Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

13-ТАРАУ

Шынайы сенім баянды бақытқа жеткізеді

Шынайы сенім баянды бақытқа жеткізеді

КИЕЛІ ЖАЗБАЛАРДА: “Әділ адам сенімінің арқасында өмір сүреді”,— делінген (Римдіктерге 1:17). Осы керемет уәденің сізге де қатысы бар. Қалайша?

Жердегі қызметін аяқтаған соң, Иса Мәсіх Құдайдың қасында болу үшін көкке көтерілді. Елшілері қарап тұрғанда, “оны бұлт жауып қалып, олардың көзінен таса болды” (Елшілердің істері 1:9). Көкте Құдай Исаны құдіретті патша етіп тағайындады. Жақын болашақта ол “періштелерімен бірге келгенде, салтанатты тағына отырады. Сол уақытта оның алдына барлық халықтар жиналып әкелінеді. Ол шопанның қойларды серкелерден бөлгеніндей, адамдарды екі топқа бөледі” (Матай 25:31, 32). Бұл қашан болады?

Киелі жазбаларда Мәсіхтің халықтарды соттайтын уақыты жақын екенін білдіретін белгі, яғни дүниежүзінде болатын аласапыран кезең, туралы алдын ала жазылған. Иса пайғамбар бұл белгіге не жататынын былай деп түсіндірді: “Ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанады, қатты жер сілкіністері, түрлі жерлерде індеттер мен ашаршылық болады. Адамдар қорқынышты нәрселер көреді” (Лұқа 21:7, 10, 11).

Бүгіндегі қиындықтар Мәсіхтің жақында халықтарды соттауға келетінін көрсетеді

Бүгінде Исаның айтқан сөздері орындалып жатқанын анық көрудеміз. Жуырда ол зұлымдарды жою үшін келеді. Ақырында Шайтан да жойылады. Бүкіл жер беті жұмаққа айналады. Адамдар бір-бірімен де, жануарлармен де татулықта өмір сүреді. Бұл жайында былай деп оқимыз: “Сонда қасқыр мен қозы тату-тәтті тұрады, Лақ қабыланмен бірге тынығады, Бұзау мен арыстан, қоңды мал — бәрі бірге жүреді, оларды кішкентай бала бастап алып жүреді.... еш қиянат жасалмайды, ештеңе қиратылмайды” (Ишая 11:6, 9). “Ешкім: “Мен науқаспын”,— демейтін болады.... Сонда зағиптардың көздері, Саңыраулардың құлақтары ашылады” (Ишая 33:24; 35:5). Тіпті дүниеден өткендер де тіріледі. Құдай барлық адамдардың “көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды” (Аян 21:4; Ишая 25:8). Құдайдың жерге қатысты бастапқы ниеті сол кезде жүзеге асады. Неткен керемет болашақ!

Сеніміңізді нығайта беріңіз

Құдай жұмақтағы өмірді қандай адамдарға сыйлайды? Шынайы сенімі бар адамдарға!

Шынайы сенім Құдай Сөзіндегі тура білімге негізделетінін естен шығармаңыз. Сондықтан Құдай мен Иса Мәсіх туралы білуді жалғастыра беріңіз.

Шынайы сенімі бар адамдар жұмақта мәңгі өмір сүреді!

Шынайы сенім әділ іс-әрекеттен көрініс табады. Құдай Сөзінде: “Іс-әрекетсіз сенім де өлі”,— делінген (Жақып 2:26). Игі істер жасау арқылы сіз күш, әділдік, даналық пен сүйіспеншілік сияқты Құдайға тән тамаша қасиеттерді танытасыз. Осы қасиеттерді дамытуға күш сала беріңіз.

Шынайы сенім дамытқаныңыз сізді мол батаға кенелтеді. Бұл, расында да, қазір де, болашақтағы мәңгі өмірде де бақытты өмір кешудің кілті!