Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Басқарушы кеңестің хаты

Басқарушы кеңестің хаты

Қымбатты бауырластар!

Бірнеше жыл бұрын “Күзет мұнарасының” көпшілікке арналған санында “Сенімін серік еткендер” атты керемет айдар жарық көрді. Содан бері осы айдардың қоржынына жаңа мақалалар түсіп отырды.

Бұл айдар оқырмандардың жүрегінде терең із қалдырды. Марта жайлы мақаланы оқыған бір оқырман былай дейді: “Өзімнің тура Марта сияқты екенімді көріп, күліп жібердім. Қонақтарды күтемін деп шыр көбелек айналып жүріп, достарыммен араласуды ұмытып кетеді екенмін”. Ал Естердің оқиғасымен танысқан бір жасөспірім қыз былай дейді: “Кейде біздің сән қуалап, киім-кешекке тым көп мән беріп кететініміз рас. Әрине, сырт көрінісіміздің әдемі болғаны жақсы, бірақ шектен шықпау керек екен. Өйткені Ехоба үшін біздің ішкі дүниеміз маңызды”. Петір жайлы баяндалған мақаланы оқыған соң, бір әйел бауырлас былай деді: “Бұл мақала жүрек қылын шертті. Оқиғаға жан бітіп, өзімді тура сол оқиғаның ішінде жүргендей сезіндім!”

Осы сияқты оқырмандардың білдірген лебіздері елші Пауылдың ежелде жазып кеткен мына сөздерін растайды: “Бұрын жазылғандардың бәрі бізге тәлім болсын деп жазылған” (Рим. 15:4). Иә, Киелі кітапқа енген бұл оқиғалар арқылы Ехоба бізге құнды тәлім бергісі келеді. Шындықты білгенімізге қанша жыл болмасын, бәріміз де ежелде өмір сүрген Құдай қызметшілерінің оқиғасынан тәлім ала аламыз.

Біз сіздерді бұл кітапты мүмкіндігінше жақын арада оқып шығуға шақырамыз. Бұл кітапты отбасылық ғибадат кезінде қарастырыңыздар. Оның балаларға да ұнары сөзсіз! Егер бұл кітап қауымның Киелі кітап зерттеу кездесуінде талқыланса, бірде-бір кездесуді қалдырмауға тырысыңыздар. Тарауды асықпай оқыңыздар. Оқиғаларды көз алдарыңызға елестетіп, кейіпкерлердің сезімін сезінуге тырысыңыздар. Олардың орнында болғанда, қалай әрекет етер едіңіздер, сол жайлы ойланып көріңіздер.

Осы жаңа басылымды сіздердің назарларыңызға ұсыну біз үшін зор қуаныш! Бұл кітап сіздер үшін нағыз бата болатынына еш күмәнданбаймыз. Ізгі ниетпен,

Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі