Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

8-ТАРАУ

Мәсіхтің келуі

Мәсіхтің келуі

ДАНИЯЛ пайғамбарлық айтқаннан 500 жылдан астам уақыт өткен соң, Жәбірейіл періште Дәуіттің әулетінен шыққан Мәриям есімді пәк қызға келіп: “Амансың ба, Құдай жарылқаған қыз! Ехоба саған жар!”— деп сәлемдеседі (Лұқа 1:28). Сонда Мәриям қорқып кетеді. Жәбірейілдің сәлемі нені білдіреді?

Жәбірейіл періште Мәриямға Мәсіхті дүниеге әкелетінін айтқан

Мұның мәнін түсіндіріп, періште былай дейді: “Қорықпа, Мәриям, Құдай саған рақымын түсірді. Сенің бойыңа бала бітіп, ұл табасың, оның атын Иса деп қоясың... Ехоба оған арғы атасы Дәуіттің тағын сыйлайды... Оның Патшалығының шегі болмайды” (Лұқа 1:30—33). Неткен керемет хабар! Мәриям Мәсіхті, яғни көптен күткен “ұрпақты”, дүниеге әкелмек!

Келесі жылы Иса Бетлехем қаласында дүниеге келеді. Ол туылған түні бір періште сол маңайда жүрген қойшыларға: “Мен жұрттың бәріне зор қуаныш әкелетін ізгі хабарды жариялауға келдім. Бүгін Дәуіттің қаласында құтқарушыларың Мәсіх Ие дүниеге келді”,— деп хабарлайды (Лұқа 2:10, 11). Кейінірек Исаның отбасы Назарет қаласына көшіп барып, ол сонда ер жетеді.

Мәсіх келеді деп күтілген жылы, яғни б. з. 29 жылы, Иса Құдайдың пайғамбары ретінде қызмет етуін бастайды. Ол кезде оның жасы “шамамен 30 жаста еді” (Лұқа 3:23). Көптеген адамдардың Исаны Құдай жібергеніне көздері жетеді. Сол себептен олар: “Арамыздан ұлы пайғамбар шықты!”— деседі (Лұқа 7:16, 17). Ал Иса адамдарды не нәрсеге үйретті?

Адамдарды Құдайды сүюге және оған ғибадат етуге үйретті. Ол былай деді: “Біздің Құдайымыз Ехоба — жалғыз Ехоба. Құдайың Ехобаны бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен және бар күш-қуатыңмен сүй!” (Марқа 12:29, 30). Сондай-ақ ол: “Ехоба Құдайыңа ғибадат етіп, тек соған ғана қасиетті қызмет ет!”— деп айтқан (Лұқа 4:8).

Адамдарды бір-бірін жақсы көруге шақырды. “Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй”,— деді ол (Марқа 12:31). Бұған қоса: “Барлық істе басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер. Мұса Заңы мен пайғамбарлар жазбаларының мәні — осы”,— деді (Матай 7:12).

Басқаларға Құдай Патшалығы жайлы хабарды құлшыныспен жариялаған. Иса: “Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды... жариялауым керек. Өйткені мен сол үшін жіберілдім”,— деген (Лұқа 4:43). Құдай Патшалығы туралы хабар неліктен маңызды болды?

Жазбаларда Құдайдың Патшалығы болашақта жер бетіне билік жүргізетін көктегі үкімет екені айтылған. Құдай оның Патшасы етіп Иса Мәсіхті тағайындаған. Даниял пайғамбар аянда Құдайдың көкте Мәсіхке “билік, даңқ пен патшалықты” беретінін алдын ала көрген (Даниял 7:14). Бұл Патшалық бүкіл жер бетінде жұмақ орнатады және Құдайдың қызметшілеріне мәңгілік өмір сыйлайды. Бұл керемет хабар емес пе?!