Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

2-ТАРАУ

Шынайы сенім деген не?

Шынайы сенім деген не?

Жасанды ақша іспетті құнсыз болмас үшін, сенім шынайы болу керек

ШЫНАЙЫ сенім — жай ғана Құдайдың бар екеніне сену емес. Миллиондаған адам Құдайға сенеміз дейді, сөйтсе де зұлым істер жасай береді. Мұндай “сенім” жасанды ақша іспетті. Ол шынайы болып көрінгенмен, еш құны жоқ. Олай болса, шынайы сенім деген не?

Шынайы сенім Киелі жазбалардағы тура білімге негізделеді. Құдайдың құдіретімен жазылған бұл жазбалар Құдай туралы шындықты ашады және оны жақсырақ танып-білуге көмектеседі. Сондай-ақ олардан Құдайдың ниеті, заңдары мен ілімдері жайлы біле аламыз. Бұл ілімдердің кейбірі мынадай:

  • Құдай жалғыз. Оған тең келетін ешкім жоқ.

  • Иса — Құдіретті Құдай емес, Құдайдың пайғамбары.

  • Құдай пұтқа табынушылықтың қай-қайсысын да жек көреді.

  • Адамзатты алда сот күні күтіп тұр.

  • Өмірден өткен сансыз көп адам жұмақта қайта тіріледі.

Шынайы сенім бізді игі істерге талпындырады. Мұндай істер Құдайға ұнайды әрі өзімізге де, өзгелерге де пайдасын тигізеді. Бұндай игі істердің кейбірі:

  • Құдайға құлшылық ету.

  • Құдайға ұнамды қасиеттерді, әсіресе сүйіспеншілікті дамыту.

  • Жаман ойлар мен құмарлықтарға берілмеу.

  • Қиындыққа кезіксек те, Құдайға деген сенімнен таймау.

  • Өзгелерге Құдай туралы білуге көмектесу.

Шынайы сенім игі істерге талпындырады

Шынайы сенімді қалай дамытуға болады?

Жаттығу жасау бұлшық етті қатайтатынындай, сенімге сай әрекет ету де сенімді нығайтады

Құдайдан көмек сұраңыз. Мұса пайғамбар Құдайға сиынып: “Сені танып-білуім және әрі қарай да ықыласыңа бөлене беруім үшін маған жолдарыңды білдіре көрші”,— деген a. Құдай оның өтінішін қабыл алып, оған өз жолдарын ашты. Осының арқасында Мұсаның сенімі нығайып, өзгелер үшін керемет үлгі болды. Шынайы сенім дамыту үшін Құдай сізге де көмектеседі.

Киелі жазбаларды оқып-білуге уақыт бөліңіз. Киелі жазбалар Киелі кітап деген атаумен де танымал. Оның құрамына Тәурат, Зәбүр, Інжіл сияқты жазбалар кіреді. Ол дүниеде ең кең тараған әрі көп тілде шыққан. Сізде осы кітап бар ма?

Киелі жазбалардан білген кеңестерді өмірде қолданыңыз. Адам жаттықса, бұлшық еті қатая түседі. Сол сияқты, сеніміне сай әрекет етсе, адамның сенімі нығая түседі. Құдайдың кеңестерін өмірде қолдансаңыз, олардың тиімді екеніне өзіңіз көз жеткізесіз. Расында да, Киелі жазбалардағы пайдалы кеңестер көптеген адамдарға өмірін өзгертуге көмектескен. Мұның кейбір мысалдарын келесі беттен оқи аласыз.