Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

6-ТАРАУ

Құдайдың жерге қатысты ниеті қандай?

Құдайдың жерге қатысты ниеті қандай?

ҚҰДАЙ жерді адамзат өмір сүру үшін керемет етіп жаратқан. Оның Сөзінде: “Көк Ехобаға тиесілі, Ал жерді ол адам баласына берді”,— делінген (Зәбүр 115:16).

Адам атаны жаратпас бұрын, Құдай жердің Едем деп аталатын бөлігін таңдап, сол жерді пейіш бағына айналдырған. Жазбалардан көрінетіндей, Евфрат пен Тигр өзендері сол Едем бағынан бастау алған a. Сол бақтың орны қазіргі шығыс Түркияда болған деген пікір бар. Демек, пейіш бағы шын мәнінде жер бетінде болған!

Құдай Адам атаны жаратып, оны “Едем бағын өңдеп, күтіп-бағу үшін сонда орналастырды” (Мұсаның 1-жазбасы 2:15). Сосын, ол Адам ата үшін әйелді, Хауа ананы, жаратты. Құдай оларға: “Өсіп-өніп көбейіңдер, ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар, әрі оны өңдеңдер”,— деп бұйырды (Мұсаның 1-жазбасы 1:28). Расында да, Құдай жерді “бекерден-бекер емес, мекендеу үшін жаратқан” (Ишая 45:18).

Алайда Адам ата мен Хауа ана Құдайдың заңын біле тұра бұзып, оған қарсы шықты. Сол үшін Құдай оларды пейіш бағынан қуып жіберді. Осылайша олар жұмақтан айырылып қалды. Адам атаның жасаған күнәсінің салдары бұнымен ғана шектелмеді. Жазбаларда айтылғандай, “бір адам [яғни Адам ата] арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді, осылайша адамдардың бәрі өлетін болды, себебі бәрі күнә жасады” (Римдіктерге 5:12).

Ехоба Құдай өзінің жер беті бақытты адамдар өмір сүретін жұмаққа айналады деген о бастағы ниетінен бас тартты ма? Жоқ! Ол былай дейді: “Менің аузымнан шыққан сөзім... өзіме қайта оралмайды. Қайта, міндетті түрде еркімді орындайды, Не үшін жіберген болсам, соны жүзеге асырады” (Ишая 55:11). Иә, жер беті қайтадан жұмаққа айналады!

Жұмақта өмір қандай болмақ? Осы жайлы Жазбаларға негізделген уәделерді келесі екі беттен көруге болады. Соларды қарастырып көрейік.

a Мұсаның 1-жазбасы 2:10—14 тармақтарда былай делінген: “Едемнен бақты суландырып тұратын өзен ағып жатты, ол әрі қарай төрт өзенге бөлінді. Біріншісінің аты — Пишон... Ал екінші өзеннің аты — Гихон... Үшінші өзеннің аты — Хиддекел (немесе “Тигр”), ол Ассирияның шығыс жағынан өтеді. Ал төртінші өзен Евфрат деп аталады”. Бүгінде Пишон мен Гихон өзендерінің орналасқан жері белгісіз.