкірттерді нығайтты. Оның еңбегінің нәтижесінде Сарон жазығында тұратындардың көпшілігі “Иемізге сенді” (Ел. іс. 9:32—35). Сол кезде шәкірттер басқа нәрсеге алаңдамай, уақыты мен күшін бір-бірін қамқорлауға әрі ізгі хабарды таратуға жұмсады. Осылай қауымдағылардың “қатарлары көбейе берді”.
21 XX ғасырдың соңына қарай Ехоба куәгерлері де көп елдерде “тыныш күндерді” бастан кешірді. Ондаған жылдар бойы Құдай халқын қатаң қыспаққа алған режимдер тоқтады, ал уағыз ісіне тыйым салынған кейбір елдерде уағыздау жеңілдеді, тіпті толық ашылды. Он мыңдаған Куәгер ашық уағыздаудың мүмкіндігін жібермей, керемет жетістіктерге жетті.
22. Қолда бар бостандықты қалайша ұтымды пайдалана аласыз?
22 Егер сіз діни сенім бостандығы бар елде тұрып жатсаңыз, осы еркіндікті дұрыс пайдаланып жүрсіз бе? Мұндай кезде Шайтан сізді әдетте Патшалықты емес, дүние-мүлікті ойлауға еліктіргісі келеді (Мат. 13:22). Байқаңыз, көңіліңіз осындай нәрселерге ауып кетпесін. Кез келген тыныш уақытты ұтымды, ұтқыр пайдалануға тырысыңыз. Тыныш кезді түбегейлі куәлік берудің және қауымды нығайтудың мүмкіндігі деп біліңіз. Ұмытпаңыз, жағдай аяқ астынан өзгеріп кетуі мүмкін.
23, 24. а) Табитаның оқиғасынан қандай ой түйеміз? ә) Біздің шешіміміз қандай болу керек?
23 Қазір Табита не Дорка деп аталатын шәкіртпен не болғанын көрейік. Ол Лиддаға жақын жердегі Иоппе қаласында тұрды. Бұл адал бауырлас қолда барын және уақытын ақылмен жұмсап, “мұқтаждық көргендерге қайырымдылық көрсетіп, көп игі істер жасайтын”. Бірақ бір күні ол қатты ауырып, қайтыс болады c. Оның өліміне Иоппедегі шәкірттер, әсіресе оның көп жақсылығын көрген жесірлер қатты қайғырады. Оның денесі жерлеуге дайындалып жатқан үйге Петір келіп, Иса Мәсіхтің елшілерінің арасында әлі ешкім жасамаған кереметті жасайды. Ол дұға етеді де, Табитаны өлімнен тірілтіп жібереді. Петір жесірлер мен басқа да шәкірттерді шақырып, Табитаны көрсеткен кезде, олардың қалай қуанғанын көрсеңіз ғой! Бұл оқиға олардың бойына жігер құйып, алдағы қиындықтарға дайындады. Табитаның тірілгені жайлы “бүкіл Иоппеге мәлім болып, көптеген адам Иемізге сенді” (Ел. іс. 9:36—42).
24 Табитамен болған көңіл қозғарлық оқиғадан екі маңызды ойды түйеміз: 1) өмір қамшының сабындай қысқа. Ендеше, көзіміз тірісінде Құдайдың алдында жақсатқа ие болуға бар күшімізді салайық (Уағ. 7:1). 2) қайта тірілу міндетті түрде болады. Ехоба Табитаның жасаған барлық жақсылығын көрді, сол үшін оны жарылқап, тірілтті. Біздің де ауыр еңбегімізді ол ешқашан ұмытпайды. Ал егер Армагеддонға дейін өмірден озып жатсақ, бізді қайта тірілтеді (Евр. 6:10). Олай болса, “қиын” уақытта өмір сүрсек те, “тыныш” уақытты бастан кешсек те, Мәсіх жайлы түбегейлі куәлік беруді еш тоқтатпайық (Тім. 2-х. 4:2).
a 62-беттегі “ Парызшыл Саул” деген қоршауды қараңыз.
b Әдетте киелі рух дарытатын сыйлар елшілер арқылы берілетін. Бірақ осы ерекше жағдайда Иса өзі таңдап алған Саулға киелі рух дарытуды Ананиге тапсырды. Саул мәсіхші болғаннан кейін 12 елшімен тек біраз уақыттан кейін ғана көрісті. Соған дейін ол құлшына уағыздай берген деуге болады. Саул осы тапсырманы орындай алу үшін Иса Анани арқылы оған қажетті күш берді.
c 67-беттегі “ Қайырымдылық көрсетіп, көп игі істер жасаған” Табита” деген қоршауды қараңыз.