Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

14-ТАРАУ

Барлық жағдайда адал болыңдар

Барлық жағдайда адал болыңдар

“Барлық жағдайда да адал жүруге ұмтыламыз” (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 13:18).

1, 2. Неге біздің адал болуға тырысқанымыз Ехобаға ұнайды? Мысал келтір.

АНАСЫ кішкентай баласымен дүкеннен шығып келеді. Кенет баласы тоқтай қалады. Өңі бұзылып кеткен. Қолында дүкеннен алып шыққан кішкентай ойыншығы бар. Бала ойыншықты орнына қоюды не анасынан оны сатып алуын өтінуді ұмытып кеткен еді. Ол жаутаңдап анасына қарайды. Анасы оны жұбатады да, дүкенге қайта алып барады. Ойыншықты қайтарып, сатушыдан кешірім сұрап жатқан баласына қарап тұрған анасының жүрегін қуаныш пен мақтаныш сезімі билейді. Неге?

2 Баланың адал болудың маңыздылығын түсіне бастағаны — ата-ана үшін әрқашан зор қуаныш. “Ақиқаттың Құдайы” көктегі Әкеміз туралы да солай деуге болады (Забур 30:6). Ол біздің рухани толысып, адал болуға тырысып жүргенімізді көргенде, қуанады. Оған ұнамды болып, сүйіспеншілігінің саясында жүргіміз келетіндіктен, біз елші Пауылдың: “Барлық жағдайда да адал жүруге ұмтыламыз”,— деген сөздеріне қосыламыз (Еврейлерге 13:18). Алайда өміріміздің кей салаларында адал болу әсіресе қиын. Қазір сондай төрт саланы қарастырайық. Сосын, адал болудың қандай баталар әкелетініне назар аударамыз.

ӨЗІҢЕ ШЫНШЫЛДЫҚПЕН ҚАРА

3—5. а) Өз-өзімізді алдау қауіпті екеніне қатысты Құдай Сөзінде қандай ескерту бар? ә) Өзімізге шыншылдықпен қарауға не көмектеседі?

3 Бірінші қиындық — өзімізге шыншылдықпен қарауды үйрену. Кемелсіз болғандықтан біз өз-өзімізді алдауға бейімбіз. Мысалы, Иса Лаудікидегі мәсіхшілерге өздерін баймыз деп алдап жүргендерін, ал шын мәнінде “рухани жарлы, жалаңаш әрі соқыр”, яғни нағыз сорлы бейшара халде, екендерін айтқан (Аян 3:17). Өз-өздерін алдағандары олардың жағдайын одан бетер қиындата түскен еді.

4 Сенің есіңе шәкірт Жақыптың мына сөздері де түскен шығар: “Өзін діншілмін деп санағанмен, тіліне ие бола алмайтын әркім өзін-өзі алдап жүр. Оның діншілдігі еш пайдасыз” (Жақып 1:26). Тілімізді бұрыс қолданғанымызға қарамастан, Ехоба ғибадатымызды қабыл алады деп ойласақ, өз-өзімізді алдаймыз, әрі ғибадатымыздың еш пайдасы болмайды. Олай болса, өзімізге шыншылдықпен қарауға не көмектеседі?

5 Жақып Құдай Сөзіндегі шындықты айнаға теңеген және Құдайдың мүлтіксіз заңына мұқият ден қойып, соған сай өзгеріс жасауға кеңес берген (Жақып 1:23—25). Иә, Құдай Сөзі өзімізге шыншылдықпен қарап, жақсару үшін не істеу керектігін көруге көмектеседі (Еремияның зары 3:40; Нағай 1:5). Сондай-ақ Ехобадан бізді тексеруін және үлкен кемшіліктерімізді көруге әрі оларды түзетуге көмектесуін сұрап дұға етуімізге болады (Забур 138:23, 24). Шыншыл болмау — анық байқала бермейтін әлсіздік. Біздің оған деген көзқарасымыз Ехобанікіндей болу керек. Нақыл сөздер 3:32-де былай делінген: “Азғын [“алдампаз” ЖД] жанды Жаратқан Ие жек көреді, Әділ жанға өз еркін ашып білдіреді”. Ехоба өзінікіндей сезімде және көзқараста болуымызға көмектесе алады. Пауылдың: “Барлық жағдайда да адал жүруге ұмтыламыз”,— деген сөздерін есіңе алшы. Әзірше біз мүлтіксіз бола алмаймыз, сөйтсе де адал болуды жан-тәнімізбен қалап, соған барынша ұмтыламыз.

ОТБАСЫНДА АДАЛ БОЛУ

Адал болғанымыз жасырғымыз келетін қылықтардан аулақ жүруге көмектеседі

6. Неге ерлі-зайыптылар бір-бірімен шыншыл болу керек және осылайша олар қандай қауіптен аулақ болады?

6 Мәсіхшілердің отбасында адалдық ерекше байқалып тұру керек. Сондықтан ерлі-зайыптылар бір-бірімен шыншылдықпен және ашық пікір алысулары тиіс. Некедегі мәсіхшілер зайыбынан басқа біреуге қылымсу, әлдекіммен Интернет арқылы жасырын араласу не порнографиямен әуестену сияқты жанды жаралайтын әрі арам істерден аулақ болулары керек. Кейбір мәсіхшілер жұбайларынан жасырып, осындай істер жасаған. Бұлай ету адалдыққа жатпайды. Адал патша Дәуіттің: “Өтірікші адамдармен отырмадым; Өз болмысын жасыратындармен жүрмедім”,— деген сөздеріне көңіл аударшы (Забур 26:4 ЖД). Егер некеде болсаң, ешқашан жұбайыңнан жасырғың келетін іске барма!

7, 8. Киелі кітапта балаларға адал болудың маңыздылығын түсінуге көмектесетін қандай мысалдар бар?

7 Балаларына адал болудың маңызды екенін үйреткенде, ата-аналардың Киелі кітаптағы мысалдарды қолданғандары дұрыс. Опасыздықтың үлгісі ретінде мына адамдарды келтіруге болады: ұрлық жасап, олжасын жасыруға тырысқан Ахан, дүние-мүлікке ие болу үшін өтірік айтқан Гехезай, сондай-ақ ұрлық жасаған және Исаға жамандық істеу үшін қаскөйлікпен өтірік сөйлеген Яһуда (Ешуа 6:17—19; 7:11—25; Патшалықтар 4-жазба 5:14—16, 20—27; Матай 26:14, 15; Жохан 12:6).

8 Ал адалдықтың үлгісі ретінде мына адамдарды келтіруге болады: қаптарынан табылған ақша қателесіп салынған деп ойлап, балаларын оны қайтарып беруге талпындырған Жақып, сондай-ақ Ефта мен әкесінің уәдесін орындау үшін үлкен құрбандыққа барған оның қызы, пайғамбарлықты орындау үшін және достарын қорғау үшін батылдық танытып, ашулы тобырдың алдында өзінің кім екенін ашық айтқан Иса (Жаратылыс 43:12; Билер 11:30—40; Жохан 18:3—11). Осы бірер мысалдан ата-аналардың мынаны байқауларына болады: Киелі кітапта балаларына адалдықты сүюді және бағалауды үйретуге көмектесетін бағалы мәлімет өте көп.

9. Балаларына адалдыққа қатысты жақсы үлгі көрсеткісі келетін ата-ананың неден аулақ болғаны жөн және оларға үлгі көрсету неліктен маңызды?

9 Алайда балаларына осындай тәлім беру ата-аналарға маңызды жауапкершілік жүктейді. Елші Пауыл былай деген: “Сонымен, сен басқаларды үйретіп жүрсең де, қалайша өз іліміңді өзің ұстанбайсың?! “Ұрлама” дей тұра ұрлағаның не?” (Римдіктерге 2:21). Кейбір ата-аналар балаларын адал болуға үйреткенмен, өз сөздеріне қайшы әрекет етіп, оларды адастырады. Кішкентай зат ұрлаған немесе жалған сөйлеген ата-аналар “Олар мұны біз алсын деп әдейі қойған” не “Бұл болмашы өтірік қой” деген сөздермен ақталуы мүмкін. Бірақ ұрланған заттың құны қанша болмасын, ұрлықтың аты — ұрлық; не туралы болмасын не қандай болмасын, өтіріктің аты — өтірік * (Лұқа 16:10). Балалар екіжүзділікті бірден байқайды және бұл оларға кері әсер етуі мүмкін (Ефестіктерге 6:4). Ал ата-анасы жақсы үлгі көрсететін болса, олардың адалдық сирек кездесетін осы дүниеде Ехобаға мадақ әкелетін жақсы адам болып өсуі әбден мүмкін (Нақыл сөздер 22:6).

ҚАУЫМДА АДАЛ БОЛУ

10. Бауырластармен қарым-қатынасымызда адал болу үшін нені есте ұстағанымыз абзал?

10 Бауырластармен араласқанда, адал әрекет етудің көптеген мүмкіндіктері туады. 12-тараудан көргеніміздей, әсіресе бауырластардың арасында қалай сөйлейтінімізге мұқият болуымыз керек. Жай әңгіменің өсекке, тіпті жалаға айналып кетуі оп-оңай. Рас-өтірігі белгісіз әңгімені өзгелерге айтар болсақ, өтіріктің таралуына себепші болуымыз мүмкін, сондықтан аңдап сөйлегеніміз дұрыс (Нақыл сөздер 10:19). Басқа жағынан қарасақ, біз қандай да бір нәрсенің шындық екенін білетін шығармыз, бірақ бұл оны өзгелерге айтуымыз керек дегенді білдірмейді. Мысалы, оның бізге еш қатысы болмауы мүмкін немесе ол туралы өзгелерге айту мейірімділікке жатпайтын болар (Петірдің 1-хаты 4:15). Кейбіреулер өрескел сөйлегендерін шындықты айтқандарымен ақтайды, алайда біз әрдайым мейірімді болып, жағымды сөздер айтуымыз керек (Қолостықтарға 4:6).

11, 12. а) Ауыр күнә жасаған адам қалай жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін? ә) Шайтанның ауыр күнәға қатысты кейбір өтірігі қандай және біз оларды қалай жоққа шығара аламыз? б) Ехобаның ұйымына адал екенімізді қалай көрсетеміз?

11 Әсіресе қауымда басшылықты қолға алғандардың алдында адал болғанымыз маңызды. Ауыр күнә жасап қойған мәсіхші мұнысын жасырса немесе бұл туралы сұраған ақсақалдарға өтірік айтатын болса, жағдайды одан бетер ушықтырады. Мұндай адам тіпті екі жақты өмір сүре бастайды: өзін Ехобаға қызмет етіп жүргендей көрсеткенмен, ауыр күнә жасауын қоймайды. Оның бүкіл өмірі өтірікке айналады (Забур 11:3). Ал өзге біреулер болған жайттың маңызды тұстарын бүгіп қалып, ақсақалдарға жартылай шындықты айтады (Елшілердің істері 5:1—11). Мұндай әрекет жиі Шайтанның өтірігіне сенуден туындайды. (“ Шайтанның ауыр күнәға қатысты өтірігі” деген қоршауды қара.)

12 Сондай-ақ жазбаша сұрақтарға жауап бергенде, Ехобаның ұйымына адал болғанымыз маңызды. Мысалы, қызметіміз жайлы есеп тапсырғанда жалған мәлімет жазбаймыз. Сол сияқты, қандай да бір қызмет түріне өтініш қағазын толтыратын болсақ, денсаулығымыз не басқа жайттар жайлы әрдайым шындықты жазуымыз керек (Нақыл сөздер 6:16—19).

13. Бауырласымызбен іскерлік қатынаста қалай адал бола аламыз?

13 Біз іскерлік мәселелерде де адал болуымыз керек. Кейде мәсіхшілер бір-бірімен іскерлік қатынаста болады. Олардың мұндай мәселелерді Патшалық сарайында не уағыз қызметінде талқыламағаны дұрыс. Іскерлік қатынастағы бауырластардың бірі жұмыс беруші, ал екіншісі жұмысшы болуы мүмкін. Егер біз жұмыс беруші болсақ, адалдығымызды былай көрсетеміз: бауырластың ақысын уақтылы әрі келісілген сомада төлейміз және алдын ала келісілген не заң бойынша тиесілі жеңілдіктерді ескереміз (Тімотеге 1-хат 5:18; Жақып 5:1—4). Ал өзіміз бауырласқа жұмысқа тұратын болсақ, жалақымызға сай берген жұмысын толығымен атқарамыз (Салониқалықтарға 2-хат 3:10). Бір сенімде болғандықтан ғана бауырлас өзімізге ерекше қарайды деп күтпейміз: біз оның жұмыс уақытын қысқартуға, өзгелерге жасалмайтын жеңілдіктер не басқа да игіліктер жасауға міндетті емес екенін түсінеміз (Ефестіктерге 6:5—8).

14. Бірлесіп кәсіпорын ашатын мәсіхшілер қандай сақтық шараларын жасағандары дұрыс және неге?

14 Ал егер мәсіхшілер бөлісіп қаржы құйып не бірге несие алып, бірлескен кәсіпорын ашатын болса ше? Киелі кітапта бұған қатысты маңызды да пайдалы принцип бар: барлығын қағаз жүзінде ресімде! Мысалы, Еремия жер сатып алғанда, куәлардың көзінше көшірмесі бар құжат жасап, оны сақтап қойған (Еремия 32:9—12; Жаратылыс 23:16—20-ны да қара). Мәсіхшілер іскерлік қатынаста болғанда, істің жай-жапсарын көрсетіп, қолдарын қойып, куәландырылған құжат жасағандары бір-біріне сенім артпайды дегенді білдірмейді. Қайта, бұл түсініспеушілік, көңіл қалу, тіпті келіспеушіліктен туындайтын жікке бөлінудің алдын алуға көмектеседі. Іскерлік қатынастағы мәсіхшілердің бәрі мынаны есте ұстаулары керек: қауымда ынтымақ пен тыныштықтың сақталғаны кез келген істен әлдеқайда маңызды * (Қорынттықтарға 1-хат 6:1—8).

ОСЫ ДҮНИЕДЕ АДАЛ БОЛУ

15. Іскерлік мәселелерде арамдық жасайтындарға Ехоба қалай қарайды және мәсіхшілер көпшілікке тән осындай қылыққа бара ма?

15 Мәсіхшілер тек бауырластармен қатынасында ғана адал болмау керек. Пауыл: “Барлық жағдайда да адал жүруге ұмтыламыз”,— деген (Еврейлерге 13:18). Біздің осы дүниелік адамдармен іскерлік қатынас жасағанда адал болғанымыз Жаратушымыз үшін маңызды. Бір ғана Нақыл сөздер кітабында таразының тура болу керектігі жөнінде төрт рет айтылған (Нақыл сөздер 11:1; 16:11; 20:10, 23). Ежелде сатып алынған заттарды және төленген ақшаны өлшеу үшін өлшеуіш тастар мен таразы қолданылатын. Арамза саудагерлер тұтынушыларын алдап соғу үшін екі түрлі өлшеуіш тастар мен тең емес таразы қолданатын *. Ехоба мұндай әрекетті жек көреді! Оның сүйіспеншілігінен айырылып қалмау үшін, біз іскерлік мәселелерде әрқашан адал болуға барынша тырысамыз.

16, 17. Бүгінде қандай істер көп жасалады және шынайы мәсіхшілер не нәрсеге белдерін бекем буған?

16 Шайтан осы дүниенің әміршісі болғандықтан, арамдық жасау бүгінде кәдімгі нәрсе болып кеткені бізді таңғалдырмайды. Біз адал әрекет етпеуге еліктіретін жағдайларға күнделікті кезігіп жатамыз. Жұмысқа тұру үшін резюме жазғанда, көп адам білімі, қабілеттері не тәжірибесі жайлы жалған не асыра сілтеп айтылған мәлімет береді. Сондай-ақ көші-қон, салық, сақтандыру және тағы сол сияқты мәселелерге қатысты бланктерді толтырғанда, көздеген мақсатына қол жеткізу үшін жалған жауап жазатындар да көп. Көп студенттер не оқушылар бақылау жұмыстары кезінде қулық жасайды немесе шығарма я реферат жазғанда, Интернеттен тапқан мәліметті көшіріп алып, өзінің жұмысы ретінде тапсырады. Сондай-ақ жиі адамдар қалаған нәрсесіне қол жеткізу үшін жемқор шенеуніктерге пара береді. Біз жұрттың барлығы адал болады деп күтпейміз, өйткені бұл дүниеде “өзімшіл, ақшақұмар... жақсылықты жек көретін” адамдар өте көп (Тімотеге 2-хат 3:1—5).

17 Шынайы мәсіхшілер мұндай қылықтардан аулақ жүруге белдерін бекем буған. Десе де адал болу кейде қиынға соғып жатады, өйткені бүгінде арсыздардың жолы болып, істері оңға басып жатқандай көрінеді (Забур 72:1—8). Ал мәсіхшілер ‘барлық жағдайда да адал жүруге ұмтылғандықтан’ қаржы жағынан қиналуы мүмкін. Алайда бұл соған тұра ма? Әлбетте! Неге бұлай дейміз? Адал болу қандай баталар әкеледі?

АДАЛ БОЛУДЫҢ ПАЙДАСЫ

18. Неге адал адам ретінде танымал болудың пайдасы зор?

18 Адал, сенім артуға тұратын адам ретінде танымал болудан артық нәрсе жоқ шығар. (“ Мен қаншалықты адалмын?” деген қоршауды қара.) Бір ескеретін жайт — кез келген адам осындай жақсатқа ие бола алады. Сонымен қатар бұл адамның қабілетіне, байлығы мен көркіне, шыққан ортасына не өзі әсер ете алмайтын басқа да нәрселерге байланысты емес. Десе де жақсатқа ие болу бәрінің қолынан келе бермейді. Бұл — сирек кездесетін нәрсе (Миха 7:2). Кейбіреулер адал болғаның үшін сені мазақ ететін шығар, сөйткенмен де өзге біреулер мұныңды бағалап, сенім артып, құрметтейтін болады. Көп Ехоба куәгері адал болу тіпті материалдық жағынан пайдалы екеніне көз жеткізген. Олар арамдық жасаған әріптестері сияқты жұмыстан шығарылмаған не адал адамдарға сұраныс бар жерлерге жұмысқа тұрған.

19. Адал жүргеніміз ар-ұжданымызға және Ехобамен қарым-қатынасымызға қалай әсер етеді?

19 Сенің жағдайыңда осылай болды ма, жоқ па — адалдықтың зор баталар әкелетініне көз жеткізесің. Сенің ар-ұжданың таза болады. Пауыл: “Ар-ұжданымыздың таза екеніне сенімдіміз”,— деген (Еврейлерге 13:18). Бұған қоса, жақсатты болғаның сүйіспеншілігі мол көктегі Әкеміздің назарынан тыс қалмайды, өйткені ол адал адамдарды жақсы көреді (Забур 14:1, 2; Нақыл сөздер 22:1). Иә, адал жүргенің Құдайдың сүйіспеншілігінің саясында болуға көмектеседі, ал бұл — ең зор бата. Енді адалдықпен байланысы бар тағы бір тақырыпты қарастырайық. Бұл — Ехобаның жұмысқа деген көзқарасы.

^ 9-абзац Қауымда әлдекім өзгелердің жанын жаралауды көздеп, арсыздықпен барып тұрған жалған сөздер айтуды әдетке айналдырса, бұл ақсақалдардың сот комитетін құруына себеп болуы мүмкін.

^ 14-абзац Іскерлік жоба жүзеге аспай қалса не істеуге болатынын “Іскерлік мәселелерге қатысты дауды шешу жолдары” деген қосымшадағы мәліметтен қара.

^ 15-абзац Олар өлшеуіш тастардың бірін тауар сатып алғанда, ал екіншісін сатқанда қолданып, екі жағдайда да пайда көретін. Сондай-ақ олар бір иіні екіншісінен ұзынырақ не ауырлау таразы қолданса керек, осылайша қалай болғанда да тұтынушыны алдай алатын.